• Ақпарат
  • 14 Қараша, 2022

1 миллион тұрғынға жасалатын ЭКҰ жиілігі 1000-1500 арасында болуы керек

2022 жылдың 10-12 қараша күндері «Астана» Конгресс орталығында «Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары. КРТ (көмекші репродуктивті технологиялар): Қазір және болашақта» тақырыбында Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының XIV халықаралық конгресі өтті.

Бұл конгресс дәстүрлі түрде 24 мемлекеттен келген үздік сарапшылардың басын қосып, Қазақстан тұрғындарының репродуктивті денсаулығы мен бедеулікке байланысты маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарды, көмекші репродуктивті технологиялардың (КРТ), соның ішінде, экстракорпоральды ұрықтандырудың (ЭКҰ) қолжетімділігі мәселесін талқылады, сондай-ақ, отандық және шетелдік қатысушылар баяндамаларын таныстырды.

Конгреске еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық орталық жетекшілері, Қазақстан, Португалия, Ресей, Беларусь, Израиль, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Украина, Франция, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің репродуктивті технологиялар саласының озық мамандары – дәрігер-акушерлер, гинекологтар, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтар мен бедеулікті емдеумен айналысатын эндокринологтар, эмбриологтар мен генетиктер және молекуляр биологтары қатысты.

Форумда 130 спикер баяндама жасады. Олар: Dr. BrunoLunenfeld – профессор, медицина ғылымдарының докторы, философия докторы, америкалық акушер-гинекологтар қоғамдастығының құрметті мүшесі, филиппиндік акушер-гинекологтар қоғамдастығының құрметті мүшесі (Израиль); Адриан Элленбоген – профессор, HillelYaffe медициналық орталығы ЭКҰ бөлімінің директоры (Израиль); ДовФельдберг – профессор, Рабин атындағы медицина орталығының Хелен Шнайдер атындағы акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі (Израиль); Prof. HawardCarp – Тель-Авив университеті акушерлік және гинекология кафедрасының профессоры, Кипрдегі Nicosia университетінің құрметті клиникалық профессоры (Израиль); Dr. LucaGianaroli – FRCOG, S.I.S.Me.R. репродуктивті медицина орталығының ғылыми жетекшісі (Болонья, Италия); Елена Калинина Андреевна – м.ғ.д., «АРТ-ЭКО» репродуктивті денсаулық клиникасының директоры; Корсак Владислав Станиславович – м.ғ.д., профессор, РАРҚ президенті (Ресей); Мекан Оразов Рахимбердыевич – м.ғ.д., РХДУ акушерлік және гинекология кафедрасының профессоры (Мәскеу) және тағы басқалар.

Конгресті ҚР Денсаулық министрлігі және Астана Медицина университетінің қолдауымен Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығы ұйымдастырды.

Конгресс жұмысының аясында Қазақстан, Израиль, Португалия, Италия, Беларусь, Жапония және Грузия, Үндістан елдерінің акушер-гинекологтары эмбриологиядағы көмекші репродуктивті технологиялар және акушерлік пен гинекологияның аса маңызды проблемалары төңірегінде шеберлік-сағаттарын өткізді.

«Бүгін біз көмекші репродуктивті технологияларды енгізумен қатар туындаған түрлі проблемаларды, оның ішінде этикалық, психологиялық, медициналық сұрақтарды талқыға салдық. Репродуктологияда шешімін күтіп тұрған мәселе көп, сондықтан да осындай конгрестер ұйымдастырылады. Біз Франция, Израиль, Германия, Жапония, Испания, Ресей, жалпы 24 елден білікті маман шақырдық. Қазақстандық дәрігерлер заманауи ақпаратпен танысуға мүмкіндік алып отыр. Конгреске 50-ден аса маман қатысты, 1000-нан аса маман онлайн режимде қосылды», - деді ҚАРҚ президенті, ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин.

Конференция тақырыбының өзектілігі, ол бедеу некені медициналық-әлеуметтік мәселе ретінде қарастырады, ал оның шешімі еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсарып әрі түрлі себептермен бала сүйе алмайтын науқастардың өмір сапасының артуына жол ашады. Қазір орташа есеппен бедеулік жиілігі – 15% және бұл көрсеткіштің өздігінен азаю үрдісі байқалмайды. Диагностиканың заманауи әдістерінің дамуы бедеуліктің нақты себептерін анықтап, оны емдеу жолдарын іздеуге көмектеседі. Бедеуліктің 40%-дай жағдайы ерлердің репродуктивті жүйесі жұмысына байланысты. Ал аралас бедеуліктің жиілігі 30%-ды көрсетеді.  

Әлемде соңғы онжылдықта бедеуліктің түрлі формасын емдеудің мол тәжірибесі жинақталды. Көп әдіс Қазақстан репродуктивті медицина саласына да енгізілді. Заманауи деңгейде эндовидеохирургия, гормональдық әдістер диагностикасы дамып, қауіпсіздігі мен тиімділігі өте жоғары, сапалы жаңа препараттар тіркеліп жатыр. Андрология, медициналық генетика, эмбриология және молекулярлық биология алға жылжыды. Бұл жетістіктің бәрі көмекші репродуктивті технологияларды іс жүзінде кеңінен қолдануға негіз болды.

Локшиннің айтуынша, Қазақстандағы репродуктологияның басты мәселесі – медициналық көмектің қолжетімсіздігі. «Еуропалық стандарт бойынша 1 миллион тұрғынға жасалатын ЭКҰ жиілігі 1000-1500 арасында болуы керек. Демек, бізге 20-25 мың бағдарлама жасау қажет. Қазір 15 мың ЭКҰ бағдарламасын іске асырамыз, оның 7000-ы ғана бюждет қаржысына жасалады. Әйел жүктілігі үшін орташа есеппен ЭКҰ-дың 3 бағдарламасы керек, өкінішке қарай, әйелдерге жылына тек бір ғана мүмкіндік беріледі», - деді Локшин.

Сондай-ақ, ол қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына бей-жай қарайтынын атап өтті. Гинекологқа баратын әйелдер саны өте аз. Бала сүюді жоспарламайтын отбасылық жұптардың 11%-ы ғана заманауи әрі тиімді контрацептивтерді пайдаланады. Бедеулік деңгейі 15-20%-дан төмендемей тұр. Сол себепті маман халықты ақпараттандыру, сауаттандыру аса қажет деп санайды.

Айта кету керек, қазіргі кезде қазақстандық репродуктология саласына алдын ала имплантациялық генетикалық скрининг жасау әдісі енгізілді. Ол бала денсаулығында болуы мүмкін ауруларды алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс эмбрион жасушыларын КРТ арқылы жатырға орналастырмай тұрып зерттеуге жол ашады. 46 хромосома алдын ала зерттеліп, жатырға генетикалық тұрғыдан сау эмбрион орналастырылады. 

«Біз (ҚРМҚ) – еуропалық және америкалық қауымдастықтардың қатысушыларымыз. Әлемдегі алдыңғы қатарлы емханаларда қолданылатын жаңа әдістер мен технологиялар біздің елде де іске асырылып жатыр», деп атап өтті ҚРМҚ Президенті.

Израильден келген эмбриолог, Assuta медициналық орталығы Андрология бөлімінің жетекшісі Betty Meiri әлемдегі барлық елде: Қазақстан, Израиль, Ресей, қай елді алып қарасаңыз да репродуктология саласындағы проблемалардың ұқсас екенін айтады. Әрі мұндай конгресс маңызды сұрақтарды талқылап қана қоймай, өзге әріптестермен бірге ғылыми жобалар жасауға, бастауға жол ашатынын атап өтті.

 

Анықтама

1995 жылы Қазақстанда Алматы қалалық адам репродукциясы орталығында алғашқы эсктракорпоральды ұрықтандыру зертханасы ашылды және бір жыл өткен соң in vitro әдісімен ұрықтандырылған алғашқы нәресте дүниеге келді. Қазір елімізде 31 ЭКҰ орталығы бар, оның 28-і – жекеменшік орталықтар.

Бүгінге дейін Қазақстанда «шыны түтіктегі» 29 200 бала өмірге келді.  2021 жылы 1400 КРТ бағдарламасы орындалды, оның 7000-ы МӘМС аясында «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы іске асырылды.

Елімізде әйелдердің де, ерлердің де бедеулігін емдеуге бағытталған озық репродуктивті технологиялар толығымен қолданысқа енді. Эмбриондар мен ооциттердің криоконсервациясы, донорлық жыныстық клеткалар, суррогат ана бағдарламалары сәтті түрде іске асып келеді. КРТ ерлер бедеулігінің өте ауыр формаларын емдеуде аса тиімді тәсіл ретінде кең қолданысқа ие болды.

2007 жылдан бастап эмбриондарды жатыр қуысы орналастырғанға дейінгі тұқым қуалайтын аурулардың алдын ала имплантациялық диагностикасы жүзеге асырыла бастады.

 2016 жылдан бастап aCGH (эмбрионның 46 хромосына имплантацияға дейінгі заманауи скрининг) әдісін қолдану басталды. Қазір әрбір оныншы бағдарлама aCGH генетикалық диагностикасы арқылы өткізіледі.

Елімізде КРТ арқылы 100 000-нан аса жұп емделді. Орташа есеппен емдеу тиімділігі 15%-дан 42%-ға дейін артты. Бала туу (takebabyhome) көрсеткіші бойынша емдеу тиімділігінің деңгейі 30%-ға жетті, бұл ең үздік еуропалық емханалардағы көрсеткішпен тең.

Конгрестегі маңызды жаңалық ретінде делегаттарға Қазақстадағы алғашқы КРТ регистрі таныстырылады.

ЭКҰ орталықтары мамандарының қатысуымен бедеулікке шалдыққан науқастарға арнайы көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша нормативтік құжаттар бекітілді.

Қазақстан Денсаулық сақтау саласының жетістігі ретінде 2010 жылдан бастап КРТ арқылы бедеулікті емдеу республикалық бюджет есебінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асқанын атап өту керек. ҚР Денсаулық министрлігі тарапынан жыл сайын ЭКҰ қажет жұптарға арналған бағдарламалар қаржыландырылады. 2010 жылдан бері ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында 9050 КРТ бағдарламасына қаржы бөлінді, нәтижесінде 3000-нан аса сәби жарық дүние есігін ашты.

2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Президенттің халыққа Жодауында демографиялық даму мәселелеріне баса назар аударылды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың квота санын 7000-ға дейін көбейту шешімі бедеулік зардабын шеккен, әсіресе, жағдайы төмен отбасыларға үміт сыйлады.

ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясындағы бағдарламалар тәжірибелі мамандар жұмыс істейтін, жұмыс тиімділігі жоғары 2 мемлекеттік, 19 жекеменшік емханада іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, науқастар ем алатын мекемені өзі таңдай алады.

1483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы