• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

...ИМАНЖҮСІП БОЛА АЛМАЙДЫ...

...Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған, 
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам. 
Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас, 
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған...
Халық жадында өткен күндердің естен кетпес елесіндей шындыққа бергісіз, ақиқаттың өзін он орайтын ертегі-хикаялар мен мәңгі көнермейтін аталы сөздердің асыл кені сақталып қалған. Тыңдап отырып көне дәуірлердің демі сіңген қиял әлеміне қалайша еріксіз еніп кеткеніңді, сол бір ізгілік пен зұлымдық арбасқан ғажайыптар елінде өзіңнің де жансебіл тірлік кешіп жүргеніңді байқамай қалатын әрі-сәрі кездерің болады. Тура соған керісінше, қиял-ғажайып ертегілерінен де әлденеше есе әсерлі, аңыз-әпсана оқиғаларынан да гөрі күтпеген қызықтарға толы бұлжымас болмыстың шынайы шындықтары мен құландай желіп өткен кешегі күн аңыз адамдарының кесек мінезі мен тылсым тіршілігі, ертегідей ерке ғұмырлары бар. Біз бүгін сондай ғажайып қайталанбайтын тағдырдың, иісі қазақтың баласы төбесіне тұтар ғаламат өнердің иесі – Иманжүсіп Құтпанұлы турасында сөз қозғамақпыз.

Иманжүсіп аңыз-ертегілердің кейіпкеріндей көпшілікке ертеден-ақ таныс болып, елдің аузында жүрсе де, осы күнге дейін оның есімін ұлықтау, шығармашылығын дәріптеу мәселесі әлі де өз деңгейінде болмай келе жатқан секілді көрінеді де тұрады. Оның да қисынды-қисынсыз себептері, түрлі жағдайлары болуы мүмкін, біз оған тоқталып жатпаймыз. Әйтсе де батыр-өнерпаздың өрі мен ойпаңы, қызығы мен әуре-сарсаңы мол алмағайып ғұмырын ертегіге бергісіз деп басталған ойымыз ретіне қарай айтыла салған көтерме қызыл сөз немесе асыра мақтау емес-ті. Енді соған келелік...

Иманжүсіп туралы баяндағанда, оның ата-бабасы тірлік кешкен Сыр өңірінің  ХІХ ғасыр орта шеніндегі қилы тарихына ішінара арнайы тоқталып өтуге тура келеді. Сол бір шақ қазақ жерінің Жетісудан бастап, Сырдың төменгі ағысына дейінгі аралығын Қоқан хандығы өзіне бағындырып, құзырындағы жерлерге билеушілерін – датқаларды тағайындап жататын кезі болатын. Датқалардың міндеті – ел ішінің тәртібін қадағалау, әкімшілік басқаруды жүргізу, ең бастысы, тойымы жоқ саудагер текті қоқандықтарға алым-салық жинап беруді үйлестіру болатын. Сыр бойындағы төрт датқалыққа бөлінген аумақтың Түркістан төңірегінің билеушісі болып жергілікті қыпшақ тайпасының көсемі Тұрғанбай Сіргебайұлы тағайындалады.

Мәшһүр Жүсіп Қоқан билігі тұсына қатысты «Әзірейіл барда – жаным бар деме, ақ тулы барда – малым бар деме» деген ел аузында сақталып қалған қанатты сөзді келтіреді. Бұл Құдияр хан мен оның ізбасарлары билеген ақ тулы Қоқан хандығының өктемдігіне, жергілікті жерлерде жүргізген
жауыз саясатына қатысты айтылған халықтың әділ үкімі, ұмытылмайтын аталы сөзі болатын. Олай дейтіні, мұсылмандықтың атын жамылған,
солай бола тұра бағынышты қазақтарға адам төзгісіз қорлық көрсеткен Қоқан билеушілерінің зорлық-зомбылығы шектен шығып, елге тізесі әбден батып кеткен еді. Халықтың малын «берсе қолынан, бермесе жолынан» есепсіз айдап алуды дағдыға айналдырады. Тіпті мал салығының орнына қыздарды
олжалаудан, адамдарды құлдыққа жегуден де шімірікпеген қоқандықтарға қарсы 1850 жылдар шамасында Тұрғанбай датқа бастаған Шілік көтерілісі бұрқ ете түседі. Әйтсе де дұшпанмен күштері сәйкес келмейтін қазақтардың азаттық жолындағы бұл көтерілісі жеңіліс тауып, Тұрғанбайдың өзі бастаған жүздеген адам қатаң жазаға ұшырайды. Қолға түскен датқаның азапты өлімі турасында адам бойы түршігетіндей түрлі деректер сақталып қалған.

Осылайша көтеріліс басылып-жаншылғанын, Тұрғанбай датқаның жазаланғанын естіп-білген жары – Малбике атты бәйбіше бес жасар қайнысы Басығара мен үш жастағы өз ұлы Баймырзаны алып, Қаратаудан теріскейге қарай жаяу-жалпылай қашуына тура келеді. Себебі елді үрейлендіру, өздеріне қарсы шыққан бүлікшілердің жазасыз қалмайтынын ұқтыру мақсатында қоқандықтардың ештеңеден де тайынбайтынын, аянып қалмайтынын Тұрғанбай жұрты анық сезеді. Ел басына күн туған сын сағатта Сыр қазақтарының Арқаны бетке алуы да кездейсоқ емес еді. Ғасырлар бойы Бетпақтың арғы-бергі төңірегін мекендеген көшпелі қауым мен Сыр бойының маса-сонасынан безген малшылар жазғытұрым Сарысу
бойында жамырай табысып, құдандалы қат-қабат тіршілікті бірге кешісіп келген-ді.

Ескі сүрлеумен Арқаны бетке алып қашқан Малбике бәйбіше әбден шаршаған шағында жүруге жарамайтын екі бірдей сәбиді арқалауға шамасы келмей, біреуін елсіз иен далаға қалдырып кететіндей жағдайға тап болады. Бұл бір адам басына салмаса деп тілейтін ұлы сынақ, қиын таңдау екені даусыз. Қисса-дастандарда ғана кездесетін осынау екіұдай жағдай турасында әйгілі Мәнсүр ақын жеріне жеткізе былайша жырлайды:

«Ерлердің бәрі аттанып елден кеткен,

Жау шауып оңашада келген шеттен.

Малбике – Тұрғанбайдың бәйбішесі,

Данышпан әйел еді ерден өткен.

Шабылып түсіп қалған елге қайғы,

Бәйбіше кетпек болған жерге жайлы.

Баймырза үш жасында өз баласы,

Бес жасар Басықара кенже қайны.

Қайнысын салып алып арқасына,

Баймырза құшақтайды қалқасына.

Малды алып жау олжалап жатқанында,

Бір таудың кетті шығып жартасына.

Кідірмей жүрді таудың бетіменен,

Апта, күн арада өтіп жеті жүрген.

Бір өзі екеуін де көтереді,

Бала емес, ең болмаса ертіп жүрген.

Аптада әбден шаршап болдырады,

Адасып, жаңылады жолдан тағы.

Өзінен қуат кетіп болдырған соң,

Бәйбіше былай пікір, ой қылады.

Ойлайды тастайын деп өз баламды,

Бір жұмыс бізге мұндай кез болған-ды.

Бұйырған бала болса, ел кездесер,

Мен берсем алдырар деп тез хабарды.

Өзіме деп ойлайды құдай берер,

Әруаққа қайнымды алсам ұнай берер.

«Тастады баласын ап, қайнысын» деп,

Датқаға сөз айтар деп былайғы ерлер.

Баласын бір төбеге отырғызып,

Азырақ торығады көңілін бұзып.

Бетінен сүйді-дағы жүре берді,

Елжіреп жүрек, бауыр іші қызып.

Арқалап жүре берді қайнын алып,

Бір елге жетті озар шаршап, талып.

Жиналды ауылдағы үлкен-кіші,

Бір әйел келіпті деп ашып-арып».

Бұл жолдар есімі ішінара аталып қана қойғаны болмаса, қазақ әдебиетінің тарихынан өзіне лайықты бағасын әлі алып болмаған, өмірі мен шығармашылығы толыққанды зерттелмеген, атақты Нартай Бегежановтың туған ағасы Мәнсұр Бегежановтың «Иманжүсіпке хат» атты толғауынан үзінді. Атақты Досбол шешеннің баласы Әуездің ұсынысымен қисса-дастан үлгісінде жазылған осы бір толғауда Мәнсұр Иманжүсіпке әкесі мен атасының басында болған оқиғаны баяндай келіп, Иманжүсіпті Сыр
бойын мекендеген қалың қандастарының ортасына, атажұртына шақырады. Нәтижесінде 1913 жылы батыр Шиелі өңіріне келіп қоныс тебеді. «Батырымыз оралды» деп қуанған қалың ағайындары Сырдарияның түстігіндегі Қарғалы, Томарлы, Соркөл деп келетін жерлердің ортасындағы «Ақдала» деп аталатын шөбі шүйгін, тақтайдай тегіс кең алқапта ұлан-асыр той жасайды. Көптеген ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, балуандар күреседі. Көкпар тартып, салым салған сауықты күндер болады. Ағайын-бауырларының ыстық ықыласына көңілі толып, бақытты шақтарды басынан кешірген Иманжүсіп: «Ақдаласы несі, мұның қай жері дала екен?! Мынау тізілген ақшаңқан үйлер мен самала жарық оттардың қаладан қай жері кем?! Бұл жерді Ақдала емес, Аққала деп атау керек қой!» деп мейманасы тасыған батыр қызық-думанды елмен бірге бөліседі. Содан бері сол бір елсіз жердің атауы осы күнге дейін Аққала аталып келеді.

Әңгіме желісін одан ары сабақ­талық... Осылайша үш жасар баласы Баймырзаны иен далада қалдырып, қайнысын арқалаған күйі арып-ашып Арқа жұртының шетіне ілінген Малбике өз ізімен шабармандарды жөнелткенінде, қалдырған жерінде бала жоқ болып шығады. Жүсіп садиқ хикаясындағыдай сол маңнан өткен әлдебір беймағлұм керуеннің елсізде жападан-жалғыз жүрген
баланы өздерімен бірге алып кеткені белгілі болады. Қайдан іздерін, кімнен сұрарын білмеген кейуананың сәбиінің амандығын тілеуден басқа амалы қалмайды. Сөйткен Баймырзаны Кенесары ханның қосынында белгілі батыр болған Дайрабай деген жалғызілікті кісі өзіне бала қылып, «Бұл бізге келген «құт» болсын!» деп ырымдап, балаға Құтпан деп ат қояды. Өмір мен өлім, күдік пен үміт арбасуында
кездейсоқ аман қалған сәбидің онан кейінгі тағдыры Дайрабай батыр елінде – Ерейментау өңірінде өрбиді. Иманжүсіптің кейін «Бүркіт алып басыңа шығар ма едім, Көзіме бір көрінші Ерейментау» деп жырлайтын ортаға бұл әулет осылайша тап болады. Сырдан қыр асып келген сол Құтпаннан Ақшабай, Шоңай деген екі ұл мен Бәдіш атты қыз және кенжесі Иманжүсіп туады. «Алтын кездіктің қын түбінде жатпайтыны» ұзамай-ақ белгілі бола бастайды.

Иманжүсіптің Арқадағы өмірі ХІХ ғасыр соңындағы саяси өзгерістер мен көшпелі өркениеттің тарих қойнауына бет алған өліара тұсына сәйкес келеді. Ол ел ішіндегі жергілікті бай-бағландар мен сол кезеңдегі келімсек орыс чиновниктерінің әділетсіз әрекеттеріне, белден басар жуандықтарына ашықтан-ашық қарсы шығып, оларды ән-жырларымен аяусыз әшкере етеді. Шектен шыққан дауасыздарын қамшымен жазалап жіберетін де кездері болады. Онан бөлек айналасындағы жандардың күйкі тіршіліктегі майда мінез-құлықтары, ағайын арасындағы ұрлық-қарлық секілді ұсақ әрекеттер де сұлулық аңсаған, ерлік көксеген батыр жанын жаралап, әбден мезі етеді. Солардың барлығына асқақ әнімен, сұлу сөзімен, ересен күш-қуатына сүйенген батыл әрекеттерімен жауап бергендей болады. Осының бәрін ескере келгенде, орталарында жүрсе де замандастарынан Иманжүсіпті аңыз-ертегі кейіпкеріндей даралайтын, болмысы бөлек жаратылыс иесіндей ерекшелендіретін бірнеше факторларға арнайы тоқталып өту орынды болар еді.

Алдымен, оның фольклордағы батырларға ғана тән «ғажайып туу мотивіне» ұқсас жағдайларды атасы Тұрғанбайдың ел қорғау жолындағы қайғылы қазасын, өмір үшін жүздеген шақырым елсізді кесіп өткен
Малбике бәйбішенің тәуекелді ерлігін, әкесі Құтпанның қайталанбас тағдыр-талайын атап өту орынды болар еді. Осылайша Иманжүсіптің жоқтан бар болғандай ғайыптан дүниеге келуі – аңыздарда айтылатын далада қалған сәбиді бөрінің емізіп-асырағанындай тым тосын, тылсымға толы ертегілік ахуал еді. Сондай ата-әже мен әкенің қисса-дастандай тарихы Иманжүсіптің дүниетанымына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер еткен маңызды алғышарт, негізгі себеп-салдар болғаны анық.

Екінші бір ерекшелік – оның дене бітімі, әдеттегіден оқшау физио­ло­гиялық өзгешелігі болатын. Сыр бойындағы атажұртына оралғанда батырдың жанынан табылып, онымен біршама сырлас болған інісі Әуелбек Қоңыратбаев Иманжүсіптің кескін-тұлғасы турасында:

«Бойы 2 метр 20 см келетін адамның ерлігі де болған. Ол жайында түрлі аңыздар да тараған. Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан да оны аузынан тастамай, «Имекең» деп сөйлейтін» деп еске алады да, «қолдары сала құлаш, саусақтары бақандай, кеудесі биік жардай бір шомбал тұлға еді. Сәкен таңырқап отыратын. Бұл жылдарғы барлық кадрлар әлі күнге менің көз алдымда елестеп тұрады. Олардың әрбіреуінің сыртында мақтаулы сөздер, тіпті аңызға айналған шындық жүруші еді» деп қорытады. «Сәкен» деп отырғаны – көпті көрген, сол тұстағы қазақ мәдениеті көшін ­бастап жүрген С.Сейфуллин болатын. Тағы бір деректерде 2 метр 10 сантиметр деп суреттеледі. Қалай десек те, көзімен көріп, сырына қанық болған Ә.Қоңыратбаев естелігіне алып-қосарымыз жоқ.

Үшінші, Иманжүсіптің қандай да болса әділетсіздікке төзбейтін батырлық мінезі мен елден ерек қамшыгерлік қасиеті. Арқада жүрген кезінде Рахымжан деген поштабайды қамшымен сабап, болыстың аулын шапқаны үшін Атбасар түрмесіне түседі. Бұл оқиға сол қамауға алынғаннан кейін ғана ел жадында сақталып қалса керек, әйтпесе оның өмірінде мұндай жағдайлар өте көп болғандығы аңғарылады.

«Әкем Құтпан болғанда ағам – Шоңай,

Жан тумас мендей болып бұдан былай.

Болыстың поштабайын сабап едім,

Төрт аяғы байланған қойдан да оңай» – деп жырлайтыны сол өмірде болған нақтылы оқиғаның өнердегі жаңғырығы іспетті. «Имекең көбіне біздің ауылдың маңында болды – деп есіне алады Ә.Қоңыратбаев. – 1918 жылы біздің ауыл Тұрлыбек көңін қыстағанда, мен оның үйіне барып тұрушы едім. Өзі ылғи ғана мақалдап сөйлейтін тілді адам болатын. «Ана  – балаға жерік, ел – ерге жерік» дейтін сөздерді мен оның аузынан көп естідім. Бала кезімде Иманжүсіптің біреумен керілдесіп жатқан жерін көрмедім, батыр бірден қамшы жұмсайтын. «Тентектің ақылы қамшымен енеді» дегенді жиі айтушы еді».

Иманжүсіп туралы Қажымұқан айтқан мына бір естелікті Әбділда Тәжібаев жазып қалдырады: «Қоян­дының базары қызып жатқанда бір кесір шалға тілім тиіп кетіпті. Шал маған қамшы сілтемек болғанда, мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін. Күлген жұрт зәресі ұшқан шалды үйден түсіріп алып, қайта аттандырып жіберіпті. Ызалы қарт сол бетімен Иманжүсіпке барыпты... Үйдей кер атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Содан соң тепсініңкіреп кеп, қамшымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір аман екем...». Ел аузында «Әзірейіл Иманжүсіптің қамшысының ұшында» деген сөз сақталған.

Әділдік жолында ештеңеден
тайынбайтын батырдың өр рухы, жау­жүрек мінезі осылайша оның ән-жырларында айқын көрініс тауып отырған:

«Тумай жатып өш болды маған болыс,

Аударылды сол үшін талай қоныс.

Сатырлатып сабаушы ем, шеттерінен,

Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!».

Төртінші, «Үкілеп Сарымойынға тақ­тым тұмар» деп жырлайтын Иман­жүсіптің өз дәуірінің айтулы атбегі, шашасына шаң жұқпаған хас тұлпарларды баптаған керемет бапкер әрі шабандоз болғандығы. «Ат – ер қанаты», ал Иманжүсіптей дала қыранының алысқа самғар қанаты ешқашан да талмайтын, сенімді әрі сұлу болуға тиіс. Аңыз-адамға Тайбурыл, Байшұбар, Құлагер сынды пырақтар ғана лайық болмақ. Оның бүкіл қазақ даласын тамсандырған, небір дүбірлі ат бәйгелерінде топжарған Сарымойын, Сейілторы, Теңбілкөк, Еркекүрең, Алақұйын, Ақсұр атты айтулы тұлпарлары болғандығы баяндалады. Белгілі өнер зерттеушісі, әнші, жазушы Ерлан Төлеутайдың «Иманжүсіптің әні» атты деректі шығармасында торы арғымағын аламанға қосқан батырдың атбегілік қасиеті мен өзімен тағдырлас хас тұлпарлардың қилы тағдыр-талайы әсерлі суреттеледі. Бір кездері Иманжүсіптің атымен бәйгеге шапқан баланың жасы ұлғайып ақтық дем алып жатқандағы жүрекжарды шері мен арманы туындыға арқау болған.

Бесінші, Иманжүсіптің аңыз-тұлға ретінде ел жадында сақталып қалуына ықпал еткен ең басты қадір-қасиеті – оның ақындығы мен композиторлығы және сол қайталанбайтын өнерді паш етерлік ғаламат әншілігі дер едік. Ол турасында көп айтып жатудың қажеті жоқ, тек әндерін тыңдаудың өзі-ақ жеткілікті. Азаттықтың, өрлік пен еркіндіктің үніндей болған Иманжүсіп әндерін көзі тірісінде-ақ бүкіл қазақ даласы біліп қана қоймай, әрдайым шырқап келген. Атақты А.Затаевичтің өзі Иманжүсіптің көзі тірі кезінде 6 әнін нотаға түсіреді. Ал әйгілі «Сарымойын»
әнін Г.Брусиловский «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанның ариясына пайдаланады. Бұл Иманжүсіптің әлі ақталмай тұрған кезінде болған жағдай.

Енді осы кезге дейін Иманжүсіптің өмірі мен шығармашылығы турасында пікір айтқан, әндерін орындаған, зерттеп-зерделеген жандар туралы да айтып өтуге тура келеді. «Иманжүсіптің әндерін айтпайтын, жадында сақтамаған қазақ болмаған. Ол әндерінің ар жағында туатын сұрақтар: қалай, қай кезде айтылған, кімге арналған, қай күйде шығарған, осындай әндерді жазған адам қандай болған – бұларға жауап іздемеу – бұл елдігіміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің дұрыстап қалыптаспағанының бір көрінісі деп ойлаймын. Иманжүсіп сияқты адамның қазақ әдебиетінің, өнерінің тарихында рөлін жарқыратып көрсету – біздің парызымыз» деп жазған еді академик Т.Кәкішев. «Қазақ баспасөзінде Иманжүсіп
жайында тұңғыш рет қалам тартқан кісі – біздің ағамыз Қалжан Қоңыратбаев. Ол кісі 1915 жылдары «Қазақ» газетінің Сыр бойындағы тілшісі ретінде сол басылымның бетінде Иманжүсіп
жайында көлемді очерк жариялаған» деп жазады Ә.Қоңыратбаев. Ғалымның айтып отырғаны 1916 жылғы «Қазақ» газетінде жарық көрген Қалжан Қоңыратбаевтың «Тұрғанбай мен оның жоғалған ұлы туралы» атты мақаласы болса керек. Мұнан кейінгі кезеңде М.Бекежанов, С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ж.Елебеков, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов, А.Затаевич, Е.Брусиловский, Қ.Аманжолов, Ғ.Сланов, Қ.Бекхожин, Ж.Орманбаев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, М.Әлімбаев, З.Ақышев, Е.Рахмадиев, Х.Арыстанбеков, Ә.Еспаев, Ш.Мұртаза, Т.Әбдіков О.Сәрсенбаев, О.Бөкеев, Е.Төлеутайлар ұлы өнерпаз өмірінің түрлі қырларын жазса, Иманжүсіп әндерін Қ.Байжанов, И.Байзақов, Қ.Байсейітов, Ә.Нұғманова, Ә.Бапина, Қ.Байбосыновтардан
бастап, кейінгі әншілердің барлығы дерлік өз репертуарларына енгізіп, тұрақты орындап келеді.

Иманжүсіптің кіндігінен өрген он перзенті – үш ұлы мен жеті қызы болыпты. Ұлдары – Даулетхан, Сейітхан және ең кішісі Нұрхан, ал қыздары – Гүлбарам, Гүлжазира, Күләнда, Шолпан, Гүлқадиша, Гүлзейнеп, Гүлзағипа. Солардың ішінен 102 жас жасап, 2000 жылдардың басында Қызылорда облысы Шиелі ауданы Қарғалы елді мекенінде дүние салған Күләнда апамызды біз де көзімізбен көріп едік. Әппақ орамалын кір шалмайтын, ойына келгенін ірікпей кесіп сөйлеп отыратын өткір сөзді, асылтекті ажарлы жан еді.

«Орнында бар – оңалар» дейді халық даналығы. Бүгінгі таңда Иманжүсіп мұраларының ең
басты жинаушысы һәм насихатшысы, батырдың Нұрхан атты ұлынан тарайтын немересі, елімізге танымал ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы болып отыр. 1952 жылы 2 қазанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында дүниеге келген Раушан апай да дәл осы күндері 70 жасқа толған мерейлі белесін атап өтуде. Осынау ғұмырының жартысына жуығын ата мұрасын жинастыруға арнаған Раушан апайды талғампаз Әбіш Кекілбайдың «Иманжүсіптің жоқшысы» деп атауы тегін емес-ті. Себебі осы күнге дейінгі Иманжүсіпке қатысы бар ірілі-уақты татымды деректердің барлығын да ғылыми айналымға енгізген, атасы туралы ондаған мақала, радиохабар, телебағдарламалар жасаған осы Раушан Нұрханқызы еді. Батырдың өміріне қатысты барлық деректерді жинастырып, 2001 жылы «Иманжүсіп» атты толымды еңбегін жазса, 2012 жылы «Тұлпардың ізімен» кітабы көпшілікке жол тартты.

1992 жылдың 25 маусымында толығымен ақталған Иманжүсіптің өміріне қатысты деректер мен шығармашылығын түгендеуді күллі тірлігінің мәніне айналдырған Раушан Нұрханқызы, ең алдымен, атасының жерленген жерін іздеуден бастайды. Әкесі Нұрханның аманат етуімен алдымен бүгінгі Тараз қаласындағы әл-Фараби және Төле би көшелері бойындағы үлкен зиратта атасы Иманжүсіптің атылғанын және сонда жерленгенін анықтайды. Әке көкірегіне шемен боп қатқан асыл арманын ол осылайша жүзеге асырады. Қабірстанның кіреберісіне «Бұл жерде 1931 жылдың 2 наурызында «халық жауы» деп жарияланып атылған халық батыры, Тәуелсіздік жолындағы күрескен ұрпақтың өкілі, атақты ақын, композитор, әнші Иманжүсіп Құтпанұлы атылған» деген ескерткіш-тақта орнатуға мұрындық болады. Онан бөлек, Шілікте, Шиеліде еңселі ескерткіштердің бой көтеруіне ұйтқы болып, ата есімін ұлықтаумен келеді. Содан бері Тұрғанбай, Құтпан, Шоңай, Ақшабай, Иманжүсіп әулеттеріне қатысты Семей, Ақмола, Мойынқұм, Ақсу, Ерейментау, Шиелі, Шілік, Таштөбе, Тараз жерлерінен қандай да бір ақпарат не дерек шықса, бар
шаруасын жиыстырып қойып сол жерден табылатын Раушан Нұрханқызы әлі де қызу еңбек пен ізденіс үстінде.

«ХХ ғасыр басында ғана өзі ел ортасында жүрген, тұтынған заттары мен мінген атына дейінгі естеліктер әлі де көнере қоймаған Иманжүсіптей батырдың халық санасында аңыз-ертегілік тұлғаға айналуының сыры неде?» деген сауал бәрібір көптің көкейінен кетпейді. Бәлкім, кеудесі басылмаған, қиялы қырқылмаған, жағымпаздықты өнер тұтпаған арғы қазақ қауымы өкілінің біздің санамыздан алыстап, жат болып кеткендігінен де шығар. Немесе қарын қамын күйттеген бүгінгі күйкі тірлікке, біздің ортаға басқа дәуір таным-түсінігінің киіп-жарып кіріп келгендігінен де болуы мүмкін. Ал бүгінгі қауымға бар иманын, ар-намысын, ұятын бойына жиған батырдың асқақ әндерін, жан жылытар жырларын місе тұтуға, бұйырып жатса, сонымен рухтануға тура келеді... «Жапалақ жалпылдайды жар басында...».

Мамай АХЕТ

1275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы