• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

«ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕ ОҚЫТҚАН АТА-АНАМА РАХМЕТ!»

Уақыт зымырап, ата-анамның бақилық өмірге аттанғанына да 30 жыл болыпты. Бүгінде өздері жанымда болмаса да, мейірімді жүздері көз алдыма сағым болып оралып, еркелеткен жылы сөздері кұлағымнан кетпей, жадымда сақталып қалды. Шіркін, қыстың қысқа күніндей болған жалған дүние-ай!..
Иә, ата-ана деген өмір сахнасындағы ешқандай қосалқы актерлермен алмастырылмайтын басты кейіпкерлер ғой! Әлі есімде, институттың соңғы курсында дипломдық жұмыс жазып жүрген кезім. Сонда маған қажетті бар әдебиетті марқұм анам Республикалық техникалық кітапханадан тауып, үйіме әкеліп беруші еді. Бұл орайда, басқа шаңыраққа келін болып түскен менің қамым, «кітапханаға барып, сарылып отырмай, өзінің ошағының басында, үйінде дайындалсын» деген ойы. Ал дайын болған дипломдық қолжазбамды әкем машинкаға басып берген (ол кезде компьютер болмаған). Осылай, Құдай оңдап, ата-анамның қамқорлығының арқасында жоғары оқу орнын бітіріп шықтым. Бүгінде жеткен жетістіктерім мен табыстарым – біріншіден, Алланың нығметі болса, содан кейін – ата-анамның қолдауы.

Арада талай жыл өтсе де, ата-ананың орны ешқашан толмайтынын біле тұрып, «келіп қалар» дегендей, қалың қауым арасынан оларды іздейтін сәттерім болады. Әкем мен анам барда өмірдің ешбір қиындығын сезінбей, еркелеп жүре беруші едім...

Әкем әрдайым тәрбиелік мәні бар ұлағатты сөздерді жиі айтып отыратын. Ол кісінің ғұламалар мен игі жақсылардың көркем сөздерін жазып алып жүретін жақсы әдеті бар еді. Бүгінде сол әдемі үрдісті өзім жалғастырудамын.

Қазіргі уақытта ғаламтордың дамып, ақпарат легі ағылып жатқан заманда жұрт газет-журналды жаздырып, оқудан алыстап кетті. Алайда ата-анамнан «мұра» болып қалған баспасөзге жазылу үлгісі менің тұрақты дағдыма айналып, ағымдағы ақпаратпен танысу күнделікті өмірімнің тәртібі болып қалыптасты. Бұл да менің әкем мен анамның өнегелі өмірінің бір көрінісі деп білемін.

Сондай-ақ әкем әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларын іздеп тауып, біздің де кітапқа деген құмарлығымызды оятып, білімділікке баулыды. Әр кітапқа мөр басып, номер қойып, арнайы бір дәптерге тіркеп отыратын. Бұл – әкемнің аса тиянақтылығы мен кітапқа деген құрметі еді. Ал анам болса, шығармашылығынан бөлек, біздің майда тірліктерімізге дейін, тіпті аяқ киім жөндету, киім тазалату сияқты шаруларымыздың бәріне жүгіруші еді. Анама қалжыңдап: «ақын Рза Қунақова әлі күнге дейін балалы-шағалы болған балаларының айтқандарын істеп, солардың шаруасымен шапқылап жүр десе, ұят емес пе?», – дейтінмін. Сонда анам: «Елдің сөзінің керегі жоқ. Маған, ең алдымен, балаларымның қиналмағаны, жағдайларының дұрыс болғаны қажет», – деуші еді. Қайран, анашым-ай!

Күнделікті жұмысқа барғанымда, таңертеңгі сағат тоғыз бен онның арасында телефонмен хабарласып, хал-жағдай мен амандығымды сұрап, дегбір таппайтын. «Мама, неге осыншама уайымдайсың, аман-есенбіз. Маған бірдеңе болса, хабар бірінші саған жетеді ғой», – десем, «Мен саған қанатыммен су сеуіп, үлгеруім керек» дейтін.

Түскі асқа мені жолдан көлігімен ала кетіп, әкем екеуі екі жағымнан айналып-толғанып, орталарына алып, жас балаша еркелетіп, бар «жылы-жұмсақтарын» алдыма тосатын еді.

Анамның қоғамдық жұмысқа белсене араласып, кәсіби журналист, танымал ақын болып қалыптасуына әкемнің қолдауы мен ықпалы зор еді. Әкем анамның бойындағы Алла берген ақындық қасиетінің дамуына, шығармашылығының жетілуіне жағдай жасап, түсіністікпен қарап, алақанына салып, аялай білді.

Сонымен қатар анам жазған өлеңдердің де алғашқы оқырманы әкем болатын. Олай дейтінім, әкем анамның қолжазбаларын машинкамен басып шығарып, баспаға дайындауына атсалысатын. Ал анам іссапарларға жол жүріп кеткен кездері әкем бізбен қалып, мемлекеттік қызметпен қатар, тұрмыстағы шаруаларды да атқарып жүрді. Әкем – анамның бағын жандырып, шығармашылығына дем беріп, қанат бітіріп, оны бағалай білген асыл жан болды. Әйел бақыты деген осы болар!

Әкемнің анам үшін қаншалықты қымбат болғаны өмірден өткенде айырықша сезілді. Анамның «мықты» болып, ештеңеге мойымай, емін-еркін, еркелеп жүруі – әкемнің арқасы екен. Әкем қайтыс болғаннан кейін қуанғанда күлімдейтін, ашуланғанда от шашатын жанары мұңға толды. Бұрын түскі ас үстінде бәрімен шүйіркілесіп отыратын анам, әкемнен айырылғаннан кейін тамағын тез арада ішкен болып, қонақ бөлмедегі диванға жатып, бір нүктеге қадалған бойы терең ойға батып, үнсіз қалатын... Анамның мұндай күйін мен ешқашан көрмеген едім. Кәкімбек ағамыздың өлеңіндегідей: «сыңарынан айрылып қалған күні, бұл өмірдің қызығын жартылайды», – деген сол екен... 

Отыз үш жылдан аса тынбай, үздіксіз қызмет етіп, еңбектерінің жемісін жейтін, бала-шаға мен немерелерінің қызығын көрер шақта сұм ажалдың торына шырмалып, жарық дүниемен қоштасып, әкем екеуі қайтпас сапарға аттанып кетті. Бір күн болса да құрметті демалысқа шығып, соның рахатын және ұрпақтарының қуаныштарын көруге Алла жазбаған екен...

Туған күндері де қатар болып, бір жылдың бір күнінде екеуі бірге зейнеткерлікке шығуы керек еді. Алайда Алладан бұйрық жетіп, киелі аққу құстарға ғана тән сезіммен небәрі он айдың ішінде бірінен соң бірі мәңгілік мекендеріне барып жайғасты. Анам әкемнің қайтқанына бір жыл болуына арнап ас беруге белгілеген күніне өзінің қайтқанына қырық күн толды. Өмірге келуі де, бұл жалғаннан кетуі де қатар болды. Алла тағаланың құдіретінде шек жоқ қой!..

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешсе де, анамның артында өлең-жыры, оқырманы қалды. Өмір өзінің ұзақтығымен емес, мән-мағынасымен өлшенбей ме?! Бүгінде ата-анам жайлы айтылған жақсы пікір мен жылы лебіздер – олардың осы өмірде қалдырған өшпес іздері емес пе?!

Бәлкім, анам шығармашылық өмірде талай биік шыңдарды бағын­дырар ма еді, алайда ол кісі үшін отбасы мен бала-шағасының мүддесі бәрінен артық болды. Ешқашан атақ қуып, марапат іздеп, қызғаныш пен күндестік танытқан емес. Ең алдымен, анам – «аяулы жар», «ардақты ана» деген үлкен «мәртебелі» атқа ие бола білді. Сондай-ақ анам отбасының берекесі мен ұйытқысы, ағайын-туғанына, аға-апаларына мейірімді бауыр, жанашыр қарындас, қайын жұртына ізетті де, инабатты келін, құрбы-құрдастарына адал дос еді.

Саналы ғұмырында анам марқұм талай адамға қолынан келген жақсылығын жасап жүретін. Әсіресе ағайындарының оқуға түсуге келетін балаларын, жиен-сіңлілерін емтиханға дайындауда жанын салатын. Үй-ішінің тірлігі, қызмет бабы, өзінің жеке шығармашылығы – осының бәріне уақыт тауып, бір мезгіл талапкерлерге диктант, шығарма мен мазмұндама жаздыратын. Сондай-ақ ауызша пәндерге көңіл бөліп, сұрақ қойып, жауаптарын тыңдайтын. Бұл орайда, білімнің адам өміріндегі маңыздылығын, оқуға түсудің қаншалықты жауапты да қиын екенін білдіртетін. Дайындық барысында талапкерлерге қатаң талап қоя отырып, жалқаулығы мен білімсіздігі үшін туыстарының талай баласын жылататын да. Сол тәрбиелеген жігіттер мен қыздар бүгінде балалы-шағалы болып, өмірден өз орнын тауып, түрлі салаларда қызмет атқарып жүр, алды зейнеткерлікке де шықты. Барлығы да ерекше сезіммен, ыстық ықыласпен ата-анамның өздеріне жасаған қамқорлығын еске алып, ризашылықтарын білдіреді.

Енді міне, осының бәрі қазір тек естелік болып қалды. Кім ойлаған, іле-шала, қас пен көздің арасында ата-анамның екеуінен қатар айырылып, орындарының ойсырап қалатынын? Бүгінде бар ағайын-туысқа жанашыр, қамқор болған ата-анам жайлы тек өткен шақта еске аламыз.

Ата-анамның қазасында:

«Жапырағы жайқалған

Орман болсын ұрпағың.

Өміріңнің жалғасы

Аман болсын Нұрланың!», – деп жоқтау айтқан едім...

Өкінішке қарай, «әкем мен анамның қысқа ғұмырын ұзартар» деген жалғыз ағам Нұрлан 2015 жылдың 11 тамызында 54 жасында ауыр науқастан бақилық болды...

Кеңес заманында бізді қазақ мектебіне беріп, қалада туып, асфальт­та өссек те, қазақи тәрбие берген әкем мен анама алғысым шексіз. Бүгінде қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, қызмет бабында қолдану аясы кеңейіп тұрған сәтте мектеп қабырғасында үйренген ана тілім мені үлкен абыройға кенелтті. Бұл – менің ұшқан ұямнан алған тәрбиемнің керемет жетістігі.

Ата-анамның тіршілігінде жасаған игі амалдары мен сауапты істерін өзіме үлгі тұтып, үміттерін ақтауға тырысып, өмір соқпағымен жүріп келе жатқан жайым бар. Олар менің жанымда болмаса да, әрдайым жадымда... 

Қимастарымның жатқан жерлері жайлы болып, жұмақтың төрі бұйырсын. Алла рахымына алып, алдары пейіш болғай!

Ғалия ҚҰСАЙЫНОВА,

АСТАНА

 

916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы