• Cұхбаттар
  • 27 Қазан, 2022

Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ: КІТАПХАНАЛАРДЫҢ КЕЛБЕТІ ӨЗГЕРУІ КЕРЕК

Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің №833 қаулысымен  «24 қазан кітапханашылар күні» болып белгіленді. Осыған орай біз Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиеваға хабарласып, осы атаулы күннің белгілену барысы жайлы сұрап білген едік.

–  «24-қазан – кітапханашылар күні»... Үкімет неліктен осы күнге тоқталды?

–1871 жылы 24 қазанда Оралда  алғашқы көпшілік кітапханасы ашылғаны белгілі. Кітапханашылар қауымдастығы осы бастаманы Үкіметке ұсынғанда да біз осы даталы күнді назарға алдық. Сонымен Үкімет «ҚР мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қаулысымен осы күнді белгіледі. Бұл көпшілік кітапханашыларының ғана емес, жалпы осы саладағы барлық кітапханашылардың мерекесі.

– Бүгінде елімізде қанша кітапхана, қанша кітапханашы бар?

– Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Оның ішінде 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық көпшілік оқырман кітапханалары. Қалғандары мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына қарасты кітапханалар. Сонымен қатар түрлі ведмостволар мен ғылыми зерттеу институттарында да кітапханалар бар. Осы кітапханаларда 20 мыңға жуық кітапханашы жұмыс істейді.

– Олардың орташа еңбекақысы қанша, әлеуметтік жағдайлары қалай?

– Кітапханашылардың орташа еңбекақысы 70-80 мың теңге көлемінде. Ұлттық академиялық кітапхана деген мәртебесі болса да, айлыққа қосымша ештеме қо­сылмайды. Біздің кітап­хана­шы­лардың тәжірибесі бар, басшылық қызметтегілердің өзі 120 мың теңге алады. Енді мұн­дай айлықпен «Отбасы» банктің бағ­дар­ла­маларымен де баспана алуға айлығы жетпейді. Бірақ біздің мамандар рухани тұрғыдан бай адамдар деп есептеймін. Айлығымыз аз деп жатқан олар жоқ. Жұмысқа қашанда құлшынып тұрады. Жалпы қоғамда соңғы жылдары кітап оқитын адамдардың саны артты. Соған сәйкес оларға қызмет көрсететін кітапханашыларға да қалаларда, аудандарда сұраныс бар. Кітапханаларда өтіп жатқан шаралардың бәрі оқыр­ман мәдениетін қалыптастыруда. Шығармашылық адамдары да соңғы кездері көптеп кітап шығаратын болды. Жылына жоқ деген де бір кітабын шығаратын ақын, жазушылар бар. Әлемдік трендке айналған кітаптарды аударып шығару үрдісі де қалыптасуда.

– Жас ұрпаққа кітап оқытудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыру негізінен отбасынан қалыптасады. Үйінде бір кітап оқып көрмеген балаға мектепте мұғалім,  болмаса кітапханашы әсер етеді  дегенге сенбеймін. Әр отбасында әкесі, анасы балаға кітап оқуды үйрету керек. Кітап дүкеніне алып барып, оның өзіне ұнайтын кітапты сатып алып беру қажет. Әр бала әкесінен, шешесінен көргенін істейді. Біздер кітапханашылар өз тарапымыздан түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Мәселен,  кітапханада 4 оқырман клубы жұмыс істейді. Ай сайын осы клубтың әрқайсысында 40-50-ден жастар келіп, жоқ дегенде бір кітап оқып, соны өздері талдап, рухани әсерін айтып отырады. Баланы бос уақытта кітап оқуға емес, арнайы уақыт бөліп кітап оқуға үйреткен жөн. «Жас кезімізде кітап оқығанбыз» деген стереотиптен арылу қажет. Ол қазіргі ұрпаққа өтпейді. Мораль айтып емес, үлгі көрсетіп әсер еткен дұрыс. 

– Еліміздің кітапханалары цифрландыру жүйесіне қаншалықты көшті?

– Ел кітапханалары цифрландыру жүйесіне әлі толық көшкен жоқ. Бірақ үлкен мегополистердегі кітапханалардың электронды катологы қалыптасты. Қазіргі таңда қазақстандық электрондық ұлттық порталдағы жұмыстар да әлі жалғасуда. Елімізде осы уақытқа дейін жарық көрген классикалық шығармалардың электрондық нұсқасын порталға орналастыру авторлық құқыққа келіп тіреледі. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылуда. Қазір оқырман көбейді, кітапханаларды іс-шаралардың орталығына айналдыра бермей, кітапханшыларға әрбір оқырманмен жұмыс істейтін уақыт қалдыру керек. Кітапханалардың бейнесі өзгеруі керек. «Тұрғын үй кешендері көп салынып жатыр, солардың астыңғы бөлігінен шағын қалалық кітапханалар ашылса, аттап басқан жерде заманауи кітапханалар тұрса, жастар неге бармайды, неге оқымайды?» деп ойлаймын.

Кітап қорын реттеу, оқырман­дардың сұранысын қанағаттандыратын кітап қорын қалыптастыру үшін ­сауалнама, зерттеулер жасау керек. Бұрын кітапханаларда арнайы социолог мамандар жұмыс істейтін. Сол үрдіс жаңғырса, дұрыс болар еді. Кітапхананың деңгейі өткен іс-шаралармен емес, оқырманның келуі мен кітап берілуімен өлшенуі тиіс. Сосын кітапхана тек кітап беру, алу пункті емес, адам білімін жетілдіретін, әлеуе­тін арттыратын, қоғамдық қарым-қатынас жасайтын орталық болу керек.

Жазып алған

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

4694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы