• Тарих
  • 27 Қазан, 2022

ҰЛЫ ОҚИҒАЛАР ҰМЫТЫЛМАУЫ ҚАЖЕТ

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара «Егемендік және Қазақстанның саяси-құқықтық трансформациясы» тақырыбына арналды. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері, сарапшылар елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағыттағы реформаларды, егемендігімізді одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда республика күнін қалпына келтіріп, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын, бұл тарихи шешім екенін атап өтті.

Сондай-ақ Сенат төрағасы мемле­кеттілігіміздің қалыптасуы жолында 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация аса маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етті. Елдің Тәуел­сіздігіне жол ашқан бұл тағдыр­шешті қадам егемендіктің құқықтық негізі болды.

«Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңызына әрдайым баса мән беруіміз керек. Осы орайда Республика күнін ұлттық мерекеге айналдыру тарихи әділеттіліктің салтанаты деп санаймыз. Біз тарихымыздағы тағдыршешті күндер мен оқиғаларды ұмытпай, ұлықтауымыз қажет. Сол арқылы біз өткенге объективті көзқарас қалыптастырамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері еліміз үшін, Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайтынына, бұл датаның қоғамдық-саяси өміріміз бен тарихымыздағы маңызы зор екеніне тоқталды.

«Желтоқсан – халқымыз үшін қасиетті әрі қастерлі ай. Алаш үкіметі еркіндікке ұмтылып, осы айда автономия жариялады. Егемендік жолындағы ұлттық рухтың символына айналған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін де ел жадынан өшіру мүмкін емес. Сондықтан Тәуелсіздік күнінде біз көбіне тарихқа үңіліп, одан тағылым алуға мән береміз», – деді Сенат Төрағасы.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қазіргі әлемдік ахуалға назар аударып, бүгінгідей шиеленісті жағдайда елдігімізді нығайту – біздің ең басты мақсатымыз екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының ­бастамасымен елімізде саяси жүйені жаңғыртуға арналған ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын және бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Билік тармақтарының тепе-теңдігі артып, есептілік пен ашықтықты қам­тамасыз ететін маңызды өзгерістер орын алуда. Конституциялық сот құрылады. Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі де бұрын болмаған деңгейге көтерілуде. Бұл бағытта Парламент Сенаты жұртшылықпен тұрақты түрде кездесіп, жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселелері бойынша кеңесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа сенаторлармен бірге мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Өмірзақ Озғанбаев, Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, профессор Нина Каюпова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері және басқа да бірқатар сарапшылар қатысты.

Еркін  ҚАЛДАН

 

1348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы