• Ақпарат
  • 09 Қараша, 2022

Қуатты өңір – қуатты ел

Президент Атырау өңірі жұртшы­лығымен кездесуінде «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанатынын айтып, облыстың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мәселеге тоқталды. Ең алдымен, өңір экономикасын әртарап­тандыру қажет екенін атап өтті.

– Осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп, олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе екенін айтты. Осыған орай «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.
– Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Атырау облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, оның халық тұрмысына және экономикаға тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті.
– Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. «Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Сондықтан жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауылдардың бір орталықтан берілетін сумен жабдықтау жүйесіне қосылмағанын сынға алды. 
– Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан, осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан Үкімет пен облыс әкімдігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға баса назар аударуы қажет. Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. «Астрахань – Маңғыстау» су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс.  Аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұр. Биыл үш каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы он бір каналды қалпына келтіру керек. Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге тоқталды. Президенттің айтуынша, облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады. Ана мен бала өлімі де аз емес.
– Атырау қаласында емхана ғима­раттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет. Сондай-ақ облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет, – деді Президент.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне де тоқталды.
– Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді.  Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Біз бүкіл қоғам болып бұл кеселге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз, – деді  Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірдегі кәсіптік-техникалық және жоғары білім сапасын арттырып, осы бағыттағы оқу орындарын күшейту аса маңызды екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Жайық өзенінің тартылуы да жұртты қатты алаңдатып отыр. Су деңгейі соңғы жылдары төмендеп, өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап кеткен. Ал ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы – бесінші дәрежеге жетті.
– Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы да дамыту қажет екенін жеткізді.  Президент сөзін қорытындылай келе, Атырау облысының дамуына еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Еркін ҚАЛДАН

1943 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы