• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

АУЫЛДАН АДАМ КӨШКЕНМЕН...

Арманын асқақтатқан адам баласы, өсе келе өз мақсатын жүзеге асыру үшін ауылдан кетіп, арман қуып, қалаға келеді. Қаланың тыныс-тіршілігі, жүріс-тұрысына әбден қанық болғаннан кейін, кейбірі сол өлкенің тұрғыны да болып қалады. Бірақ адам түптің-түбінде қай жерден шыққанын ұмытпағаны дұрыс.

Әлі есімде, шамамен жеті-сегіз жасым болса керек, үйге бойы еңселі, ірілеу денелі, бет-жүзінен аздап әжім байқалатын, қара мұртты бір ер кісі келді. Апам оны төрге шығарып, дәм-тұздың барлығын алдына қойды. Баламыз ғой, апамыздың жанынан айналшықтап шықпай, біресе қонаққа, біресе үстелде жұдырықтай ғана шыны ыдыста тұрған тәттілерге қарап отырып, «мыналар не айтып жатыр екен?» дегендей, құлағымызды әңгімеге де түріп қоямыз. Сол кездегі әлгі кісінің айтқан бір әңгімесін әлі күнге дейін ұмытпаппын.

– «Ауылдан кеткелі, – деп бастады әңгімесін ол... – «Ауылдан кеткелі біраз дүние өзгергендей болды. Қаланың тұрмыс-тіршілігіне бой үйретіп жүргенде, жұмыс таптым. Әр күні үйден шыға сала, жүгіре келіп, автобусқа отырамын. Бір күні әдеттегідей автобуста бір қазақ әйеліне көзім түсті. Алдындағы кішкентай итіне соншалықты сүйіспеншілікпен қарайды. Күшіктің үстіне әдемі киім кигізіп қойғанын қайтерсің. Тіпті оны еркелетіп те қояды. Ауылда өстік қой. Ит қанша жеті қазына болса да, олай жасамаппыз. Маған ерсі көрінді.

Ал ауылдың жөні бөлек. Өткенде туған топыраққа келіп, көзіме жас алғандай болдым, апа! Көшемен келе жатсаң, танымайтын адамға дейін сенімен амандасады. Жағдай сұрасып, жылы ұшырайды. Ауылдың ауасы қандай таза десеңізші?! Балалық шағым осы жерде өтті ғой. Туған топыраққа аяқ баспағалы да 4 жылдың жүзі болыпты. Бойымды сағыныш кернеді. Бір мезет тоқтадым да, жерден қара топырақты алып бір иіскеп алдым. Ауылға не жетсін, шіркін!

Кезінде бақтан алма ұрлап, ата-анамыздан талай таяқ та жедік қой. Көшеде жүрсек, қалтадағы кәмпитіңізден балаларға таратып беруші едіңіз. Өзіңізге сол үшін де сәлем беруге келдім ғой, апа! Талай еркелікті сіз де көтердіңіз. Маған енді батаңызды берсеңіз. Жексен атаның басына барып, Құран оқып қайтайын. Ол кісі де бізді өз арбасымен мектепке талай апарып еді-ау жарықтық!», – деп, келген кісі бетін сипап қоштасты да, орнынан тұрып кете барды...

Ол кезде жасымыз кішкентай болған соң, оның айтқан әңгімесін қайдан түсінесің? Ал мен үстел үстіндегі жатқан тәттілерді уыстап қалтаға салдым да, көрші балалармен бөлісіп жеуге тұра жөнелдім...

Ал қазір студент болдық. Қаланың өмірін біз де көрдік. Ауылдан шыққан аңғал адамды қаланың қалай өзгертетінін де байқадық.Әсем шаһардың шырайы қанша таңдай қақтырса да, бәрібір ауылға ештеңе жетпейді екен. «Ауылдан адам көшкенмен, ал ауыл адамнан кетпейді» дегені рас екен!..
Ауылымды сағындым...

Сұлухан НҰРҒАБЫЛҚЫЗЫ,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

3-курс студенті

1038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы