• Мәдениет
  • 20 Қазан, 2022

ҚОЛӨНЕРДІ ҚОЛДАУ КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ

«Ana tili»

Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан Респуб­ли­касының орталық мемлекеттік музейінде Халықаралық қолөнершілер форумы өткізілді. Бұл аталмыш сала мамандары үшін көптен күткен шара болатын.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен, сонымен бірге Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 150-ден аса шебер-қолөнерші қатысты.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі, Туристік сала комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева, Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж, «Harper’s Bazaar и Vogue» журналының редакторы, қолөнер, дизайн және өмір салты бойынша маман Эчавария Марселла, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, «Aigul line» брендінің негізін қалаушы, «Qazaq-Oner» ұлттық қауымдастығының президенті Айгүл Жансерікова, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының директоры Ырза Тұрсынзада, арт-менеджер, дәстүрлі табиғи ішектер шебері Бабыр Арғынов, «Born Nomad» директоры, «Алтын адам» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бакирова және басқа да шеберлер мен қонақтар қатысты.

Ал алты айда әлемді аралап шыққан 72 жастағы саяхатшы әрі қолөнер шебері, ақсақал Сәрсенбай Қотырашев форумның құрметті қонағы болды. Ол 8000 шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, аймақтардың барлық әкімшілік орталықтарына табан тіреген. Ең бастысы, С.Қотырашев осы саяхаты арқылы елдің барлық қолөнершілер тізімін құру мақсатын көздеген.

Форумның ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев барлық қатысушыларды, сондай-ақ арнайы келген қонақтарды жылы қарсы алып, қолөнершілердің туризм мен креативті
индустрияны дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Қазақстанда креативті индустрия бұрын-соңды болмаған. Біздің заманауи шығар­ма­шылығымыздың бастауында ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттер жатыр. Өнерге деген жылы көзқарас және ерекше дүниетанымымыз бар. Ұлттық қолөнер – бұл біздің баға жетпес мұрамыз», – деді Ержан Еркінбаев.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова креативті индустрияларды дамыту үшін, осындай ауқымды іс-шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Жақын арада мегаполис әкімшілігі қолөнер­шілер өздерінің инновациялық өнімдері мен қыз­меттерін құра алатын, идеяларын алмасатын және өздерін таныта алатын, қайталанбас шығармашылығын көрсете алатын креативті алаң құруды жоспарлап отыр. Бұл бастама шығар­ма­шылық идеяларды креативті кәсіпкерлік қыз­метке айналдыруға бағытталады», – деді депутат.

Сонымен бірге қолөнер саласын коммерцияландыру мүмкіндіктері, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары туралы «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі, Туристік сала комитетінің төрағасы Юлия Якупбаеваның сөзі назар аудартты.

«Уақыт барлық салаға, туризмге және
креа­тивті индустрияға деген көзқарасты өзгертеді. Кәдесый өнімдеріне қажет материалдарды қабылдау мен оның техникасы, формалары өзгеруде. Сондықтан сарапшылар бұл биз­несті қалай коммерцияландыру қажет екенін талдап-талқылайтын, өзара пікір алмасатын форумдардың өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз», – деді Юлия Якупбаева. Расында саланы дамыту үшін мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолдарын қарастыратын мұндай жиындардың орны бөлек.

Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулы
Кэро­лайн Сэвидж форумның ең басты артықшы­лығына назар аудартты. Ол өз сөзінде: «Біз мұнда жеңімпаздардың жетістіктерін атап өту үшін ғана емес, сонымен қатар осы жеңімпаздарға тән құндылықтар – адалдық, батылдық, кәсіби біліктілік пен сыни ойлау сияқты қасиеттерге назар аудару үшін жиналдық», – деді.

АҚШ-тан келген спикер, қолөнер маманы «Harper‘s Bazaar и Vogue» журналының редакторы, журналист Марселла Эчавария «Қазіргі әлемдегі қолөнердің рөлі» туралы дәріс оқыды. Әрине, оның дәрісінен алатын, үйренетін дүние аз емес. Дегенмен олардың тәжірибелерін біздің өз өмірімізге лайықтап пайдаланудың жөні бөлек.

«Алтын Орда» авторлық дизайн-үйінің негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзада туризмнің әлемдік экономикадағы рөліне тоқталды.

«Қолөнер – ұлттық мәдени сәйкестендірудің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының да құрамдас бөлігі, оны жаңа деңгейге көтеру керек. Біз қазір туризмді дамытуға мемлекеттің ерекше қолдау көрсетіп отырғанын көріп отырмыз. Біз де қолөнершілер осындай қолдауды күтеміз», – деді ол.

Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова да қолөнер саласын қолдау қажеттігі туралы айтты.

«Бізде үлкен аумақтық айырма­шылық сезіледі. Біз туристік орта­лықтарға ғана емес, елдің басқа аймақтарына да көмектесуіміз керек. Туристер көп бара бермейтін өңірлер қалыс қалуда. Менің ойымша, бұл салаға бір реттік емес, жүйелі түрде мемлекеттік қолдау қажет. Өндіріс пен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау керек-ақ. Мысалға, салықтан босату сияқты жеңілдіктерді айтып тұрмын. Сондай-ақ ұлттық бірегейлікке негіз бола алатын брендке назар аударғым келеді. Сол дәстүрлі қол өнердегі бір ғана шикізат – киіз, іс жүзінде барлық елдерге қажет ұлттық брендке айналуы мүмкін, оны шетелдерде де сатып алады. Бізде ең жақсы шеберлер бар, бірақ әзірге жаппай тұтынуға өндіретін немесе сериялық өндіріс жоқ», – деді А.Бекқұлова.

Айта кетерлік бір жаңалық – форум басталмас бұрын Қазақстан стандарттау және метрология институты, «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» негізінде, «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының ҚР СТ 3686 белгісімен қолөнер тарихындағы алғашқы қызметті стандарттады. Ал Ұлттық стандартқа сәйкестігін «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері бағалады. Бұл ретте, «Qazaq-Uber» өте жоғары деңгейді көрсетіп, форум шеңберінде сертификатқа ие болды.

«Біз үшін еліміздегі алғашқы «Qazaq-Uber» қолөнершілер орталығын ашу, сонымен қатар ҚР СТ 3686-2020 «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» Ұлттық стандартына сәйкестік сертификатын алу үлкен мәртебе. РМК «ҚазСтандарт» мұны қолөнер қызметтерін стандарттау сала­сындағы алғашқы жоба екенін хабарлады. Біз осындай жоғары мемлекеттік бағалауға ие болғанымыз үшін қуаныштымыз және бұл біз үшін мақтаныш», – деді Айгүл Жансерікова.

Арт-менеджер, дәстүрлі ішектер шебері Бабыр Арғынов қойдың ішегінен жасалған домбырада нағыз таза табиғи әрі дәстүрлі «қоңыр» үн, барқыт дыбысы сақталатынын айтып, осы тақырыпта бірқатар ұсыныстар айтты.

«Дәстүрлі құралдарды жаңғырту — ұлттық кодты, мәдени бірегейлікті, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер идеясын сақтау жолындағы маңызды қадам», – деді ол.

Форум аясында «BORN NOMAD power AWARDS 2022» байқауының қорытындысы шығарылды.

Бұл байқау халықтық қолданбалы өнер шеберлеріне, қолөнершілер мен шығармашылық индустрия өкілдеріне өздерін танытуға, идеяларды коммерцияландыру, қазақстандық және экспорт нарығына өнімді шығару, сондай-ақ қазылар алқасы мүшелерінің, кәсіпқойлардың, қолөнер, дизайн, сән, туризм және креативті индустрия саласының сарапшылары мен инсайдерлерінің құнды кеңестерін алуға мүмкіндік береді.

Born NOMAD директоры Динара Бакирова аталған байқаудың қорытындысын жариялады. Ол өз кезегінде бұл байқаудың басты мақсатына тоқталды.

«Біз ең алдымен бәсекеге қабілетті қолөнер брендтері мен сұранысқа ие өнімді құру, маркетплейстер мен экспорт нарығына шығу арқылы қолөнер индустриясының экономикалық тұрғыдан дамуын көздейміз», – деді.

Форум аясында Ержан Еркінбаев қолөнер­шілер Серік Рысбеков, Ұлмекен Маутова, Жұпар Бейсенова, Алмас Мұстафаев, Қалмырза Тасов, Раиса Мұхамеджанова, Нұрзия Ташімова және ақсақал Сәрсенбай Қотырашевқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.

Сондай-ақ адал еңбегі мен еліміздің мәдениеті мен қолөнерін дамыту ісіне белсенді қатысқаны үшін, ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың атынан «Алтын Орда» авторлық дизайн-үйінің негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзаданы, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлованы «Құрмет грамотасымен» марапаттады. «Born NOMAD» директоры», «Айка Әлемі мен Qazaq-Oner» ұлттық қауымдастығының президенті Айгүл Жансеріковаға алғыс хат табысталды.

Халықаралық форум аясында өткен отандық қолөнершілердің жәрмеңкесінде керамика, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қолөнер түрлерінің өнімдері ұсынылды. Тәжірибе алмасу үшін қолөнершілер «Қазақстандағы қолөнер бизнесін дамыту», «Қазақстандағы қолөнершілікті дамыту жолдары мен мүмкіндіктері», «Қолөнер индустриясы, бизнес, экономика», «Қолөнердің тұрақты дамуы» тақырыптары бойынша пікірталас сессияларына қатысты.

Іс-шара дәстүрлі қолөнерді сақтау және оны одан әрі дамыту, ұлттық мұрамызды жандандыру және танымал ету, сондай-ақ дәстүрлі қолөнердің заманауи интерпретацияларын және халықтық қолданбалы өнер мен басқа да шығармашылық индустриялардың колоборациясын құру бойынша түрлі аймақтық бастамаларды біріктіру мақ­сатында өткізілді.

Сондай-ақ форум аясында өнімдер көрмесі, шеберлік сыныптары, семинарлар, Korpe Fest өтті.

Жәрмеңкеде керамика, тоқыма, зергерлік бұйымдар, жібек шаруа­шылығы және т.б. сияқты қолөнер түр­ле­рінен өнімдер ұсынылды.

Әрине, мұндай форумға министрліктен арнайы өкілдер қатысып, мемлекеттік дәрежеде ескеріліп, қолдау, демеу көрсетілуі уақыт талабы деген орынды. Халқымыз қолөнерге, «қолы місекерлі» деп онымен айналысатын адамға бөлекше көзқараспен, тіпті, құрметпен қараған десек артық айтқандық емес.

Қазір бұл ұлттық бренді, ұлттың өзіндік болмысын көрсететін сала ретінде қаралады. Форумда айтылғандай, туризм саласының ажырамас бір бөлігі ретінде аталуда. Иә, туризм саласын дамыту үшін, әрбір туристердің көңілін табу үшін, ұлттық ерекшеліктерді көрсететін қолөнер бұйымдарының орны бөлек. Қазақстанға сапар шеккен кез келген жиһанкез, ұлттық мәдениетімізді әйгілейтін, тіпті, кішкентай болса да бір бұйымды, әлемнің бір қиырына ала кеткені, Тәуелсіздігімізді дәріптеудің бір жолы деп қарау керек.

Сондай-ақ түрлі жиындарда жиі айтылатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытатын бір бағыт екені де белгілі. Қолөнер шебері өзін-өзі жұмыспен қамтып қоймайды, басқаларға жұмыс береді. Жалақы төлейді. Салық саласына үлес қосады. Сондықтан жиында айтылғандай мемлекеттің бұл салаға назар аударуы, қамқорлық жасауы қажет деп көруіміз керек.

Қазақшалап айтқанда, қолы місекерлі адамдарды мемлекет қолдап, қайтарымсыз қаржы беріп, ынталандырып отыруы қажеттілікке айналмақ. Дамыған елдерде бұл әлдеқашан шешілген мәселе. Сондықтан форумда көтерілген мәселелер алда жүйелі түрде шешімін табуы тиіс. Әрі мемлекеттік органдар өздері соған мүдделі болғаны керек. Өзгесін айтпағанда жұмыспен қамту мен шағын және орта кәсіпкерлік күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелер.

Бұл қолөнер саласының қазіргі заманғы қыры. Ал тарихқа үңілсек, қазақтың әр ауылында өзінің темірші ұстасы, ағаш шебері, етікшісі, киім тігетін ісмерлері болған. Ол қазіргідей әлдеқандай шетелдікке көрсету үшін емес, күнделікті тіршіліктің қажеттілігінен туындайтын. Дәлірегі күнкөрісі, тірлігі болатын.

Яғни мұны дәстүрлі шаруашылық түрі деп қараймыз. Сондықтан бүгін қазақ оюларын оятын, ат әбзелдерін жасайтын, жаңа заманға лайықтап сырмақ сыратын, киіз басатын, жіп иіріп, жүн түтетін, қой терісін илеп аяқ киім, тон тігетін адам көрсек, ол ата-баба кәсібін түлеткен адам ретінде қарауымыз қажет. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, бүтіндей сол кәсіптермен айналысатын ауылдар пайда болуы да ғажап емес. Ол шетелдердің тәжірибесінде болған, бар үрдіс. Ал сол ортада жасалатын туристерді қызықтыратын үлкенді-кішілі ұлттық бұйымдарды өз азаматтарымыз да сатып алуға бейім тұрар еді.

Иә, жеке адамдар үшін бұл кәсіп. Мемлекет үшін әркімнің жұмысты болғаны керек. Бастысы – қазақтың дәстүрлі қолөнерін дамытатын мүмкіндік тумақ. Аталмыш форум осындай істі қолдағаны үшін құнды. Рас туризмге қатысты тұсын қолдап отыр. Бірақ бұл тұтастай қолөнер саласын қолдауға ұласқаны абзал.

 

1017 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы