• Тіл
  • 03 Қараша, 2022

ҚАЗАҚ ТІЛІ «ТІЛДЕР ИЕРАРХИЯСЫНЫҢ» ЖҮЗДІГІНЕН ШЫҒЫП КЕТУІ МҮМКІН БЕ?

Камшат ТАСБОЛАТ

Бүгін әлемде 5000-7000-ға жуық тіл бар. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын өлі тілдер қатары көбейіп жатыр. Қазақ тілінің әлемдік және мемлекеттік деңгейде жай-күйі қандай? 

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК  РЕЙТИНГТЕ НЕШІНШІМІЗ?

 Қазір әлемде мойындалған 200-ге таяу мемлекет бар. Бір өкініштісі, осыдан 10-12 жыл бұрын әлемдегі кеңінен қолданылатын тілдердің жүздігінде шамамен 70-орында болған қазақ тілі кейбір рейтингтерде 89 орынға сырғыған. Керісінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңінен дамуы тиіс тіл неге мұндай күйге түскен?! Халықаралық зерттеулер қаншалықты бейтарап? Мұндай кері кету үрдісі орыс тіліне де тән. Сарапшылардың «алдағы уақытта орыс тілінің орнын әлемдік рейтингтерде түрік тілі басады» деген болжамы бекер емес. Жалпы жүздікке төрт түркі тілі кіреді: әлемдік тілдерді зерттейтін Еthnologue анықтамалығының дерегіне сенсек, бұл жүздікте түрік тілі – 20 орында, өзбек тілі – 54 орында, әзербайжан тілі – 82 орында, қазақ тілі – 89 орында. Бір қызығы, әлемдік рейтингте қазақ тілін қолданушылар саны 12 934 060 адам, яғни «native speakers» ретінде көрсетілген. Ал Әзербайжанның халық санағы бойынша, елде 10 млн аса адам тұрады, ал тілді қолданушылар саны 13 813 750 деп көрсетілген. Яғни сырттағы әзербайжандарды да санаған. Енді қараңыз, 2009 жылғы әлемдік зерттеулерде қазақ тілін білетіндер саны 17,8 млн адам деп көрсетіліп, онда Қазақстаннан бөлек, Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда тұратын қазақ саны ескерілген. Әлбетте әр елдің өз саясаты бар. Бұл тұрғыдан Ресей мен Қытайда тұратын қазақтардың статистикалық көрсеткіштері бұрмаланады деп талай жазылды. Өкінішке қарай, бауырлас елдерде де мұндай үрдіс жоқ емес. Тіпті мемлекеттік саясатқа сәйкес, ұлтын өзбек деп көрсетуге мәжбүр болған қандастарымыз қаншама?! Неге америкалық зерттеушілер соңғы статистикалық мәліметке сырттағы қазақ санын кіргізбеген? Жалпы Қазақстан үкіметі сырттағы қазақтың санын біле ме? Бұл да бөлек зерттеуді талап ететін тақырып.

 

 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

 Әрине, билік те, қоғам белсенділері де «Қазақстан дербес мемлекет болғалы тілдің ахуалы әлдеқайда жақсарды» дейді. Шынтуайтында, басқа посткеңестік елдерге қарағанда, Қазақстанда орыс тілінің бұрынғы империя тілі ретіндегі ықпалы әлі де жоғары әрі оның іс жүзінде іс-қағаз, саясат, бизнес тілі боп отырғаны жасырын емес. Жақында қоғамда үлкен резонанс туғызған «Мухоряпов дауы» да тілдің қаншалықты ауыр да өзекті тақырып екенін көрсетті. Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде «Қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам» деген еді. Яғни мемлекет, үкімет үшін елдегі 20 млн халықты қазақша сөйлету – уақыт күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Ал қолданушылары 20 миллионға жеткен тілдер жоғарыдағы рейтингтің Топ-жетпістігінде жүр. Соңғы санақ қазақстандықтардың 80 пайызының мемлекеттік тілді меңгергенін аңғартты. Мемлекеттік тілді меңгермеген адам саны –
3 426 306 адам, оның ішінде орыс диаспорасының қатарында
2 млн 113 мың адам тілді меңгермесе, 708 мыңнан астамы қазақша сөйлейтінін жеткізіпті. Бірақ күнделікті қазақ тілін 262 мың орыс қана қолданады екен. Сол сияқты қазақтың 11 млн 861 мыңнан астамы тіл білсе, 45 мыңнан астамы ана тілін білмейтінін ұят болса да мойындаған, бірақ 7 млн 550 мың қазақ азаматы тілді күнделікті қолданады.

 

 ТІЛДІҢ ЖАҒДАЙЫН ҚАЛАЙ ЖАҚСАРТА АЛАМЫЗ?

 Біздің Президент, Үкімет, Парламентке ұсынысымыз, мемлекеттік тілдің Қазақстан мен жалпы әлемдік рейтингтердегі жай-күйін жақсарту үшін қазақ тілін қолдайтын халықаралық ұйым қажет-ақ. Мәселен, Францияның Франкофония ұйымы, Түркияның Юнус Эмре институты, Германияның Гете институты және тағы басқа тілді дамытудың, мәдени байланыстарды тереңдетудің ең айшықты мысалдары боп саналады. Неге қазақ тілін әсіресе қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерде көбірек насихаттамасқа? Байқауымызша, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың тыңдармандары мен фанаттары қазақ тілін интернет арқылы үйреніп жатыр. Неге осы үрдісті барынша қолдамасқа?

Жалпы, қазақ тілін дамытқымыз келсе, ең алдымен, заман ағымынан қалмай, интернетте мемлекеттік тілдегі контентті барынша көбейтуіміз керек. Әрине, қазір ғаламтордағы контенттің 51 пайызы ағылшын тілінде таралады. Бұл көрсеткішке тіпті 1,5 млрд халқы бар Қытай елі де жете алмай отыр. Ең қызығы, интернеттің тіліне келгенде көп нәрсе халық санына, яғни қолданушылар ауқымына да байланысты емес сияқты. Олай дейтініміз, мемлекеттік саясаттың арқасында әлі де халық саны
3 млн адамға жете қоймаған Литва мен 1,3 млн адам тұратын Эстония өз тілдерінде интернет контентін жасауда әлдеқайда алда екен. Бұл аталған елдердегі әу бастан қолға алынған ұлттық жаңару, мемлекеттік тілдерге басымдық беру, империя тілінен арылу, отарсыздану саясатының жемісі болса керек. Құдайға шүкір, қазір қазақ тілінде сапалы контент қалыптасып жатыр. Десе де, бұл салада энтузиастар көп, ал монетизация жағы әлі де өзекті. Сондықтан мемлекеттік тілдегі интернет жобаларына өкіметтік, қоғамдық, азаматтық қолдау қажет. Жалпы қазақ халқының демографиялық өсімінің арқасында қазақша интернет жобаларына сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Содан болар, әдетте орысша блог, влог жүргізіп келген инста-жұлдыздар мен жалпы блогерлер,
журналистер парақшаларын қазақша жобалармен толтырып-ақ жатыр. Бұл да күнкөрістің қамы, уақыт талабымен санасу.

Тереңіне үңілсек, қазір бала тілі – ана тілінде емес, интернет тілінде шығып жатыр. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен балаларға арналған сапалы жобалар жасау үлкен міндет.

1315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы