• Руханият
  • 27 Қазан, 2022

ЗАМАНАЛАР АУЫСҚАН КЕЗЕҢНІҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

1986 жыл. Алматыға оқуға түсуге келсек, бұл жақта да бір беймәлім дүрлігіс болып жатыр. Біз үйіне түскен нағашымыздың қайынағасы, байырғы генерал ма, шен-шекпенді ардагер КазҰУ-дың жағдайы мүшкіл болып тұрғанын айтып, жүрегімізді суылдатады. Айтуынша, «Правда» газетіне «Шырмауық» («Паутина») деген мақала басылып, 15 одақтас республика алдында Қазақстан жаманатқа қалған. Журфактың да басына қара бұлт үйіріліп жатқан сыңайлы. Құжат тапсырсақ, декан да орыс, оның орынбасары да орыс...

Подкурстан сақа қыз-жігіттер қосылып, санымыз елуге жетіп, курсты екіге бөліп, армандап келген оқуды құныға оқып бастап кеттік. Әбиірбек Тінәлиев сазгердің «Желтоқсан жыры» әнінде шырқалатындай, сол жылғы желтоқсанның сұсты, ызғарлы келгені рас. Кейбіреуіміздің сырт киіміміз әлі түгелденбеген, үсіп-шашырап, оқуымызға барып, жатақханаға жүгіріп кіріп жүрген күндері бөлмедегі радио «Колбин келді, Қонаев кетті» деп саңқылдады. Ертеңіне бірінші сабақтан соң үндеу, үгіттеу басталып, үлкен ағайларымыз бастап, кіші еркелеріміз қоштап, Брежнев алаңынан бір шыққанымыз, арамызда төрт-бес жігіт пен жалғыз қыздың түрмеге жабылып, жігерлері жасып қалғанын, жалпы осы оқиғаның  үлкен ересектік өмірдің басымызға тиген алғашқы қатты таяғы болғанын әр жерде жалықпай жазып келеміз. Бүгінде бәріміз үшін жауапты, жазалы болған Нұржан Мауыт, Сейсен Ұлықбек «Желтоқсан қаһарманы»  медалімен, Гүлмира Сұлтанәлі, Ғазиз Тастаев  «Желтоқсан ардагері»  медалімен марапатталды. Мұны өте әділетті көрсетілген құрмет деп қабылдадық. Өйткені осы тәуелсіздікті сәбидей әлдилеп, бесікке салған, алғашқы бесік жырын шырқаған, өткен жылы орда бұзар отыз жасқа толғанша оның бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаюына, іргесінің нығаюына үлес қосқан, бірнеше буынмен тізе қоса, еңбек еткен жасампаз жандар осы біздің курстастар.

Біздің курстастарымыз, бүгін ешбір лауазымға таласпай-ақ, сонау Сенат пен Парламенттен бастап, ортасы министрліктер мен департаменттер, соңы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемелер мен холдингтерде ­жиналыстарын орысша жүргізетін, іс қағаздарын орысша толтыратын, қысқа ғана мерекелік құттықтаулардың өзін мекіреніп орысша жолдап, қасарысып тұратын басшылар басқаратын ұйымдарда ана тілінің жалауын көкке көтеріп жүр. Біздің курста сондай-ақ сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық қызметін тұрақты жалғастырып жүрген қызымыз да бар. Студенттерге саналы білім беріп жүрген 1 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты бізден шыққаны үлкен абырой. Сондай-ақ, екі курстасымыз құқық қорғау саласында ұзақ жыл еңбек етіп, подполковник шенінде құрметті демалысқа шықты. Біз атын атап, түсін түстемесек те, олардың  бәрін мақтан етеміз, басымызды иеміз, істеріне береке тілейміз.

Таяуда ғана әлемнің әулие діндары Рим папасының Астанаға келгенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Сонда Рим папасының қазақ еліне лебізін, әлемдегі тыныштық пен үйлесім туралы ойларын аударып отырған Қарашаш Райымбек курстасымыздың үнін тани кетіп, бір-бірімізге сүйіншілеп, ватсапты шулатып жібердік. Курстасымыз оны «күн сайынғы міндетті жұмысы сияқты атқарып отырмын» деп ойлағанмен біз замандастары сол үшін мерейіміз тасып,  мәртебеміз асып, мақтасып, мадақтасып қалдық.

Жоғарыдағы «Заманалар ауысымы» туралы «пісмілләма» қайта оралайыншы. Арамызда Мұрат Төлеев деген курстасымыз жүйрік орысшасын сынап көргісі келгені ме, сонау «Советская Лавия» газетіне барып, практикадан өтіп жүретін. Біздің курстан Берік Бейсенұлы, Мұрат Үкібас,  Бөрібек Қырықбай КазҰУ-дағы студенттік құрылыс отрядының құрамында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысты. 1989 жылы олар Чернобыль апаты аймағына енетін Беларусь Республикасы, Могилев облысы, Краснопольский ауданы, Козелье селосында екі ай аялдап, жаңа салынған мектеп құрылысына атсалысты. Қазір олар соғысқа қатысқан ардагерлермен теңестірілген деңгейде кейбір жеңілдіктерді пайдаланып жүр..

Біздің буынның жолы теперішке толы, кедергілері көп болғаны сондай, оқу бітіргеніміз де ақырып нарық келген кезеңмен тұспа-тұс келді. Дүкендердің сөрелері жалаңаш. Талонмен тамақ аламыз... Жолдама ұстағандар облыс орталықтарына, алыс қала-аудандарға сапар шекті. Жолдамасыз қалғандар жүргенге жөргем іліктіріп жүрдік. Мен сол Тұрымтай апамның шәкірті Шолпан Ұғыбаеваның ұсынысымен «Ақ босаға» газетіне журналист іздеген екен, сол газетте тәп-тәуір журналистік қадамдарымды ­бастадым. «Он саусақ, соқыр әдіс» деп тақпақтап біздерді мәшеңке басуға үйреткен Тұрымтай апамызды қазір елшілік саласында еңбегі жанған Гүлмира екеуміз апалаған күйі кеттік. Өйткені біз оныншыда оқып жүргенде Батыс Қазақстан облысына журналистика факультетінен кәсіби насихат сапарымен келіп, екі ауданда облыс көлеміне аты шығып жүрген екі қызды мектептеріне іздеп барып, қайтсе де келіп, оқуға түсуге шақырып келген апамыз болатын. 29 қазан күні ҚазМУ суденттерімен және мұғалімдерімен өтетін кездесуде осы анамыздай болған Тұрымтай апамызды және Ләтипа апамызды, тағы басқа Өмірхан Әбдиман, Дандай Ысқақ т.б. сияқты ғұлама ғалымдарға айналған марқасқа ұстаздарымызды көретінімізге алдын ала қуынышқа бөленіп отырмыз. Біздің курсымыз бір өте белсенді курс болған сияқты, Чернобыль өз алдына, Арменияда жер сілкінісі болып, Спитак қаласы қирандыға айналғанда осы курсымыздың жігіт-қыздары қан тапсырды. Журфактың дәлізінде тұрмыз, Желтоқсан оқиғасында «қазақ басшы!» деп бозторғайдай шырылдаған үні құлағымызда қалған қыздардың бірі «Біз де барайық Спитакқа, деканатқа өтініш білдірейік» деп қоймайды. Сонда осы Ләтипа апамыз сабаға түсіріп, «әй, желпілдемей, тынышталыңдар, не Әрменияға барып, тұқымымызды асылдандырайын деп жүрсіңдер ме?» деп басу айтқан. Кейін апамыздың алдын ала алаңдаушылық білдіруінің өзі даналық­пен пара-пар екенін өмір ағымының өзі ұқтырды.

Елордамыз Арқа төсіне көш түзегенде ауызекі тілде «Тың астанасы» деп дәріптеген аңғал-саңғал провинцияны Астанаға айналдырушылардың көшбасында да курстастарымыз тұр. Президент әкімшілігімен бірге алғашқы көш-керуен ішінде осы жердің кеңсеханасын ұзақ жылдар басқарып, бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кітапханасындағы мұраларды қорып отырған Гүлнәр Шегебаева құрбымыздың маңдайына көшбасы болуды жазып қойғандай. 1988 жылы студент құрбымыз Тұрымтай апамыздан бұрын өзінің көкесі – белгілі «Ақиқат» журналында ұзақ жылдар жұмыс істеген Күпән Шегебаевадан мәшеңке басуды меңгерген жүйрік болғаны сондай, КСРО-дағы Жоғары кеңес сессиясының стенографиясын жүргізуге таңдаулылар қатарында барды. Онысы КазГУ-дің үздік студенттерімен бірге, Ленинградтағы тарихи орындарды аралау экскурсиясымен жалғасты. Біздің курстастарымыздың көпшілігі Астанаға маңдай тіреп келгенде бәрінің қарсы алушысы, жөн сілтеушісі, қамқоршысы болды. Осы жолы курстасымыз Гүлнар студенттік достар кездесуін ұйымдастыруға басты ұйытқы болып отыр.

Біздің университет бітіргенімізге 30 жыл толу қарсаңында алтын ұямыз – КазГУ бізді Түлектер күніне шақырды, онлайн-форматта өткен кездесуде курсымыздың қаймақтарын экранға шығардық. Факультеттің үш студентіне курстың атынан стипендия тағайындадық.

Отыз  жылдың ішінде біздің арамыздан «Журналистикадағы батылдығы үшін» халықаралық сыйлығының иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткерлері, Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев, Нәзипа Құлжанова, Кенжеболат Шалабаев, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлықтарының лауреаттары, «Құрмет» орденінен бастап, «Тәуелсіздік ардагері» медаліне дейінгі көптеген мемлекеттік ордендер мен медальдың кавалерлері, құқық саласының, сондай-ақ Чернобыль ардагерлері, «Ақпарат саласының үздігі», «Тіл жанашыры», «Тіл ардагері» төсбелгілерінің иегерлері, көптеген мемлекеттік қызметшілер мен тіл жанашырлары шықты.

Енді күнтізбемізге қайта оралған Республика күніне біздің курс түлектері де ерен еңбегімен үлес қосты деп ауыз толтыра айта аламыз. Мереке қарсаңында Сәния Тойкен «Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?» деген сюжеті үшін «Media.Camp.FesT» халықаралық фестивалінің жүлдесін жеңіп алды. Қазақ журналистикасының кәнігі сардары, курстасымыз Берік Бейсенұлының кеудесінде «Құрмет» ордені жарқырады. Талдықорғандағы «Жетісу» газетінің журналисі Гүлжан Тұрсын «Жанымның саясы» авторлық кітабын жарыққа шығарды. Рим папасының қағазға үңіліп оқыған адамзатқа үндеу, бейбітшілікке шақыру сөздерін қазаққа тәржімәлаған Қарашаш Райымбек «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты. Менің өңірімде де «Тәуелсіздік ардагері», «Тіл ардагері» медальдары, «Желтоқсан-86» және А.Байтұрсынұлының мерейтойлық төсбелгісі тура  жарқырады. Біз курстастар кездесуіне осындай орасан зор жетістіктермен жетіп отырмыз.  Қостанай облысы, Торғай ауданына, Қалам-Қарасу ауылына сапар шегіп, курстасымыз Ормаш Мырзағалиев оқыған мектепке жанқияр досы Ғазиз Тастаевтың ұйытқы болуымен еске алу асына қатысып, өзі оқыған мектеп қабырғасына ескерткіш-тақта орнаттық. Ормашты атағанда, ойшыл Талғат Ілімжан, пәрменді Айдар Елтүзеров, Алмас Жолтаев, Марал Дәуленова, Бауыржан Әбдіразақовтың жарқын бейнелері көз алдымызға оралады. «Алматы ақшамы» газетінде «Бас редактор репортері» болған Ғалым Баймурзиннің елесін де әлі іздеумен келеміз. Астанада Ораза айт күндерінде марқұм курстастарымыздың рухына дұға бағыштап, кішігірім ас бердік.

Біз курстастарымыз туралы әлі мақала емес, кітап жазамыз. Немерелеріміз «Сіздер қай кезеңде өмір сүрдіңдер?!» десе, «Заманалар ауысымында» деп  алып, үлкен шежіре бастаймыз. Ата-аналарымыз айтқан жарқын болашақ келді, тәуелсіздік тұғырын бекіттік, «Желтоқсан қайраткерлері, Тәуелсіздік ардагерлері болдық» деп қайталаймыз... Мақтан да жалған шежіре емес бұл. Ақиқат тарих!

Гүлзира СЕРҒАЗЫ

1551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы