• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

КІСІЛІКТІҢ КЕНІШІ БОЛҒАН КӨПЕКЕҢ

Кез келген адамның жүрек түкпірінде өзінің қимас жандарына деген сағынышы жүреді. Егер ол адам мына өмірде бар болса, оның түбі келетінін, әйтеуір бір көретініңді, жолығатыныңды біліп күтесің ғой. Ал мына жалғанда, мына фәниде жоқ болса ше… Айтары жоқ… Күн өткен сайын сағынышың зорая түспек. Зымыран уақыт-ай десеңізші! Сондай бір қимас, сағынатын ардақты жан, адал дос Көпшілбай (Көпен) Әбдіхамитов бүгінде көзі тірі болғанда жетпістің жайлауына ат байлар еді… 

Көпшілбай Тәші­метұлы 1952 жылы қа­раша айының төртінде  Алатаудың  сілемдерімен жалғасып жатқан Қоңыр­төбе тауының етегіне көлбей орналасқан  табиғаты әсем Ақтерек ауылының Жаманты  бөлімшесіне қарасты  Көпқора  қыстағында  дүние есігін ашады. Ол кезде әкесі Тәшімет пен анасы  Бұйранның төрт қызы бар еді. Бесінші балаға аяғы ауыр кезінде, әсіресе  әке жүрегі жүген ұстар, артта қалатын із – ұл баланың дүниеге келуін асыға күтеді. Бірде анасы түсінде керемет жап-жарық жұлдызды көреді. Ал  әкесі таң қылаң бере  сырты бөлек бәкіні сыйға алып жатып оянып кетеді. Әрине, екеуі де түстерін жақсылыққа жорып, нәрестенің аман-есен дүниеге келуін күтеді. Осылайша Әбдіхамитовтер әулетіне көптен күткен шекесі торсықтай ұл бала келіп, қуанады.

 Ерекше жағдайда аянмен келген перзенттерінің атын қоюға ата-анасы көп ойланады. Сөйтіп, нәрестеге ырымдап сол ауылға есімі белгілі, көпті көрген, кезінде ел бас­­қарған беделді, сыйлы азаматтың атымен Көпшілбай қояды. Ра­сында да, Көпшілбай өте зерек, бауырмал бала болып атына заты сай ержетеді.

Көпшіл 1960 жылы мектеп табалдырығын аттап, оны үздік бітіреді. Мектеп қабырғасында да өзінің ерекше мінезімен, жан-жақты қабілеттілігімен көзге түсіп, қатарының алды болады. Мектепте тәртіпті оқушы болып, өте жақсы оқиды. Ақтерек орта мектебін бітіргеннен кейін арман қуып Алматыдағы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсіп, оны 1975 жылы тәмамдап шығады.

Ол кезде оқу бітірген түлектер жолдамамен еңбекке тартылатын. Көпшіл де оқуды бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысы, Мойынқұм ауда­нының Айдарлы совхозында оқытушы болып ­бастайды. Бірақ әкесінің кенеттен өмірден озуына байланысты бір жылдан кейін туған ауылына өзі оқыған мектепке тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмысқа орналасады. Әрине, әке өлімі оны есейтіп, иығына үлкен жүк артады.

Көкірек көзі ашық, қашанда ізденіс үстінде, өзін-өзі дамытып отыратын ұстаздың ойлау көкжиегі, арман-мүддесі де ерекше еді. Бірде мектепте істеп жүрген кезінде Ақтерек ауылына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жұмыс бабымен келеді. Жас ұстаздың осы бір мамандыққа деген қызығушылығы бала кезден тыншу бермейтін. Сол арманын ойға асыру мақсатында келген кісілермен жолығып, өзінің осы салада қызмет істегісі келетінін, ол үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызметке қалай қабылданудың жолын сұрап, біледі.

Олар да Көпшілбайға жан-жақты сауал қойып, сөйлесе келе сол салада қызмет істеуге лайықты екенін айтып, Минскідегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін дайындайтын бір жылдық курсқа жібереді. Ол кезде КСРО-ның құрамындамыз. Оқуды ойдағыдай бітіргеннен кейін оны жолдамамен Алтай өңіріндегі Барнаул қаласына қызметке жібереді. Әрине, ана үшін баласының елден жырақта жүріп жұмыс істеуі көп алаңдатып, уайымдатады. Содан анасының өтініші бойынша екі-үш айдан кейін Қазақстанға қызмет бабымен ауысып, Алматы облысының Шелек ауданына жұмысқа кіреді. Өзі армандаған мамандығы бойынша қызмет атқару Көпекеңе ұнайды. Барын салып тапсырылған тапсырманы уақытпен есептеспей, адал атқаруға тырысады. Оны байқаған басшылар тарапынан сенім білдіріліп, кейіннен сатылап қызметі де көтеріле бастайды.

1984 жылы Шелектен Балқаш ауданына қызметке ауысып барады. Ол өңірде төрт жылдай еңбек етіп, Қапшағай қаласына ауысады. Арасында Алматы қаласында бір жылдай қызмет істеп, қалған 16 жылын Қапшағай қаласында, онан кейін  Балқаш, Іле, Талғар, Еңбекші қазақ аудандарында басшылық қызмет атқарады.

Көпшілбай Тәшіметұлы қай жерде қызмет атқарса да, қарапайымдылығының, кішіпейіл, кісілігінің арқасында жергілікті халықпен тез тіл табысып кететін. Осы жылдары қаншама дос-жаран тауып, айналасын доспен қоршайды. Ол достарының арасында жазушы да бар, қойшы да, генерал да, құрылысшы да бар. Ол адамдарды бірдей көретін, алаламайтын. Кейбірімен керемет сыйластықтың арқасында тумаса да, көзі жұмылғанша туысқанындай, бауырындай араласты. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, кейін ол қызметтен кетіп, зейнет демалысына шықса да, өзі жұмыс істеген аудандарға бара қалса, төбелеріне көтеріп, сыйлап жататын. Осылайша таныстығы сыйластыққа, сыйластығы туыстыққа айналатын.

Міне, Көпекеңнің өмір бойы жинаған осы абырой-беделінің бәрі өзінің бойына ананың сүтімен, әкенің күшімен біткен ерекше қасиетінің арқасы еді. Көпшілбай көп оқитын, оқып қана қоймай, тоқып алатын, терең ойлайтын. Әсіресе тарихты зерттеп, зерделеп оқығандықтан, көп білетін. Күнделікті баспасөзді жаздырып алып оқып, уақытпен, заманмен ілесіп қана қоймай, қоғамдағы орын алған жағдайларға да өз ойын білдіріп отыратын. Сондықтан да онда энциклопедиялық білім, қазына бар еді. Жаңашыл, шыншыл, ақиқаттан аттамайтын, рухани бай адам болды.

Көпекең 2006 жылы Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті академиясының шаруашылық ісі бөлімінде қызмет жасайды. Сол жерде полковник шенімен зейнеткерлікке шығады. Зейнетке шыққаннан кейін де бос отырмай өзінің курстас досы Бағдаулет Кен­жа­лиевтың шақыруымен Металлургия және кен байыту институтында күзет қызметін басқарып, өмірінің соңына дейін қызмет жасайды.

«Анасын сыйлаған баланы сыйла» деген қазақта әдемі тәмсіл бар. Көпшіл анасы Бұйранды өте қатты құрметтеп, ардақтап өтті. Ол үшін анасының айтқаны Алла Тағаланың хақындай еді. Ешқашан анасының бетіне жел болып тимеді. Тек қана анамды қайтсем қуантсам екен деген перзенттік парызын өтеумен өтті. Соған ғана қызмет жасады. Өйткені  он төрт құрсақ көтеріп, сол балаларды өсіріп, тәрбиелеген анасының бейнетін жақсы білді, түсінді. Көпекеңе ата-ананы түсініп, сыйлайтын үлкен жүрек береді. Тек өз анасының ғана емес, жалпы қазақ әйелінің көтеріп отырған жүгін, ауырт­палығын сезініп, оларға құрметпен қарайтын. Оның бір дәлелі өзінің құдай қосқан қосағы Нұрлыны да сыйлап, асқан сүйіспеншілікпен қашанда оның қадіріне жетіп, балаларының анасы ретінде бағалап отырды. Олар 1980 жылы үйленіп, үш ұл дүниеге келеді.

«Сүйіп алған сұлудан, таңдап алған текті артық» деген, Көпшіл жар таңдаудан да қателескен жоқ. Өйткені Нұрлы күндіз-түні уақытпен санаспайтын ер азаматының жауапты қызметте алаңсыз жұмыс істеуіне, ағайын-туыс, ата-ана, бауырларымен етене жақын араласуына үлкен түсіністікпен қарады, қолынан келгенше жағдай жасауға тырысты. Қылаусыз сыйластық, түсіністік ерлі-зайыпты адамдардың өмірін нұрландырып жібереді емес пе? Көпекең өзінің отбасына қымбат жан екенін, олардың үйде ыждағатпен күтіп отыратынын білетін. Балалары Дархан, Дастан, Дулат әкелерін биік асқар тау  көрді. Өйткені оларға көргенді, ұстамды, ақылды, намысты әке ретінде үлгі бола білді. Әкенің сөзі заң еді. Ал Нұрлы болса әрі ұстаз ретінде қашанда әкелерінің беделін арттырып, ғибратты тәрбие беруге ­тырысты. Екеуі балаларды оқытып, үйлендіріп үйлі-жайлы етіп жеткізді. Жақсы әкеге балалары да ұқсағысы келді. Соның нәтижесі, жемісі әкелері науқастанғанда қабағына қарап, аналарымен бірге қолдарынан келген көмектерін жасап, алақандарына салып күтіп, бақты.

Көпекеңнің бір бақыты – сол ұлдарынан немерелер сүйіп, сүйікті ата атануы. Оларға да қамқор ата бола білді. Әсіресе бауырына басқан Елжанын ерекше жақсы көріп, соның ер жетіп, үлкен азамат болғанын көрсем деген арманы бар еді. Бірақ ол арманына жете алмады...

 Жалпы адамның қандай қызмет атқарғаны емес, оның адамдық қасиеті, қымбат көңілі маңызды екенін Көпекең қайтыс болғанда пандемияға қарамастан, жиналған халықтың қарасы дәлел болды. Құрмет те құрметті адамға жарасады. Көпекең кім-кімге де сая болар көлеңке, туысына, достарына уысы да, қолы ашық мәрт жігіт еді. Сөздің де, кісінің де қадіріне жететін. Ақыреттік достарын бұл дүниенің қызылды-жасылынан биік қойды. Жақсылықты көруді үйренді және үйретіп кетті. Ел ағасы атанды. Өзі туып- өскен Ақтерегін қай жерде жүрмесін үлкен сүйіспеншілікпен айтып, сағынғанда елге барып сағынышын басып қайтатын. Ақтеректіктер болса, ауылымыздан шыққан бетке ұстар азаматымыз деп онымен мақтанатын, оның жүріп өткен жолын жерлестеріне үлгі тұтатын.

 Өмірден жақсы адам кетсе, дүние кеміп қалғандай болады екен. Көпекеңнің орнын ешкім толтыра алмас. Бірақ өмірдің заңы. Келу бар да, кету бар. Өлім хақ. Көңілге медет, артында балалары, немерелері қалды, өзімен бірге ұлы сүйіспеншілігін, ұлы сағынышын бірге әкететін аяулы жары бар, жанындай жақсы көретін әпке-қарындастары, бауырлары, сыныптастары, курстастары, дос-жарандары тұрғанда Көпекеңнің бейнесі әрқайсысының жүрегінде сақталады. Яғни әркімнің жүрегінде өз Көпекеңі өмір сүретін болады. Ел-жұрты тұрғанда Көпекең ұмытылмақ емес! 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

Ақпарат ісінің үздігі

901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы