• Әдебиет
  • 03 Қараша, 2022

Диуананың биі (әңгіме)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Осыған орай жарияланған республикалық «Ақиқаттың ақ туы» атты қаламгерлер байқауы да мәресіне жетті. Байқауда бірінші жүлдеге ие болған жазушы Қуандық Түменбайдың «Диуананың биі» атты әңгімесін оқырман ­назарына ұсынып отырмыз.

Диуана көрсек қорқатынбыз. Көшеде алқам-салқам киінген біреу үйге жақындағаннан бала біткен тұра қашамыз. Ентігіп тұрып шешемізге: «Апа, диуана келе жатыр» десек, «Е-е, келсін, бұйырған несібесін алады да» деп, есік алдына келген мүсәпірге бір тостақ бидай, әйтпесе бір сапар кесе толы ұн беріп, батасын алып, шығарып салады. Ал  осы бір диуана басқаларға ұқсамайды. Жылына бір рет келеді. Бұл – ораза айттан кейінгі ақтау. Әр шаңырақ ораза айттан кейін мәре-сәре боп пітір беруге өздері-ақ дайын отырады. Бірақ  бұл басқалар сияқты үн-түнсіз келмейді, жарапазан айтып, әндетіп келеді. Бала құлағына түсініксіз сөздерді қайталап, ең соңында, «қой берсең де аламын, құнан берсең де аламын» деп аяқтайды. Біз Жаратқан Ием мен Аллаға орай айтылған көп сөздерді түсіне бермейміз. Өйткені мектепте Құдай жоқ деп оқытады, қабырғада «Дін – апиын» деген жазу ілулі тұр. Шешем диуананы көргенде: «Үй-іштерің аман ба?» деп ескі ­таныстардай сәлемдесіп, бір тостақ толы бидайды қоржынына ақтара салады. Кейде «Қайын сіңліме сәлем айт» деп қадап айтады. Диуана екі басы теңкиген қоржын артқан сұр есегін жетелеп, «Аһ, Алла!» деп келесі үйдің қорасына кіреді.

– Неге үй ішін сұрайсыз? Танисыз ба? – дедім.

– Әй, бұл Дәу көкеңнің туған қарындасынан туған жиен ғой, – деді апам біреуден қысылғандай боп.

Дәу көкем – әкемнің туған ағасы, үйме-үй көрші тұрамыз.

– Жиен екен ғой.

– Иә, – деді апам біртүрлі қысылғандай боп. – Аузыңды жауып жүр. Дәу көкең онсыз да намыстан жарылып кете жаздайды, жиенінің ел ақтап жүргеніне... Бірдеңе деп жүрме... – Апам ойланып қалды.

Жұрт осы диуананы ең соңғы адамға теңейді. Олар ел ақтап, бала-шағасын асыраудың жолына түскен мүсәпір жандар емес пе? Кинодағы сығандар да көшіп-қонып, тамағын жолдан тауып жүрген тағдыр жаратқан халық қой. Құдайға құлшылық етіп, садақа беру керек дейді де, диуананы ең соңғы адамның қатарына жатқызады. Ол асып-тасқандардан қалған несібені жеп өмір сүріп жүрген жердегі бір пақыр емес пе? Біздің қоғам да қызық осы, бізде бәрі тең деп «Қоғамтанудан» оқытады да, жеме-жемге келгенде, адамзатты екіге бөледі. Кешке таман әкеме диуананың келіп-кеткенін айтып ем, «Ә-ә, пітір беретін уақыт келді ғой. Ораза айттың пітірін соған береміз. Өзі де қоймайды ғой, қоймайды. Жас емес, балдары ер жетті», – деп әкем бір нәрсеге көңілі толмай бір-ақ қайырды.

– Осы, әке, неге біздің туысымыз диуана боп жүр? – дедім бәрін білгім кеп.

– Пешенесіне жазғаны да. Ол кетпен ұстап та, мылтық ұстап та жарытпаған, – деп әкем ыстық шәйді ернін шүйіре бір ұрттады.

– Неге мылтық ұстамады?

– Ол, жиен, соғыстан да қашып құтылған. Осы, сен, Қалмахан сияқты «Мың бір түнді» күндіз-түні айтып отыратын мылжың болмасаң кетті, – деп әкем сөгіп тастады. Қанша дегенмен немере қарындасынан туған ғой, диуананы жамандыққа қимайтын тәрізді.

Әкемнен ештеңе шықпайтынын біліп, оңашада шешемді сөзге тарттым. Шешем – сырласым. Әкем мыжыма сөзді ұнатпайды. Шешем менің әр сөзімді қызық көріп, әрбір сауалыма жаны еніп отырып жауап береді.

– Сен менің айтқанымды әкеңе айтып қойма. Ол естісе, мені аямайды. Диуана Әлмахан өтірік мылқау боп соғыстан қашқан. Әкең колхоз бастық, әйтеуір соның арқасында ғана ел қатарына қосылды ғой. Қимайды ғой, қимайды, немере қарындасынан туғасын – деп шешем сөзінің тігісін жатқызды.

«Соғыстан қашқандар бар, соғыста өздерін өздері атып, ұсталып қалғандар бар» деген ызыңдаған әңгімелерді көп еститінбіз. Шешем бастауыш сыныптың мұғалімі, сөзді балаға сабақ түсіндіргендей ғып миыңа құйып береді. Бұ жолы оның айтқанын селт етпей тыңдадым. Көз алдыма қоржын теңдеген сұр есегін жетелеп, әр үйдің алдында «Аһ,  Алла!» деп айғайлап тұрған диуана емес, кинодан көргендей үстінде солдат гимнастеркасы, басына бес жұлдызды қиғаш пилотка киіп, қолына автомат ұстаған Әлмахан елестеп кетті. Солдат соғыстан қашып келеді, гүрс-гүрс жарылған бомба мен зу-зу атылған оқтан аман шығып, туған жерін бетке алады. Соғыста өтірік мылқау боп, барлық тексерістен өтіп, елге кеп колхоз бастық менің әкемді ымырт жабыла оңаша шығарып ап, бастан өткерген шындықты ағынан жарыла айтады.

– Нағашы, соғыс деген қызық қой, – дейді тілінің бізін қадап. – Бірақ өліп қалатының жаман да...

– Оның несі қызық, – дейді әкем түнеріп.

– Дұп-дұрыс тұрған үйді бомбалап бұзасың, сұлу дүниені бүлдіресің. Балдардың ойыны сияқты, тек өліп қалмасаң, мұнан артық қызық бар ма?

– Кәзсіз неме, жап аузыңды! – деп әкем ашуға булығады.

– Бізді соғыс басталысымен қазақ, қырғыз, өзбек, бүкіл мұсылман баласын тұп-тура Мәскеудің түбіне әкеліп салды. Бір адамға бір мылтық жоқ, екі адамға бір бесатар. Орыс атады, мен оқтап берем. Тазалауы да менің мойнымда. Ол өлсе ғана мен ие болам, ажал шіркін қайсымызды бұрын аларын бір Құдай білсін.

– Сонан, – дейді әкем.

– Сонан... мына жерде тірі қалу мүмкін емес. Өздерін өздері атқандар да болды, олар көбінесе орыстар. Жақын жерден тиген оқ белгілі, оқ дәрінің иісі бұрқырап тұрады. Ол сорлыларды емдетпей, кәмәндір бірден атып тастап жатты. Әй, енеңнің, мұсыл­манға қарағанда кәпірдің жаны тәтті екен. Оқ тисе сорлы қазақ үн-түнсіз ұшып түседі, орыстарың «мамалап» жан дауыстары шығады. Бәрімізде де шеше бар емес пе?

– Сонан?..

– Сонан... өлсем туған түтініме барып, туған «Қызылтаңымның» топырағын бір басып, қарында­сыңыз­дың қолынан бір кесе шәй ішіп өлейін деп... Мәскеудің түбінде томпиған бір уыс топырақ болып қалғанша, ауылымның боз топырағын бір басып өлейін деп... Мәскеуді қорғайтын өз қанынан жаралған ұлдары бар емес пе? Мен некем қиылғасын, өзіңіз білесіз, бір аптадан кейін соғысқа кеттім. Артымда қалған атбайларым да жоқ...

– Тіліңді қалай тұсадың? – дейді әкем шыдай алмай.

– Тілі бай ел біз ғой, шіркін. Тек тілдің қадірін мылқау боп қалғанда біледі екенсің. Жаралы болғым келді, қаңғыған оқ та тимей қойды. Құдай берген денсаулық бар, жиендерің жер тарпып тұр. Қой, мылқау болайын. Мылқау болсаң саңыраусың. Мылқау һәм саңырау қалай Отан қорғайды? Бәріне бел байладым, бәріне төздім. Сап түзеп тұрғанда пәмилімді атады, селт етпедім. Кәмәндір қасыма кеп орысшалап шешемнен боқтады, меңіреу адамдай тұра бердім. Алда шешуші шабуыл. Генерәл Пәнфиловтың өзі оққа ұшыпты деп естідік. Штабта жанын баққан генерәл оққа ұшқанда мені қаңғыған оқ қағып түсірмей ме? Селт етпей тұра бердім. Медсанбатқа апарып, тамырымды ұстап, қанымды алды. Әрі тексерді, бері тексерді.Тамаққа келгенде тәбетім тәуір, бірақ ауыз мылқау, құлақ саңырау. Қойшы, ең соңынан құлағымның түбінен нәганмен оқ атты. Ата-бабамның әруағы қолдады ма, әй, нағашыларым мықты ғой, былқ етпедім. Кеселім соғысқа жарамайтын тексерістің бәріне сай келіпті. Әрі мылқау, әрі саңырау солдат бұйрықты қалай орындайды. Бір күні мылтық кезенген солдат, қасында аппақ халат жамылған доғдыр, ұшы аспанға қараған шүпірлеген жүздік шеге қағылған тақтайдың алдына әкеліп, солдат иығымнан ұстап, шегеге қарай итерді. Доғдыр табанын ұстап, ымдап көрсетті, сөйтсем, «шегені басып өт!» деп бұйырып тұр екен. «Құдай біледі, осы шеге емес, сәбеттің заңы әділ ғой, адамды бұлай қорламайды» деп басып өткенімде жүздік шегенің бәрі майтабанымның астында майырылып жатты. Сөйтсем, ұшы жоғары қараған резеңке шеге екен. Өтірік тірлікті осылай өздері үйретеді ғой. Соны басып өтерде жүйкем бүлк етпеді. Оларға керегі жүйкенің шыдамы екен. Ақыры осылай болды. Қапшығымды арқалап, бір жарым ай жол жүріп, қарындасыңыздың қасына келдім. Тағы бір қыздарыңыз біздің үйде, апам алысқа ұзатпай жақын сіңлісін жетелеп алып кеп бергенін өзіңіз білесіз. Қарын­дасыңызға әлі күнге ләм деп аузымды ашқан жоқпын. Не айтсам да, ыммен айтып жүрмін, –  дегенде сығыр көзі күлімдеп, қып-қызыл тәмпіш танауының асты бүлкілдеп кетіпті.

– Сабаз екенсің, – дейді әкем қалш-қалш етіп.

– Нағашы, туған жердің топы­рағына не жетсін. Осы күні Мәскеу түбінде сүйегім қурап жатар ма едім. Әркім өзінің кіндік қаны тамған жеріне қорған болу керек қой.

– Ертеңнен бастап, өгіз арба айдайсың, – деп қос өгіз жеккен өгіз арба беріпті...

– Ойбай, өзі де өгіз сияқты қырсық қой, – деп апам бір күліп алды. – Соғыс біткен күні үйге келді. Ол келсе, зәреміз ұшады. Екі қолын ербеңдетіп, бірдеңелерді мегзеп, ымдады. Әкеңді сұрап тұр екен. «Үйде жоқ» деп басымды шайқадым. Шығып кетіп, әкең келгенше түн жамылып, сәмбі талға арқасын сүйеп, күтіп отырыпты. Сонда айтқаны: «Жеңетін немісті жеңдік қой, қашанғы мылқау боп жүрем» деп міндет арта сөйлепті.

– Өй, найсап, жаның басқадан артық па еді, – деп қамшысын көтере бергенде:

– Нағашы, қамшы көтерме. Жиеннің наласы жаман болады. Мен сөйлеуім керек, өз тілімді өзім кесіп өлетін болдым, жалғанда тілің барда мылқау болу қиямет екен. Төрт жыл болды, қарындасыңызға да бір ауыз жылы сөз айтқан жоқпын. Мұнан да оқ тиіп өлгенім дұрыс па еді, – деп өршелене сөйлеп тұрып алыпты.

– Әй, – депті әкең қараңғыда бетіне түйіле қарап. – Түркістанға барып, әулиеге бір жеті түнеп кел. Қалғанын бір Құдай өзі біледі, – деп үйге кіріп кетіпті.

– Сонан кейін, – деймін мен де ақырын күтіп абдырап.

– Үш күннен кейін ымырт жабыла «Кеш жарық!» деп кіріп келгенде, қатыны шалқасынан түсіпті. Бала-шағасы үрпиіп, сайрап тұрған мылқау әкеден сескеніп, бұрышқа тығылыпты. Сол күні түн жамылып сенің әкеңе келді. «Қайран Қожа-Ахмет әулиенің қасиеті-ай, үш күнде тілімді шығарып жіберді ғой», - деп самбырлап сөйлеп кіріп келгенде, менің де зәрем қалмады, – деп апам сөзін аяқтады.

– Әкем не деді?

– Әкең: «Қалғанын бір Құдайға тапсырдық» деді...

Сол диуана біздің үйдің ең жақыны – Дәу көкемнің үйінде жайбарақат шәй ішіп отыр. Есік алдындағы ағаш сәкіде ала шапанының өңірін ашып тастап, гүлді кеседен ыстық шәйді рахаттана сіміреді, көне қоржынды беліне теңдей артқан сұр есегі сәмбі талда байлаулы тұр. Анда-санда оқыранып, оң аяғымен жер тарпып қояды.

– Апа, диуананы қара, – деп әкем мен шешемді тастап, сол үйге қарай құстай ұштым. Төрде ала шапан, белін буған белбеуінде кинодан көрген солдаттардың су құятын кішкентай торсық құтысы. Онымен қатарлас әкемнің ағасы Нысан көкем, екеуіне Айған апам ысылдаған самауырдан баптап шәй құйып беріп отыр.

– Ассалаумағалейкүм! – деп Дәу көкемнің қолын алдым. Ол қолын ұсынып болғасын иегімен қатар отырған диуананы нұсқады.

– Көкеңнің қолын ал. Ерәлінің баласы ғой, – деді күбірлеп.

– Оу, нағыз нағашым екенсің ғой. Алла жолыңды оңғарсын! – деп қос қолын ұсынды.

Алақаны тершең екен, біртүрлі жиреніп кеттім. Үстінен де әлемта­пы­рық иіс мүңкіп тұр. Айған апам маған да шәй құйды. Әудем жердегі ағаш сәкіде әкем мен шешемнің дауыстары естілмесе де, төбелері шошайып көрінеді.

– Осыны енді қоймайсың ба? Қоя­тын жасқа жеттің ғой, – деді Дәу көкем кесені қолына ала берген диуанаға зеки сөйлеп. – Биыл елудің бесеуіндесің.

– Ішсем халықтың сауабын ішіп, халықтың берген садақасын алып жүрмін. Сіздің неңіз кетті? Харам асқа аузын былғап жатқандар аз ба?

– Сонда да, – деп Дәу көкем тосылып қалды.

– Әйтеуір бір диуанаға садақала­рыңды бересіңдер ғой. Онан да туған жиеніңнің жегені сауап емес пе? Халқың онсыз да диуана. «Байдың асын байғұс қызғанып...»

– Найсаптың сөзі...

Диуана кесесінің бетін басты да, ешкімге мойын бұрмай бата жасады.

– Алла берекесін беріп, ынсап­тарыңды зор қылсын! Аштық болмасын, жер қозғал­масын, соғыс болмасын. Әумин! – Дәу көкем диуанаға көзінің астымен бір қарап, ала­қанын жайды.

– Жылжиын. Қалған несібем Алладан, – деп малдасын жазып, орнынан тұра алмай иығыма қолын салды. Тастай қатты алақаны иығымды жаншып жіберді. Орнынан сөйлеп әрең көтерілді. Дәу көкем шәй құйған әйеліне иек қағып еді, ол жүгіре басып шоланға кіріп, бір тостақ бидайды оқыранып әрең тұрған сұр есектің арқасындағы қоржынның бір басына ақтара салды.

–  Алла несібеңді тауыспасын! Нағашымның ырзығы таусылмасын! – деп диуана қос қолын жайып, тағы да батасын берді.

– Осыдан кейін қараңды көрсетпе! – деп Дәу көкем қабағын шытып, даусын қатты шығарды.

– Оны бір Алла біледі. Кімнің қарасын кім көрерін... Мәскеудің түбінде топырақ боп томпиып қалғанымда қарындасың тұл қалып, жиеннен туған жиеншарларың шұбырып келмес еді, бұ жалғанға. Калхоздың трәктірін кім айдар еді, соқасын кім тартар еді, солар болмаса. Аллаға разымын, аярлығымды жасырған. Мынау кіші нағашымның, – деп тырнағы өсіп кеткен кір-кір саусағымен мені нұсқады, – әкесі Ерәліге разымын, пәлен жыл өтірігімді жасырды. Бірақ бұ жалғанда жүзіңді жасырғанмен, тіліңді жасыруға болмайды екен. Қарындастарыңа разымын, мінімді бетіме баспады. Сол қарындастарың болмаса, сол... – деді де, беліне байлаған солдат құтысын қолына алды. – Мына торсықты 41 - жылы соғыстан мылқау боп қашқанда беліме байлап қайтып едім. Міне, отыз жыл жаныма серік болды. Су ішерлігім бар екен, – деп дөңгелек қақпағын бұрап ашып, судан бір ұрттады. – Суы таусылып қалған ба? Құдағи, құдықтың мұп-мұздай суынан толтырып құйып берші, – деп Айған апама ұсынды. Ол қас пен көздің арасында құтыны суға толтырып әкелді. Диуана бір ұрттады да, мейірі қанған баладай сөйлеп кетті. – Құдықтың суының тәттісі-ай! Мынадай тәтті суды өмірі ішпеген шығармын. Нағашы, бәріңе разымын. Ораза бітіп, пітір жинадық. Қоржыным тоқ, қарашы, есегімнің белі майысып тұр, – деп бір жағы қызыл бидай, бір жағы ақ ұн толы қоржынды әрең көтеріп тұрған сұр есекке сүйсіне қарады. – Қарындасың күтіп отыр. Несібем мол. Енді сол қарындасыңа арнап «Қамажайға» салайын, – деп ала шапанының етегі делеңдеп, арлы-берлі қозғалақтап, билей жөнелді. Телебезерден көретін өзбектер сияқты қолы дамылсыз ербеңдеп, бір отырып, бір тұрады. Нағашысына тура қарап, мойнын бүлкілдетіп те қояды. Жиенінің әрекетіне жақтырмай қараған Дәу көкемнің алдына кеп қос өкшесін көтеріп, секіріп-секіріп кетеді. Мен үрейленіп, орнымнан ұшып тұрдым. Беліндегі мұздай су құйылған солдат құтысы шалп-шалп етіп, әуенсіз биге салып, бір орнында тұра алмай шыр айналып жүр. Дәу көкемнің онсыз да қызғылт өңі шиқандай қызарып кетті. Әшейінде жиенінің жүрісіне өлердей намыстанатын кісі мына көріністі ешкім көрмесе екен деп ұяттан жарылардай боп әрең отыр.

– Нәлеті, тоқтат енді! Мұнан былай менің есігімнен аттаушы болма!

– Онсыз да аттамаймын. Бұл, нағашы, өзіңе деген, үйде ырыздық күтіп отырған қарындасыңа деген ырзалығым. Әсіресе  қарындасыңа айтарым жоқ. Шұбыртып тоғыз еркек туып берді. Мәскеудің түбінде ­шошайып қалсам қайтер еді, атбайлары қалмаған Әлмахан атанып, қазақтың да саны көбеймес еді. Сол туған бала қазір «Қызылтаңның» жерін жыртып, егінін орып жүр... – Диуана биін аяқтап, ентігіп сөйлей бастады. Бір мезет құтысының қақпағын ашып, тамағы бүлкілдеп, судан бір ұрттады.

– Мына судың тәттісі-ай! – деп там­санды. – Су ішерлігім бар пақырмын ғой. Нағашымның үйінен жұтып отырмын соңғы суымды, – деп үзеңгіге аяғын сала бере есегін құшақтап, сылқ түсті. Жаңа ғана қаңбақтай үйіріліп, «Қамажайға» билеген еркек ала шапанының етегі түріліп, сұр есегін құшақтаған күйі қоржынға басын салып, қимылсыз қалды.

– Бар, әкеңе айт, жиен билеп жүріп... – Дәу көкем бір қарағанда-ақ ытқи жөнелдім.

Әкем мен шешем де орындарынан тұрып, осылай қарай беттеген екен.

– Әке, диуана Әлмахан билеп жүріп... – дей бергенімде, өңі өрт сөндіргендей боп қуарған әкем сөзімді іліп әкетті.

– Билеп келіп, билеп кетті ғой...

Сол мезет зіл тартқан қоржынды ауырсынып, денесіне жабысып тұрған өлі денеден сескенген сұр есек ащы дауыспен ақырып қоя берді.

 

1717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы