• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

Әбікен мерейтойы лайықты аталып өтуі тиіс

Алматы қаласындағы Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығында шертпе күйдің шебері Әбікен Хасеновтың туғанына 130 жыл толуына арналған концерт өтті. Шертпе күйдің біртуар шеберін еске алуға арналған іс-шараға белгілі композитор, күйші Ермұрат Үсенов, өнер зерттеушісі Саян Ақмолда, әнші Еркін Шүкіман сынды өнер шеберлері және күйші ұрпақтары қатысты.

 

Кешті жүргізген Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық  консерваториясының доценті, күйші, зерттеуші  Мұрат Әбуғазы Арқа өңірінің күйшілік мектебін жаңа заманға жеткізуде Әбікен Хасеновтың орны зор екеніне айта келе, күйшінің өмірбаянына тоқталды. Қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген Әбікен Хасенов әйгілі Сәкен Сейфул­лин­нің ықпалымен қуғын-сүргіннен аман қалып, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрында қызмет еткен.

– Театр сахнасында да домбырашы­лығынан қол үзбеген ол, Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек және Арқа өңірінің басқа да күйші-композиторларының күй­лерін насихаттады, – деді М.Әбуғазы. – Қыздарбек күйшінің шәкірттері 1930 жылдардағы қуғын-сүргінде атылып кеткен. Түрмеде отырған Әбди Рысбекұлы атылар алдында өтініш жасап, соңғы күйін Әбікенге үйретіп кеткен екен. Бұл күйді Әбікен өзі дүниеден өтердің аз-ақ алдында «Әбдидің «Қосбасары» деп күйтабаққа жаздырған, – деп күйшінің Арқа күйлерін жеткізудегі қызметін атап өтті.

Әбікен күйшінің мұрасын насихаттауда көп еңбек еткен композитор Ермұрат Үсенов өз сөзінде шертпе күйдің табиғатын сақтау үшін домбыраны Ә.Хасеновтің үлгісімен жасау қажет екенін атап айтты. «Ешкі немесе қой ішегін қолданып тартса, қоңыр үн тірілер ме еді» дей келе, шертпе күйдің  ерекше­лігіне тоқталды. Айта кетерлігі, Е.Үсенов Әбікен Хасеновтің өз домбырасымен оның «Қоңыр» күйін тұңғыш рет сахнада орындаған.

Кеш барысында домбырашылар Саян Ақмолда, Нұрлан Түменбаев, Сырым Нұрмолдин және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Арқа күй мектебінің үздік өкілдерінің күйлерін орындады. Белгілі әнші Еркін Шүкіман Ә.Хасеновтың тек күйлерді ғана емес, әндерді де жеткізуші екенін  айта келе,  алғаш сол кісіден үйренген Хабиба Елебековадан естіген «Ақылбайдың әнін» орындап берді.

Күй зерттеуші Мұрат Әбуғазы кештің түйіні ретінде Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін орындап берді. Жиынға қатысқан өнер зерттеушілері қазақтың қасиетті күй өнерінің бір алыбы Әбікен Хасеновтың 130 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілуі қажет екенін  айтып, күйшіге лайықты құрмет көрсетілуі тиіс деген ұсыныстарын жеткізді.

Дина ИМАМБАЙ

 

1209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы