• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

СОҢҒЫ ДЕМ, СОҢҒЫ СӨЗ...

Ол қалың ойға шомып, ұзақ ойланып отырды. «Тағдыр айдап киелі Маңғыстауға жол түскенде, осынау атышулы іргелі елде басшылық қызмет жасау сынды салмағы зілбатпан, жауапкершілігі зор шаруаны бастап жатқан кезде алғашқы кездескенімізде салиқалы әңгіме қозғап, өмір тәжірибесінен көкейге түйген ақыл-кеңесін аямаған жазық маңдай, жарқын жүзді, жалды ағаның бірегейі Дүйсекең емес пе еді?! Жаңа жылдың бастауы, қаңтардың бірінде бір топ ел азаматтары болып қара шаңырағына барғанымызда ұзына кешке дала дидарлы ағамен кең көсіле әңгіме тиегі ағытылып еді. Елім, жерім деген кең жүректі, биік парасат-­пайымды кісінің біртуар тұлға екендігі салиқалы өрілген әр сөз ләмінен майдақоңыр самал желдей андыздай ­берген. 

Маңғыстаудың батыр-бағландары, би-шешендері, арғы-бергі тарихы, тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңі де әңгіме болмай қалған жоқ. Қазақ деген қаны мен ары таза, рухы үстем, тектілік тұрпаты тым әріден тамыр тартатын бөлек бітімді халық екендігін осы бір ғана Дүйсекеңнің ерек болмысы айқындай түскендей. Қысылтаяң-қытымыр, ұрандап атқа мінер заман туса, ауыздыға сөз бермес, көлденең көк аттыға дес бермес, білім-білігімен де, білегі, жүрегімен де қарсыласты сескендіріп, мысын басатын, нағыз айбатты да қайратты адам ретінде танылды. Кезінде ҚазГУ-де оқып жүрген кезінде бокстан Алматы қаласының чемпионы болып, одан кейін де сол жақта бірнеше институт түгескен, ғылым жолын қуған марғасқаның өзі. Ол кезде жер арасы шалғай қарт Маңғыстаудан жеткен білімге құштар жастарға бас болып, кешке орталық саябақта қолмен аттракцион айналдыратыны, сөйтіп, аздап нәпақа табатыны, осындай күнкөріс жасап жүрген басқа да нешебір тентек-телілермен шекісе қалғанда әрісі балықшы, берісі жылқышының жұмыр жұдырықты баласының мерейі үстем болатынын жұрттың бәрі біледі екен.

Тіпті Facebook-ке де кіріп, түйткілді жәйттерге өз пікірін қалдырады. Кітап сөрелерінде нешебір атақты тұлғалармен бірге түскен суреттері көзге анадайдан мен мұндалайды. Әсіресе қыран қиясындағы заң­ғарымыз Әбіш Кекілбаевпен жылы жымия түскен суреттерінде ұлт бейне­сін­дей ұлық тұлғалардың достық жарасымы, ұстаз бен шәкірт үйлесімі әйбәт көрінген... Әбекең әр кездесуде Дүйсекеңді «менің ұстазым» деп ылғи айтып отырады екен. Сонда Дүйсекең: «Мен бала Әбішке ұстаз болғаным рас, бірақ дана Әбішке ұстазбын дей алмаймын» дейді екен...

Әйтеуір, сол қаңтардың бірі күнгі кең дастарқан басындағы сәнді де мәнді отырыс әсте есінен кетер емес. Сондағы айтылған жылы лебіз бен абыройы асқан атаға деген бала-шаға, немере-шөберелердің, тума-тумаластардың ыстық ықыласы аймаққа белгілі әулеттің ­абыройын асқақтатады. Ағасы Бисекең ақсақал жайлы әңгіме қозғалып, дана қарияның ұлан-ұрпаққа үлгі-өнеге болар, шамшырақтай дара жолы әңгіме өзегіне айналған. Бисембі де, Дүйсембі де – берісі Маңғыстаудың, арысы қазақтың мақтаныштары, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткерлері, ел басқарған, халқына жақын болған, ұлттық құндылықтарды сақтауға арналған бірнеше кітаптар жазып, талай мінбер­лерден сөйлеген дариядай тұңғиық дала перзенттері»...Енді, міне, көңілін мұң шалғандай болды. Кешегі өткен бір іргелі шараларда ел ағасы, тонның алтын жағасы Дүйсекеңнің тау тұлғасы көрінбеді-ау. Көңіліне алабөтен алаң түскен. Сұрап білсе, «ол кісі сырқаттанып қалыпты, ауыр науқас» деген ащы сөз өне бойын өрме қамшымен осып өткендей шым еткізді. «Апыр-ау, осы жылдың басында барғанымызда, атқа шабардай тың еді, қыран бүркіттей қомданып, жонданып отырған. Соның алдында ғана Астанадан Мұхаң (Мұхтар Құл-Мұхаммед) келіп, онда да Дүйсекең үйінде жайланғанда, өзін өте сергек сезініп еді. Әрине, алпыс жылдың үстінде асыл жар-қосағы болған Қарлығаш жеңгейдің өткен жылы бақиға озғаны жанын сыздатса да, сыр бермеген. Мұхаң да оқалы шапанын жауып, әзіл-қалжың айтқан кезде де нағыз жақсыға тән жайсаң мінезімен жайдары күліп, серпіле сөйлеген-ді. Сонда Мұхаң да айтқан «тойға келем» деп, «85-ке той жасаймыз» деп біз де айтқанбыз. Уәдеміз орындалуы керек».

Көңілге түскен күдікпен тұтқаны басты. Облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Трұмов пен әкімдіктің аппарат басшысы Нұрлан Тәжібаевты Дүйсекең ағаның үйіне арнайы барып, хәл-жағдайын толық біліп келуді тапсырды.

Артынша алған жауабының аужайы былай болған еді: «Ол кісі қатты науқастанып жатыр екен. Бас изеп сәлемдестік, бірақ сөйлесе алмадық. Жанында отырған жездесі Мамай ақсақал, Мархаш апай да, бала-келіні Нұрлан мен Гүлжан да жабырқау көңілмен күрсінгеннен басқа ештеңе айта алмады».

Сенбі күні таң ертемен менің ұялы телефоным шар ете түскен. Аймақ басшысы, халқымыздың ­зиялы азаматы Ералы Лұқпанұлының көмекшісі екен. Әкім сағат 11-де ағакемнің үйінің алдында кездесуді қаперге беріпті.

Қасында сайдың тасындай, билік басындағы біраз жігіттер бар уағдалы уақытта аз-кем жолыққан соң, шаңы­рақ­тан ендік. Ел ағасы жатқан бөлмеге Ерекең «Ассалаумағалейкум!» деп рухтана сөйлеп кіргенде, ағасының қолын алғанда, сізге өтірік, бізге шын, көптен төсек тартып жатқан Дүйсекең орнынан көтеріле берді...

Әрине, көп әңгіме өрбіген жоқ. Аман­дық-саулықтың айналасы. Сөйлеген – Ерекең ғана. Әйткенмен ыммен де түсінісуге болады екен. Ел ағасын іздеп аймақ басшысының арнайы ат басын бұрғаны тек қана кісіліктің, адамгершіліктің, көргенділіктің белгісі ғана емес, әлсіреп жатқан науқастың бойына аз-кем дем беріп жібергендей...

Сыртқы есік алдында тұрмыз. «Не істейміз?» деді Ерекең. «Тойды істейміз!» деді Ерекең өз сөзіне өзі жауап беріп. «Ардақ тұтар ағамыздың есімі Дүйсембі ғой, алдымыздағы дүйсенбі күні мерейтойын атап өтеміз!» Мәселеге нүкте қойылды. Ел басқарған азаматтың тәуекелі мен бірбеткейлігі, уәде мен сертке мәрттігі атойлай көрініс берді.

Дүйсенбі күні уәделі уақытта аға­мызды ұлттық киімдері, марапаттарымен сақадай сайлап алып келгенімізде мейрамхана алдынан біз келген көлікке қарай Маңғыстау облысының әкімі ­Ералы Тоғ­жанов пен министр Дәурен Абаев қарсы жүріп келіп, құшақ жая қарсы алды. Елдіктің туын тіктеп атқа мінген қос сайыпқыран сардар азамат ел ағасы санал­ған Дүйсембі Әріпұлын төрге қарай аялай, әлпештей жеткізді. Бұл күнгі ерек­ше салтанатқа қасиетті түбектің бар­лық дерлік жақсы-жайсаңдары, ардагерлер мен қоғам өкілдері тегіс жиналды. Көптен көрмеген абзал ағалардың жарқын жүздері көзге шалынады. Бәрі де Дүй­секеңнің жақсы көретін інілері, бауыр­лары, серіктері, дос-жарандары, тумаластары...

– Біз қазақ деген қабырғалы елміз. Біздің елдігіміздің нақ биік тұғырындай, асылдың сынығындай, Алатаудай асқақ, Қаратаудай қаһарлы ағалармен мақтанамыз, марқаямыз. Бүкіл ғұмырын елі мен жұртының, мемлекет пен қоғам игілігі жолында сарп етіп келе жатқан, сардиып қиып түсер алдаспандай тура, салиқалы да дана, олқымызды да, ортамызды да толтыратын, пәтуалы сөз айтып, басымызға бақ қондыратын ақсақалдарымыз емес пе?! Мінеки, бүгін бәріміз бірге 85 жасын атап өткелі отырған Дүйсембі аға ұлтқа тән қадір-қасиеттің бәріне лайық үлкен абырой иесі. Ел игілігі жолында өлшеусіз тер төккен ел ақсақалына деген құрмет – баршамызға міндет, ағайын, деді Ералы Лұқпанұлы.

Өңірге келген сапары ардақты ақсақалдың мерейжасына орайлас­қанына көңілі толған министр Д.Абаев осындай елдік тұлға, арқалы азаматтардың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болғай деген шынайы тілегін білдірді.

Маңғыстаудың маңдайына біткен Дүйсекеңнің үзеңгілес інілері Өмірзақ Озғанбаев, Тергеу Айдарханов, Зейнулла Алшымбаев, Айтуар Өтегенов т.б. сөз сөйлеп, мерейжас иесінің бүгінгі салтанаты ел тойына айналғанын құптады.

Бұған дейін де Д.Әріпұлы бірнеше танымдық, тағылымдық кітаптар жазған еді. Осы күні автордың жуырда жарық көрген қалың қос томдығының тұсауы кесіліп, көпшілікке таратылды. Бұл кітап­тарда оның бастан кеш­кендері мен өмірден түйгендері, тарихи естеліктері, өнеге-өсиет­тері жинақталған болатын. Меймандарға, ел ағаларына шапандар кигізілді.

Тойдың байырқалар соңғы тұсында ағаның өзі күтпеген жағдайда қолын көтеріп, әлдене айтатындай ишара етті.

– Рақмет, туған елім-жұртым. Рақмет, Ералыжан. Ризамын бәріңе, – деген үш ауыз сөз айтыпты.

Ары қарай іркіліп қалды... Сырқаты жанына батқан болуы керек...

Ата-бабаларымыз өмір бойы бірге ғұмыр кешкен тумалас қарындасым, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина ағаның тілі күрмеліп, ары қарай орнынан қинала тұрғанын көргенде менің жаныма келіп, еңкілдеп-солқылдап жылады... Менің де ішім қан жылады... Бірақ сыр бермедім. Келген бүкіл жұртшылыққа, ел басшыларына тек біздің ғана емес, елдің ағасына деген осыншама құрметі үшін әулеттің атынан алғысымды жаудырдым.

Көп ұзамай ол дүниеден озды.

Көпке дейін сене алмадық, өзді-өзімізге келе алмадық...

Жақында сәті түсіп Ералы Лұқпанұлын жолықтырдым. Арамызда елдің тарихына, руханиятына қатысты әңгіме өзегі үзілмеді. Жуырда қазақтың көне тарихына негізделген 7 томдықтың жарық көретінін және Берел қорғанынан бағзы, яғни біздің дәуірімізге дейінгі төртінші ғасырға жататын домбыра табылғанын қуана айтты. Бұл тарихи жаңалықты жуырда Семей қаласында халықаралық кон­ференция өткізіп, бүкіл әлемге паш еткісі келіп отырғанын да атап өткен-ді...

Қоштасарда осы 85 жас, Дүйсекең ағамыз еске алынды. «Апыр-ай, Құдайдың құдіреті-ай» дестік. «Тойын жасағанымыз қандай жақсы болды. Ол кісі елімен еркін қош­тасты, соңғы демін алып, күш-жіге­рін жиып, соңғы сөзін айта алды» деді Ерекең.

«Иә, бұл тұнып тұрған драма» дедім мен.

Ол айтты: «Иә, бұл драма. Дүйсекең маған да әкемдей ыстық болып көрінген. Мен Дүйсекеңнің інісімін, жасың сәл үлкен болса да, маған сәлем беретін болдың енді» деп жымия күлді.

Тереңдерден тамыр тартатын тектілік таным, ізгілікті пейіл, адами һәм рухани жақындық тілекпен айтты. Кісілігіне көңілімнің хошы келді.

«Сәлем сатулы емес. Онсыз да жалыңыз биік, жолыңыз үлкен. Мен көбіне ағакемнің қолында өсіп, бірде баласындай, бірде інісіндей, бірде дос-сырласындай жүруші едім. Аймақта, республикада өтетін біз шақырылған барлық саяси-қоғамдық шараларға, ел ішіндегі той-садақаларға бірге барушы едік. Соңғы кезде сонау әкесі қуғын-сүргінге ұшыраған бала кезіндегі көрген қиындықтары мен кейбір құйтырқы әрекеттерін дым қалдырмай оңашада маған ғана айтып еді. Оның тағы бір ерекшелігі, ағам адам баласын ру-жікке, тіпті ұлтқа бөліп алалаған жоқ. Азамат­тығына, адамгершілігіне, парасатына, пейіліне қарай ­пайымдады. Адалдықты ту етті. Жағымпаздарды, жәдігөйлерді жақтырмады. Ең бастысы, еңсесін түзеп, қаумалаған ел-жұртына алғысын айтып, ризаласып барып аттанды ғой...

Ғалым ӘРІП

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы