• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

«Ерлігің мәңгі өшпейді!»

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, кешегі қиын-қыстау кезеңде ел қорғаған партизан ұстаз Төлтай Шановтың 100 жылдығына арналған «Елмен бірге есімің» атты тарихи-танымдық іс-шара әртүрлі буын өкілдерінің басын қосты. Бұл тағылымдық жиында «Қасиет пен қасірет» атты кітаптың таныстырылымы болды.
Төлтай Шанов – сонау отты соғыс жылдарында Югославияның халық-азаттық қозғалысына белсене қатысып, неміс фашистерінің жолына тосқауыл қойып, майданда ерлік көрсеткен ерен тұлға. Ол Югославияның «Қаһармандығы үшін» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қаһарман жауынгер от ортасынан оралған соң, өзінің туған жерінде – Дамбар орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиеледі. 

– Қыз бала болғаныммен әкеме жақын болып өстім. Оның жүрек соғысын, жан жарасын жақсы түсінетінмін. Әкемнің майдан жолдары туралы қысқаша айтып шығу мүмкін емес. Оның артында мол мұрасы қалды. 2005 жылы баспадан «Төлтай Шанов» атты кітап жарыққа шықты. Майдангер-ұстаз естеліктері тәлімдік-тағылымдық тұрғыдан жоғары бағаланып, мектептер мен кітапханаларға тегін таратылып берілді. Жауынгердің ерлік жолын баяндайтын «Қасиет пен қасірет» атты кітап оқырманға жол тартты. Кейінгі ұрпақ ел қорғаған әкелеріміз туралы білуге тиіс, – деді батырдың қызы, тарихи танымдық кештің ұйымдастырушысы Майра Төлтайқызы журналистерге берген сұхбатында.

Шалқар аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Қонақбаев ел қорғаған ерлер даңқы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын айта келіп, бұл шараның жас буынға патриоттық тәрбие беруде мәні зор екендігіне баса тоқталды.

Қазақстан Республикасы Әлеу­меттік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушысы Алтай Тайжанов елмен бірге есімі жасап келе жатқан батыр партизан, ұлағаты мол ұстаз туралы әсерлі де жан-жақты баяндамасында ұрпақтар сабақтастығын туралы ой өрбітті.

– Біз үшін қашанда аға ұрпақтың өнегесі, артына қалдырған тәлім-тағылымы баға жетпес қазына, рухани дем беруші, алға ұмтылдырушы күш болып келеді. Соғыс жылдарында қолынан қаруы түспеген, ел қорғау жолында мұз жастанып, қар кешкен әкелеріміздің өшпес ерлігі – бүгінгі жас буынға патриоттық тәрбие берудің үлгісі. Осы тұрғыдан Төлтай Шанов біздің ұғымымызда – ерлік жасаған батыр партизан, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.

Мен оның «Қасиет пен қасірет» атты күнделік-кітабын зерттеп-зерделеп оқып шықтым. От ортасында жүріп жазылған еңбекте өмір мен өлім, жеңіс пен жеңіліс, ұмтылыс пен қиналыс секілді сан алуан ұғымдардың философиялық мәні терең ашылады, – деген баяндамашы кітапты көзбен емес, жүрекпен оқу қажеттігін алға тартты.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин 1995 жылы майдангердің «Өмірімнің өткелдері» атты естеліктер кітабының басылып шығуына тікелей ұйытқы болған-ды. 1996 жылы Дамбар орта мектебіне Төлтай Шановтың есімі берілерде де осы игілікті істің қозғаушысы болды. Облыстық телеарнаға басшылық жасаған тұста жауынгердің майдан жолынан сыр шертетін деректі фильмнің түсірілу міндетін мойнына алды. Жиында ол Төлтай Шанов есімін көп жылдардан бері жанына жақын тұтатынын айтты.

– Әкем Сағызбай Отыншин да осы кісімен құрдас әрі Украина майданына қатысқан жауынгер еді. Сондықтан Төлтай Шановты бір жағы әкеміздей сезінеміз, – деді ол.

Салтанатты сәтте бірқатар азамат­тарға марапаттар тапсырылды. «Ақтөбе Медиа» холдингінің арнайы марапатын Қазақстанның құрметті журналисі Нұрмұханбет Дияров табыстады.

Арнайы кешке Төлтай Шанов атындағы мектептің түлектері де қатысты. Соның бірі темірбетон зауы­тының жұмысшы маманы Камалбай Салықбаев өзі оқыған Төлтай Шанов атындағы жалпы орта білім бере­тін мектепке жауынгер-ұстаздың ес­керткіш-бюстін орнатуға атсалысқан еді.

Танымдық кеште ақын Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің «Ауылым» әні орындалып, іс-шара батыр ерлігін айшық­­тайтын ақындар айтысымен қорытындыланды.

Төлтай Шанов атындағы мектеп оқушылары дайындаған майдан жылдарындағы сахналық көріністер, жауынгердің жеңіспен елге оралып, оны анасының қарсы алған сәттері шынайылығымен көрермендерді тебірентті.

Ауқымды іс-шара Шалқар ауданының Жылтыр ауылында жалғасты. Төлтай Шанов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте батырдың құрметіне арналған «Асыл мұра» музейі салтанатты түрде ашылды.

– Мектебімізге жауынгердің есімі берілгелі жыл сайын Төлтай Шанов атындағы спорттық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Мектеп жанынан ашылған музейде жауынгер-ұстаздың ерлік жолын баяндайтын құнды деректер жинақталған, – деді аталған мектеп директоры ­Медет Көпесов.

Сондай-ақ  шара барысында Жылтыр ауылында өткізілген мектепішілік спорттық шараның жеңімпаздары анықталып, Төлтай Шановтың 100 жылдығына арналған арнайы медальмен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

– Биыл батыр бабамыздың 100 жылдығына орай кезекті рет Төлтай Шанов атындағы спорттық жарыс ұйымдастырылды. Қазақша күрес, дойбы мен тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен  ұстаздар және оқушылар бақ сынасты.

«Жақсылының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ­Май­­ра Төлтайқызының әке жолын жалғастырып, көпке үлге боларлық іс-шараның ұйытқысы болуының өзі ата-бабасының ерлігін ұмытпай, текті  әулеттің абыройын асқақтатып жүргенінің айғағы іспеттес.

– Төлтай Шановтың өнегелі жолы көпке үлгі. Бұл кітап – қан май­данда қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлеріміздің  өмір жолы жазылған еңбектің бір парасы, – деді Шалқар ауылдық окру­гінің әкімі Қалжан Қаржаубай.                                                                                          Та­рихи-танымдық жиында Жылтыр ауылының перзенті, профессор Жайшылық Сартабанов, ардагер-ұстаз Жұмабай Омаров, тағы да басқа ел азамат­тары сөз сөйлеп, тағылымы мол мағлұматтар айтылды.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, батыр-партизанның перзенті Алик Түсібеков әке есімін ардақтауға бас қосқан ағайын-жұртшылыққа алғыс сезімін білдірді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Ақтөбе облысы

737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы