• Ақпарат
  • 09 Қараша, 2022

Қазақ қайраткерлері – түркі әлемінің төрінде

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Түркі әлемінің мәдениет саласында игі жаңалықтар болып жатыр. Ең алдымен, ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы әлемдік деңгейде тойлану үстінде. Аталған мерейтойға орай бірқатар жұмыстар жүзеге асады. 
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің қатысуымен өткен жиында рухани маңызы бар шешім қабылданды. Түркі әлемінің мәдени астанасының байрағы енді басқа қалада желбірейтін болады. Атап айтар болсақ, эстафета ресми түрде Әзербайжанның Шуша шаһарына табысталды. Аталған маңызды шешімдер ТҮРКСОЙ тұрақты кеңесінің ХХХІХ отырысында қабылданды. 

 –Түркі  әлеміне қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Түрікменстанның Аннау шаһары 2024 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Сондай-ақ 2024 жылды түркімен әдебиетінің классигі, ғұлама философ, ғалым Мақтымқұлы Фрағи жылы деп бекіттік. Бұдан бөлек, түркі әлемінің мәдени материалдық емес мұрасының дәстүрлерін сақтауға бағытталған бірқатар жұмыстарды қолға аламыз, – деді  Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Ескерте кетейік, келер жылы қазақ өнеріне өшпес із қалдырған ұлт қайраткерлерінің де ТҮРКСОЙ көлемінде мерейтойы аталып өтіледі. Атап айтар болсақ, 2023 жыл ТҮРКСОЙ аясында Темірбек Жүр­генов жылы болып жарияланды. Сөйтіп, қазақ мәдениеті мен өнер саласына айтарлықтай үлес қосқан қайраткер тұлғаның 125 жылдығы бауырлас түркі әлемінде кеңінен той­ланатын болды. Сондай-ақ қазақ­стандық делегацияның өкілдері Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы аясында «KYMYZFEST» фестивалін өткізуді ұсынды. Еңбекті насихаттап, туыстық және достық байланыс-тарды нығайтуға бағытталған игі шараны тұрақты кеңесте бір ауыздан қабылданды.
– Қазақстанның атынан көрнек­ті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығын насихаттау туралы ұсыныс бердік. Сонымен қатар, актриса Бикен Римованың және жазушы Мұзафар  Әлімбаевтың 100 жылдығын түркі тілдес елдерде кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныс жасадық. Жалпы Қазақстан тұрақты мүше ретінде ТҮРКСОЙ аясында көп шара өткізеді. ТҮРКСОЙ ұйымы­ның немесе біздің ТҮРКСОЙ аясында берген ұсыныстарымыз мін­детті түрде қабылданады. Бұл жылдар бойы қалыптасқан жұмыс, – деді Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова.
Сонымен, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің тұрақты кеңе­сінің келесі отырысы Әзербай­жанның Шуша қаласында өтетін болды.
Ал Темірбек Жүргенов, Бикен Римова және Мұзафар Әлімбаев қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткерлер. 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Сондай-ақ қазақтың кино және театр актрисасы Бикен Римова мен қазақ әдебиетінде ерекше орны бар балалар жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдық мерейтойлары туыстас елдерде кең көлемде аталып өтіледі. 
Жиын барысында Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой жақын арада «Түркі халықтарының бірлігі күні» пайда болуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Сөйтіп, түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласы эфтафетаны Әзербайжанның Шуша қаласына табыстады. Түркі әлеміндегі маңызды мәдени шаралардың басым бөлігі енді осы аймақта өтеді. Сондай-ақ мәдениет министрлері Қорқыт ата кинофестивалін келер жылы Шуша қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.
–Бұл жай ғана кинофестиваль емес. Бұл түркі бауырларының басын қосу, барымызды түгендеп, жоғымызды бүтіндеу. Кино картиналар арқылы салт-дәстүрімізді насихаттау, көрсету – біздің басты мақсатымыз. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шара келер жылы Әзербайжанда өтеді, – деді Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмет ­Мис­бах Демирджан.

2070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы