• Қоғам
  • 20 Қазан, 2022

ЖОЛ НЕГЕ САПАСЫЗ?

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Еліміздегі жолдардың сын көтермейтінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында айтып, Үкімет пен 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басшыларына, облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп келеді. Бірақ атқарылып жатқан істен нәтиже әлі көрінбейді. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93-орынға тұрақтапты. Бір қарағанда жаман көрсеткіш емес сияқты. Бірақ шын мәніндегі жолдардың сапасын көргенде көкейде «аталмыш форум бұл рейтингті республикалық маңызы бар жолдарға қарап жасаған ба?» деген күдік қылтияды. Егер облыстық, аудандық және ауылдардағы жолдарды сарапқа салса рейтингінің ортан белінен төмен сырғып кетер ме едік, кім біледі?

Мәжіліс депутаттары өңірлерге барып, халықпен кездескенде де көп айтылатынмәселенің бірі осы жолдардың сапасыздығы болатын. Сондықтан 17 қазанда Мәжілісте Қазақстандағы жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Бұл Үкімет сағатына орталық және жергі­лікті мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының басшылары, сондай-ақ Жол активтері сапасы ұлттық орталығының, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

 Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев былай деді:

– Жол сапасы еліміздің әр тұрғынын алаң­датады. Жол – экономиканың күретамыры, өңірлерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет  деген вице-спикер жол сапасының төмен болуының объективті де, субъективті де себептері бар екенін атап өтіп, баяндамашыларға кезек берді.

Депутаттарға еліміздегі жол саласы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады. Оның айтуынша, жоспар бойынша биылғы жылдың соңына дейін шамамен 1 000 шақырым жол пайдалануға беріледі. Қалған 3 мың шақырым жол 2023 жылға көзделгенін айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттың бірі – 2025 жылы республикалық желі
бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін, ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильді транзиттік дәліздер арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінде еліміздегі 8 автомобильді транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды. Қазіргі таңда республикалық желі бойынша нормативтік жағдайда 90 пайыз жол, жергілікті желі бойынша 80 пайыз жол бар. Биыл жалпыға ортақ пайдаланылатын 11 мың шақырымнан аса автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Қ.Өскенбаев.

Министрдің деректеріне қарасақ бәрі қарақаттай секілді. Себебі жол жөндеу ісі де, оған бөлінетін қаржы да жыл сайын өсіп келеді екен. Мәселен, республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 2022 жылға 603 миллиард теңге бөлінген. Осы қаржығыа қазіргі таңда елімізде қомақты 17 жоба жүзеге асырылуда. Осылардың негізінде 2024 жылға дейін 4 мың шақырымды құрайтын жол желісі салынбақ. Атап айтқанда, «Орталық – Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 1 208 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» және «Мерке – Бурылбайтал» жобалары аяқталмақ. Сонымен қатар «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» жол құрылысының жалпы ұзындығы – 946 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 428 шақырымы аяқталып, қозғалыс ашылған. Жылдың соңына дейін тағы қосымша 106 шақырым пайдалануға берілмек. Қалған 412 шақырым 2023 жылы аяқталады.

Басқосуда министр еліміздің батысы мен шығысы және оңтүстігі мен солтүстігінде жасалып жатқан жолдарға да жан-жақты тоқталды.

– Еліміздің шығыс өңірлерінде жалпы ұзындығы 1 363 шақырым 3 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олар: «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Үшарал – Достық». Келесі жылы осы учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Бүгінде жалпы ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған – Өскемен» учаскесінде 649 шақырым жолда көлік қатынасына рұқсат берілді. Қалған 119 шақырым жол құрылысы 2023 жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде 159 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Жылдың аяғына дейін тағы 15 шақырым қосылады. Қалған 241 шақырым жолды келесі жылы іске қосамыз. Жалпы ұзындығы 180 шақырым «Үшарал – Достық» учаскесінде 155 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Ал 25 шақырым жол 2023 жылы пайдалануға беріледі. Батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолы қайта жаңартылып жатыр. Ұзындығы 96 шақырым «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесінің 52 шақырымында бүгінде қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін екі жолақты 44 шақырымда жұмысты аяқтап, Алға қаласы, Бештамақ ауылы және Қан­дыағаш қаласын айналып өту жолдары­нан өзге барлық жолдарды ашамыз. Осы жо­баны толық 2023 жылы аяқтаймыз, – деді Қ.Өскенбаев.

Бұдан кейін сөз кезегін алған Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму ко­митетінің төрағасы, депутат Альберт Рау Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрінің кейбір деректерімен келіспейтінін айтты:

– Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйі азаматтардың орынды шағымдарын туғызып отыр. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге жалпы қажеттілік 12 мың шақырымды құрайды. Бұл республикалық маңызы бар жол­дардың шамамен 50 пайызы. Дегенмен министрліктің деректері бойынша, жол­дардың 90 пайызы қазірдің өзінде талаптарға сәйкес, яғни қанағаттанарлық жағдайда дейді. Баяндамаңызда 2022-23-24-25 жылдары аяқ­талатын жобалар туралы айтасыз да, жолдардың 90 пайызы қазірдің өзінде талаптарға сәйкес дейсіз. Сонда мұны қалай түсінеміз?

– 2025 жылдың өзінде «Қызылорда – Павлодар – Успен – РФ» тас жолының 398 шақырымдық Қарағанды – Успен – РФ учаскесін жөндеу, «Шалқар – Бозой – Өзбекстан» 242 шақырым тасжолының құрылысы, еліміздің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын Жезқазған – Арқалық жолының кей жеріндегі грейдерлеу жұмыстары секілді ірі жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр – деді А.Рау.

Оның айтуынша, «Орталық-Батыс – Астана – Қорғалжын – Торғай – Ырғыз» көлік дәлізін жасау әлі басталмаған. Ал жобаға 3 миллиард теңге жұмсалған. Ұлттық жобаның белгіленген параметрлері орындалмаған. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдерін немесе жоспарланған көрсеткіштің өзін қайта қарау қажет деген ұсынысын білдіреді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Алайда зерттеу нәтижесі көрсет­кендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған. Сондықтан депутаттар министрліктің көрсеткішті қалай есептегенін сұрады.

Осы орайда депутат Айбек Паяев автомобиль жолда­рының ақылы учаскелерінен түскен алымдар 9,1 млрд теңгені құрағанын, оның 45 пайызы немесе 4,1 млрд теңгесі ғана сол учаске­лерді жөндеуге және күтіп ұстауға, қалған 55 пайызы бағдарламалық-аппараттық кешенге қызмет көрсетуге және басқа да шығындарға бағытталғанына тоқталды.

Осы арада депутаттарды қайдам, кез келген қарапайым адамның да көкейінде сұрақ туындайды. Негізінде ақылы жолдардан түсетін алымның 60-70 пайызы сол жолдарды күтіп ұстауға жұмсалуы қажет емес пе. Бұл жөнінде «Қазавтожол» басшыларының кезекті бір есеп беру жиынында да айтылған болатын. Ал компьютер автоматты түрде есептейтін, адам күші аз жұмсалатын қалған жұмыстарға неге көп шығын шығу керек? Бұл да арнайы органдар талдап, тексеретін мәселе.

Қазақстан автожолшылар қауымдастығы­ның мәліметіне сүйенсек, елімізде жол жөндеумен айналысатын ірілі, ұсақты 300 компания бар екен. Бұларды әр облысқа бөлсек 17-18 компаниядан келеді. Ал бір облыстың аудандарына тағы бөлсек, әр ауданға екі жол құрлысы компаниясы тиеселі болмақ. Тағы да осы қауымдастық мәліметіне сүйенсек, әр аудан жолының жалпы ұзындығы 100-200 шақырым арасында көрінеді. Былай қарағанда екі жол құрлысы компаниясы үшін жөндеу маусымы болып саналатын сәуір мен қазан айының аралығында үлгеретін-ақ көрсеткіш. Алайда біздің елде «тендер» деген кедергі бар. Ол уақытылы өтпейді, бөлінген қаржы жол жөндеушілерге мезгілінде жетпейді. Сәуірде басталуы тиіс жол жөндеу жұмыстары маусымда әрең басталып, содан үлгере алмай жүреді. Болып өткен басқосуда битум мәселесі де айтылды. Бірақ депутаттар мұнай өндіруші елдердің алдыңғы қатарында тұрған еліміз үшін бұл да шешімін табатын іс екенін, битумды делдалдарға бермей, тікелей жол жөндейтін компанияларға беру жолдарын ұсынды.

Түйіндей айтқанда, басқосуда жол құрылы­сында шешілмей жүрген мәселелер ортаға салынып, сала басшылары мен депутаттар, сарапшылар тарапынан оларды шешу жолдары ұсынылды. Тек алдағы уақытта соны қоғам болып қадағалау қажет. Үш айда, жарты жылда бір жиын өткізбей, ай сайын жиылып, «не істелді, қандай жұмысқа не кедергі?» деген сауалды талқылап, кінәлілерді жазалап отырса жол жөндеу саласы да дамитын еді. Себебі жолдың – еліміз экономикасын, әлеуметтің әлеуетін көтеруге әсері зор.

863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы