• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

АҚМОЛЛА ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫНЫ МА?

Қазақ ұлттық академиялық кітапхана қорында оқырман қолына көп жете бермейтін, кирилл, латын әліпбиімен, төте жазумен басылып шыққан кітап қоры көп-ақ. «Ана тілі» газеті арқылы сол кітаптарды оқырманға таныстыру ниетімен 1935 жылы «Қазақстан көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген, Сәкен Сейфуллиннің алғысөзі жазылған, «Ақмолла (Мұптақеддин Мұхамедияр ұлы) өлең жинағы» атты кітап туралы айтпақпыз.
Қазақ руханиятында ерекеше орны бар, ХІХ ғасыр әдебиетінде аты алтын әріппен жазылуға тиіс Ақмолла немесе Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров туралы, өкінішке қарай, толымды монографиялық зерттеу жоқтың қасы. Көптеген жарияланымдардан оның шығармашылығы бағаланбағанын ғана емес, сонымен бірге өмір тарихы да нақтыланбағанын байқаймыз. Башқұрт деректеріне негізделген жазбаларды сараптасақ, башқұрт халқының ұлы ағартушысы және ақыны Ақмолла 1831 жылы 14 желтоқсанда Орынбор губерниясына қарасты Белебей ауданында туғаны туралы ақпарат береді. Башқұрттың архив деректері әкесі жергілікті молда – Камалетдин Ишкузяұлы, анасы – Бибіүммігүлсім Салимянқызы және екеуі де мин тайпасынан шыққан деп көрсетеді.

Ал Қазақстанда жазылған ескі кітаптар мен жазбаларда Ақмолланы ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ, башқұрт, татар халықтарына ортақ демократ ақын деп айтады. Бұл тұрғыда академик Зәки Ахметовтің эпистолярлық жанрдағы «Ғалымдар және хаттар» (Астана,
2019) атты кітабы осы мәселе туралы бірталай дерек береді.  Академик Зәки Ахметов М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, ҚазМУ, ҚазПИ оқытушылары мен Мәскеу, Қазан және Уфа ғалымдары қатысуымен «Ақмолла ақынның 150 жылдығына арналған» ғылыми-теориялық конференция өткізу, ақынның өлеңдер жинағын қайта басу мен ф.ғ.к. Уәлихан Қалижановтың «Ақмолла ақынның өмірі мен шығармашылығы» атты кандидаттық монографиясын басып шығару және республикалық, облыстық газет-журналдарға оның өмірі мен шығар­ма­шылығы туралы материалдар беру туралы айтып, тиісті мекемелерге арнайы хат та жолдаған.

Хаттардың бірінде былай делінген: «Ерте бала күнінде әкесі мен анасынан айрылып, жеті жасынан бастап тәрбиелеген өгей әкесі Камалетдиннің баласы болып кетеді. Біраз уақыт Ақмолла Стерлибаш қамалындағы медресені, содан кейін Орынбор мен Троицктегі медреселерді оқыды. 1850 жылдың аяғында ол Троицкіден жүз шақырым жерде орналасқан Қарасу ауылында ұстаз және ағаш ұстасы болды. Халық оны «Ақмолла» атап кетеді. Ел ішінде зор беделге ие болып, әлеуметтік ұлттық теңсіздікті әшкерелеп, жалған жаламен 1867 жылы Ақмолла зынданға тасталады. Осыдан кейін Ақмолла Орынборға барып, ресми іссапармен жүрген, қазақтың жаяу әскербасы генерал Ғұбайдулла Жәңгіров-Шыңғысханға өлең жолдап, оның көмегімен толықтай босатылды. Ақталып шыққаннан кейін Қостанай, Қызылжар, Көкшетау қалаларының маңындағы қазақтар арасында бала оқытады, өлең жазумен айналысады. 

1895 жылы 8 қазанда Троицкіден Злотустіге атпен кетіп бара жатқан кезінде, яғни Миасс қаласы мен Сарслан ауылы арасындағы жолда Нығметолла мен Дәулетшінің қарақшылары оны «бай саудагер, көпес» деп қателесіп, аяусыздықпен өлтіреді. Миасс қаласындағы зиратқа жерленген және зираттың үстіне қабір тасы орнатылған».

Академик Зәки Ахметов Ақмолла өзін «қазақ» деп айтқанын, көп­теген еңбектері қазақ тілінде жазылға­нын алға тартады. Оған себеп ретінде мына өлеңін атап көрсетеді:

Көшпелі қазақпыз ғой күрке астында,

Өнері жоқ, ұйықтаған тек

көрпе астында.

Қазақша өлең жаздым ашық қылып,

Хасистердің жүрегін ашыттырып.

Айтамын үгіт қылып қазақ халқын,

Баяғы тастамайтын ата салтын.

Бұл хатында академик Зәки Ахметов Ғабдолла Тоқайдың «Оның өлеңдерінен көшпелі қазақтың иісі есіп тұрады» деген сөзін де қоса ұсынады.

Қазақ Ұлттық академиялық кітапханада бар «Ақмолла (Мұптақеддин Мұхамедияр ұлы) өлең жинағы» атты кітап бірнеше тараушадан тұрады. Алдымен «Ақмолланың өмір тарихы» деген атпен берілген өмірбаяндық этюдке тоқталайық. Кітапта Сәкен Сейфуллин былай дейді: «Ақмолланың шын аты: Мұптақеддин. Ақмолла деп қазақтар атап, лақап аты қылып жіберген. Ақмолланың әкесі Мұхамедияр Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешіт (қазіргі Қызыл орда) аймағының қазағы. Мұхамедияр жас күнінде Нығметолла қазірет деген молла мен Башқұртстанның Істерлибаш деген қаласына еріп кеткен. Сол Нығметолла қазіреттің қолындағы бір асырап алған қызын Мұхамедияр алып, татар қызынан Ақмолла ақын туады. Ақмолланың әкесі өліп, анасын Камелетден деген бір татар алады. Ол кісі анасы мен бірге Ақмолланы да (яғни Мұптахиддинді) өзіне бала қылып алады. Ұзамай анасы өледі. Сөйтіп, ақын өгей ата, өгей ананың қолында жасынан жетім қалады. Ақмолла жасынан жетімдік көріп, мұқтаждық көріп, таршылықты басынан кешіріп, туған жері Істерлыбашты тастап, Жайық бойына Орынбор қаласының маңына келеді. Орынбордан жоғарғы жаңа Қарғалы (Әмен ауылы) деген ауылда тұрады. Бұл ауылды орысша Николский дейді. Сол арада Мұптахиддин хат таниды. Содан біраз уақыттан соң Троицке қаласына келеді. Сол жерде оқуға барады.

Ақмолла жасынан ғылым-білімге құмар болған. Ғылым мәселелері мен таныс адамдармен сөйлесуден жалықпаған. Ылғи кітап қараудан, зерттеуден жалықпаған. Ғалыммын деп, молдамын деп басқа өнерден бой тартпаған. Балта ұстап, ағаш істеу ісін жақсы білген, арба істейтін болған. Молла болып жүргенде өз қолымен күймесін үш бөлімді қып жасап, бір бөліміне балта, шалғы, бұрғы, балға сияқты аспаптарын салып, екінші бөліміне кітаптарын
салып, үшінші бөлмесіне өзі отырып жүрген.
Троицкіден оқып, болған соң қазақ арасына шығып, моллалық құрып тұрған. Бірақ Троицкіден келіп-кетіп жүретін болған.

Елде жүргенде Есенгелді деген бір бай өшігіп, Ақмолланы солдаттан қашып жүрген «ноғай» деп патша үкіметіне көрсетеді. Есенгелдінің алғаш өшігуінің себебі мынадан болады: Сол елде бір әйел өледі. Әйелдің жаназасында, әлгі Есенгелді жиналған жұрттың көзінше, Ақмоллаға таяғын нұсқап тұрып, мынадай сөз айтады: «Әй, мына молланы қараңыздар!.. Қазақта бір мақал бар еді: «Өлеңді жерде өгіз семірер, өлікті жерде молла семірер» деген, сондай-ақ, мына молланың семіргенін қараңыздар!..» дейді. Ақмолла жұлып алғандай: «Рас айтасыз, бай, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлікті жерде молла семіреді, молласыз жерде, сіздей надандардың басын ит кеміреді» – дейді. Жұрт Ақмолланың тапқырлығына риза болып, күліседі. Содан кейін Есенгелді Ақмоллаға өшігіп қас болады. Есенгелдінің көрсетуімен Ақмолла тұтқынға алынып, Троицки түрмесіне түсіп, қапаста бірнеше уақыт жатып шығады.

Ақырында Ақмолланы «Мыйас» қаласына қояды. Сол Троицкиде болатын белгілі
Зейнолла Ишан ақын тарих опатын жаздырып, басына әдемі тас ойдырып қойдырады».

Кітапшаның екінші тарауы «Ақмол­ланың ақындығы» деп аталады, яғни Сәкен Сейфуллин бұл жерде  ақынның шығармашылығын талдап, бағасын береді: «...Татар әдебиет тарихшылары Ақмолланы әдебиет тарихындағы зор орынға қояды. Әлбетте өйтулері теріс емес, Ақмолланы қазақ әдебиет тарихында да, татар әдебиет тарихында да зор орын алуға тиіс ақын екені рас.

Бұл арада және айта кетейін: 1934 жыл 20 мартта шыққан өлеңі көркемірек және тілі де таза. Қазақша екендігі айқын көрінеді. Мысалы: түрмеде жатып жазған мынау сияқты өлеңдерінің тілінде қазақшадан бөтені бар ма? Міні:

....Менің жатқан мекенім аты зындан,

Әртүрлі адамы бар жапа қылған.

Ішінде түрлі ғибырат қисасы жоқ,

Сұрқия неше түрлі бар жыйылған.

 

Темір мен қадақтанған терезесі,

Қара тас қабаттанған кірегесі.

Орыстың толып жатыр кінегесі,

Құдадан дұшпаныңа тілемеші.

 

Келмейді көңіл жетер көңіл сұрай,

Мылтығын салдат жүрер орай-орай.

Құдайым қылған іске шара бар ма?

Жатырмыз бишаралар жылай-жылай...

Міне, бұл өлеңнің ырғақ мөлшері де, ескі қазақ ел өлеңдерінің ырғақ мөлшерімен жазылған. Татар және Башқұрт жырларында мұндай ырғақ мөлшері көрінбейді. Тек, бұл өлеңдерді татар әдебиетшілері жинап, татар баспасында бастырып шығарғандықтан кей сөздердің кей бір дыбыстарын татаршалап жіберген. Мысалы: «жатырмыз», «жүрек» деген сөздерді – «жатымиз», «жүрер» деп, өзгертіп, бір өлеңнің дені татарша деген.

Ақмолланың өлеңдерінде таза қазақ өлеңдерінде көп кез келетін қоспақ сөздер көп кездеседі:

...Жемейтін бауырсақты Ақмолла едім,

Шайнаймын қара нанды,

қашыр-қашыр...»

«Салдаттар кеш болғанда қойдай қамай,

Жабады малдай қылып санай-санай...»

«Сарғайдым терезеден қарай-қарай,

Зарығып шыдамайды тәтті жан ай.

Есенгелді Батүшке астат болып,

Ақмолла қорлық көрді талай-талай».

Міне, осы өлеңдегі, «санай-санай», «қарай-қарай», «талай-талай», деген сияқ­ты қоспақ сөздер Ақмолланың сөзде­рінде көп кездеседі.  Мұндай қоспақ сөздер қазақ­тың ел әдебиетінде де көп кездесетін жайт.

Онан соң, Ақмолла ел әдебиетін жинап та пайдаға асырған адам. Өлеңдерінің көбінің сарыны қазақтың ескі ел әдебиет сарынындай болып келеді.

Ақмолланың өлеңдерін, оның кітаптарын, және ол туралы жазылған сөздерді жинауда Башқұртстандағы Вәли Қангелдіұлы мен Ысмағұл Орманұлы жәрдем істеді.

Ақмолланың өлеңдері әлі де түгел жиналған жоқ. Ақмолла татар, Башқұрт арасында туып, сонда оқып, сол татар Башқұрт арасында өлген соң, және оның шығармалары татар баспасында басылып қазақ арасында көп тарамаған соң, оны қазақ әдебиетшілерінің біразы білмейді. Білсе де оның шығармалары мен жақсы таныс емес. Әрине, бұл азырақ ұялатын ғана жайт. Сол, ақынның шығармалары мен таныс еместіктің салдарынан, жақында біреу, Алматыда шығатын «Қазақ әдебиет» газетінде де Ақмолланы Башқұрт ақыны деп жазыпты. Жазғанда әлгі, Мәскеуде шығатын: «Лит газеттің» 20-мартта шыққан нөмірлеріндегі П.Низовойдың мақаласындағы Ақмолланы башқұрт ақыны деген сөздерін қазақшаға аудара салыпты. Аударғанда әрине, Ақмолланың кім екенін білмегендігі көрініп тұр. П.Низовой ол мақаласында: «төңкеріске шейін Башқұртстанның тек Ақмолла деген ақыны ғана болған еді, дейді». Одан басқа башқұрттың ешбір ақыны жоқ еді» дейді. П.Низовойдың Ақмолланы да, башқұрт әдебиетінде білмегені оғаштау болып көрініп тұр... бірақ, енді Ақмолла ақынды әркім білер... Әмин».

Сәкен Сейфуллиннің біз жоғарыда келтірген Ақмолла жинағына жазған алғысөзі Алматы қаласында 28.04.1934 жылы жазылған.

Ақмолла аты репрессиялар мен Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты көп үзілістерден кейін, тек
ХХ ғасырдың 60 жылдары қайта атала бастады. Бұл тұрғыдан біз профессор Б.Кенжебаевтың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек, оның зерттеулерінде Ақмолла қазақ, татар, башқұрттың ортасындағы үш халыққа да ортақ  ақын. Ақмолла туралы әдебиет зерттеуші У.Қалижанұлы кандидаттық диссертация қорғады. Зәки Ахметовтің де Ақмолланың мерейтойын Қазақстанда атап өту керектігі туралы мақаласы осы кезеңде жазылды. Өкінішке қарай, бұл мәселе жалғасын тапты деп айта ­алмаймыз.

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ

1346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы