• Тұлға
  • 09 Қараша, 2022

«Ерте сөнген жұлдыз»

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында әдебиет сыншысы, аудармашы, драматург, Орта Азия мен Қазақстан әдебиеті бойынша кеңесші, шығыстық үлгідегі туындылар мен аударма мәселелерін көтеруге жаңа белестер ашқан Қалжан Нұрмахановтың 95 жылдық мерейтойына ар­налған «Ерте сөнген жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Қ.Нұрмаханов Батыс пен Шығыс, орыс тарихын, әдебиетін көп оқып, зерттеудің арқасында ол араб, парсы, түрік, тіптi армян, поляк тiлдерін еркін меңгерген. Ол әділ сыншылдығымен, аса терең білімімен, өнерге деген талғампаз қабілетімен танылды. Әлемдік өркениет тарихынан орын алатын әдебиеттің үздік үлгідегі туындылары Қ.Нұрмаханов тәржімаларында ерекше шеберлікпен аударылып, терең тебіреністер мен ой-пікірлер қазақ әдебиеті теориясындағы іргелі еңбектердің жазылуына, ғылыми-теориялық тұжырымдардың қалыптасуына негіз болды.
Қ.Нұрмахановтың қазақ жазушылары мен ақындарының туын­дыларына арналған 500-ден астам ғылыми сын мақалалары бар. 
Қ.Нұрмаханов – «Әдеби ойлар» (1960, орыс тілінде), «Дос лебізі» (1968), «Дәстүрлі достық» (1978), «Очерктер, аударма, афоризмдер» (2009) кітаптарының авторы. Ол Ш.Айтматовтың шығармашылығын қолдап, алғашқы болып «Жәмила», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын аударған. 
Қ.Нұрмаханов М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын (4-том, 1949), Б. Жакиевтің «Әке тағдыры» (1963) атты пьесасын, түрікмен драматургы Ғ.Гусейновтің «Достар», «Ащы шоколад» (1960) пьесаларын орыс тілінде аударды. А.Н. Радищевтің «Путешествие из Петербурга в Москву» туындысын (1949, («Вышний Волочек» тарауын), Н.Тихоновтың «Вамбери» (1960) және украин жазушысы И.Рябоклячтің «Золототысячник» (1959) хикаяттарын да қазақ тілінде аударды.
 Қ. Нұрмаханов «Дружба народов», «Знамя» журналдарында әдеби сын бөлімінің аға редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында сын бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде театр репертуары жөнінде бас редактор болып қызмет атқарды.
«Ерте сөнген жұлдыз» жинағына әдебиет сыншысы, аудармашы, драматург Қалжан Нұрмахановтың азаматтық-жазушылық келбеті жайында М.Әлімбаев, Т.Кәкішев, Қ. Ергөбек, Ғ.Қабышұлы және т.б. сияқты ғалымдардың, ақын-жазушылардың және замандастарының естеліктері топтастырылған. Сонымен қатар, оның бұрын мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған және соңғы табылған мақалалары мен Н.Тихоновтың «Вамбери» повесінің аудармасы енгізілген.
Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесер жиынға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әдебиетшілер, қалжантанушылар, студенттер мен оқушылар қатысты. Аталған шараны ақын, филология ғылымының докторы, профессор  Бауыржан Жақып жүргізіп отырды.

Б. БЕЙСЕНҰЛЫ

1604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы