• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

АДАМБЕКОВ АҚИҚАТЫ

Балалық шағы зұлматты, зауалы аз болмаған ашар­шылық жылдарына,  саяси репрессияға, сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келген сатираның сардары атанған қазақ әдебиетінің қайраткері Садық­бек  Адамбековтың туғанына  биыл 100 жыл. 
Ел ішінде есімін ерекше құрмет тұтатын кісілер болады. Махмұт Қашқаридың: «Ұлық болса еліне ізгі болар – ер кісі. Кішілік пен кісілік - ұлылықтың белгісі» – деген ұлағаты  осы кісіге  арналғандай ой қалдырады. С.Адамбеков  бүгінгі Түркістан облысы  Арыс ауданына қарасты  Қараспан ауылында 1922 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Өмірде өзін өте қарапайым ұстаған жанның балалық шағы балалар үйінде өткен. Арғы атасы Мұсабек өз заманының беделді азаматы болған. Әкесі Адамбек, шешесі Алмагүлден жастай жетім қалған Садықбектің отбасына, ортасына, ел-жұртына аса бауырмал болуы оның тегінде бар қасиет. Дана қазақта: «Адалдық үшін - арыдым деме, арамдық үшін - арлымын деме» – деген. «Әдептілік ар-ұят адамдықтың белгісі. Тұрпайылық, өр-кеуде арамдықтың белгісі» – дегені тағы бар. Жалпы «иман жиямын десең, пиғылыңды таза ұста» – деген тәмсіл де бар. 

Қазақ әдебиетінің сардары Садықбек  Адамбеков туралы көп әңгіме айтуға болады. Ол өмірде болып жатқан келеңсіздіктерді уытты тілімен сынады.Адамбековтың тілі өткір, ойы ұшқыр. Қоғамда орын алған жағымсыз оқиғаларды мақтамен бауыздағандай етіп жазды. Еріксіз күлесің, тілінің шұрайлылығына еріксіз бас иесің. Мойындайсың. Ол өзінің бүкіл шығармасында тек шындықты ғана шынайы бейнелеген қаламгер.

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,

Шын бақыт осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!» – деп өсиетін қалдырған. Садықбек  Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз» («Жазушы» баспасы 1969 жыл) романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш сатиралық роман екені мұқым елге мәлім. Ол әр жылдары «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ара-Шмель» журналдарында абыройлы қызмет атқарған. Қазақ сатирасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған драматург-жазушының «Қожанасыр қақпасы» (1959ж), «Көсенің көзі» (1961ж), «Аюбайдың ажалы» (1981ж) сияқты сатиралық жинақтары жарық көрген. Сатириктің көптеген шығармалары шетел тілдеріне де аударылған.

«Алтын табақты жылан», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Төртінші ұрыс», «Генералдың ажалы», «Күн мен көлеңке» және тағы басқа пьесалары мен драмалық туындылары қазақ әдебиетінің алтын қазынасы десек те болады. Ол қазақ әдебиетіне 1949 жылы «Өмір мейрамы» атты өлең жинағымен танылған. Әдеби көпшілік қауым оның ақындығын жоғары бағалаған. Оның «Маржан қыз», «Қырманға кел, Қалқатай», «Шолпанның әні» секілді лирикалық өлеңдеріне ән жазылған. Жан  дүниеңді баурап алатын бұл әнді қазір де көпшіліктің сүйіп тыңдайды.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ата сақалы шыққан жігіттің иегіндегі әр қылдың түбінде бір-бір періште отырады деуші еді, бұрынғылар. Сенің, Садықбектің әр талыңның түбінде бір-бір сайтан сығалап тұр-ау!». Сатира сардарына бұл әзіл де бекер айтылмаған болар. Қазақ әдебиетіне «Атылған қыз туралы аңыз» сатиралық романы арқылы аты шыққан Садықбек  оқырмандарына өмірден өткенше сапалы дүниелер ұсынды.

Қазақта: «Жақсы болса ұрпағың, өмірге қайта туарсың» деген асыл сөз бар. Садықбек атамыздың тікелей ұрпағы, іскерлігімен танылып жүрген қызы Маржан Садықбекқызы әкесінің мұрасын іздеп, жарық көрмеген шығармаларын халқына қайта қауыштыруда үлкен еңбек істеуде.

Жалпы өмірде өзінің талантына, біліміне, бай тәжірибесіне, ақыл-парасатына сенетін адам (Алладан басқа) ешкімге тәуелді болғысы келмейді. Ондай тұлғалар айналасындағыларға, қоршаған ортаға өз таным-түсінігімен өмір сүруге белгілі бір дәрежеде ықпал ете алады. Ақиқатты айту үшін де, жазу үшін де санасы сәулелі көкірек көзі ояу, ішкі мәдениеті қалыптасқан, рухани жағынан толысқан адам болуы заңдылық. Ал Садықбек Адамбеков қазақ әдебиетінде қоғамнан, оқырманнан өз бағасын, алған шынайы шығармаларымен халықтың жадында қалған жазушы.

Қоғамдағы жағымсыз оқиғаларды қаламына серік еткен сатирик ұлт тағдырына да бей-жай қарай алмаған. Ол тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы «Желтоқсандағы қара түн», «Желтоқсандағы айлы түн» атты екі кітап жазды. Жазушы «Алтын табақтағы жылан», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Төртінші ұрыс», «Генералдың ажалы», «Күн мен көлеңке», «Аюбайдың ажалы», «Бір түндегі төрт төбелес», «Генералдың ажалы» атты пьессаларды дүниеге әкелді. Олардың бірсыпырасы орыс тіліне аударылып, шетелдік сахналарда қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Мемлекеттік сыйлығын алған, ойшыл жазушы – драматург Дулат аға Исабековтың: «Қоғамның кемшілігін айтпаған жазушы, жазушы емес» немесе «Байлықтардың ішіндегі теңдессіз қымбаты – сана байлығы. Ал сананың құны ұлттық таныммен өлшенеді. Ұлттық танымнан тыс сана қабығын аршып тастаған талмен тең» – деп айтқан маңызды ой-пікірі бар. Дулат Исабековтің Садықбек Адамбековтің сыйлас інісі ретінде көп нәрсені үйренгені ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі іспетті.

Сатириктің қай шығармасын алып қарасаңыз да, құныға оқисыз. Мысалы, Садықбектің «Ақырзаман аңызы» пьессасы қай кезеңде болсын, құндылығын жойған жоқ. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, парақорлық пен бюрократиялық кедергілерді сынап-мінейтін бұл шығарма ертең де өзекті болып қала береді. Сондықтан Садықбектің сапалы друматургия-сын, улы да, уытты әзіл-қалжыңы мен күлкілі диалогтарын халық ұмытпайды.

Кезінде Талдықорған облыстық қазақ драма теат­ры жазушының «Күн мен көлеңке», Қызылорда облыстық қазақ драма театры «Жесірлер» атты спектакльдерін сахналағаны белгілі. Бұл туындылар бүгін де тақырыбы жағынан көкейкесті. Күлдіріп, ойлантатын, ойланта отырып адамның жанарына жас әкелетін Адамбековтың драматургиясын бүгінгі режиссерлер қайтадан қолға алса, артықтық етпейді. Өйткені талант қашан да бағаланып отыруы керек.

Қазақ әдебиетінде Кемел Тоқаев детектив жанрының негізін салса, Садықбек Адамбеков тұңғыш сатиралық роман жазған қаламгер. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл туралы талай рет жазылды да. Қазақ сатирасындағы роман жанры туралы сөз қозғағанда, алдымен Адамбековтың аты аталады. «Атылған қыз туралы аңыз». Бұл роман кеше де, бүгін де жұртшылықтың сүйіп оқыған кітабы. Бүгінгі ұрпақ, зиялы қауым да Садықбекті еске алғанда, алдымен «атылған қызды» аңыз қылып айтады. Жалпы жазушы шығармашылығының құдіреттілігі сонда, заман ауысып, уақыт өтсе де, кейіпкер және оны жазған авторы ешқашан ұмытылмайды.

Қалың көпшілік біле бермес. Садықбек Адамбеков университет бітірмей-ақ ұлы атанған жазушы. Ол –қазақ сатирасының сарбазынан сардарына айналған драматург. Мұны неге айтып отырмыз? Айналасы әзіл-қалжыңға толы болып жүретін қаламгерді ұлы деуіміздің де мәні бар.

Қазақ әдебиетінің ұлыларының бірі Ғабиден Мұстафиннің мерейтойында сөз сөйлеген Садықбек Адамбеков: «Одақта университет бітірмей ұлы жазушы атанған қаламгер – үшеу. Біреуі – атышулы Максим Горкий, екіншісі – Ғабиден Мұстафин. Ал  үшіншісі...» – деп, тойшыл қауымға сынай қарап, аз-кем кідіріңкіреп барып, жазушы жұлып алғандай былай депті: «Үшіншісі – Садықбек Адамбеков». Ол рас, университет бітірмесе де, тұңғыш сатиралық роман жазып, тарихта қалды.

Садықбек Адамбеков өмірден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Оның шағармалары мен жарқын тұлғасы мәңгі жасай береді. Өйткені ол ақын, жазушы, сатирик және драматург. Сан қырлы талант иесінің шоқтығы биік туындылары елі барда ескірмейді, ұрпақтар санасында жаңғырып тұра береді. Өйткені Адам­беков ақиқаты – оның жарқын тұлғасы мен шынайы шығармаларында тұр.

Ғани  СМАХАНҰЛЫ

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы