• Cұхбаттар
  • 27 Қазан, 2022

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ: Ақиқаттан алшақтаған сайын арымыздан айырыла береміз

Журналистикадағы 40 жылдан астам уақыт ішінде нешеме кейіпкерлермен қауышқан болармыз-ау. Талай мәрте әрқайсысы бір қазына, бір байтақ қиын, қызық тағдырлармен бетбе бет келіп, ашылмай жатқан аралдарды ашуға талпыныс жасалып, олардың таңғажайып ғұмырынан тағылым түйдік. Толқыдық, тебірендік, күрсіндік, қуандық.Олардың адами болмысын, жан сырын, тұлғалық тұрпатын, кісілік, кішілік дара қасиеттерін бедерлеген түрлі жанрдағы дүниелер тасқа басылып қалды. Соның ішінде ұлт руханиятының ірі тұлғаларымен жүргізілген сұхбаттар әлі күнге жаныма жақын. Кей күндерде жан дүнием рухани жабырқау күйін кешкенде соларды отырып алып парақтаймын. Сол сұхбаттарға терең ой, биік парасат-пайым, үлкен мәдениет, көңілде кір қалдырмай, сыр жасырмай, әлдекімге ұрынбай, пендешіліктен биік тұрып, білім-білікпен бекзат баяндау тән еді. Қайтара оқыған сайын бір түрлі парасат дәптерін парақтап шыққандай боласың, сайып келгенде сол әңгімелердің салмағын парықтап, бүгінгінің болмысына үңілесің. Әрине, қарадай түңілгің келмейді, дейтұрғанмен де әңгімені айта білудегі өткеннің өнегесі де еске еріксіз түседі. Айтпағым не? Сұхбат арқылы журналист қана емес, кез келген кәсіп иесі өзінің биік ойлау деңгейін, қабілет-қарымын, шынайы болмысын аңғартады. Сұхбаттың түрі көп. Кейде ол «дөңгелек үстел» (алқақотан отырып әңгімелесу), «сауалнама» түрінде кездеседі. Алайда кең тарағаны екі кісінің сұхбаты. Кейінгі күндерде «Ана тілінде» осы жанрдың табиғатын одан әрі мазмұнды етіп, байыта түсу мақсатында «Сұхбат-сараптама» деген айдар ашып, қоғамның, әр саланың озық ойлы өкілдерін әңгімеге тарта бастадық. Айдардың алғашқы қонағы болған аса танымал журналист Жанболат ­Аупбаевпен болған сұхбаттың тартымды болғаны сонша, ол бірнеше нөмірге ұласты. Әлі де жалғасатын түрі байқалады.Қысқасы, бүгінгі оқырман талабымен санасып, онымен ой жарыстыру, сана биігінен көріну оңайға түспейді.Оған керегі білім-білікпен бедерленген ойлы сөз,терең таным, шынайы ақпарат, үлкен мәдениетпен мәйектелген мәуелі әңгіме. «Сұхбат-сараптаманың» мұраты да осы өре биігінен көріну. Бұл ретте сұхбат берушінің де осал болуға хақысы жоқ. Бүгінгі сұхбаттасымыз - танымал қаламгер, қазақ романдарына жарияланған «Меценат» байқауының тұңғыш жүлдегері Шархан Қазығұл.

– Шәке, біз газетімізде «Сұхбат – сараптама» айдарын ашып, онда елдік, мемлекетшілдік мәселелері, ұлттық құндылықтар төңірегінде келелі әңгіме көтеруді бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Осы айдар аясында бүгін сізбен сұхбат құрғалы отырмыз. Сұхбатымыздың беташарында да сол ұлт мәселесін айтсақ деймін. Жалпы сіз қалай ойлайсыз, қазақ ұлттық деңгейге көтеріле алды ма?

Қанша жерден шымбайға бататын шаруа болса да, шындықты айналып өту мүмкін емес. Өз басым біз әлі рулық-тайпалық деңгейде қалып қойғандай күй кешемін. Біздің рулық-тайпалық санадан  арыла алмай жатқанымыздың бір мысалын айтайын. Өткен жылы әріптес досымыз Ермек  Жұмахметұлының  «Біз  білмейтін  қазақтар»  атты кітабы  жарық  көрді.  Осы еңбекте  әлемдік  саясатқа  үн қосып,  жаһанға  ұлты қазақ  болып  танылған,  бұрын-соңды  біз естімеген  тұлғалар туралы айтылады. Олардың  арасында  БҰҰ-да, ОБСЕ-де, МАГАТЭ-де  жауапты  қызметтер  атқарған  қандастарымыз бар. Осы кітаптан қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының  лауреаты Достай Раманқұлов туралы мақаланы оқыған біреулер оның руын сұрап мақала авторын  мазалайтын  көрінеді. Осыдан кейін не айтуға  болады?!

Ал қазақ көп параметрлер бойынша басы бірікпей келе жатқан халық екеніне дәлел көп.Тіл, дін, діл және тағы басқа категориялар бойынша біз бір-бірімізден алшақтап барамыз. Ең қорқыныштысы, ешкім де басқаларға түсіністікпен қарағысы келмейтіні. Жер бетінде өз ішінде бір-бірін түсінгісі келмейтін халық біз шығар! Орыс империясы біздің халыққа деген саясатын өте білгірлікпен жасағанына әбден көзім жетті. «Сексеуілді сексеуілге ұрып сындырады» деген стратегия әлі күнге дейін айна қатесіз жұмыс істеп тұрғанына таң қаламын. Әлі сол қазақпыз... Бұл үрдіс – осы стратегияның жемісі.

Ұлттың құдіреті бірліктен басталады.Мен бұл жерде тыныш өмір сүруді айтып отырған жоқпын. Бұл ұғымды тар мағынада қарастырудың өзі – қателік қана емес, қатерлі дерт. Қазақтың «сен тимесең, мен тимен, бадыраң көз» тірлігі мен бірлігі түптің түбінде жақсылыққа апармайтыны, әсіресе, қазір біліне бастады. Өзімізді өзіміз алдағаннан басқалар ұтады. Жалған намыс та жыртығымызды жамай қоймас.

Ұлттың ұлт екенін танытатын ең бірінші атрибут тіл екенін ескерсек, біздің бірлігіміз дәл осы жерден бұзылып тұрғаны қазір көзге шыққан сүйелдей. Халықтың жартысына жуығы өзге тілде өзін еркін сезінетіні оларды тамырынан ажыратпай тынбайды. Осы ажырау күндердің күнінде ұлттық сананың да тоз-тозын шығарып тынады. Бұл – ең қауіпті фактор.

Екінші фактор. Дәл қазіргі әлемдік үрдісте мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ауадай қажет нәрсе осы жерден келіп шығады. Жаһандану процесі соншалықты қауіпті болудан қала бастады. Олай дейтін себебім, бүгінгі таңда кез-келген мемлекет, дамығаны бар, дамушысы бар, бәрі түгелге жуық экономикалық жаһандануға жол бергенімен, саяси жаһандануға тіпті де көнгісі жоқ. Өйткені олардың барлығы да әлемдік мәдениет болсын, әлемдік саясат болсын, солардың ішінен өзіне керегін ғана игеріп, өзіне зияны тиетінінен бас тарта білуді баяғыда меңгеріп алған. Ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша шайқасудан шаршамаған ата-бабаларымыздың аруағы біздің ашықауыздығымызды кешіре қоймас. Сондықтан біз де саясатта сызды жерді баспауды үйренуіміз керек-ақ.

Міне, кез-келген халық үшін ұлттық санамен органикалық бірліктегі екінші фактор деп айтып отырған әлемдік өркениеттің озық үлгілерін өз бойымызға тезірек сіңіре білу ғана – бізді тығырықтан алып шығады. Айтары жоқ, ұлттық сана мен жаһандық өркениетті игерген кез-келген мемлекет тәуелсіздігінен ешқашан ­айырылмайды. Осыған қол жеткізе алмаған халықтың көсегесі көгере қоюы екіталай. Өйткені тұтастық қана тәуелсіздікті қамтамасыз етеді. Бізде ұлттың құдіретін танытатын осы фактор бар ма? Аталмыш сұрақ төңірегінде алдағы уақытта жатпай-тұрмай ойлану өз алдына, осы бағытта нақты тіршілік жасауды қазірден қолға алмасақ, тәуелсіздігімізді тәрік етіп алуымыз әбден мүмкін. Мен айтар едім, біз мәңгілік ел болудан бұрын мәңгілік мүддемізді күйттеудің қамын ойлауды үйренсек дұрыс болар еді!

Мәңгілік елге құлағымыз үйренген, ал сіз айтып отырған мәңгілік мүдде дегенді қалай түсінсек екен?

– Мәңгілік мүдде дегеніміз – әлемдік аренада бәсекелес бола білу. Ешкімге есе жібермеу. Мемлекеттілігіңді басқалардың елдік қасиеттерімен толықтыру. Жат жұрттың жақсы артықшылығын өзіңнің кем-кетігіңді жамауға пайдалану. Айтары жоқ, ешкімге жалтақтамайтын да, басқаға ауыз салдырмайтын да ел болу – ардың ісі. Бұл қазақ мемлекеті үшін де, өзбек мемлекеті үшін де, кез-келген мемлекет үшін де бұлжымас қағида екені рас. Ұлттық тұрғыдан алғанда басқалай болуы мүмкін де емес.

Бірақ тарихи әдеті бар ел тарихи әдетіне баспай тұрмайды. Содан сақтану керек. Қалай сақтанасың? Жалтақтамауды үйрену керек. Жалтақтамау үшін не істемек керек? Мықты бол! Қайтсең күшті болмақсың? Қайтсең ауыз салдырмайсың? Бір тілде сөйлегенде. Бұл жерде сөздің тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да айтып отырмыз. Бір болу–ардың ісі. Бірлікте болу да – әрқайсымыздың жекелей алғандағы арымыздың ісі.

Жылай бергеннен де жыртығымыз жамалмайтынына көзіміз анық жетті. Жалған намыс та жоғымызды тауып бермейтіні белгілі болды. Бірімізді біріміз жоққа шығарғаннан да көсегеміз көгеретініне күмәніміз күшейіп келеді. Десек те, әр нәрсені өз атымен атау ғана абырой әперетінін әлімсақ­тан білетін халық емес пе едік?! Шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп шындықты айтқан Махамбеттей ақы­нын, қарсыласымен қасық қаны қалғанша қақтығысқан Исатайдай баты­рымен бірдей бағалаған қазақ емес пе едік?! Сол қасиетімізден айдың-күннің аманында неге айырылуымыз керек?! Өмір реалийлерін қабылдай білген халық қана биікке көтеріле алады. Ал ақиқаттан алшақтаған сайын арымыздан айырыла беретініміз айтпаса да түсінікті.

Мына ойларыңызға толықтай қосыламын, алайда жұдырықтай жұмылмай жүргеннен жатқа жем болатынымызды жүрекпен сезіп, ақылмен ұғу бар қазақтың парасаттылық парызына қашан айналар екен деп армандап жүргеніміз де ақиқат, әрине.

– Қалеке, бізде бір-бірімізге деген волонтерлік қасиет қалыптаспай-ақ қойды. Волонтерлік қасиетіңіз не, айдың-күннің аманында бірімізден біріміз үркіп жүретін болдық. Қазақша сөйлейтіндер неге орысша сөйлейтіндерді бауырына тартпайды? Орысша сөйлейтіндер неге қазақи тамырынан айырылғысы келмейтін бауырларын үздік мәдениеттің қонысына қарай жетектемейді? Бір­лікке ұмтылудың, рухы мықты ел болудың алғашқы қадамы осы болар еді. Жаһандағы жақсы елдердің қатарына сонда ғана қосыла аламыз.

Абайды қазақ қазір неге басына көтеріп жүр? Өйткені Абай өз тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетке ұмтылды. Ол қазақ ұлты мен әлемдік цивилизациядағы өз тепе-теңдігін таба білді. Ұлы пропорцияға құрылған осы үйлесім Абайдың тұғырын ешқашан аласартпайды. Біздің әрқайсымызға қазір осы тепе-теңдік жетпей тұр. Бұл гармонияға енді барлық қазақ ұмтылуы керек. Абай осыны армандап кетті деп ойлаймын. Ұлттық сананы қалыптастыру арқылы әлемдік мәдениетті игеруге машықтану ғана, бірлігі күшті біртұтас ел құруға мүмкіндік беретінін айтып кеткен Абайдың ақылына жүгінсек, көштен қалатындай қауіп жоқ .

Алайда Абай арманда кетті. Артына қарамай өлді деп айта алмайсың. Одан кейін де оңып кеткеніміз өзімізге белгілі. Ұлттық санадан бұрын тарихи сана сахнаға бұрын шығып алды. Біз қазір соның құрбаны екенімізді екі күннің бірінде айтып жүрміз. Әріде орыс империясы, беріде социализм дәуірі қалыптастырған бодандық тарихи сана ана тілімізді шектеу және жалпыадамзаттық мәдениеттің есігін тек орыс тілін білетіндерге ерекше ашу кесірінен ұлт тұтастығының тамырына қан жүгірмей қалды. Осыдан басталған көне сүрлеуден әлі күнге дейін шыға алмағанымыз да ұлттық идеологияның ұрығын септірмей келеді. Ал ұлттық идеология жоқ жерде ұлттың рух бірлігін қалыптастыру догмаға жақын тұрған қиялға көбірек ұқсайды.

Шәке, оқырман сізді ойлы пуб­ли­цистикаңыз арқылы жақсы біледі. Жаңа ғана айтып кеткен ойларыңыздан да сіздің көп мәселе төңірегінде келелі пікір айтуға ұмтылатыныңызды байқауға болады. Жалпы өмір туралы толғам­да­рыңыз да – бір төбе. Осы еңбегіңіз өз бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– Мынауыңыз – арандатушылық сұрақ. Жалпы, менің түсінігімде өз еңбегіңе бірдеңе дәметудің өзі – күнә. Оған бардым дегенше, бар қадіріңнен айырылдым дей бер. Осы уақытқа дейін не жазсам да тек өзіме ұнайтын, өзім қалаған нәрсені жаздым деп айта аламын. Оны біреуге міндет еткен де емеспін. Жазу арқылы атақ іздеген жоқпын. Олай дейтінім, атақты болу – өте қауіпті. Себебі атағың «шатақ» іздеп тұрады. Біреуге барып атағыңды малдайсың. Біреуді атағыңмен алдайсың. Ақыл тоқтатпаған адамға атақ берудің керегі жоқ. Ал есі бар кісілердің ішінде атаққа қызығатыны шамалы. Оныңа пішту дегені бар.

Өйткені адам баласына құдайдың ең үлкен наградасы ақылдан артық қандай атақ керек? Ақыл-ойдың құдіреті сонда, ол адамның аты-жөнін атаққа айналдырып жібереді. Лев Николаевич Толстой! Керемет естіледі ғой. Нобель сыйлығының лауреаты Лев Толстой ше? Қандай күлкілі! Жазғанымды адамдар оқи ма, оқымай ма, неге екенін, онда да шаруам шамалы болды. Қал-қадірімше жазған дүниелерімнен өзім ләззат аламын. «Данышпан» болып, басқа адамдарға ұнау үшін әңгіме айтуды өте күлкілі нәрсе деп білемін. Мұны «Хлестаков синдромы» дейді. Ал мен Хлестаков болғым келмейді.

Дәл осыған дейін жазғандарымның бір сөзін де өзгертпес едім. Өйткені оның бәрі – сол жазылған кездегі менің сезімдерім, менің рухани көңіл-күйім. Артта қалған өмірін ауыстыруға тек әлсіз адамдар ғана құмартады. Өзімді әлжуазбын деп санамаймын. Солай бола тұра, мен алдағы күні не жазарымды білмеймін. Ертең ойыма не сап ете қалатынын бір жаратқан біледі. Дей тұра, өмірдің жұмбақ жақтарын зерттеуді ешқашан естен шығарғым келмейді.

Мына жауабыңыз келесі сұрағы­­­мның ұшын шығарып тұр. Қалай ойлайсыз, адам баласы басы жерге тигенше жарық дүниенің бүкіл болмысын түсініп үлгіре ме?! Дүниені былай қойғанда, адамның өзін-өзі тануы үшін жалғыз өмір жете ме?

– Дау жоқ, арши түскен сайын жұмбағы жұмыртқалай беретін тылсым тұңғиықтың түбіне жету мүмкін емес. Адамды, болмыс атаулыны жүрегімен зерттеуге ынты-шынтысымен шын берілген ғұламалар ғана жаратылыс құпиясы – құпиялардың құпиясы екеніне анық көз жеткізеді. Бұл қияметқайым кей тұста еш нәтиже бермейтін мешіннің тірлігін еске түсіретініне қарамастан, әлгі данагөйлер парасаттылық пайымынан бір жаңылмай, құпия құлпының кодын табудан күдерін үзбей күн кешеді.

Көнеден жеткен мол мұраны төрт қырынан түгел қопарып, мына жарық жалғанның қалған сырына барынша қанығуға құлшынған адам, қамшының сабындай қысқа өмірін шексіздікке тартылған негенама беттерін қыс­қартуға арнайды. Не үшін? Келер ұр­пақтың алдында ұятқа қалмау үшін! Келер ұрпақтың алдында абыройлы болу үшін!

Әл-Фараби бабамыз түк бітірмей өмірден өткенде, Абай атамыз қазақтың қамын жемей қайтқанда, күні кешегі алаштың арыстары азаттығымыздың ақ таңын армандамай көз жұмғанда бүгінгі ұрпақтары болып отырған біз оларды кінәлауға арымыз бармағанымен, бәріміз бетімізбен жер басып жүрмейтінімізге кім кепілдік бере алады?! Сондықтан да әр дәуірдің ақылмандары артына ұлағатты сөз қалдырмаса, ұлт болашағы бұлыңғыр тартатыны – қауіпті құбылыс.

Сізді жұрт публицист ретінде жақсы біледі. Бірақ биыл жарыққа шыққан «Күлпет» романыңыз арқылы көркем әдебиеттің ауылына қарай бет алғаныңыз байқалады. Шынында да солай ма?

– «Күлпет» романымен өзімнің өмірден түйген тәжірибемді көркем шығарма арқылы жеткізгім келгенін жасыра алмаймын. Жалпы бұл романды жазу көптен ойымда жүрген. Бірақ жаман жазушы болудан ылғи да сақтанып жүретіндіктен уақытты созып алғаным рас. Реті енді келді. Бірақ, қалай болғанда да, мен өзімнің публицистикаға деген адалдығымды сақтап қала беремін деп ойлаймын.Неге? Түсіндіре кетейін. Жалпы  көркем әдебиет бұрынғы және осы заманғы жанкешті өмірімізді келешектегі құтты орнына қондыратын корабль десек, публицистика бізге келер күнімізді, көрер нәсібімізді көрсететін компас ретінде құндырақ көрінеді. Корабльдің қасында компас қалай көзімізге қораш көрінсе, көркем әдебиеттің жанында публицистикаға да солай жүрдім-бардым қарайтындар қатары қазірге дейін сиремей келе жатқаны рас. Бұл – дұрыс көзқарас емес.

Шынымды айтайын, кез-келген керемет жазушыдан кемеңгер көсем­сөзші шыға бермейді. Бұл жерде Әбіш Кекілбаев қана осы ойымды теріске шығарып кетті. Жазушылық өнер дейміз бе, жазушылық кәсіп дейміз бе, ол көсемсөзші болуға өте-мөте аздық етеді. Абыздарға тән аталы сөз айту, арғы-бергіні сараптай отырып, орамға келген оймақтай ойына халықты ұйыта білу, сол арқылы оның рухани туұстарына айналу кез келгеннің қолынан келе беретін оңай шаруа болса, Ахмет Байтұрсынұлы публицистиканы қазақы арнаға бұрып, көсемсөз деп қалыптастырар ма еді?!

Дегенмен, бұл жерде көркем әдебиетті бәрібір төмендете алмайтынымызбен келісетін боларсыз!

– Әрине! Бұл жерде мен өзімнің жазушылықтан бұрын публицис­тиканың ауылына жақынырақ қонған адам екенімді дәлелдеумен тұйықталып отырғанымды түсінген боларсыз. Шынында да біз жазушы мен публицисті салыстырып, берекет таппайтынымызды алдымен айта кеткеніміз жөн. Айтары жоқ, жазушы позициясы жүз-мыңдаған, миллиондаған оқырман жүрегіндегі тығылып жатқан немесе тұншығып жатқан әлемнің сырын ашумен шектелмей, қам көңілді жұбататындай дәрумен қалыппен қайта оралатындығымен қымбат. Қорған болар қаламгер әркімнің жан дүниесіндегі сілкіністерді асқан ептілікпен көкірегіне түюмен тоқтап қалмайды. Ол әлгі жиған-тергенін әр жүректің өз жазуындай жаңғыртып қайтара білу құдіретімен бағаланады.

Айқын азаматтық позиция ұстайтын жазушы оқырмандарын қоғамдағы проблемаларды шешуге жетелейтіндігімен төрге озып тұрады. Осыдан кейін өзінің көркемдік шеберлігімен де, өлермендік позициясымен де екі жақты ­байланы­сты бүге-шігесіне дейін қамтамасыз еткен жазушыны қалың ел мемлекеттік қайраткерден де жоғары қоятынын дәлелдеудің қажеті бар ма?!

Солай бола тұра, дәл қазір осы жазушылар қауымына биліктің жалпы көзқарасы сізді қанағаттандырады ма?

Әрине, қанағаттандырмайды.Анау тоқсаныншы жылдардағы алмағайып кезде басталған биліктің теріс көзқарасы әлі байқалатынын жасыра алмаймын. Социалистік формациядан капиталистік сатыға өтіп жатқан аласапыран кезде билік жазушы отрядымен ат құйрығын кесіскенін көз көрді. Өйткені дәл осындай өлара кезде билік ешқандай саяси идеологияға жүгінуді жөн көрмейді. Себебі өтпелі кезеңде бір-ақ міндет тұрады: тезірек жаңа тап құру. Тақыр жерден буржуазияны қалыптастыру тек хаос арқылы жүргізіледі. Басқа жол жоқ.

Қарапайым халықтың ойлау қабі­летінің уақытша болса да тоқырауға ұшырауы, тежеле тұруы биліктегілерге әлдеқайда тиімді болды. Әншілердің алдыңғы планға шығып кеткені де осы тұста басталды. Мұның бәрі халықты топастандыру процесі екенін зиялы қауым­ның өзі кеш түсінді. Өкінішке қарай, жазушылар да басқаларға жөн сілтеуге дайын болмай шықты. Жетпіс жыл­дан бері қалыптасып қалған құлдық пси­хология өз дегеніне көндірмей қоймады.

Қоғам мүшелерінің ойсыз жүруі қашанда билікке ыңғайлы дегенмен де, уақыт өте келе бұл түпкі нәтижеде мемлекетті үлкен қауіпке апарып соғады. Мұндай рухани катастрофаға қай кезде де, тіпті, соғыс пен ашаршылық кезінде де жол берілмеуі тиіс. Өйткені кез келген саясат қоғамның әрбір мүшесінің санасынан өткенде ғана жүзеге асатынын есепке алсақ, мұның арты жақсылыққа апара қоймайды. Бұл мәселені, әсіресе, билік дәл қазір есінен шығармауы тиіс.

Шәке, мен сіздің шығармашы­лы­ғыңыздың ең басты критерийі ортадағы ойды айту екенін жақсы білемін. Осы кредоңызды таратып айта кетесіз бе?

– Әкем айтатын: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма. Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді. Қазықтың ұшы болсаң, жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды». Осыдан асқан пәлсапа жоқ. Шынында да, алтын аралықта жүргеннен асқан жұмақ болсайшы?!

Бірақ ортада жүру өте қиын. Кез келген адам мына қоғамда ерекше­ленгісі келіп тұратыны – диалек­тикалық заңдылық. Өйткені адам солай жаратылған. Тіпті жерде құлап жатқан адамның өзі басқалардан биік тұруы үшін, бәрін де таптап кетуге бейім тұратын заманға келіп жеттік. Бұрынғы адамдар қоғамда ерекшеленудің өзіне тән табиғи жолын місе тұтатын. Біреу сұлулығымен, біреу физикалық күшімен, біреу білімімен, біреу табандылығымен (столға жабысып отырып докторлық диссертация қорғауды айтып отырмын), енді біреулер шын талантымен басқалардың алдында өзінің «менін» дәлелдеп күн кешетін.

Қазір ше? Мүлдем бұлай емес. Құндылықтар өзгеріп кетті. «Қоғамды жемқорлық жайлап кетті» деген сөз тіркесінің астарында жалғыз халықтың ақшасын қымқыру деген мәселе жатқан жоқ. Оның зияны әріде жатыр. Жұрттың бәрі де бастық болып, елдің қаржысын талауға деген талпыныс пайда болды. Бәрі тезірек баюды ойлап кетті. Ол үшін не істеу керек? Байлықты қымқырудың тетігі үлкен лауазымда екенін ұққан кез келген адам, сол креслоға ұмтылудың жолдарын іздеп кетті. Елдің бәрі билікке жеткісі келеді. Кез келген жолмен. Өйткені отыз жылда қоғамда сондай құбылыс қалыптасты. Бастық болсаң ғана жемқорлыққа жол ашылады.

Осының бәріне халық кінәлі ме? Жоқ. Осының бәріне билік кінәлі екені күмән тудырмайды. Себебі билік отыз жыл бойы елді тонауды культке айналдырды. Бәрі жекешелендіруден басталды. Ал жекешелендіру тойымсыздықты тудырды. Тойымсыздық тоғышарлыққа алып келді. Тоғышарлық басқалардан биік тұруға инстинк қалыптастырды. Төмендегілер не істейді? Культ – өте жұқпалы вирус. Социумның аты – социум. Онда бұл дертке қарсы иммунитет қалыптаспаған. Ол да дүрмекпен соның арасында кетеді. Жемқорлық қоғамның құлдырауына алып келді деп отырғанымыз да сондықтан.

Айтары жоқ, арға жүгінген адам ғана қоғамды алға жылжыта алады: тобырдың ішіндегі адам да, биліктің ішіндегі адам да. Әділдік үшін күрескен адам ғана елінің көсегесін көгерте алады: тобырдың ішіндегі адам да, биліктің ішіндегі адам да. Сонда ғана еліміздің еңсесі көтеріледі. Сонда ғана тұғырлы мемлекет құра аламыз. Иә, біз – әділетсіздіктен зардап шегіп келе жатқан елміз. Бұл құбылыс біздің қоғамда өзінің апогейіне жетті деп айтуға болады. Оны неден көруге болады? Біз қазір бірімізді біріміз тыңдамайтын жағдайға келіп, тіреліп тұрмыз. Бұған не себеп? Әлгі культтің жемісі бұл. Біз қазір, тіпті, әділетті шешілген нәрсенің өзінен әділетсіздікті көріп тұратын халге жеттік. Бұл да – аталмыш культтің айғағы. Бір анық, осының бәрі – аса қауіпті белгі.

Өйткені, менің әкем айтпақшы, мұндай жағдайда басымызға балта да тиеді, жерге де кіреміз. Керек десеңіз, жоғалып кетуіміз де мүмкін. Айтары жоқ, әділетсіздікпен бұлай күреспейді. Біз біріміздің пікірімізді біріміз сыйлай білгенде ғана, өз пікірімізге монополия жасамауды үйренгенде ғана әділетке жете аламыз. Әділеттілік дегеніміз – тезис пен антитезистің қосындысы. Басқа жағдайда әділеттілік пен ақиқат деген болмайды. Біз әділеттілікке ортадағы құдайшылық ойды айту арқылы жете аламыз. Әділетсіздікпен күресу мәдениетінің түп төркіні осы ойдың астарында жатқанын әркім қабылдай білсе, құба-құп. Біз сонда ғана билік пен халық бірлесе отырып, қолға алып жатқан елдік шаруаларымыздың нәтижесін көре аламыз.

Енді әңгімені қазіргі заманғы қазақ журналистикасының мәселелеріне бұрсақ деймін. Бұл орайда қандай ойларыңызбен бөлісер едіңіз? Баспасөзіміз бөспесөзге айналып бара жатқан жоқ па?

– Журналистика пайда болғалы бері ол не өнерге, не ғылым санатына жатқызылмай келе жатқанын қазір жұрттың бәрі біледі. Иә, журналистика – кәсіп. Креативті кәсіп. Қалай кестелесек те журналистика – қоғам үшін қажет мамандық. Керек десеңіз, мемлекеттің өзі журналистикасыз өмір сүре алмайды. Адамдардың ақпаратсыз өмір сүруі тіпті де мүмкін емес. Баспасөздің ­басты миссиясы  –  шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Оқырманның қазір көзі қарақты, көңілі ояу. Ақ-қараны айыра білетін адам үшін, ақиқатты өзі анықтағаны қоғам үшін әлдеқайда пайдалы дер едік. Ақиқатқа ұжымдық жолмен жетудің де өз артықшылығы бар. Мұнда объективті пікірге оқырманның өзі жететіні – ерекше құбылыс.

Қазіргі қазақ журналистикасының хал-ахуалы туралы салған жерден айтып кету – қиынның қиыны. Әрине, ұлттық журналистика өзінің көп палитралы кемел шағына қонғанына біраз уақыт болды. Дәл қазір оны бір арнаға түсіп үлгерген үлкен механизмге теңеуге болар еді. Дегенмен уақыт талабы қашан да қатал. Сондықтан да болар, әлгі механизм қашан да унификацияны талап етіп отыратыны – заңдылық. Журналистер арасында әзіл әңгіме бар: «Күн шықпаса да, «Егемен» шығады». Осы сөздің астарында журналистиканың өмірдің өзіндей қажетті қажеттілік екені анық байқалады. Қандай жағдай болғанда да, бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмысын тоқтатпайтындығы көп нәрседен хабар береді. Сондықтан да өміріміз қандай болса, ол солай қарай бейімделіп отыратыны да – айқын құбылыс. Әлгінде ғана айтқан унификация деп отырғанымыздың мәнісі осында жатыр.

Анығы сол, бүгінгі картинаны көз алдымызға алып келу шегініссіз мүмкін емес. Логикалық тұрғыдан да. Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты тұрғысынан да. Айтары жоқ, соңғы отыз-қырық жылда қазақ журналистикасы бір арнаға баяғыда түсіп үлгерген басқа өркениетті елдердің  баспасөзіне қарағанда талай тотанақты басынан өткерді. Сексенінші жылдардың  ортасында басталған   «пікірлердің   әр алуандығы»   деп аталатын «горбачевщина» бір құбылысты әртүрлі бағалауға әкеп тіреп қойды. Қатып қалған  жалғыз ғана пікірге құрылатын коммунистік журналис­тиканы неше түрлі бағыттағы медиа-холдингтер ауыстырғалы қай заман?! Бүгінгі таңда Қазақстанның ақпарат кеңістігінде үкіметтік, партиялық, олигархиялық, оппозициялық, салалық, жекеменшіктік және тағы басқа баспасөз құралдары бейбіт қатар өмір сүре бастады. Мемлекет мүддесін алдыңғы планда қорғайтын ресми газеттер реестрінің сақталып қалуы, билік позициясын әлсіреуден алып қалғаны бұқаралық ақпарат құралдарының шын мәнінде төртінші билік екенін айқындай түсті. Мұның өзі тәуелсіздік туын тұғырға қондырған кезде, әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Баспасөз ұлтты ұйыстырды. Қоғамды алмағайып өларада алдағы күнге сенімділікпен қарауға үйретті.

Тоқсаныншы жылдары қазақ журналистикасы тарихымыздағы талай ақтаңдақтарды ашты. Ұлтымыздың өшкені жанып, жоғалғаны табылуына қазіргі қазақ журналистикасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе осы жылдары қазақ публицистикасы өзінің шарықтау шегіне жетті десек, қате айтпаймыз. Алашордашыларды тарих сахнасына қайта шығарудан ­бастап социалистік қоғамдағы репрессия құрбандары туралы ащы шындықтарға дейін, қазақ басылымдары жарыса жазған тұс осы болды. Мемлекеттік саясаттың ұлттық басымдыққа ие болуына да қазақ газеттерінің игі ықпалы болғанын қазір ұмытуға болмайды. Бір қуанарлығы, жас мемлекеттің басындағы барлық мәселелердің халықтық тұрғыдан жазылуына тек үкіметтік қана емес, барлық қазақ тіліндегі алуан түрлі позициядағы газеттер де мұрындық болды.

Қазақ газеттерінің ұлттық тақы­рыптарды корпоративтік рухта ауыз­біршілікпен жаза білгендігі тек қана халықтың еңсесін көтеріп қойған жоқ, сонымен бірге алға жылжуымыздың бағдаршамындай болғаны рас. Жалпы біз өз ұлтымыздың басынан өткен сан қилы зауалды жақсы білеміз. Дей тұра, дербес мемлекеттікке қол жеткізе алмай зарлаған үш ғасырлық кіріптарлық көп құндылықтарымыздан айырылуы­мызға әкелгенін біле тұра, қазіргі тәуел­сіздігіміздің критерийін әркім өзінше бағалаған кез де болғаны шындық. Енді кез келген адамды да, кез келген құбылысты да қаралағысы келсе – қаралай салатын, ақтағысы келсе – ақтай салатын «желтая пресса» сахнаға шықты. Диалектикалық материализм тілімен кестелесек, антогонистік емес қарама-қайшылықтар дегеніміз осы шығар, бәлкім?! Қысқасы, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары баяғы біз отыра қалып, ит терісін басына қаптайтын буржуазиялық баспасөзге айналғаны ақиқат. Ат төбеліндей азғантай ғана топтың мүддесін қор­ғайтын осындай баспасөзді қалай атауға болады? Сондықтан да азат мемлекеттігімізді, шекаралық тұтас­ты­ғымызды, әлеуметтік бірлігімізді сақтау мен нығайтудың, экономикалық ірге­тасымызды бекітудің зіл батпан сал­мағы атқарушы биліктің иығына түсіп тұрғанын тек мемлекетшіл баспасөз ғана халыққа дұрыс түсіндіре алды. 

Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынасы елдің үкіметтік БАҚ (жалпыұлттық газеттер мен жергілікті басқару органдарының басылымдары)  арқылы жүзеге асатынын ескерсек, олардың көп қырлы қызметіне тұтас қоғамның түсіністікпен оң ықпал етуіне жол ашылғанын топшылау қиын емес. Осы газет беттерінде халық өз ұсыныстарын нақты айту арқылы мемлекеттік басқару ісіне араласуын  қамтамасыз ете білетіні – ақиқат.

Тағы бір мәселені айта кеткім келеді, Қалеке! Дәл қазір басылым­дардың мазмұнын байытпай «ел газет оқымайды» деген байбаламымыз да негізсіз болар еді.  Сондықтан да жылтыр сөзді өзіңіз айтқандай бөспесөзді тоқтату керек. Қазір ой керек! Қысқа сөздің қауызына әп-әдемі қондыра салатын ойды меңзеп тұрмын. Ой болғанда да ешқайда бұра тартпайтын ортадағы ойды айтамын. Баспасөз қашан да жылтыр сөзімен емес, беренсөзімен бағаланады. Белгілі бір мәселені бүге-шігесіне дейін түпкілікті зерттеу материалдарына құрылған бір нөмірдегі үш айқара беттен тұратын «Айқара» деген жеке газетімді өз серіктестеріммен бірігіп шығару арқылы, қазіргі заманауи газеттің бет-бейнесі қандай болуы керектігіне өз қал-қадірімізше барлау жасап көрген едік. 2008 жылы №23 саны ғана шыққан осы басылымды жұрт жаман қабылдаған жоқ. Сол газеттің концепциясын қазіргі мерзімді баспасөзге ұсынар едім. Шын мәнінде қазір газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың. Газет структурасы біздің заманымызда танымдық-сараптамалық мақалаларға құрылуы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана біз газеттерді қорғап қала аламыз.

Қазақ журналистикасының аталған кезеңде тағы бір бағындырған белесі нарықтық экономика канондарын халыққа түсіндіру болды. Аталмыш тақырыпты да сіздің біршама меңгергеніңізді білеміз. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы тығырықтан алып шығудағы талпыныстары сізді қуанта ма?

Қазақстан үшін ең үлкен мәселе – орта таптың кірісін ұлғайту екенін қадап айтқан Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресуге, мемлекеттік компаниялардың санын азайтуға барынша кірісетінін батыл мәлімдеді. Президенттің 2022 жылғы кыркүйектегі Жолдауы да – осы көзқарастың заңды жалғасы. Оның ойының астарында көп әңгіме жатыр. Мен бәрінен бұрын соған акцент жасағым келеді. Шынында да біз әлі нарықтық қатынастарға толық көшіп болдық деп айта алмаймыз. Қазақстан 90-жылдары формалды түрде нарықтық қатынастарға көшті. Дей тұрғанмен, бізде жабайы капитализм орнағаны жасырын емес. Капитализмді орнату үшін, өз буржуазиямыз болуы керек еді. Сондықтан да елде жекешелендіру жүргізілді. Бірақ бұл процесс бізде жабайы жүргенін жасырудың қажеті шамалы.

Иә, белгілі бір дәрежеде елде қызмет көрсету саласы дамығаны рас. Бірақ тақыр жерден пайда болған қалталылар нақты секторға көңіл бөлген жоқ. Өйткені елімізде ірі зауыт, фабрикалар аз, ақшалы адамдар кәсіпорын ашумен айналыспады. Не болмаса, төрт аяғынан ақсап жатқан экономика нысандарына инвестор болудан саналы түрде бас тартты. Экономикаға жаны ашиды деген әлеуетті инвесторлардың өзі мұнайдың айналасын жағалаудан әрі аспай қалды. Нәтижесінде, халық әлі күнге дейін, жұ­мыс­сыздықтың зардабын тартып келеді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш Жолдауда мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуды ұсынды. Осы тезис маған ерекше ұнады. Өйткені экономикада бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру – елді алға ­бастайтын жалғыз фактор. Мен мұны ұлттық табысты әділ бөлудің формуласы деп айтар едім. Бұл стратегиялық міндетті жүзеге асырсақ, ел болып кететінімізге күмән аз.

Мемлекеттік капитализм дегенді түсінікті болу үшін, бір мысал арқылы қарастырайын. Өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдары о басынан капи­талистік ел болып табылатын Англия мемлекеті олигархтар иелігіндегі зауыт-фабрикаларды национализациялаудан қолдары босамады. Бұл түбірімен қате еді. Егер ел нарықтық қатынастарға көшті екен, онда барлық заң сол формацияның канондарына сай жасалуы керек. Ал оған қарсы жасалған үрдіс өзін ешқашан ақтамайды. Сондықтан да бұл елдің экономикасы күрт төмендеп кетті. Қарапайым халықтың да күнкөрісі қиындай берді. Осы қателікті кейіннен елдің премьер-министрі болған ­Маргарет Тэтчер жөндеді. Ол барлық кәсіпорындарды жеке кәсіпкерлерге кері сатуды жүзеге асырды. Айналасы бес жылдың ішінде ел қайта өркендеу жолына түсті. Қызғаныштың жасампаз жол еместігін осы бір мысалдан-ақ көресіз.

Бізде де қазір экономиканың көп секторы мемлекеттің меншігінде. Мен айтар едім, біздің елдің көсегесі көгермей келе жатқанының ең басты кілтипаны осында жатыр. Экономиканың нақты секторы мемлекеттің жіті бақылауында. Мемлекеттік капитализм дегеніміз осы. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осыдан арылуды айтып отыр. Әрине, байлық иесі мемлекет пен қоғам алдындағы азаматтық борышын терең сезінуі тиіс. Онсыз бұл механизм де нәтиже бермеуі мүмкін. Ол мемлекетке салығын таза төлеумен қатар, бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігін де толық мойнымен көтеріп отырғанда ғана мемлекет көтеріледі. Ол дегеніміз – инвестордың өз экономикасын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып отыруы. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуда айқын көрінуі тиіс. Кез келген мықты мемлекет бұл деңгейге сол шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізеді. Ал мемлекеттің көтерілуі – оның азаматтарының көтерілуі.

Нарықтық экономика – сырттан қол сұққанды жақтырмайтын кірпияз қатынас. Ол тек өз канондарымен ғана жүргенді тәуір көреді. Бірақ бізде осы қарапайым қағида сақталмайды. Үкімет популистік көңіл-күймен айлықты, зейнетақыны көтереді. Өте қажетсіз нәрсе осы. Әрине, мұнда үлкен саясат жатыр. Дей тұра, нарық мұндайды көтере алмайды. Аталмыш шара жүзеге асырылған бойда рынок өз реакциясын міндетті түрде көрсетіп шыға келеді. Базардағы баға сол сәтте пропорциональды шарықтап кетеді. Нәтижесінде, халық өзіне жасалған жақсылықтан зиян шекпесе, пайда көрмей дал болып қалады. Не істеу керек?

Үкімет өтірік жақсы атты болғанды қою керек. Мен олардың басқа жағдайда белсенділік танытқанын қалар едім. Нарықтық қатынаста девальвация болып тұратыны – заңдылық. Міне, осы тұста Үкімет индексация жасауды жүзеге асырса, сол халыққа әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Қысқасы, саясат экономиканың алдына түсіп алып жорғалаудан гөрі аңдысын аңдып, экономиканың өртін сөндіріп үйренуі тиіс. Үкімет сонда ғана халықты құтқа­рушы ретінде бағаланады.

Сөздің тоқетері, мемлекет нарықтық экономикаға араласпауы керек. Әрине, мемлекет табиғи монополистердің жұмысын реттеуі қажет. Мәселен, елде электр желісі мен темір жол саласында табиғи монополия орнағанын жұрт жақсы біледі. Олар бағаны негізсіз көтеріп жатса, іске билік араласқаны абзал. Ал жалпы экономикаға мемлекет кіріспеуі қажет. Әсіресе шағын және орта бизнеске. Президент осыны бір ауыз сөзбен ескертіп, күрделі мәселені айтты. Бұны адамдар түсінгені жөн. Мемлекет экономиканың нақты секторына инвесторлардың келуіне толық жағдай жасауы керек. Ол қиын емес. Құқықтық мемлекет орнауы тиіс. Ол не? Нарықтық қатынастардың барлық канондарына сай келетін заңдар қабылдануы қажет. Президент майдан қыл суырғандай осының бәрін реттеп жатыр. Осы жағдай аяғына дейін жасалса, экономика алға жылжитыны даусыз. Сол кезде адал бәсекелестік орнайды. Сол кезде макроэкономикалық тұрақтылыққа табан тірейміз.

Әрине, бұл жерде астын сызып айта кететін бір жәйт, біздің заңда­ры­мызда инвесторлар мен мемлекеттік басқару ісінде отырғандар арасында жемқорлыққа жол ашатын меха­низмдердің түпкілікті орын алмауына аса мән беру керек. Онсыз манадан бері айтып отырған әңгімеміздің құны – бес тиын. Егер осыған жол бермесек, онда бұған дейін бармақ басты, көз қыстымен жекешелендірілген нысандардың өзінде де тәртіп орнату аса қиынға түсе қоймайды. Меніңше, Президенттің барлық ой-арманы да – заң арқылы барлық параметрлер бойынша әділдік орнату. Ол мемлекеттің негізгі мақсаты – 2050 жылға қарай елді жаппай жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға жеткізу екенін де ұрандатпай, нақты көрсетіп берді.

– Әңгімемізді өзіңіз сүйіп жазатын өнер төңірегіндегі әңгімемен аяқтасақ деймін. Осы орайда, әсіресе, қазақ бейнелеу өнерінің қарыштап дамуына септігін тигізетін Қазақстандағы арт-рынок пен оның болашағы туралы толы­ғырақ тоқтала кетсеңіз жөн болар еді.

– Дәл қазір осы сұраққа толық және түпкілікті жауап беру мүмкін емес. Нарықтық қатынастар әлеміндегі ең бір елеулі сала шынымен де бізде әлі күнге дейін аяғын жазды деп айта алмаймыз. Әрине, тәуелсіздік жылдарында қазақтың бейнелеу өнері дамығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ең аяғы, біздің елімізде классикалық бағытты былай қойғанда, абстрактілі бағыттың сан саласында өнер туындыларымен көріне білген қыл қалам шеберлері көптеп саналады. Бірақ олардың осынау тамаша өнер туындыларын тарату, нарық тілімен айтсақ, сату жұмысы әлі күнге дейін бір ізге түспей келеді. Неге? Негесі сол, қазақстандық арт-рыноктың өзі тұрмақ, оның басты атрибуттары өмірімізге дендеп ене алмай отыр. Арт-дилер, галерея және сатып алушы деген маңызды құрамдар пайда болғанда ғана арт-рынок қалыптасады.

Бізде арт-рынок неге қалыптаспай отыр? Ең басты себебі, ұсыныс бар, сұраныс жоқ. Әрине, бір айлықпен өмір сүретін отбасының өнерге қызығушылығын ояту – баланың ойыны, бақсының жыны. Бірақ біздің елімізде мол байлыққа кенелген іскер адамдар да бар ғой. Міне, осы «контингентпен» жұмыс істеу керек. Әрине, дәл қазір бізден Третьяков сияқты өнер демеушілері шыға қоймас. Жабайы капитализмнен енді-енді басын көтеріп жатқандардан Третьяков шығуы – екіталай. Дей тұрғанмен, оларды жеке коллекционер ретінде қалыптастыратындай жағдай жасалуы керек.

Осы орайда былтыр «Forbes Kazakhstan» журналының шығару­шысы, Алматы орталығындағы «Медиа» кафесінің иесі Арманжан Байтасов «Арт журналистика» жобасын бастады. Арт нарығының қазіргі жағдайы баяндалды. Media Cafe шығармашылық зиялы қауым мен журналистердің кездесуіне арналған интерактивті кеңістікке айналды. Үш ай бойы картиналар экспозициясы аясында әр ұрпақтың суретшілері мен мүсіншілерінің«Altyn Art» мәдени-ақпараттық журналы редакторларымен апта сайынғы шығармашылық кездесулері өтті. Сондай-ақ Қазақстан және «Таң Шолпан» суретшілер әйелдер қауымдастығы пайда болды. Сөйтіп, белгілі кәсіпкер бастама көтерген бойда мұз жарылды. Отандық туындылар жаңа идеяларды жандандыра ала ма, клиенттерге ашық бола ма, сұраныс пайда бола ма, оны уақыт көрсетеді. Дей тұра, қазақстандық арт-рынок тікелей сатып алушыларға байланысты боп қала береді.

Қазақстанда 50 ең бай адамның үшеуі ғана ірі коллекционер. Бұл – көп пе, аз ба? Әрине, аз. Өлмейтін өнер туындыларының нағыз құндылық екенін әзірше бай-манаптардың тоқсан пайызы түсініп отырған жоқ. Өнер туындыларына салынатын инвестиция бізде теңізге құйған тамшымен бірдей. Соның кесірінен қазақстандық арт-рынок тұжырымдамасы бұлың­ғыр күйінде қалып отыр. Ең бастысы,қазақстандық арт-рынок ойыншыларының арасында келісімге келу алаңы жоқ, галерея иелері, суретшілер мен сатып алушылар арасында жүйелі диалог жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық суретшілердің еңбектерін дүниежүзіне таныту үшін, арт-рынок ұйымдасқан түрде жұмыс істеуі керек. Бізде, бір қарағанда, суретшілеріміз де, түрлі галереяларымыз да жетерлік. Бірақ галереямыз тек салондық деңгейде ғана жұмыс жасап жатқаны қынжылтады. Мұны «арт-рынок» деп атауға келмейді. Суретшілеріміз шығармаларын шеберханаларынан сатып жіберуге тырысады. Ал шеберханада сурет галереяға қарағанда арзанға түсетіні белгілі. Қазақстандық арт-рынок көшедегі сауда деңгейінен аса алмай тұр. Өйткені кез келген шетелдік турист пен қазақстандық азамат үшін, қалаған картинасын галереядан қарағанда «Арбаттан» сатып алуы оңай. Ең өкініштісі, бірнеше ай суретші өзінің интеллектін, көз майын, уақытын, маңдай терін жұмсап жасаған жұмысына өзі қалаған бағаны қоя алмайды. Себебі, сатып алушылардың аясы өте тар. Қазақстанда картина жинаумен айналысатындарды саусақпен санауға болады.

Қазақстан тұрмақ, Ресейдің өзінде бұл бизнес енді-енді аяғынан тұрып келеді. Қазіргі заманғы әлемдік өнер нарығының 78 пайызын Қытай мен АҚШ құрап отырғаны жасырын емес. Миллиардтаған доллар осы екі елде айналып жатыр.Қытайдан келген жаңа капиталистердің арқасында Гонконгтың жалпы сатылымы 2003 жылы 98 миллион доллардан 2011 жылы 836 миллион долларға дейін өсті. Ресей әлемдік сауданың қазіргі құрылымында әлі де арт-құндылықтардың шағын нарығы болып табылады. 20 ғасырдың екінші жартысындағы заманауи өнердің ең қымбат туындыларының «Artprice 400» тізімінде тек 2 ресейлік суретші және 183 қытай есімі бар. Соған қарамастан, «Sovcom» аукционының жетекшісі Юрий Тюхтиннің айтуынша, Ресейде ең бай жүздіктің 80-і картина жинаса, ал 50-і одан да көп жинайды.

Өкінішке орай, Қазақстанда арт-рынок әлі де әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде мойындалмай отырға­нын мойындауымыз керек. Оның объективтік және субъективтік себептері өте көп.

Біріншіден, осы бағыттағы заңнамамыз өте төмен деңгейде. Ең алдымен «Қазақстандағы арт-рынок туралы» Заң қабылдануы керек-ақ. Онсыз елімізде бұл саланың өркендеуі тіпті де мүмкін емес.

Екіншіден, мемлекет тарапынан өнер адамдары әлеуметтік тұрғы­дан қорғалмайды. Әсіресе қазіргі заманғы бейнелеу өнерімен айналысатын адамдардың әлеуметтік мәртебесін былай қойғанда, олардың өнімдерін сатып алуға мемлекет өте енжар қарап отыр. Бір ғана мысал. Талдықорған қаласындағы өнер музейінде бар болғаны 300-ден аса картина бар. Ал Қытайдағы жалғыз жеке коллекционердің қоры 12 мың экспонаттан асады. Осы цифрлардан кейін біздегі жағдайды бажайлай беріңіз.

Үшіншіден, тауарды (өнер туындысын) өткізудің нарықтық технологиясын меңгеру жағы әлі мардымсыз. Қазақстанның басты қалаларындағы арт-галереялар әлі де болса стихиялы түрде жұмыс істеп жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Төртіншіден, біздің елімізде өнер ошақтары өте көп. Бірақ соларда қазақстандық суретшілердің көрмелері өте сирек өткізіледі. Осы бағытта Үкімет, әсіресе, мәдениет және спорт министрлігі құлшыныспен жұмыс істеуі тиіс. Өйткені өнерге құштарлық картинаны сатып алудан емес, сол картиналарға терең үңіліп, ойлауға үйренуге бейімделуден ­басталады. Ал ойлауды үйренген қазақ күндердің күнінде ойланбай картина сатып алуды да әдетке айналдыратынына сенімдімін. Өркениеттің көшінен қалмау деген осы!

ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙ ҰЛТ БІРЛІГІНЕН КӨРІНУІ КЕРЕК

ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ АЛДАҒАННАН БАСҚАЛАР ҰТАДЫ

ҚАЗАҚ КӨП ПАРАМЕТРЛЕР БОЙЫНША БАСЫ БІРІКПЕЙ КЕЛЕ ЖАТҚАН ХАЛЫҚ ЕКЕНІНЕ ДӘЛЕЛ КӨП

БІР БОЛУ-АРДЫҢ ІСІ

ӨМІР РЕАЛИЙЛЕРІН ҚАБЫЛДАЙ БІЛГЕН ХАЛЫҚ ҚАНА БИІККЕ КӨТЕРІЛЕДІ

АТАҚТЫ БОЛУ - ӨТЕ ҚАУІПТІ

«ХЛЕСТАКОВ СИНДРОМЫ»

КЕЗ-КЕЛГЕН КЕРЕМЕТ ЖАЗУШЫДАН КӨСЕМСӨЗШІ ШЫҒА БЕРМЕЙДІ

ӘДІЛЕТТІЛІК ДЕГЕНІМІЗ - ТЕЗИС ПЕН АНТИТЕЗИСТІҢ ҚОСЫНДЫСЫ

КУЛЬТ - ӨТЕ ЖҮҚПАЛЫ ВИРУС

КАПИТАЛИЗМДІ ОРНАТУ ҮШІН, ӨЗ БУРЖУАЗИЯМЫЗ БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ

ҚЫТАЙДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖЕКЕ КОЛЛЕКЦИОНЕРДІҢ ҚОРЫ 12 МЫҢ ЭКСПОНАТТАН АСАДЫ

САЯСАТТА ЫЗАЛЫ ЖЕРДІ БАСПАУДЫ ҮЙРЕНУІМІЗ КЕРЕК

Сұхбат сараптаманы жүргізген

Қали СӘРСЕНБАЙ

6738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы