• Руханият
  • 09 Қараша, 2022

КЛАССИКПЕН КЕЗДЕСКЕН ҚИМАС СӘТТЕР

Уақытты уысынан шығармай, мүмкіндігінше өз пайдасына жарата білген классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов көзінің тірісінде көп адамды іздей бермейтін. Қажет-ау десе, өзі іздеп табатын. Сондықтан күллі ел мойындаған қаламгерге қолымыздан анау айтқандай жәрдеміміз тимесе де, ең құрыса шығармашылығына кедергі жасамайық деп сырттап жүретінбіз. Өмір ғой, анда-санда сол сирек кездесудің де орайы келе қалады. Айтатыны – «Айналайын!..» Соңғы демі үзілер сәтте хал-жағдайын сұрауға барған Сәкеңе, Смағұл Елубайға тілі келмесе де көз жанарымен ымдап, «бұл «айналайынды» халқыма арнадым» дегені де бекер емес-ті.
Әбекеңнің шығармашылығы, «ар ісіне» адалдығы, ханнан да, қарадан да қаймықпай пікірін ашық айтатын батылдығы, туған әдебиетін мойны озық әлем әдебиеті деңгейіне көтерудегі жанқиярлық еңбегі, данадай дарқан ақ көңілі, кейде кез келген нәрсеге сене қалатын баладай аңқаулығы, ал жазуға келгенде, әрбір қазақ сөзінің салмақ-дәрежесін таразыға салып, безбендеуге келгенде әлгі жайма-шуақ мінездерді аяқ асты ұмытып, сұрланып, «суырылмайтын шегедей» қатып қалатын... Ә.Нұрпейісов жайлы кешегі «алыптар тобы» көрнекті өкілдерінің аузынан шыққан ыстық лебіздерін, замандастары, құрдастарындай әзілдесетін, еркелейтін бүгінгі жер басып аман жүрген үзеңгілес інілерінің қағазға түскен жазбаларын жинағанда неше том боларын кім білсін.
Асыл ағамен қатар отырып, аз-кем сұхбаттасқанның өзі айтары жоқ, есіңде ұзақ сақталар қымбат қазынаға айналғандығын енді ғана аңғарып жүргендейміз. Жарқын бейнесі жиі-жиі түске кіреді. Сағынасың. Сол сағыныштан туған толғаныстың бір парасы осы...

 

Өзек өртейтін өкініш

Жұрт Әбекеңді сараң дейді. Бұл негізі құрдастарының әсіресе, Қалағаң, Қалтай Мұхамеджановтың әзілдері арқылы елге жайылған «жағымды образ». Ал жазушының кең жайылған дастарқанынан дәм татқан кісі сірә, бұлай демес еді. Өзіміздікілерді былай қойғанда, шетелдік қаламгерлердің де осы киелі шаңырақтан ықылық атып шыққандығына талай мәрте куә болғанымыз бар.
Жазушының ұзақ жыл отасқан асыл жары, мағыналы өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөліскен Ажар Керешқызы елімізге белгілі химия саласының білгір маманы бола тұра, үйге келген пендені дәм татырмай жіберген емес. Әрі әдебиеттің де арғы-бергі тарихынан хабары мол.
– Апа, өзіңіз сырқаттанып жүріп, осынша тағамды қалай дайындағансыз? – дейміз шын ниетті ризашылық көңілмен. Әлдебір газетті көзәйнексіз оқып отырған Әбекең бізге қарап әнтек жымияды: – Сен бала, бір жағына шықсаңшы, мені аға дейсің, мақұл, ал Ажарды апа дейсің. Бір жағына көшсеңші!..
О кісінің бұл бұйымтайы бәрібір орындалмады. Жолы ғой дегенмен, анаңнан жасы үлкен адамды «жеңге» деуге аузы құрығыр икемге келмей-ақ қойды. Жатқан жері жайлы болғай апамыздың!
Сәлем бере барғанда Әбекеңнің алдымен сұрайтыны және бұл сұрақтың қанша мәрте қайталанғандығын кім білсін: – Қалайсыңдар?! Әнес қалай, Төлен, Қажығали қалай? Әнес пен Қажығалиға басым ауырмайды. Екеуінің әйелдері иненің көзінен өтетін пысық. Күйеулерін аш қалдырмайды. Төленнің бәйбішесі көргені мол жақсы адам. Қолынан талай дәм татқам. Көптен сырқат. Жаныма сонысы батады.
Ас үйден соң жұмыс кабинетіне жетелеп апарады. Қос қабырға толы кітап. Шетел, орыс әдебиетінің небір жауһарлары осы жерде. Әдеттегідей жазу үстелінде қобырап небір қолжазбалар жатады. Содан бізге оқып бермекші болған соңғы жазғандарын таба алмай, біраз әуреге түседі. Жазушының қашаннан қанына сіңген әдет; орайы келсе жаңа қолжазбаның ерекше екпін түсіретін тұсына жеткенде қоңыр дауысын сәл көтеріп, арасында «сен көңіл қойып тыңдап отырсың ба?» дегендей бізге бір қарап қойып, сахнадағы әртісше әр сөйлемді нәшіне келтіре оқып бергенді жақсы көреді. Одан өзі де рақат табатындай. Ондайда ыңғайланып отырайыншы деп, қозғалақтағандығыңды да ұнатпайды. Жасының жүзге жеткендігіне қарамай, шаршамастан ұзақ оқиды. Арасындағы үзіліс жалғасы жазылған қағазды таба алмағандықтан туындайды. Қиқы-жиқы парақтар, бірақ жазу дегеніңіз маржандай. Өзі айтатын: «Төрт жыл соғыстым, бір неміске оқ атқаным есімде жоқ. Көбіне окопта писарь болдым...» Ал қағазды үнемдеуі де біраз жайды ойға оралтады. Соғыстан әскер киімін шешпестен оқушы дәптеріне жазылған он екі беттік «романын» қолтықтап Алматыға келуі; одан Жазушылар үйін іздеуі; вокзалда түнеп жүрген болашақ жазушыны бірнеше күн үйіне апарып қондырған Сәбит Мұқановтың әкелік қамқорлығын Нұрпейісовтың әркез айтып та, жазып та жүргендігі көзі қарақты оқырманға баяғыдан белгілі. Оқушы дәптеріндегі сол «романын» бастан-аяқ қайта жазу үшін Аралға жол тартқан Нұрпейісовке С.Мұқановтың аудан басшыларына «мына жігітке керегінше қағаз тауып беріп, жәрдемдесіңдер» деп хат жазатыны бар еді ғой. Бұл естелік те жұрттың жадында. Басына келген тосын ойды ұмытып қалмас үшін кез келген параққа түрте салу содан қалған дағды ма дейсің.
– Сендерге түсінбеймін, – деді Әбекең сәл тыныстаған соң: – Анау Қажығали да солай, үнемі сүрнігіп асығады да жүреді. Әдебиет төңірегіндегі әңгіме бір-екі сағатта түгесіле ме. Біз де жас болдық. Бірақ мәселе әдебиетке тірелгенде асықпай, түннің бір уағына дейін тапжылмайтыбыз. Ал сендер иненің ұшында отырғандай, бір жерде байыз тауып отыра алмайсыңдар... Былай болсын, сен бүгін осында қон. Осы бөлмеге төсек салғызып беремін.
– Аға-ау, туған құдам ағайындарын шақырып, қашан келеді деп мені асыға тосып отыр ғой.
– Ертең барарсың, бүгін осында бол.
Сыртқа шықтық. Немерелерімен ойнады. Көңілі біраз сергіді. Менің әлсін-әлі сағатқа қарай бергенімді жақтырмады: – Маған берген кітабың­ның әр жер, әр жерін үзіп-үзіп оқыдым. Өзіңе таныс тақырып болған соң, біраз көсілген екенсің. Бірақ кітаптың мұқабасы ұнамады. Алабажақ. Қадағаламағансың ғой шамасы...
– Сол кітапты мемсыйлыққа ұсынсам деген ойым бар.
– Оны бағыңнан көрерсің. Мен ондайға араласпаймын. Алсаң жақсы, алмасаң, оған бола күйгелектенбе. Асықпа, орайы келеді. Баяғыда Тахауидың «сыйлық ала алмадым» деп ауырып қалғаны бар. Әдебиет, өнер деген күрес, үлкен күрес. Байқаймын, сенің бойыңда күрескерлік қасиет шамалы. Сыпайы, мәдениетті болған жақсы, бірақ реті келгенде, күресе білген одан да жақсы.
Күн батар-батпаста менің тыпырши бастағанымды сезген Әбекең көп ұстаудың қажетсіздігін түсінді. Өмірде сабақ боларлық кейбір құндылықтарды пендешілік мінезге салып, ойланбастан, оп-оңай айырбастап жіберетін сорлылығымыз-ай! Сол түні классиктің үйінде түнегенімде ел білмейтін талай керемет оқиғалардың куәсі болатыным анық еді. Әттең! Енді бармақ тістегеннің қажеті қанша?!

Соңынан басына қарай жазылған дилогия

Арал қаласында, туған жерінде жазушыға арналған әдемі мұражай бар. Оны кезінде Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысында әкім боп тұрған кезінде салдырған-ды. Теңіз жағалауына алыс-жақыннан келгендердің алдымен маңдай тірейтін киелі «қағбасы». Ішке кірсеңіз, қаламгердің ұзақ ғұмырнамасынан толықтай мағлұмат аласыз. Жоқ, айтпағымыз бұл емес, қол созым жердегі «Соңғы парыз» кейіпкерлеріне арнап қойылған түр-түсі бөлектеу, ерекше ескерткіш еріксіз көз тартады. Бір тылсым күш магнитше тапжылдырмай, олай-былай қозғалуға шамаңды келтірмей,сол жерде біразға дейін ұстап тұрады. «... Мөлт етіп омырауға тамған екі түйір сол бойда мөлдіреп мұз моншаққа айналды. Бірақ оны әйел сезген де, білген де жоқ. Еріні жыбырлап: «Ұш, пақыр» – деді; Берекесі кеткен дүниенің тағы бір қарлы қара дауылын басынан өткізіп, енді, әне, шығыстан қызарып атып келе жатқан жарық дүниенің жаршысындай ұйқысынан жаңа оянып жатқан адамдарға жет!» – деді; «желтоқсанның тағы бір қарлы қара дауылында бұлар бастан кешкен кешегі бар-бар шындықтың түгін қалдырмай, түгел айт!» – деді. «Шырылда!» – деді. «Дүниеде ештеңеге тұлға болмасаң да, бірақ сен аман бол!» – деді. «Шырылда!» – деді. – Шырылда! Шырылда, байғұс!»
Шығарма осылай аяқталады. Бәкизат адам төзгісіз талай азапты бастап кешіп, жаңа ғана демі үзілген күйеуі Жәдігердің суықтан паналап кеудесіне тығылған бір шұқым торғайды өлтірмей, шығыстан атып келе жатқан таң нұрына үсік шалған жүзін бұрып, болашақтан үміт үзбей аспанға ұшырып жібереді. Осы аккорд, осы көрініс қапелімде қалайша тас мүсінге айналып, қалайша көз алдыңда тұра қалады десеңші?! Бұл тұрғыдағы мүсіншінің шеберлігінде шек жоқ. (Сәулетші К.Байғазиев). Осы тарауды өз басым бәлкім, жүз мәрте оқыған шығармын. Қағаздан жатырқап, қолың жүрмей қалған шақта демеп жіберетін тосын күш. Қалай ойластырылған және жан тебірентерлік толғаныстың әсері қандай! Әдебиеттегі әдіс-тәсіл­дерді шемішкеше шағатын әлемдік масштабтағы сөз зергерлері осы шешім қалай табылған деп, әлі күнге дейін таңданыстарын жасырмайды.
– Соңғы тарау алдымен жазылды, – дейді Әбекең. Әрине, оның да мың-сан рет шимайланғандығын ішіміз сезеді. Жазушыны аздап шаршатқан – дилогияның атауы. «Сең», «Соңғы парыз», «И был день...», «И была ночь...» – Көпке дейін «И»-дің иінін келтіре алмадым. «Бір күн...», «Бір түн...» Тым шолақ. Жүрекке түспейді. Жақын жүрген жігіттерге «ойланыңдаршы» деп қолқа салдым. Бір күні айналайын Әбіш звандады. «Шал, жазып ал: «Осындай да күн болған...», «Осындай да түн болған...» Көңіліме бірден қона кетті. Айналайын Әбіш тапқыр ғой, тапқыр!.. Давид Кугультинов: «Соңғы тараудың әсерінен бір жеті ұйықтай алмай жүрдім» деді. Өтірік айтса өзіне.
Қайдан өтірік айтсын. Қаламгерді әб­ден «азапқа салған» және алдымен қағаз­ға түскен соңғы тарау қайтіп оңай оқылсын. 

Имаштың «балелшігі» 

Таныс қоңырау: – Келіп кетсеңші. Өзің білетін сол палата. Қашан келесің, кешікпе...
Сол сағатында жетіп барғанбыз. Әбекеңнің төсегі бос. Медбикелер де бір құпияны жасыратын тәрізді: – Тысқа шығып, таза ауа жұтып жүрген болар. – Аурухана ауласын арлы-берлі кезгілейміз. Жоқ. – Бір айналып соқсаңызшы! – дейді қартаң дәрігер. Қайда кеткендігін білсе де айта алмайды, себебі аурухана ережесін сақтамаған өздері кінәлі. Бірер сағат кәкір-шүкір шаруаны күйттегенсіп, таныс палатаға қайта келгенбіз. Өлі тыныштық. Кетіп қалайын десең, үлкен кісіге уәде берген соң ыңғайсыз. Қойшы әйтеуір, күн бата Әбекең шаршап-шалдығып төбе көрсетті-ау: – Көп күттің бе?
– Төрт-бес сағаттың шамасы.
– Дүкен араладым. Сен таңғалма. Ертең ауруханадан шығып, Алматыға жүремін. Қос немерем алдымнан шығып, «атам бізге не әкелді?» деп қолыма қарайды ғой. Осындағы бір қызды ертіп алдым да, балаларға базарлық іздедім. Әзер таптым. Өзімнің де сілікпем шықты.
– Ақшасын беріп, размерін айтып, сол қызды-ақ жұмсамадыңыз ба? Сізден гөрі оған солар икемді ғой.
– Бәли, ондай ақылыңды қалтаңа салып қой. Көзім тірі тұрғанда немерелеріме сыйлықты өзім таңдап аламын.
Үлкендердің қай-қайсысы болмасын, «немерелері үшін жан беруге қайлы ғой». Десе де, жазушының немерелеріне деген сүйіспеншілігі ерекше. Жазудан жалыққан сәтте сол немерелерімен алданып, солармен бірге рақатқа кенеледі. Және одан шаршамайды. «Менің ендігі алданышым осы екеуі...» деп өзі де талай айтқан.
Тағы да таныс дауыс: – Астанадамын. Жаңа ғана жігіттер әкеліп «Аққуға»­­ ­орналастырып кетті. Осы қонақ үй шағын, жүріп-тұруыма ыңғайлы. Соғып кет...(Уақытың, мүмкіндігің бола ма демейді. Әлде бізге еркелейді).
– Осы жолғы келісімнің мәнін түсін­дірейін. Биліктегілердің ешқайсысымен хабар­ласпаймын, оларға жоламаймын,– деді біз бөлмесіне кірер-кірместен. Тым көңілді. Біздің бас-аяғымызға да мерейлене қарады: – Имашты білесің ғой, сол Имашжанға «балелшік» болып келдім. Ойбой, ол әтәңәлеттің кімге тартып, кімнен үйреніп жүргенін қайдам, біздің тұқымда жоқ кәсіп. Хоккейші. Хоккей десе, ішкен асын жерге қояды. Және удары қандай, тура кісі жығады! Осы спортқа кішкентайынан бауыр басты. Біз де «қой» дегеніміз жоқ. Сөйтсем, хоккейі тамаша спорт түрі екен ғой. Коньки тепкенде жұлдыздай ағады. Бойы да, ойы да өсіп қалды. Үлкен адам секілді сөздері де салмақты. Имаш ертең осындағы атақты стадионда Қытайдан келген оқушылар командасымен кездеседі. Жарыс қой кәдімгі. Дауысым жеткенше қиқулап отырамын-дағы. Имашқа ол да демеу. Соған «балелшік» боламыз деп, үй-ішімізбен көшіп келдік Астанаға. Олар стадионға жақын қонақүйге орналасты...
Әдебиет, жазған-сызғандары туралы ләм-мим ауыз ашқан жоқ. Тағы да Имаш: – Байқадың ба, байқамадың ба, Алматыдағы үйдің ауласына сол үшін ойын алаңын ашып қойдық. Көбіне сонда жаттығады. Удары сұмдық. Тиген жерін ойып түседі. Ертеңгі жарыста да көзге түсеріне сенімім мол. Қытайлар да осал емес көрінеді. Бірақ Имашқа үлкен үміт артамын.
Немересі жайлы хикаяның жуық маңда аяқталар түрі байқалмайды. Астананың ауа-райы, мұндағы әдеби ахуал, қаламгерлердің көңіл-күйлері туралы сұрақ-жауап шорт үзіледі де, араға кимелеп Имашжан кіреді де кетеді: – Шайбасы түскірді бұрын қолыма ұстап көрмеппін. Тастай пәле ғой өзі. Ол рабайда көзге, бетке тисе не болмақ. Сондықтан Имашқа қайда болмасын, шлемді тастама деп ақыл айтамын. Бірер мәрте өзі де оңбай «таяқ жеді».
– Дұрыс, – деймін самарқау. – Өстіп бостан-бос жата бересіз бе?
– Қайдағы бос жатқан. Мұқан Иманжанов, Жұмабай Тәшенов, Иманғали Тасмағамбетов жайлы жазғандарымды бастан-аяқ қайта қарадым. Кей тұстарын қысқартып, кей тұстарына тың деректер қостым. Енді бір жобаға келген секілді. «Өле-өлгенше қаламнан қол үзгізе көрме» деп Құдайдан соны тілеп жалбарынамын. Біздің өмір санаулы ғой. Әлі де бітпеген шаруа шашетектен.
– «Аққудың» асын біраз іштіңіз ғой, үйге, шайға жүрсеңізші.
– Шай ішуге болар. Бірақ келінге мынаны ескерт. Аста-төк дастарқанға әуре болмасын. Оны бәрібір жемеймін. Маған жаңа піскен бауырсақ, қуырылған екі кеспе балық, сосын шығымды шай... Бітті.
Не құдіретінің барын қайдам, Әбекең отырған сол үстелге жиі құйрық қойғым келеді де тұрады.

 «Проблемалық мақала жаз...»

«... Еламан мен Жәдігер бір-бірімен үндесіп жатады. Олардың бойына қазақтың көнтерілігі, туған жеріне сүйіспеншілігі, перзенттік парызға адалдығы – адамның бойында соңғы демі таусылғанға дейін болуға тиісті қасиеттер сіңірілген. Мен өзімнің туған Аралымның трагедиясына қарсы тұруға қауқарсызбын...» Сахнадан, не әлдебір мінбелерден бой көрсете бермейтін Нұрпейісов бұл сөздерді қайда, қашан айтты дейсіз ғой. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» ана жылы меценат ­Исламбек Салжановтың «Алтын қыран» қоры арқылы ағылшын тілінде Америкада басылып шықты ғой. Сонда оқырмандармен кездесу болған-ды. Мұны айтып отырған Америкада Әбекеңмен бірге жүрген орыс әдебиетінің белгілі зерттеушісі және жазушы жайлы «Небо в чашечке цветка» атты кітап жазған Николай Анастасьев. Сұхбат алған – Сауытбек Абдрахманов. 
Сол «Арал трагедиясына қарсы тұруға қауқарсыз» кісі реті келіп кездесе қалғанда сұрайтыны, тек теңіздің қазіргі ахуалы. Ұлы теңіздің әлдеқашан келмеске кеткені белгілі. Ендігі көңілге үміт ұялататын жалғыз алданыш – Кіші Арал. Сырдарияның өзімізге тиесілі суын үнемдеп, Көкарал бөгетін тұрғызып, баяғы теңіз ұлтанын толтыруға тырысқанбыз. Жағалаудағы ел азды-көпті несібесін Кіші теңізден айыра бастады. Жасанды теңіздің бір шалғайы Арал қаласына жетпесе де, құм суырған өңірдің ептеп өңі кіріп қалды... Аралға барған соңғы сапарымнан ойға түйгендерімді жазушының алдына бүкпесіз жайып салдым. Алақандай теңіз қойнауындағы болмашы балықты ашкөздікпен жабыла аулау, шектен тыс балық өңдейтін зауыттар салу, балықты арзан бағасына алып, оны үлкен қалалардың базарларына апарып, қымбатқа сататын саудагерлердің жан-жақтан қаптап кеткендігін, оларға заң жүзінде бақылау жасалмайтындығын, бүйте берсек түбі Кіші теңізден де айырылып қалу қаупі барын жасырмай айттым. Бір жағынан ауруханада жатқан кісінің мазасын алдым-ау деп те қипақтап қоямын. Жазушы ұзақ ойланып қалды.
– Өзім байқаған кемшіліктер туралы «У мен уылдырық» дейтін повесть жаздым, ол «Жұлдыз»-да жарияланды, – дедім қарап отырмай.
– Не?! – Қоңыр дауыс арғы жақтан ащы қоңыраудай естілді. Шегір көз өңмеңіме найзадай қадалды: – Не, не деп отырсың өзің?! Осы күнгі жұрт сенің повесіңді қайтсін, оқымайды. Біраз жайды аңғарған екенсің. Повесть жаздым деген не сөз?! Сен одан да көп созбай, осылар туралы проблемалық мақала жаз. Ешкімді аяма. Жазып болған соң, маған көрсет. Қайда бастыруды өзім айтамын.
Аурухананың жағдайы белгілі. Медбикелер кіріп-шығып, бірі дәрі беріп, бірі дене қызуын өлшеп әуре.
– Сен осы Бөгенненсің ғой, – деді сәлден соң.
– Иә.
– Бөгеннің жағдайы қалай? Ел орнында отыр ма? Баяғы трест бар ма? Бөгеннің құмға піскен, селитра қосылмаған дәу қарбыздарынан дәм татқам баяғыда. Алпысыншы жылдардың басында ғой деймін, қасымда Тахауи бар, екеуміз Құландыға пароходпен Бөген арқылы барғанбыз.
– Сол пароходпен сіздерді Құландыға жеткізген біздің әкей болатын...
– Оныңды баяғыдан бері неге айтпа­дың? Сен де бір...

Жарты бетке қор болған қайран уақыт

Аурухана – жазушының «екінші үйі». Еш­кімге сенбей өз денсаулығына мұқият қарайтын аға жылдың қай мезгілін­де болмасын, не Алматыдағы, не елорда­дағы ауруханалардың біріне барып, тым-тырыс жатып алады. Әлде жұрт мазаламайтын шығармашылық мүмкіндікті осы жерден таба ма, қайдам. «Тым-тырыс жатып алу» қайда, қашан барсаң да, жаңа босанған келіншектей аурухана көрпесін беліне орап, сүлгімен басын таңып алып, әлдебір қолжазбаны шиедей қылып, қырнап-сүрнеп, кейбір тұстарын қайта жазып, ала қағазбен алысқан сәтінің үстінен түсесің. Шын беріліп кеткенде сенің «тез жет»-пен қос өкпеңді қолыңа алып, ентігіп келгендігіңді елемейді. Ондай да есік сыртында тұра тұрғың келеді.
Сол жолы Әбекең бізді аса бір ерекше көңілмен қарсы алды. Төлен аға (Әбдік) екеуміздің алдын ала келіскендей, бір уақытта бара қалмасымыз бар ма! Басты бұйымтай – ауруханада жатқан кісімен аз-кем әңгімелесіп, жағдайын сұрау; айтатын тапсырмасы болса қолдан келгенше орайын тауып мінсіз орындау. Жалпы Әбекең кімнің қандай шаруаға икемі барын бәрімізден жақсы біледі. Сыртымыздан бақылап жүреді. Кімге не тапсыратыны өзіне ғана аян.
Үйден ала келген келіндерінің «сәлем­де­ме­лерінен» таңдап-таңдап ауыз тиді. Әңгіме айтатын екі ағам, мен – тыңдаушы. Талай сырдың түйіні шешілді, әдебиетке қатысты, аудармаға қатысты, жалпы елдің, халықтың жағдайы туралы «ашық дискуссия» шарықтау шыңына көтерілді. «Ән айтайықшы» – деді Әбекең бірде. Сөйтті де, өзі еш қолқалаусыз ел айтып жүрген халық әндерінің бір-екеуін «мінсіз» орындады. Мұндай кереметке куәгер болып тұрғаным осы. Тек бір «әттеген-ай», қалтама диктафон сала барып, байқатпай бәрін жазып алсамшы. Эх, осындай әбжілдікті қашан үйренер екенбіз.
– Әбеке, – деді Төлен ағам күн екіндіге ауған шақта. – Біраз отырдық, сіздің әніңізді тыңдап, бір жасап қалдық. Тірі адам­ның тірлігі түгесіле ме, шаруа бар деген­дей... Балам сыртта мәшинемен күтіп отыр.
Тағы да бірер сағат артта қалды. Төкең кетуге ыңғайланды: – Жалғыз емессіз, қасыңызда Қуаныш бар.
Аурухананың дәлізіне шығып, арлы-берлі біраз жүрдік. Күн батты. Менің тілім байлаулы.
– Тек екеуміздің арамызда болатын бір жағдай, мұны тісіңнен шығарма. Жаңа жыл жақындап қалды білем. Біреулер менің Ақордаға құттықтау жазып жібергенімді жақсы көреді. Өзің білесің, ондайға менің құлқым жоқ – бір, екінші – қалам мүлде жүрмейді. Сен мені де бір жұмсарсың. Осы пәледен құтқар. Жарты бет, одан асырма. Келіннің шайына қанып алған соң, түнімен отырып жаз да, ертең алып кел. Тағы айтамын, жарты бет, одан асырма...
Ұрланып Әбекеңнің жүзіне қараймын. Қоспасыз шын пейілімен айтып тұр. Мә, безгелдек! Ақордаға, Нұрекеңнің тура өзіне. Денем дірілдей бастағаннан сау ма. «Жазған құлда шаршау бар ма!» Түнімен сол бар болғыр жарты беттің бес-алты нұсқасын жасаған шығармын. Екі оттың ортасында қалғаным анық. Сол жарты беттің басында тұрғанның да, аяғындағының да аты-жөндерінен ат үркеді. Өзімше барымды салып бақтым.
Ертеңінде алып-ұшып Әбекеңе же­тейін: – Ал оқы, асықпай оқы.
Екі-үш мәрте асықпай оқыдым. – Кәне, өзіме берші. – Торкөз дәптердің бір парағына қолмен жазылған жарты бетке біраз қарап тұрды да, ортасынан қақ бөліп, қоқыс жәшігіне тастай салды. 
Ізінше Төлен ағам хабарласты: – Әбекең­нің қасында кеше қай уаққа дейін болдың?
– Түнге бірге таман үйге әзер жеттім. – Төкең күлді. Бәлкім, бас шайқаған да болар.

Бельгиядан келген хат

Елордадағы нейрохирургия орталығы. Аурухананың күн батыс бетіндегі шағын палата құдды Әбекеңнің көшпелі «қабылдау бөлмесі» секілді. Қолы қаламнан қалт еткенде белгілі қоғам қайраткерлері мен бизнесмендерді бірінен соң бірін қабылдап жатады. Соның арасында үйреншікті ем-домын да алып үлгереді. Тыным жоқ. Бір келгенде: – Мидың қан тамырларын түгелге жуық аппаратқа салып тексерттім. Алжу­дан, ұмытшақтықтан аман екенбіз әзірге...
Тоқсаннан асқан қаламгердің өмір сүруге деген құлшынысы сұмдық. Жан-жақтан телефон соғатындардың көбісімен емен-жарқын сөйлеседі. Олардың кімдер екендігін де әңгіме ауанынан аңғарасың. Әбекең ұзаққа созылған мағыналы да мазмұнды ғұмырында қазақтың талай жақсы, жайсаңдарымен дәм-тұздас, дастарқандас болды, тонның ішкі бауындай жақын араласты. Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев... солардың ішінде. Қаламдас, үзеңгілес інілері: Әбіш, Әнес, Төлен, Қажығали, Бексұлтан, Дулат, Нұрлан, Молдахмет, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сейдахмет, Бигелді, Уәлихан, Смағұлдармен ара-тұра кездесіп, пікірлескенді ұнататын. Біздің тұстастардан қатаң «дистанция» сақтап:Мереке, Рахымжан, Ұлықбек, Сауытбек, Жұмабай, Тұрысбек, Құлбек, Дархан, Қуандық, Қали, Жүсіпбек, Серік, Шархан, Нұрлыбек, Амангелділермен ара-тұра араласты. «Араластының» аржағында атан түйеге жүк болар үлкен жауапкершілік жатады. Бір жерден біреудің бірдемесін оқыса, тіпті, бір-екі сөйлемі ұнаса да (әрине, мұндай жағдай сирек), оны ретін тауып түртіп қояды. Оның шет-жағасын «Таң-Шолпан»-да бірге жұмыс істегенде көрдік. Берік ұстанымы: «Менің көңіліме қарамаңдар. Жауым болса да, шығармасы жақсы екен, дереу журналға жариялаңдар».
Әу бастан газет оқуға құмарлығы шамалы: – Уақыт алады, кейбір мақалалар жүйкеге тиеді. Тек «Алматы ақшамын» ғана бастан-аяқ қарап шығамын. Сан-сапалақ саясаттың арасынан Қали қалай дегенде де оқитын бірнәрселерді тауып жазады.
Телефон зың-зың: – Маған Дарханның нөмірін тауып берші.
– Ол блокнотыңызда көрнекі цифрлармен жазулы ғой.
– Таптым. Өзің қашан келесің?
– ?
– Тап қазір келші!..
«Не шаруа?» Қайта сұрауға үлгермейсің. Баяғы құлақ үйренген «тез жет!». Ауруха­на­ның Әбекеңнің палатасына жеткенге дейінгі есіктерінің бәрі «ашық». Медби­келердің көздері үйренгені сонша, «қайда, кімге барасың?» демейді. «Ана жолғы қырық беттік эссені қайта оқымаса нетті...»
– Келдің бе, не әкелдің? – Мұнысы жағдайым жақсы дегенінің белгісі. Жүзі жылы. Сырт киімімді шешпестен, тікемнен тік тұрмын.
– Жақында Бельгиядан Жорж Буйон­нан хат алдым. Жорж Буйоннан хабарың бар ма? Бельгияның белгілі қоғам қайраткері, ақын, жазушы. Ана жылы Қазақстанға келген. «Мен Қазақстанның көкжиегінен таң көрдім» деген кітабы бар. Білесің ғой, Луй Арогоннан бастап, Жан Монтальбетти, Август Видаль, Андре Стиль, Альбер Фишлер, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов... мен туралы бәрі жазды. Оқыған боларсың?
– Кітапта бар.
– Солардың ішінен мына хат маған ерекше ұнайды. Біраз жігіттерге оқып бердім. Сені де біле жүрсін дегенім ғой. Тыңда:«Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. Революция шапағымен бірге азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты».
– Қалай?
– Тамаша!
– Қазақшаға аударылған нұсқасы. Орысшасы мұнан да мықты.
Сол тұрғанда Гер-ағаңның, Герольд Бельгердің сәл әзіл аралас мына сөзі ойға оралды: «Ағаларың мақтанудың да жымын білдірмейді. Сендер оны аңғармайсыңдар...» Иә, мақтанса несі бар, мақтануға тұратын-ақ оқиға.
– Қазір дәрігерім келеді, массаж жасайды. Сен шаруаңа бара бер.
Сыртқа шыққан соң, аң-таң күйдемін. Не болды? Орталықтан такси жалдап, ебіл-дебіл жеткен еңбегім-ай! «Әбекең әдебиет үшін кісі өлтіреді!..» Осы тіркестің ойға қайдан сап ете қалғандығына қайранмын. Күлесің бе, жылайсың ба?!

Қуаныш ЖИЕНБАЙ
 

2204 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы