• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

АХАҢНЫҢ «ӘЛІППЕСІ» – АЛАШ РУХАНИЯТЫНЫҢ УЫЗЫ

Ахмет Байтұрсынұлына бағышталып, сонау 1923 жылы М.Әуезовтің аузымен айтылған «Алаштың рухани көсемі» атты дөп табылған анықтама-теңеу бүгінде арада ғасырлық уақыт-шама өтсе де, ешкім күмәнданбайтын аксиомаға айналып отыр. 
Ұлттық азаттықты ту еткен Алаш қозғалысының алыс арманындағы стратегиялық мақсаты – жеке отау ұлттық мемлекет құру болғаны сөзсіз. Десек те, алдымен қалың ұйқыдағы қазақты оятар рухани-мәдени төңкеріс қажет болды. Алаш белсенділерін алғаш ұйыстырған Қарқаралы жәрмеңкесіндегі басқосуда саяси талаптардан гөрі ұлттың рухани-мәдени сұраныстары (қазақ мектебі, қазақша сот, қазақ газеті т.с.с.) мәселесінің басымдығы да осында жатқан еді. Қазақ қоғамына қарулы көтерілістен бұрын қаламға сүйенген рухани-мәдени төңкеріс қажеттілігі біз әлі күнге тергеп-тексеріп түгесе алмай жатқан Алаш (жәдитшіл) ағартушылығы феноменін дүниеге әкелді. 

Алаштың ағартушылық платформасын айқын жолға қою үшін
ІІ Жалпықазақ съезі Ахаң бастаған, Міржақып пен Мағжан, Елдос пен
Телжан мүшесі болған «Оқулық комиссиясын» құрды. Бұл аласапыранды 1917 жылдың соңғы күндері болатын. 1919 жылы алғашқы большевиктік қазақ үкіметі – Кирревком құрылғанда, В.Ленин мен И.Сталиннің өзі төрағаның бірінші орынбасарлығына А.Байтұрсынұлын таңдап, оның мойнына бүгінгі Қазақстанның жартысын алып жатқан аумақтағы жұртшылықтың барша рухани-мәдени және әлеуметтік мәселелерін шешу жүгін артты. Ал алғашқы кеңестік үкімет 1920 жылдың күзінде
өз министрлер кабинетін жасақтаған кезде Ахаң алғашқы Оқу-ағарту комиссары (1946 жылға дейінгі министрлер) портфелін иеленді.

 Бұл көпке белгілі жайттарды тағы бір тәптіштеп жатуымыз тегін емес. «Тарих – қайталататын процесс» деген қағидаға сүйенсек, 1990 жылғы Егемендік Декларациясындағы, 1993 жылғы Конституциямыздағы, өкінішке қарай, кейінгі Ата Заңдары­мыздағы жойылып кеткен «ұлттық мемлекет құру» қағидасы (концепциясы) қай кезде де өткір қойылған. Бұл, әсіресе, ХХ ғасыр басында күн тәртібіндегі нөмірі бірінші, не бар болу, не жоқ болу мәселесі-тұғын.

Осы орайда «бұл қырық қатпарлы
саяси өзгерістерге Ахаң түзген «Әліппе» кітабының қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындайды. Кеңес заманында жиі-жиі қайталанатын «1917 жылға дейін қазақ ұлтының 2 пайызы ғана сауатты болды» деген пікір-дәйексөзге баршамыз намыстанушы едік. Бұл есеп-қисапта қазақша-мұсылманша хат танитындар есепке алынбаған деп өкпеледік. Ал 1920 жылдардағы ресми құжаттардан, статистикалық есептерден қалың қазақтың 5-ақ пайызы сауатты деген мәліметті көзбен көріп, қолмен ұстап отырмыз. Қалай болғанда да,
1930 –1940 жылдарға дейін көптің хат тануы, жалпыхалықтық сауаттылық, әр адамды қамтитын оқу-ағарту мен білім беру жүйесін қалыптастыру – қазақ үшін ең өзекті мәселе болып қала берген еді.

 1905 жылғы Ресей империясындағы төңкерісті өзгерістерден кейін тарихи сахнаға шыға бастаған қазақ оқығандары Алаш жұртын оятудың, тұтастырудың, соңдарынан ертудің қамына кірісті. 1917 жылы кіндігі кесілген «Алаш» қоғамдық-саяси партиясы арадағы дүбірлі уақытта  бір мүшел «ағартушылық кезеңді» бастан өткерді. «Жәдитшілдер» (жаңашылдар) қозғалысы аталатын бұл рухани-мәдени реформаның бастауында ұлттың ұлы ұстазы ­Ахмет Байтұрсынұлы, оның алғашқы «Әліппесі» тұрған болатын.

Мыңдаған жылдық даму тарихы бар қазақ көші де көппен бірге ХХ ғасырға ілікті. Алып империямен қарулы қақтығысқа барған Кенесары, Сырым, Исатай-Махамбет замандары түгесіліп, енді оқу-білімге, ғылым жетістіктеріне сүйенетін адамзаттың жаңа дәуірі, жаңа заман келіп жетті. Дәстүрлі көшпелі тірлік кешкен қазақ қауымы қоғамдық-саяси тұрғыдан да, рухани-мәдени жағынан да тығырыққа тірелді. Әлемдік қауымдастықтың көш-керуенінен сырт қалмау үшін барша Алаш баласын біріктіретін, жұдырықтай жұмылдыратын ортақ ұран, жалпыұлттық бірлік идеясы қажет болды. Міне, осылайша дәуір талабы, замана өзгерісі алты Алаш баласын бір қазанда қайнатып, тұтас ұлт ретінде ұйыстыратын, қалың қазақты өркениетке сүйрейтін ӘДЕБИ ТІЛІНЕ қажеттілік туғызды. (Өкінішке қарай, ХХІ ғасырда да ТІЛ мәселесі күн тәртібінен түспей тұр).

Жалпыұлттық әдеби тілдің басты белгісі – жазу-сызу, халықтық жаппай сауаттылық, оның қалың көпшілікке қолжетімділігі. Жазу-сызудың басты шарты – ӘЛІПБИ, әліпби болғанда да қалың көпшілікке қолжетімді және барша жұртшылық мойындаған әліпби. (Тағы да бүгінгі күнмен,ХХІ ғасырмен салыстырыңыз).

1929 жылы Мәскеуде басылған 
«Литературная энциклопедия» кітабының 1-ші томының 21-22 -беттері.

ХХ ғасырдың басында қазақ тұтынған әліпбилердің арасында текетірес күшейіп, бұл рухани-мәдени феномен де үлкен тоқырау үстінде-тұғын. Әліпбиге кіндігі байланған оқу-тоқудың нәтижесінде қазақ екіге айырылды: ескіше оқығандар («қадимшілер») және орысша оқығандар. (Бүгінгі «қазақтілділер» мен «орыстілділер» іспетті). Мың­даған жылдар қолданыста болған, кіндігі ислам дінімен (қасиетті
«Құ­ранмен») байланысқан ескі жазу мен бір ғасыр бойы орыс миссионерлері тықпалап келген орыс жазуы (оқу-тоқуы) арасындағы текетірес үнемі итжығысқа түсіп жатты. Өйткені ха­лықтың, қазақтың таңдауы болмады және көпшілік қауым дін мен ділден алшақтататын орыс оқу-тоқуы, жазу-сызуын қабылдағысы келмеді. Ал патшалық билік қашанда қазақты діннен де, тілден де айырып, қол астындағы пенделерін ормандай орысқа сіңіріп алуды мақсұт тұтты... Және бұл тек қазақтың басындағы ауыр жағдай, қасірет емес еді, күллі Ресей империясының қол астындағы жүздеген ұлт-сойлардың апатты трагедиясы-тұғын.

Рухани-мәдени жағынан қан­дастарынан көш ілгері тұрған татар оқымыстылары, Қырым татарларының ұлы перзенті ағартушы Исмағұл ­Гаспринскийлер қарап жатпай, дамудың жаңа жолын іздеді, осылайша
Ресей патшалығында «жәдидшілдер» қозғалысы пайда болды. Осы жәдидтік (жаңашыл) қозғалыстың дүмпуімен қазақ көгінде жаңа жұлдыз, темірқазық оңынан туды. Ол – қазақтың тұңғыш төл «Әліппе» кітабы еді (Байтұрсынұлы А. Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші кітап. Орынбор, 1912. – 40 бет). Ахаңның «Әліппесі» жүз мыңдаған таралыммен 12 рет басылды, осы жазу үлгісімен Алаш қозғалысына бастау-көз, «Алаш» партиясына ұйытқы болған «Қазақ» газеті (1913–18) шығып тұрды. Осы әліппенің ізімен үш бөліктен тұратын қазақ тілінің тұңғыш грамматика оқулығы «Тіл – құрал» (Дыбыс/Фонетика, Сөз/Морфология және Сөйлем/Синтаксис) дүниеге келді. Қазақ рухани-мәдени өмірінде ұлық төңкеріс жасаған «Әліппе» кітабының дүниеге келуінің жай-жапсары, оның тарихи маңызы мен ғылыми жаңашылдығы туралы том-том зерттеу жазуға болады. Әзірше сөзімізді қысқа қайырып, түйіндемекпіз. Сонымен:

– Ахмет Байтұрсынұлы 15 жыл (1895–1910) ауыл мектептерінде бала оқытты; сол кездегі педагогикалық қиындықтар (төл оқулық пен жосықты бағдарламаның болмауы, оқу-тоқудың колониалдық және миссионерлік сипаты т.б.) оны ағартушылық бағытқа алып келді. 

– Жаңашыл ұстаз жаңа жол-соқпақ іздеді. Ескішіл қадимді де, жаңа кирилл (орыс) әліпбиін де қолдамады. Ортадан ойып тұрып, тың «жол» салды:  дәстүрлі араб жазулы әліпбиді қазақ тіліне бейімдеп реформалады; «дәйекші» белгісін ойлап тапты; қазақтың төл әліпбиін жасақтауға талпынды.

– Жаңа қазақ әдеби тіліне негіз болған төл «Әліппе» дүниеге келді. Барлық нәрсе, өзгеріс әуелі «Әліппеден» басталып, әліпбиге (алфавит) ұласатыны белгілі.

– Жаңа қазақ әліпбиі (жалпы тіл білімінде «Байтұрсынов әліп­биі» атанған) жазу-сызуымызды жеңілдетіп, жүйелеп, жалпыхалықтық сипатқа ие болды .   

– Жазу-сызуымыз демократияланып, рухани-мәдени төңкеріске ұласты;

– Жаңа әдеби тіл қалыптасып, ол жалпыұлттық Алаш қозғалысына негіз болды.

 Ұлттың тілі – ұлттың жаны. Ұлттың тілі төрге шықпай – ұлттық мемлекет құрылмайды. Ғасырлық тәжірибе (ХХ ғасырдың басы мен ХХІ ғ.) осы тұжырымымызға айқын дәлел.

Ғарифолла  ӘНЕС, 

профессор

1826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы