• Тұлға
  • 03 Қараша, 2022

ЖАҚСЫ АДАМ...

Серік Мақпырұлының есімі  Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітіргендердің бәріне де жақын, ыстық. Бірінші курстың студенттерінің бәріне ортақ жайт – жоғары оқу орнынан өздерінің жанына жылу іздеп, әртүрлі шараларды ұйымдастыра білетін мектептегідей өздеріне көңіл бөлетін ұстаздар іздеуі. 
Сөйтіп жүргенімізде «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен сабақ беретін Серік ағайымыз бірінші курстың екі тобының арасында сайыс өткізетінін айтты. Біз қуана келістік. Сайыстың бір кезеңі – сол жердегі жағдайға байланысты аяқ астынан бір-екі шумақ өлең шығару. Тапсырма бойынша ұйқасты «келді», «екен» деген сөздерге құруымыз керек. 

Біздің топта екі сөзге екі шумақ өлеңді шығара қоятын ақынымыз болмағандықтан, «шешінген судан тайынбас» деп, бұл сайысқа мен шықтым. Тармақ пен бунағын санап, ұйқасын сақтауға тырысқан менің өлең жолдарым қарабайырлау болды да, қарсы топтың ақыны Серікжан деген жігіттің өлең шумақтары төрт аяғын тең басқан бейнелі болып шықты. Оны ішіміз сезіп тұр. Бірақ бір сайысқа шықпай қалып «0» балл алғаннан гөрі, 2-3 секілді төмендеу балл алсақ та бізге жеткілікті. Осылайша үш-төрт кезеңнен тұратын сайыста «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен алған білімімізді де, бойымыздағы өнерімізді де бір-екі сағаттың ішінде ортаға салып үлгердік. Мұндай
сайыстарда белсенділік танытқан студенттер ұстаздарының есінде ұзақ сақталып қалатыны бар. Содан кейін Серік ағай біздің әрқайсымызға іш тартып, атымызды атап сөйлейтін болды. Журналға қарап «Бәленшайова» дегеннен гөрі атымызда атаса, «ағай мені таниды екен» деп іштей қуанып қалатынбыз. Жоғары оқу орнына келіп, мектебін аңсап жүрген біз секілді жастардың қаншасын Серік ағамыз бауырына басты. Сондықтан да біз ұстазымызды шынайы сүйдік.

Бір қызығы, жоғары оқу орнының ұстаздары жекелеген пәндер бойынша дәріс оқиды. Сондықтан бізге бір ер жыл сүйікті ұстазымызбен дәрісханада жақынырақ кездесудің сәті түспеді. Тек жанынан өткенде сәлем беріп, төбесін көргенімізге мақтанып, масаттанып жүрдік. Жоғары курсқа келген кезімізде «Әдебиет теориясы» пәні бойынша және дәріс оқыды. Дәрісін өзі оқып, семинарын өзі жүргізетіндер студенттерді жақынырақ танитын
болады. Серік ағай осындай ұстаздардың қатарында болды.

Институтта дәріс берген ұстаз­дарыммен жақынырақ араласудың сәті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келгеннен кейін басталды. Әдебиеттің қара шаңырағына әдебиетші қауымның бәрі жиі келіп тұратын. Солардың бірі қарт
ҚазПИ-дегі ұстазым – Серік Мақпырұлы. Біздің институттың Диссертациялық кеңесін мен келген соң он шақты жыл академик Серік Қирабаев, кейінгі он шақты жыл ішінде академик Сейіт Қасқабасов басқарды.Осы жылдар ішінде біздің Диссертациялық кеңеске Қазақстанның барлық облыстарынан дерлік ізденушілер келіп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады. 10.01.02 – Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша қорғайтындардың барлығы «Қазіргі қазақ әдебиеті» деп аталатын біздің бөлімге келетін.Себебі біз кеңестік дәуір әдебиетін зерттейтінбіз. Кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет те біздің еншімізге тигендік­тен кеңестік дәуір мен тәуелсіздік тұ­сындағы әдебиетке қатысты зерт­теулердің дені көз алдымыздан өтті. Олардың тақырыптары ғана емес, сапасы да әртүрлі болатын. Себебі ғылымға жаңа аяқ басқалы жүрген ізденушілерге әртүрлі ғалымдар жетешілік жасайды. Бірі ізденушілерімен тыңғылықты жұмыс жасаса, екіншісі тақырып таңдауға ғана көмектесіп, қорғау алдында бір-ақ жолығады. Солардың ішінде Серік Мақпырұлының жетекшілігімен келген жұмыстардың барлығы дерлік талапқа сай және тиянақты орындалатын. Себебі олардың барлығы дерлік жетекшінің редакциясынан өтіп, шып-шымыр болып пісіп келетін.
Серік Мақпырыұлынан келген жұмыстар қамшы салдырмай өте шығатын.

Серік Мақпырұлы ұлағатты ұстаз болумен бірге әдебиеттің тектері мен түрлерін жете зерттеген ғалым еді. Әдебиеттің тарихын зерттеуде
Махамбет Өтемісұлы, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлердің өмірі мен творчествосын монографиялық үлгіде зерттеп, олардың шығармашылық портретін жасады. Сонымен бірге Т.Сыдықов екеуі бірлесе отырып жазған екі бөлімнен тұратын «Қазақ әдебиеті» еңбегінде әдебиеттің жекелеген дәуірлері жанрлар бойынша зерттелді. Оның «Ботагөз» романының тарихы» (1994), «Қазақ поэзиясындағы Махамбет бейнесі» (2002), «Қазына» 2004), «Қазақ әдебиеті» (І-ІІ бөлім, Т.Сыдықовпен бірге) тәрізді еңбектері қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге қосылған үлес.

Оның махамбеттануға, мұхтар­тануға, сәбиттануға, ғабиттануға қос­қан еңбегін ерекше атаған жөн. С.Мұқановтың «Ботакөз» романының тарихын зерттеген кейінгі жылдары өз шәкірттеріне де С.Мұқанов мұрасын зерттеуге ақыл-кеңес берді. Олардың қатарында С.Тайманованың «Сәбит Мұқанов – халық ауыз әдебиетін зерттеуші», Р.Сұлтанғалиеваның «С.Мұқанов романдарындағы диалог қолдану ерекшелігі» («Ботакөз», «Сырдария», «Аққан жұлдыз» романдары бойынша) зерттеу еңбектерін атауға болады.

Махамбеттануға да бірсыпыра ізденушілерді жетелеп алып келді. К.Мырзағалиеваның «Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі көркем шындық мәселесі», А.Тәжіғалиеваның «Қазақ поэзиясындағы Махамбет бейнесінің көркемдік шешімі» тәрізді зерттеулері ұстаз-ғалымның жөн сілтеуімен туған еңбектер еді.

Әдебиеттің теориясын зерттеуде өлең мен көркем шығарманың құ­рылысын зерттеп, зерделеп оқу­шының түсінігіне сай етіп жаза білді. «Әдебиеттануға кіріспе» (1991),
«Хрестоматия», «Әдебиеттің тектері мен түрлері» (1994), «Әдебиет теориясы», «Адамтану» (2009) – осы бағыттағы еңбектері.

Қазақ әдеби-сынына да ғалымның қосқан үлесі бар. Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» поэмасы», «Қазақ поэмаларындағы Махамбет бейнесінің көркемдік шешімі» атты мақалаларын әдеби-сынның жақсы үлгісі деп атауға болады. Сонымен бірге ол жаңа шыққан кітаптар туралы сын-рецензия жазуды да әдетке айналдырған-тын. Олардың қатарында С.Оспанұлы­ның «Ахмет өскен ақындық орта» кітабы туралы «Ахаң немесе Торғай ақындық мектебі туралы толғау», К.Мырзағалиеваның «М.Өтемісұлы өлеңдеріндегі көркем шындық мәселесі» кітабы жөніндегі «Тағылымы мол жинақ», Ә.Тәжіғалиеваның
«Махамбет – ғасыр жыры» кітабы туралы «Махамбетті жырлау – халық рухын жырлау», Ә.Дүйсебекованың «Сыншы, әдебиеттанушы Т.Әлімқұлов» монографиясы туралы «Байыппен талдау жасаған», Ә.Жәкімнің «М.Әлімбаевтың балалар әлемі» монографиясы туралы «Мұзағаң мүсіндеген әлем» тәрізді мақалаларын атауға болады.

Сонымен бірге ол – әдіскер-педагог болды. Тек жоғары оқу орнының студенттеріне ғана емес, мектеп оқушыларының да «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазды. «Қазақ әдебиеті» (5-11 сыныптар), «Қазақ әдебиеті» 7-сыныпқа арналған оқу­лық, «Қазақ әдебиеті» 8-сыныпқа арналған байқау оқулық, «Қазақ әдебиетінен шығарма жұмыстары» атты оқулықтары қазақ мектептеріне арналса, «Қазақ әдебиеті» (5-11 сыныптар орыс мектептері үшін), «Қазақ әдебиеті» 6 сыныпқа арналған (орыс, ұйғыр, өзбек мектептері үшін), «Қазақ әдебиеті» 5-11 сынып (орыс мектептері үшін) тәрізді оқулықтары Қазақстанды мекен еткен өзге ұлыстарға арналып жазылды. Осы бағытты лицей, колледждерге арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары толықтырады.

Орта және жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазумен бірге бірсыпыра ізденушілерге ғылым жолына жолдама берді. Шәкірттерінің ішінен көзге түскен озаттарды қалт жібермей, оларға тақырып беріп ғылыми жұмыспен айналысуға мұрындық жасады. Ұстаз-ғалым қазақтың баласын елге, жерге жіктемей, ағалап келгеннің бәрін бауырына басты. А.Оспанов, С.Тайманова, З.Мүтиев, Е.Күзембаев, Г.Оразова, Б.Әрінова, К.Мырзағалиева, Ә.Қабылов, А.Дүйсебекова, А.Тәжіғалиева, Ә.Жәкім, А.Дүйсенбаева, Д.Неталиева, Р.Сұлтанғалиева, Л.Бақтыбаева тәрізді ғылым кандидаттары – бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар. Осы ізденушілердің бірсыпырасына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жетекші ұйым болды. Елдің көпшілігі Ғылым академиясына жоламай, ұзақтан қашатын болса, С.Мақпырұлы шәкірттерін ғылым ордасындағы қайнап жатқан қазанға бір салып пісіріп алатын.

Ұстаздарын үлгі-өнеге тұтқан ғалымның бірсыпыра еңбектері өзінің ұлағатты ұстаздарына арналды. Олардың қатарында Н.Ғабдуллин, С.Қирабаев туралы жазған мақалалары мен Серік Мақпы­рұлының жетекшілігімен жазылған Г.Оразованың «Нығмет Ғабдуллин прозасындағы кейіпкердің адамгершілік әлемі» атты зерттеуі толықтырады.

Осындай қыруар еңбектерімен бірге көптеген қоғамдық қызметтер атқарды. «Қазақстан жоғары мектебі» – «Высшая школа Казахстана», «Ұлт тағылымы», «Ұлағат», «Ізденіс» тәрізді беделді журналдардың бас редакторы болды. Бұл журналдардың бәрі де өте сауатты, өте беделді болғандықтан, Жоғары аттестациялық комиттеттің құрамына енді. Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері тәрізді атақтар оның осы бағыттағы еңбектері үшін берілгені анық.

2012 жылдың басында телефон соғып, академик Серік Қирабаевтың 85 жылдығы қарсаңында «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына ол туралы мақала сұрады. Журналдың бас
редакторы өзінің шәкірті екенін айтып, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасап тұруымызға ақыл-кеңес берді. Мен қалай болар екен деген сыңай танытып едім. – Енді сен ғылым докторысың, Серағаңның қасында отырғаныңа
жиырма шақты жыл болды.
Сенен артық ол кісіні ешкім де жақсы білмейді. Мақала жазуға сенен басқа лайық адам да жоқ, – демесі бар ма. Бір ауыз сөзге келмей, – болды ағай, сіз сеніп тапсырсаңыз, мен тапсырмаңызды жеделдете орындаймын, – дедім де жазуға отырдым. «Қазақ тілі мен әдебиеті» (қазақ, орыс сыныптарында) журналының 2012 жылғы
№1 санында «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұстазым Серік Қирабаев туралы мақалам шықты. Академиктің 85 жылдығы бірінші өзі ұзақ жылдар жұмыс істеген Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде аталып өтті. Конференцияға барған бойда ұстаздарым мен әріптестерімді түгендейтін әдетім бойынша Серік Мақпырұлын сұрадым. Ол кісі мұндай жиындардан әсте қалмайтын, оның үстіне ұстазының тойына келмей қалуы мүмкін емес.Сөйтсем, сырқаттанып ауруханада жатыр екен. Онда да мән берген жоқпын. Өзі айтатын «ескі сырқат, аяғы шығар» деген ой келді.

Содан кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бас редакторы Гүлнұр Ахтанова менімен жиі хабарласып тұрды. Екеуміз ағамыз сырқаттанып жатқанда журналдың бас мақаласын кімге жаздыру туралы ақылдасып жүрдік. Көп ұзамай ұстазымыз өмірден өтті. Сол кезде аталған журналдың
редакция алқасына мені қосты. Бүгінде күллі шәкірттері көзі тірісінде өзі
байланыстырып, бірі-бірімізге таныстырып кеткен ұстазымызды жиі еске алып отырамыз...

Ұстазым арагідік телефон шалып, біздің институттан шыққан жаңа кітаптарды сұратып отыратын. Ондай сәттерде өз кітабымды берсем де іздегенін тауып беруге тырысатынмын. Ол еңбегімді ескеріп, көрген жерде, – Гүлжаһан тауып берген әлгі кітапта, – деп әңгіме айтып отыратын. Өмірінің соңғы кездерінде бөлімге телефон шалды. – «Гүлжаһан-ау мен сенің телефоныңды жоғалтып алып, біраз таппай қалдым», – деді. Мен үй телефонымның өзгеріп кеткенін айтып, жаңа нөмірімді бермегеніме қысылып жатырмын. Сөйтсем, оқу жылының соңына қарай жылдық есеп беру үшін «Қазақ әдебиетінің бас сардары, ғалым-ұстаз» атты С.С. Қирабаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған ғылыми, әдеби-танымдық мақалалар жинағына енген мақаласының атын, бетін білгісі келіпті.Мен жалма-жан кітапты қолыма алып, баспасын,
баспа табағын көрсетіп жатырмын. Ертеректе жазылған мақалалар қайта жарияланғандықтан, есеп үшін жарайды ғой деп ойлағандықтан, кітапты жеткізіп беруге асықпаған болатынмын. Сөйтіп, алаңсыз жүргенімде бір күні жайсыз хабар келді. Қап-ай, өткенде кітапты жеткізіп бермегенім-ай деп, өкініп қалдым. Амал жоқ, бәрі кеш еді…

2012–2013 оқу жылы аяқталып жатқанда мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­те­тіне Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрайымы болып бардым. Серік ағамыздың бұл жақта да шәкірттері жетерлік екен. Аталған университетке екі жыл қатарынан барып, бітірушілерден мемлекеттік емтихан қабылдаған ұстазымыз туралы бәрі де ауыздарының суы құрып айтып отыр. Көп әңгімелерді тыңдай жүріп, маған ой келді. Ағайдың туған елінде жүруімнің де бір себебі, Серік Мақпырұлының әсері болса керек. Ұстазымның жүгін жеңілдетпек
ниетте жүрген мен, ол кісінің жүгін көтергендей әсерде жүрдім.

Шәкірті Сара Тайманова ұстаз есімін мәңгілік есте қалдыру мақ­сатында бітіруші студент Пірмаханова Азизаға «С.Мақпырұлы – қазақ әдебиетін зерттеуші және оны мектепте оқытудың тиімді жолдары» атты тақырыпта диплом жұмысын жаздыртыпты. 2012 жылдың тамыз айында Серік Мақпырұлының дүниеден өткеніне қырық күн толғанда С.Тайманова мен Р.Есназарованың «Рухы биік ұстаз» атты мақаласы рес­публикалық «Халық газетінде жарық көрген-тін. Диплом жұмысы – осы бағытта жасалған тұңғыш зерттеу еңбек.

Жұмыста Серік Мақпырұлының ұстаздық, ақындық, сықақшылық, жазушылық, ғалымдық, зерттеушілік, сыншылық, әдіскерлік қырларының бәрі де тұтастай ашылыпты. Тіпті С.Мақпырұлының «Әдебиет – өмір айнасы» дегенді «Әдебиет – көңіл айнасы» деген сықылды тұрақты сөз тіркесіне айналған афоризмдері де қамтылған. Мектеп оқушыларына әдебиеттанушы ғалымның шығармашылығымен қатар өмір белестері жөнінде толық мағлұмат берумен бірге, отбасылық өмірінен де деректер келтірілген. Мәселен, ақынның жақын адамдары туралы айта келіп, Зайыбы – Заида, немересі – Жібек екенін оқушылардың естеріне салады. Мұның өзі ұстазымыздың екінші өмірі ғұмырлы боларының
бастауы тәрізді. Қызылордадан ала келген диплом жұмысты 2013 жылдың
24 маусымында өткен «Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақ
КСР оқу ісінің үздігі, Қазақстан
Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсариннің «Төс белгісі» иегері, Университеттің құрметті қызметкері Серік Мақпырұлының шығармашылығына арналған «Профессор Серік Мақпырұлы шығармашылығы және қазақ әдебиетін жоғары оқу орнында оқыту мәселелері» атты Республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда» көптің көзінше Заида апама табыстадым.

Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген аталы сөз бар. Серік Мақпырұлы жақсы адам, үлкен ғалым болды. Біз ол кісіні біліміне қарап докторлармен қатар санайтынбыз. Себебі ұстазымыздың білімі мен беделі кез-келген докторларымыздан кем емес еді. Білімімен мыңды жыққан ағамызды ғалымдар қауымы түгелімен сыйлап, төрден орын берді. Дардай атағы мен қызметі болмаса да, абыройы зор ағамыздың артында өлмейтін мұра қалғаны қуантады.

Гүлжаһан ОРДА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының

бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымының докторы

1841 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы