• Мәдениет
  • 17 Қараша, 2022

БИ ӘЛЕМІНІҢ ХАНШАЙЫМЫ

Халқымыздың би өнеріне өзіндік із қалдырып, келешек ұрпаққа іргетасын қалаған, біртуар дарын иесі - Шара Баймолдақызының өнердегі сара жолы, дара тұлғалық тағылымын қалыптастырып қазақ тарихында өшпес орын алды. Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов бишінің өнеріне «Халқымыздың бұлбұлы Күләш десек, би өнеріндегі жарық жұлдызы - Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың есімі қазақ баласына танымал. Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі», - деп әділ баға берген. Жиырма төртке жаңа шыққан Күләш «СССР халық артисі» деген атақты алғашқы он үш өнер шеберінің бірі болып алды.

 

Шара Италия, Моңғолия, Үндістан, Иран, Сирия, Ливан сияқты алыс шет елдерде қазақтың ұлттық би өнерін паш етіп, сонымен қатар сол елдің ұлттық би үлгілерін жерлестеріне жеткізе білген біртуар шебер. Соғыс жылдарында да жауынгерлердің рухын көтерді. Өз қаражатына көмек ретінде танк сатып алып берген. Шара Жиенқұлова 1945–1961 жылға дейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында, 1961–1965 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде концерттік бригадамен өнер көрсетті. Жасы елуге келген шағында ұстаздық қызметке ауысқан. 1965–1975 жылдары Алматы хореография училищесінде басшылық қызмет атқара жүріп, шәкірт тәрбиесіне ерекше назар аударды. 1968 жылы «Қыз Жібек» спектаклінің балеттік қойылымын жасап, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, хореография өнеріндегі сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Шара Жиенқұлова: «Маған көп адамдар «қазақ халқында би болған ба?», – деп сұрақ қояды. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы, бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына кел­тіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Ха­лықтық қолөнер – кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимыл­дары. Мені халқым бірінші биші деп атайды, сол атақпен қоса маған үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Сондықтан мен халық­тан жинап жүріп, неше түрлі ұлттық ойын­дардың негізінде, бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шы­ғардым...» – деп «Өмірім мен өнерім» атты кі­табында естеліктерін қалдырған екен. Расында да, Шара Жиенқұлованың арқасында қазақ халқының би өнері қалыптасып, жетістіктерге жетті.

Халқы барда қазақ мәдениет тарихында тұлғаның тағылымды өмірі мәңгі жасамақ. Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толуына орай өтіп жатқан шаралар осыған дәлел бола алады. Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да өз үлесін қосып, Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тарих.Тұлға.Тағылым» жобасы аясында «Би әлемінің хан-шайымы» атты әдеби би кешін өткізді. Кеш барысында Шара Жиенқұлованың би әлемінің ізін жалғаушылары Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Аққу би ансамблі, Құдайберген Жұбанов Ақтөбе өңірлік университетінің «Самғау» би тобы, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Толқын» би тобы өнер көрсетіп, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің арнаулы пәндер мұғалімі Г.М. Есмақанова «Қазақ би өнері» тақырыбында баяндама оқыды. Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір жолы» атты бейнеролик көрсетіліп, «Қазақ биінің падишасы» атты кітап көрмесіне библографиялық шолу жасалды. Кеш соңында қатысушылар қазақ би ырғағымен флешмоб билеп, кітапхана басшылығы алғыс хаттармен марапаттады. Шараға мәдениет қызметкерлері, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.

Гүлмайрам Алатаева,     

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе

облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер бойынша

әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі 

 

843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы