• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР ТОЛЫҚ АҚТАЛЫП БІТТІ МЕ?

1986 жылдың Желтоқсан оқиғасында көптеген азаматымыз жапа шегіп, жазықсыз жауапты­лыққа тартылды, оқудан қуылды және Бүкілодақтық, лениндік, кому­нистік жастар одағынан шы­ғарылды.
Желтоқсан оқиғасына қатысып, жауаптылыққа тартылған азаматтарымызды ақтау үшін, тиісті іс-шаралар әлі де жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының нормалары бойынша, прокуратура органдары саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау жөнiнде ұдайы жұмыс жүргiзеді. Осы Заңда, адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте оларды саяси қуғын-сүргiн құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiннен зардап шеккен деп тану, олардың бұзылған құқығын қалпына келтiру, олар шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру – ақтау деп ұғынылады.

Заң бұрынғы КСРО аумағында саяси қуғын-сүргiнге тiкелей ұшы­раған адамдарға, қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын азаматтарға, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қа­тысқан жандарға қатысты қолда­нылады. Бұл ретте, аталған нормалар желтоқсан оқиғасында қаса­қана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жа­сақ­­шысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған адамдарға қолданылмайтынын ескерту қажет.

Соңғы екі жылда Жетісу облысы прокуратурасына Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін ақтау туралы анықтама алуға келген азаматтардың елуге жуық өтініші мен арызы қаралды. Көп жағдайда азаматтар арызы мен өтінішінде жауап­тылыққа тартылғаны туралы толық мәлі­меттерді көрсетпейді, алаңға шыққа­нын ғана айтады. Бұл прокуратура орган­дарының құқықтық мүмкіндігін шектейді.

Ақтау туралы анықтама алу үшін, қолданыстағы заңнамалардың талаптары бойынша, азаматтың желтоқсан оқиғасына қатысуы, қатысу салдарынан дене жарақатын алуы, тергеу органдарында жауапқа тартылуы жеткіліксіз. Жел­тоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың ақталуына негіз болатын нақты жағдайлар Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №540 «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғасына қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығында көрсетілген.

Аталған Жарлықтың 1-тармағы бойынша Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқи­ғаға қатысқаны үшін қыл­мыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталған деп саналады. Демек, ақтау туралы анықтама алу үшін осындай жағдайлардың болғанын растайтын құжаттар, архивтік мәліметтер қажет. Мұндай деректерді растау үшін, прокуратура органдары архивтерден тиісті мәліметтерді сұратып, тек дәлелді құжаттар ұсынылған жағдайда ғана ақтау туралы анықтаманы бере алады.

Архивтерде азаматтың жауапқа тартылғанын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда әр азамат, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқанын растайтын куә адамдарды көрсете отырып және басқа да дәлелдерді қоса тіркеп, жергілікті сотқа жүгінуге құқылы. Осылайша ол Азаматтық-процестік кодексінің 32-тарауындағы тәртіппен заңдық маңызы бар фактілерді анықтата алады. Заңды күшіне енген соттың шешімі арқылы жоғарыда аталған деректер анықталса, бұл жағдай прокуратура органдарының ақтау туралы анықтама беруіне негіз болады.

Азаматтардың ақтау мәселесі бойынша берілген арыздары мен өтініштері Заңның 9-бабында көр­сетілген талаптары бойынша, тиісті шешiм  органға өтiнiш түскен күннен бастап, үш айдан аспай­тын уақытта қабылдануы керек. Қосымша ақпарат, құжаттар, анықтамалар алу қажеттiгiне байланысты ерекше жағдайларда шешiм қабылдау мерзiмiн кемiнде алты айға дейiн ұзарта алады.

Прокуратура органдары қуғын-сүргiнге ұшыраған азаматтардың не немесе мүдделi қоғамдық бiрлес­тiктердiң өтiнiштерiн осы Заң күшiне енгенге дейiн, соттардың күшi жойылмаған шешiмдерiмен бiрге тексереді. Мұндай iстердi тексеру үшiн прокуратура органдары Ішкi iстер, Ұлттық қауiпсiздiк және Денсаулық сақтау органдарынан қажеттi құжаттарды, материалдар мен басқа мағлұматтарды сұратып, зерделейді. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті қорытынды жазылып, соның негiзiнде өтiнiш иесiне ақтау туралы анықтама беру мүмкіндігі де қарастырылады.

Зерделенген материалдар бойын­ша ақтауға жеткілікті негiз болмаған жағдайда прокуратура органдары ақтау туралы анықта­маны беруден бас тартқаны жөнiнде өтiнiш иесiне хабарлама беріп, қорытынды жазып iстi сотқа жолдайды. Заңның 13-бабында көрсетілген нормалары бойынша прокуратура органдары ақтау негiзi анықтамаған жағдайда соттар мынадай тәртіппен шешiм қабылдайды.

Сотталған адамдарға қатысты соңғы сот шешiмiн шығарған сот қарайды. Таратылған соттар мен әскери трибуналдар шығарған үкiмдер, ұйғарымдар мен қаулылар осы iстерді қарайтын сотқа берiледi. Ақтау туралы iстер соңғы сот шешiмi шыққан жерi бойынша анықталады.

Ал азаматтарда сөзсiз ақтау жөнiнде құжаттар болмаған жағ­дайда, соттан тыс қуғын-сүргiнге ұшыраған адамдарға (пси­хиа­триялық мекемелерге күштеп жат­­­қы­зылғандарды қоса алғанда) облыстық, қалалық соттар шешім шығарады.

Ақтау туралы iстердi беру Қазақстан Республикасы қылмыс­тық iстер жүргiзу заңдарында белгi­ленген тәртiпте жүргiзiледi.

Ержан СЫБАНҚҰЛОВ,

Жетісу облысы прокурорының

орынбасары

824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы