• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

ТЕПЕҢ ТОРЫ

СӘУЛЕТ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ОЗЫҚ ӨКІЛІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Бекримжан Глаудинов - сәулетші-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2012), Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының академигі (2004), қазақ сәулет ғылымының тұңғыш докторы (1999), профессор. Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым қазақтың сәулет-құрылыс академиясының ұстазы. Сәулет өнері мен қала құрылысына арналған бірнеше ғылми-теориялық кітаптың, 600-ден астам ғылыми мақала мен әдістемелік жұмыстың авторы. 

– Бекрим, әңгімені «Қазақ энциклопедия­сының дүниеге келуінен бастасақ... «Энциклопедиясы жоқ ел өркениеттің алдыңғы санатынан көріне алмайды. Енді міне, энциклопедия шығаруға біздің де өреміз жетті» деп жұмысқа құлшына кіріскен кез. Сәулет өнерінің жанашыры ретінде өзіңді алғаш автор таппай жүргенде жолықтырдым.Қиналған кезде қолтықтан демедің...

– Ол қаз-қаз басып келе жатқан тұс қой. Алайда қазақ сәулет өнері тарихына қалам тартқан Ә.Марғұлан, М.Меңдіғұлов, Н.Оразымбетов, Ш.Уәлиханов, А.Қапанов, Р.Сейдалин бастаған аға буын ақылдаса келіп, бұл жұмысты – «Кеңес дәуіріндегі сәулет және қала салу өнері» деген мақаланы маған тапсырды. Сәулет өнері термині жөнді қазақшаланбаған-ды. Осы орайда терминді қазақша сөйлетуге Марғұлан, Бәсенов, Меңдіғұлов сынды ұлы ғұламалар қол ұшын берді. Қасбет (фасад), мық (фундамент), дөдеге (фриз) т.б. көптеген термин атаулары қолданысқа енді. Менің мақаламның қазақша жатық шығуына энциклопедия редакторларының көп көмегі тиді.

– Иә, ештеңеден тайсалмайтын, жүрексіну дегенді білмейтін кезіміз еді. Жалпы бірқатар ғылым термин сол энциклопедия шығарар кезеңде жүйеленді. Енді әлқиссаны туған жер, өскен орта, алған білімнен бастайық.

 – Туған жерім – Алматы облысы Еңбекшіқазақ (бұрынғы Шелек) ауданындағы Малыбай ауылы. 1942 жылы 13 қарашада дүниеге келіппін. 1959 жылы ауылдың орта мектебін тәмамдап, сол жылы Орта Азия политехника институтының құрылыс факультетіндегі сәулет бөлімшесіне түстім. Институтты 1965 жылы үздік дипломмен бітірдім. Содан жолдамамен Алматыдағы Қазақ қала құрылысын жобалу институтына сәулетші етіп жіберді. Институттың 3-шеберханасында Қазақстанда жер сілкінісі байқалатын өңірлерге тұрғын үй жобасын әзірлеуге қатыстым. Кейін бұл жоба Алматыға лайықталған тұрғын үй типтік жобасынан жалғасын тапты. Алматыдағы Кеңестер үйінің (қазіргі Алматы қалалық әкімшілігі үйі; Абылай хан және Әйтеке би көшелерінің қиылысы) интерьерін зерлеу, одан кейін Балуан Шолақ спорт сарайы іргесіндегі хауыз жобасы менің тырнақалды жұмыстарым.

Қазақ өнерінің жанашыры, айтулы сәулет туындыларын зерлеуге (ою-өрнекпен нақыштауға: мысалы, Алматыдағы Опера және балет театры т. б.) белсене атсалысқан Т.Қ. Бәсенов менің сәулет ғылымына келуіме бірден-бір себепші болды. Ол кезде Төлеу Құлшаманұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары еді. 1961 жылы сол кісі Қазақ политехника институтынан «Қала құрылысы» кафедрасын ашқызып, 1966 жылы мені сонда қызметке алды. Сәулет өнері ғылымына баулыған ұстаз сенімін ақтауға тырысып, мұнда өткерген екі жылда біраз сыннан өтіп, қанатымды қатайттым. 1968 жылы Мәскеу сәулет өнері институты аспирантурасына түсіп, білімімді тереңдету мүмкіндігін алдым. 1970 жылы Ю.Ю. Савицкийдің жетекшілігімен «Қазақстан сәулет өнерінің 1920–1970 жылдардағы даму жолы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым.

Қазақ сәулет өнерінің пайда болуы және оның даму жолын зерттеп, құнды еңбек қалдырған, осы саладағы тұңғыш профессор Малбағар Меңдіғұлов мені үлкен ғылымға алып келген ұстазым еді. 1972 жылы «Сәулет өнері тарихы» кафедрасы жеке бөлініп шығып, сол кафедраны меңгеруге Меңдіғұлов шақырылды. Сол күннен бастап, сәулетші-ғалым ағамыз қанатының астына алды. 1991 жылы «профессор» ғылыми атағына ие болдым. 1999 жылы «Қазақстан сәулет өнерінің ежелгі заманнан ХХ ғасырдың басына дейінгі даму жолы» деген тақырыпта қорғалған докторлық диссертациям осы еңбектің заңды нәтижесі еді.

 – Дархан даламызда көмбеде жатқан ежелгі тұрақ, шағын қалалар қаншама?! Ғылыми айналымға түскен ежелгі Баба ата, Ақтөбе қонысы, Көне Құлан, Ақыртас, одан беріректегі Созақ, Сығанақ, Яссы, мазарлардан Бабаша хатун, Қарахан, Айша бибі, Жошы хан, Сырлытам, Шақпақ ата, Ахмед Яссауи мешіт-мавзолейі әзірге ежелгі заман ескерткішінен қанағат тұтып отырған көне байлығымыз. Ал тізімге алынып, тезге түспей жатқаны қаншама? Осы озық технология біздің елге келсе, қазағының құм астында жатқан өркениет інжу- маржандарын жарқырата көрсетуге мүмкіндік алып, ұлтының ұлылығын мақтан тұтқан жастардың төбесі көкке жетсе! Сыр сандықтың кілтін іздеп, небір қиындыққа мойымай дала кездіңдер. Енді әңгімені осылай қарай бейімдесек.

 – Иә. Бар мүмкіндікті пайдаланып дала кездік.Бізді жігерлендірген нәрсе ол –ұстаздарымыздың ұлтқа қызмет етуді өз еңбектерімен көрсете білуі еді.Қазақстан ескерткіштерін қорғау орталық кеңе­сінің тапсырысы бойынша 1973 жылы М.Меңдіғұловтың жетекшілігімен Батыс Қазақстан өңірі бойынша ғылми экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция жетекшісінің ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары мен едім. Көне заман ескерткіштерін көзбен көріп, оның өлшеміне, композициялық құрылым ерекшелігіне назар аудару бір ғанибет. Сол ежелгі дәуір сәулетшілерінің тапқырлығына қайран қаласыз. Осындай экспедиция 1980 жылдары жыл сайын жүргізіліп, ол Орал, Атырау, Қызылорда, Қазалы, Орда, Қостанай, Ақмола, Өскемен, Павлодар, Ақтөбе, Көкшетау, Семей өңірлеріндегі ескерткіштерді қамтыды. Экспедицияның ғылми жетекшісі М.Меңдіғұлов, ал мен ғылыми жұмыс жөніндегі жауапты орындаушысы болдым. Орайы келгенде, 1987 жылы М.Меңдіғұловтың жетекшілігімен Бетпақдала ескерткіштерін зерттеу экспедициясының жемісті болғанын (ғылми жұмыстың жауапты орындаушысы – Э.М. Байтенов) айта кеткен жөн.

Осы экспедициялар кезіндегі материал-дар зерттеліп, жыл сайын ғылыми есеп беруге, мақала, баяндамаларға, кітаптар мен монографияларға арқау болды. Мысалы, 10 томдық «КСРО халықтары өнері тарихындағы» (М., 1970–1975), сондай-ақ «Қазақ совет энциклопедиясындағы»(А., 1979) Қазақстан сәулет өнері бөлімдері; жеке кітап болып шыққан ірі ғылми еңбектер: Кеңестік Қазақстан сәулет өнері, М., 1974 (аталмыш кезең бойынша тұңғыш кітап); осы аттас екінші басылым(М.,1987; А.С. Қарпықов, М.Ғ. Сейдалинмен бірге); Қазақстан сәулет өнері тарихы(А.,1999); Қазақ өнері тарихы (А., 2006, қазақ тілінде; А., 2007, орыс тілінде); Мәдени мұра бойынша жарық көрген «Өнер» көптомдығы (А., 2012); Социализм дәуіріндегі Қазақстан сәулет өнерінің дамуы(А., 2019) және т.б. Осының бәрі ғылымды өмірлік тәжірибемен байланыстырудың жемісі деп білемін.

 – Ұзақ жылдар бойына өз білгеніңді үйрету­ден жалықпай, бүгінде сәулет өнері қара шаңы­рағының ақсақалына айналдың. Өзің қанат қақ­тырған шәкірттерің жайында, жастар, студенттер қауымына тоқтала кетсең...

 – Студент деген қауым негізінен білімнің көбін өз талабымен жинайтын қауым. Студент сөзінің мәні де осыны білдіреді. Олар білмегенін білдіретін ұстазға кезіксе, бал жинаған арадай жанынан шықпайды. Мен талантты сәулетшілер мен сәулет ғалымдарын тәрбиелеп шығардым десем, артық емес. Олардың қатарында белгілі ғылым докторлары: Н.Ж. Қозыбағарова, А.Т. Ахметова, А.Р. Сәбитов, С.Г. Космериди, ғылым кандидаттары: Э.М. Байтенов, К.И. Самойлов (қазір екеуі де ғылым докторлары), Е.Е.Тоқмағамбетов, М.В.Рева, А.М.Мұхадиев, А.Х.Кебиров және Қазақстан көлемінде жобалау шығармашылығымен айналысып жатқан жүздеген сәулетшілер бар. Республикалық Сәулет­шілер одағының төрағалығына дейін көтерілген  А.И. Рүстембеков және С.Сұлтанға­лиев есімдерін мақтанышпен атауыма болады.

Біздің білім беру сапамыздың өте жоғары екеніне 2007 жылы Академия басшыларының шақыруымен келген жоғары білікті ЮНЕСКО-ХСО (Халықаралық сәулетшілер одағы) комиссиясы көз жеткізіп, аккредитациялап, арнайы жиында валидация сертификатын табыс етті. Мәртебелі комиссияға екі жетінің ішінде барымызды көрсете білу үшін күн-түні жұдырықтай жұмылып, жұмыс істедік. Мен сол істің жуан ортасында жүрдім. Сондай-ақ 2011 жылы ЮНЕСКО-ХСО-RIBA (Британ корольдік сәулетшілер институты) әлемдік деңгейдегі комиссиясы екінші мәрте тағы да білім беруімізге өте жоғары баға берді.

 – Әлем біртұтас ақпарат алаңына айналып, бірінің жоғын екіншісі тауып жатқан заманда ел танып, тәжірибе алмасу жағы қалай болды?

 – Шетел сәулетшілерінің шығар­машылық бағыты, жоғары оқу орындарында білім беру сапасы қандай екенін білу мақсатында біраз елде болдым: Чехословакия (1971), Польша (1988), ҚХР Шыңжан Ұйғыр автономиялы ауданы (1989, 1990, 1992; делегаттар құрамында), Италия және Түркия (2003), Грекия (2005), Египет және Иерусалим (2007), Испания және Үндістан (2008) және т.б. Сапар барысында сәулет ғимараттарына назар салу өз алдына, жоғары оқу орындарының оқу құралына, оқыту тәсілі мен тәжірибелік дәрістеріне шұқшиясың. Аздап көрген, түйгенімді пайдалана отырып, «АҚШ және Қазақстанның жоғары оқу орындарында сәулет тарихы пәнін оқытуды салыстырмалы талдау» (ҚазМСҚА; Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында өткен Халықаралық конференцияда жасалған баяндама, 2004) деп аталатын еңбегімді атауға болады.

– Алғаш сөз басында ғимарат жобасын жасауға ептеп қатысқаныңды айтып қалдың... Ғылым жолы мен ұстаздық бел шешіп кірісуге мұрша бермеді ме?

 – Талантты сәулеткер болу – арман. Арагідік жасаған жобаларым санатына атақты шайыр Билал Назымның Жаркенттегі ескерткіші; Алматы облысының Жаңашар, Талғар, Қызылшарық елді мекендеріндегі мешіт-медіреселер бар. Ал конкурстық жобадан назарға іліккендері: «Жаркент қаласы қақпасы»; Алматының Ә.Бөкейханұлы көшесіндегі мешіт-медіресе; «Заря Восток» ауылындағы 640 оқушыға арналған мектеп кешені; туған ауылым Малыбайдағы мешіт-медіресе және тағы басқалар.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Иген ХАСЕНҰЛЫ,

энциклопедияшы-жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері

887 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы