• Мәдениет
  • 03 Қараша, 2022

Бізден кейін де өнер бар

Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі аяқталды. 
Сыйлап шақырды. Шақыртуды қуана қабылдадым. Келгенім – ұстазды еске алу, аруағын сыйлау, мақсатым – бүгінгі театрдың қайда бара жатқанын, анығы, бүгінгі театрлардың бағытын «білу» еді. Өйткені қазір театрлар заманға байланысты заманауи түрге көшіп жатыр. Соның салдарынан театр құндылықтары, театр мәдениеті кері кетіп бара жатқандай көрінеді. Театр не үшін керек, несімен құнды? Әрине, ең алдымен, ұлт үшін, сол ұлттың ерекшелігімен бағалы. Қазір ұлттық тыныс, ұлттық өрнекті қаперге алмайды. Одан-бұдан көргені мен естігенін алып келіп тықпылайды.

Спектакль неғұрлым көрер­менге түсініксіз болса, соны керемет жаңалық санайтындар бар. Шындық қой!? Кейінгі кезде жиі естимін, үннің орнын айғай басқаны айналайын екен, тірі өнерді техникаға жығып беріппіз, жарқ-жұрқ жарық, шулы музыка, саунд-трек – мұның барлығы жасандылық. Бұдан ештеңе ұтпайтынымызды біліп тұрып жасандылықты жаңашылдық санай бастадық. Сөздің таяздығы, ойдың тарлығы нағыз театралды да, театр табалдырығын алғаш аттаған «жаңа» көрерменді де көңіл үзуге итермелеп жатыр, оның несін жасырамыз? Театр бір ұрпақтың ғұмырымен шектелмейді. Бізден кейін де өнер бар. Өсіп келе жатқан жастардың өз айтары бар. Жаңашыл жастың рухани ізденістеріне құрметпен қараймын. Олардың бізге ұқсауы шарт емес. Бірақ «біз басқа – жаңа заманның өкіліміз» деп, кешегі алыптар салған сара жолды бұра тартып, өнерді өгейсітуге хақысы жоқ. Сол кісілер туғызған өнердің ұлы құдіретінен нәр алуға, соны үйренуге арланып, жырақтап бара жатырмыз. Қайта көнеден қалғанды сақтап, керісінше кеңейтіп, одан әрі дамытып жалғастырып отыруымыз керек еді. Бұл – ұрпақ парызы. Ұлылардың аманатына адалдық. Өкінішке қарай, аманатқа адалдық таныта алмай жүрміз.

Ал фестиваль басталғалы «қаты­сушылар «АҚТОҚТЫНЫҢ» алдын­дағы сынақтан қалай өтер екен, «емтиханды» қалай тапсырар екен?» деп ойладым. Таңдап алынған он спектакль қойылды. Маған ұнағаны – М.Горький атындағы театр (Астана) қойған «Найзағай» («Гроза») спектаклі. Ол жерде режиссура, актерлік ансамбль, сценография бар, ол жерде үйлесім бар. Нағыз біз көргіміз келген, болмысынан айнымаған, өткенін ұмыттырмай, бұрынғы ескіні бүгінгі жаңаға жалғай алған театр! Екіншісі – «Текебұрқақты» ұсынған С.Сейфул­лин атындағы Қарағанды театры. Шерханның философиясын жеткізе алған, пластикаға құрылған қойылым. Өнерде абсолютті шындық деген болмайды. Бәрінің талғамы ешқашан бір жерден шығып көрген де емес. Ал оған пендешілік, жалпақшешейлік һәм жалтақтық араласқаны жүлде берілген кезде анық көрінді. Біріншіден, фестивальдің өткізілуіне Мәдениет министрлігінің қатысы болса да, жүлде қоры өте аз, әр аталымға (номинация) 100 мың теңгеден бөлінген сыңайлы. Өмірін өнерге арнаған атақты ­Шолпан Жандарбекованың ғасыр тойына орай өткізілген фестивальге, анығы, бекзат өнерге! Екіншіден, ештеңе өзгермеген, сол баяғы бәрінің көңіліне қарап, ешкімнің көңілін қалдырмау үшін бәріне сыйлық үлестіру. Бәйгеден екі сәйгүлік ешқашан бірдей бірге озып келмейді. Бұл жерде де жүйрік біреу еді. Ол жоғарыда сөз еткен – М.Горький атындағы театр. Ал жүлде екіге бөлініп – сол М.Горький атындағы театр мен Қ.Қуанышбаев театрына берілді. «Найзағай» – «шағын формадағы» үздік қойылым делінгені ұят әрі өнерге, актерлерге жасалған қиянат. Тек қана сыншылардан құралған қазылар алқасына сын бұл. Шындығы – осы. Бір тойда екі рет «Жар-жар» айтылмайды, сол сияқты, екі театрдың бірі ғана – дара! Фестиваль керек. «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» – театрда кімдер жүргенін білу үшін, шын талантты тану үшін, нағыз дарынды анықтау үшін! Жүлде де – солай, лайықты иесін тапқаны жөн. Мұндай фестивальдер шығармашылық сапаға мән беріп, кәсіби салмағы мен көркемдік деңгейіне көз салып, жақсы-жаманды айыра білу үшін актерлік шеберліктің шыңдалуына да, актер үшін де қажет.

Бекжан ТҰРЫС,

актер, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері

943 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы