• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

РУХ ЕСКЕРТКІШІ

Шымырлаған шындықтай бір бастауым, Шерағам,
Найзағайы намыстың жыр-дастаным, Шерағам.
Жалаң аяқ жар кешкен жұрттың жоғын жоқтадың,
Қызыл аяқ халқыңның қырды асқанын, Шерағам.

Қыран болып биіктен саңқылдаған, Шерағам,
Алдаспандай қашанда жарқылдаған, Шерағам.
Тілдің сөзін сөйлеуден, Жердің сөзін сөйлеуден,
Елдің сөзін сөйлеуден тартынбаған, Шерағам.

Баукеңдегі мінездің жалғасындай, Шерағам.
Жауар бұлттай түнерген, қорғасындай Шерағам.
Сөз-бәйгесі болғанда, Алаш атын оздырған,
Су төгілмес үстінен жорғасындай, Шерағам.

Арыс деген өзіңдей болады екен, Шерағам.
Намыс деген өзіңдей болады екен, Шерағам.
Қайрат деген өзіңдей болады екен, Шерағам.
Айбат деген өзіңдей болады екен, Шерағам.

Арамдардың адымын бастырмаған, Шерағам,
Айдаһардың ауызын аштырмаған, Шерағам.
Қауіп пенен қатерді жайпап өтіп жолдағы,
Таудан аққан өзендей тасқындаған, Шерағам.

Өзің барда ешқашан қалың қазақ тозбайды,
Сөзің барда өшпейтін арда жұртым азбайды.
Кейде отырып оңаша сырласқанда рухымен,
Қай-қайдағы шерімді Шерхан ағам қозғайды.

Мың өліп, мың тірілдік, асып өттік мың белді,
Қазақстан бүгінде ғажапстан түрге енді.
Бар қазақтың баласы ортақ жолға бірігіп,
Өзің айтқан сөзіңді іске асырар күн келді.

Тоқсаныңа біз келдік Алты Алаштың қиыры,
Өзіңменен еңселі ұлтымыздың иығы.
Сен жүрген жол бұралаң қиындардың қиыны.
Мынау тұрған тастұғыр биіктердің биігі.
Қазағымның рухының ескерткіші өзіңсің,
Тоқсан ауыз сөзімнің – осы болсын түйіні.

Бауыржан Жақып

1290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы