• Руханият
  • 27 Қазан, 2022

ӘКЕ ӨНЕГЕСІ ЖҮРЕКТЕ САҚТАЛАДЫ

Оңтүстік жақта Шағыр атты ауыл бар. Өзгеге қалай көрінетінін қайдам, осы ауылда туып-өскен төл перзенттері үшін Шағырдан еңселі, Шағырдан үлкен, Шағырдан абатты жер жоқ. Осынау бір ауылымызда атам Тұрсынбай мен апам Сапира өмір соқпағын бастаған, әкем Шаймерден дүниеге келген, анам Қызбала келін болып түскен, біз де бақытты балалықтың бал дәмін осы мекенде таттық.
Үлкендерден естіген әңгімеде Шағыр деген заманында білгір, батыр кісі болыпты. Ол заманында сүйем жерді қорғау үшін қаншама дана бабаларымыз шаһид кешерін білсе де, қасық қаны қалғанша ел мен жер тұтастығы үшін күресіп өтті емес пе? Өз атам Тұрсынбай Сатымбеков нағыз еңбектің адамы еді. Қиын-қыстау заманнан станса кезекшісі болып, сол жерден зейнетке шықты. Осы саланың құрметіне бөленіп, марапатын алды. 

Әкем Шаймерден Тұрсынбайұлы –Арыс маңындағы Шағырдан еңбек жолын бастап, 1996–1999 жылдары Арыс қаласы әкімінің орынбасары, 1999–2004 жылдары Арыс қаласының әкімі, 2004–2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Жұмылдыру даярлығы және төтенше жағдайлар департаментінің директоры, 2006–2008 жылдары осы мекеме директорының орынбасары болып, 2008 жылы Арыс қаласының әкімі қызметін атқарған тұлға. 2011 жылдардан соң жеке кәсіпке кетіп, өмірінің соңына дейін кәсіпкерлікпен, Ташкент, Алматы мұ­ра­ғаттары мен кітапханаларындағы тарихи деректерді зерттеп, зерделеумен айна­лысты...

Бірде әкемнің әріптесі, Арыс қаласында лауазымды қызметтерде еңбек еткен тұлға Сәбит Сұлтановтан:

– Сіздердің жұмыстағы кредоларыңыз қандай еді? – деп сұрадым.

– Әкім болу не болмаса лауазымды қызмет атқару бір бөлек, сол елде қызмет еттің бе, ел мен жер үшін қалдырып кетердей өнегелі ісің болуы да маңызды, – деп еді Сәбит аға.

Иә, осынау шағын мақаламда әкенің бізге, жақындарына, туыстарына көрсеткен өнегесі туралы айтпақпын. Әуелі сөзді өзім бастамай, әкемнің алдындағы буыннан мысал келтірсем: әкемнің ұстазы Жұмабек қажы Қансейітұлы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 2018 жылы жазған мақаласында былай дейді: «Өзіміздің шәкіртіміз, марқұм Шаймерден Сатымбеков Арысқа әкім болып тағайындалып, елден шыққан азаматтарды жұмылдырып, ауылға асарлатып жаңа мектеп салуға, оның 11 жылдыққа айналуына көмектесті». Қазір Шағыр ауылына әкем асарлатып салынуына басшылық жасаған сол мектеп ауылдың балабақшасы қызметін атқарып тұр. Сол балабақшадан алыс емес жерде ауылдың қорымы бар. Қорымда мәңгілік мекенін тапқан әке рухы балабақша ауласында асыр салып ойнап жүрген жас өскіндердің жаймашуақ күлкісімен бірге асқақтай түсетіндей.

Иә, әкемнің туған ауылына істеген тағы бір жақсылығы – ауыл маңына көпірлер салғызуы. Бұлардың барлығы да жайылма судан елдімекенді қорғау мақсатында жасалғанын, қазірдің өзінде елге көмегі тиіп жатқанын ерекше атап өткім келеді.

Міне, әкем соншалықты қадірлеп, құрметтеген сол ауылға біздің де еңбегіміз сіңсе екен дейміз. Сол мақсат жетегінде әрі әке ісін жалғау үшін ауыл балаларына арнап футбол алаңын салып бердік.
Шаймерден Сатымбековтің ұрпақтары Шағырды ұмытпайтынын, Шағыр секілді аяулы мекеннен қанша жырақта жүрсе де алыстамайтынын осылай білдіргіміз келді.

Иә, ата мен әке жолын жалғауға тырысып келе жатқан біз де қазір Ақтөбе-Астана-Алматы-Шымкент-Шағыр аралығында ұзақ жол жүреміз. Ойланамыз, толғанамыз. Осы күні Шымкент жаққа жол тартсам туған жер – Шағыр жаққа қарай жүрек тартып тұрады. Себебі ол ауылда әкемнің естеліктері қалған.

Әкем кәсіпке кеттім деп жүрегін қатайтпады. Кітап, газет-журналдарды өте көп оқып, өзі де зерттеулер жасай бастады. Арыста әкім болып тұрған кезінде Дулат Исабековтің, Садықбек Адамбековтың, және өзге де қаламгерлердің мерейтойларын ешқашан назардан тыс қалдырған емес еді. Кәсіпкерлікке кеткен соң да, Арысқа ақын-жазушы келе жатыр екен дегенді естісе, алдарынан шығып күтіп алып, амандасып, қал-жағдайларын біліп отыратын. Әкемнің бір әдеті бар еді, сол есте қалып қойыпты. Ауданға қандай да бір жазушы, ақын, журналист келе жатыр десе, сол қаламгердің кітаптарын алып, талдап, талқылап оқып шығады. Ол кітаптарды бұрын да оқып жүрсе, қайталап оқып, әлгі шығармалардың айтпақ ойын жаңғыртып алады.

Жалпы әкем кітапты өзі де жақсы оқыды, біздің де кітапқа жақын жүруімізді жақсы көрді. Содан соң аудан тарихына қа­тысты, аудандағы тұлғаларға қатысты кітап жазып жүрген, кітап шығармақшы болып жүрген қаламгерлерге көмегін аяған емес.

Біз де кішкене күнімізден баспа бетін жарық көруіне әкемнің титтей де болса үлесі тиген кітаптарды да төрімізге тұттық. Себебі қанша жерден суық ақылды бірінші орынға қояр қызметтің адамы болса да әкем жылы жүректі ұмытқан емес. Сөзді қадірледі. Біздің үйге қонақ болып кеткен талай ақын, жазушы, қаламгердің тәлімді әңгімесін құлаққа құйып өстік.

Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұрже­кеұлы, Момбек Әбдікәкімұлы, Серік Жанәбіл, Сабырбек Олжабай сынды қаламгерлердің үйдегі көңілді кездесулерден фотосуреттері де сақталған.

Әкем ұйымдастырған түрлі мерекелік шаралардың құрметті қонағы болып кеткен танымал тұлғалардың, өнер мен мәдениет қайраткерлерінің де ғибраты сол кездесулерде болған талай жанның жүрегінде сақтаулы шығар.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Д.Исабеков әкем туралы: «Шаймерденнің терең білімі мені тәнті етті. Оның қаламгерлерді ерекше қадірлеп, құрмет тұтатыны да жазушы есебінде менің жанымды жылытатын. Туған інімдей болып кеткен қадірлім ғой. Арысқа бара қалсам алдымнан жайраңдап шығатын. Өзі де Алматыға келе қалса міндетті түрде хабарласып, амандығымды біліп, үйге келіп те кететін еді. Біздің арадағы қарым-қатынасымыз қатар ауылда өскен жерлестердің қарым-қатынасынан да тереңірек еді. Оның мөлдіреген жанарынан тазалықты байқайтынмын, ашықтықты көретінмін. Айналайын, сол тазалығының, ашықтығының арқасында талайдың батасын алды, разылығына бөленді. Біз әңгімелескенде елдіктің, азаматтықтың сөзін айтатын. Ол оған қоса руханияттың әңгімесін де ерекше шабытпен айтатын, тыңдайтын. Шаймерденнің тағы бір жақсы мінезі – қасиет қонған, киелі жерлерге жиі баратын. Сол бір қазақы мінезін мен ерекше жақсы көрдім. Ол жерге жай бармайды, мәселесін біліп, абаттандырудың жайын да ойлап жүреді. Ол осы мінезімен талай киелі жердің айналасының абаттануына, ескерткішінің еңселі болуына, жолының жасалуына еңбек сіңірді десе, жазушы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы әкем туралы жүрекжарды пікірін былай білдіріп еді: «Мен Шаймерденді ерекше мінез иесі екенін түсіндім. Ал қасында жүргендер ерекше өнеге алғаны, үлгі тұтқаны анық қой. Ұлы Шархан үйленгенде менің 15 томдығымның бес томы ғана шыққан кез еді. Бес томымды алып, «балама...» деп жақсы тілегімді жазып, тойға бардым. Тойда сөз бергенде, әлгі бес томдықты сыйға әкелгенімді айтып, кітаптарды тапсыра берейін дегенімде, Шаймерден:

– Аға, қозғалмаңыз, – деді. – Кітаптан үлкен не бар? Кітапты балам өзі барып алады.

Әркім олай айта алмайды. Ішінде рухани қуаты бар адамның сөзі ғой бұл. Көрдіңіз бе, кітапты қадірлеудің ерекше үлгісі қан­дай? Шынымен де кітапты Шаймердендей қадірлеген адамды көрмеппін.

Оның зиялылығы, білімдарлығы бізге қатты ұнап, ағалы-інілі болдық.

Осы күні жақсы адамды кездестіру қиын болып кетті ғой. Шаймерден сол аз жақсының бірі еді»...

Әлеуметтік желіден бір ғибратты әңгіме оқыдым. Әкесі: «Балам, абайлап жүр» десе, баласы: «Әке, сіз абайлап жүріңіз. Мен тек сіздің ізіңізбен келе жатырмын. Сіз құламасаңыз, мен құламаймын, сіз адаспасаңыз, мен адаспаймын» деген екен. Өте дұрыс әңгіме. Біздің құламайтынымыз – алдымызда әке көрсетіп берген жол бар. Әке шыққан биік бар. Әке көрсеткен өнеге бар. Енді сол өнегені өз балаларымызға да берсек деген ниет бар.

Бауырым Шарханның да, менің де әке тәрбиесі дегенде бірден еске түсер өнегелі сөзі – өз мақсатыңа жету үшін өзгенің болмашы әңгімесіне мән бермеу керек деген тәлімнен шығатын еді.

– Өмір деген – биік шың іспетті ғой, ұлым, – дейтін әкеміз. – Ол биікке жүгіріп шыға салмайсың. Биікке бет алған тұста табаныңа әртүрлі тас батуы, балағыңа тікен мен шөп-шалам жармасып, алға жылжытпауы мүмкін. Ал өмір – ондай ұсақ-түйекке көп көңіл бөлмеуді үйретеді. Оларға бар уақытыңды арнасаң, өмір өтеді де кетеді, шың да биігін бағындырмай жайына қалады. Сол үшін биікке шыққың келе ме, алаңдама, негізгі мақсатың сол биік екенін ұмытпа, асықпай, аптықпай, бағытыңнан адаспай, шың биігіне өрлей бер. Ең бастысы, әлгі биікке өз еңбегіңмен, адалдығыңмен, тазалығыңмен шық, – дейтін еді ол.

Қазір ғой әкемнің көзін көргендермен сөйлесе қалсаң, әкемнің елге, жерге жасаған жақсылығын жіпке тізген маржандай айтып береді. Иә, әкемнің азамат ретінде, тұлға ретінде елге жасаған жақсылығы мол. Шүкір, елі де ол жақсылықты ұмытпапты. Біз де ұмытпаймыз.

Қадырғали ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ

 

1002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы