• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: ҚҰНАНБАЙ АЙТҚАНДАЙ «ТОЛЫҚ БИЛІК» КЕРЕК

– Қалайда шұғыл шешуді талап ететін, жұртты жаппай алаңдатып отырған діттеген аманатты тілектер бар. Ең бірінші жер мәселесі шұғыл және жаппай, еш «неғылайынсыз» жуық арада шешілуі керек. Жер мәселесі – ауыл мәселесін де шешеді. Мысалы, қыркүйек айында Солтүстік Қазақстанға бардым. Сонда, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, С.Шаймерденовтің ауылдарындағы мектеп жабылған соң, жан-жаққа босып кеткен иелерін күтіп, қаңқиып қалған «жансыз үйлерді» көргенде жүрегің шошынады. Себебі бұл өңірдегі жерді Батталов, Жақсыбеков, Мәсімов иелік ететін «Атамекен» корпорациясы ауланың шетіне дейін иемденіп, меншікке айналдырған соң, алуға – отын, шабатын – шабындық қалдырмапты және жерді тастап көшуге пәрмен беріпті. Аңырап-қаңырап тұрғаны сол екен. Ал полигонның зардабына ұшыраған менің ­ауылымды ата-бабаларымыздың зираты ғана күзетіп тұрғанына жиырма жылдан асты. Жер мәселесі шешілмей, толық тәуелсіздік мәселесі де шешілмейді.

Екінші, мен экономист, заңгер, өнеркәсіп маманы емеспін, сондықтан жолын көрсетіп айта алмаймын. Алайда ең болмаса шұлғау-шұлық, көйлек-көншек боларлық мата, шеге мен балта, күрек өндіретін ұстахана болмай, жер қазынасына жасалған меншіктің үлес салмағы мемлекетке көшпей, Қазақстанның жұғынына түк те жұқпайды.

Үшінші, еш мәймөңкелеусіз қазақ тілі мәселесін шұғыл және пәрменді шешу керек. Тіпті құрып кетудің соңғы шегіне жеткен қазақ тіліне «sos!» жариялап, Франциядағы сияқты тіл полициясын құру керек. Онсыз біздің тәуелсіздігіміздің күні де, құны да жоқ.

Бұл мәселелерді шешу туралы Пре­зиденттік пәрмен берілді. Енді соны қауырт жүзеге асыру үшін де, Құнанбай айтқандай, «толық билік» керек. Оған алдағы сайлау мүмкіндік береді. Мемлекетіміз тірелген жол айрығында жөні түзу жолды таңдаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі ол тұйықтан алып шығуы тиіс және оған толық қабілетті, адалдығы кепілдік беретін тұлға деп есептеймін. Тек уақытын соз­бай, жыл қайырылып келгенше, «Қаңтар оқиғасының» басты ұйымдастырушылары және олардың қастандықтары барынша ашық түрде жұртшылыққа жетуі тиіс. Әйтпесе, ендігі белгісіздік, жұрттың төзіміне сын болмақ.

baq.kz

 

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы