• Қоғам
  • 17 Қараша, 2022

БИЫЛҒЫ САЙЛАУДЫҢ ӨЗГЕШЕЛІГІ БАР

Қоғамды реформалау процесінде білім беру жүйесінің рөлін арттыруға байланысты көптеген сауалдар туындайды, соның ішінде: бұл жүйе белсенді азаматтық позициясы бар, саяси конъюнктураны түсіну қабілетіне ие азаматтарды қаншалықты тәрбиелей алады, жоғары білім алып жатқан жастардың елдің және жалпы қоғамның саяси өміріне қатысу құштарлығы қандай? 
Бір жағынан білім беру жүйесі, басқасымен қатар, саяси әлеуметтену агентінің функциясын орындай отырып, жеке тұлғаның елімізде қалыптасқан саяси тәжірибесін игеруге, ол тәжірибені бойына сіңіруге және жаңғыртуға, өзінің саяси субъекті ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Екінші жағынан, саяси әлеуметтену процесі буынаралық ұштасу барысында саяси жүйенің, сондай-ақ саяси конъюнктураның ауытқуына қарамастан еліміздегі маңызды мәселелер бойынша, өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті азаматтардың қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар студенттердің саясат субъектісі ретіндегі өз рөлін атқаруы өте маңызды: олар саяси өмірдің белсенді қатысушысы болуы немесе тек бақылаушы болып қала беруі, тіпті, жалпы саяси іс-әрекет жасаудан бас тартуы университет қабырғасында алған тәрбиесіне байланысты екені анық. Осы мақсатта біз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқу ғимаратында орналасқан №258 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы, заң факультетінің аға оқытушысы, PhD доктор Серікхан ӘДІЛҒАЗЫ мырзамен кездесіп, университет студенттері, әсіресе жасының толмауына байланысты бұған дейін сайлауға қатысып көрмеген сайлаушылардың еліміздің азаматы ретінде конституциялық құқығын қалай іске асыра алатыны жайлы мәлімет беруін сұраған едік.

– Биылғы кезектен тыс өтетін Президент сайлауының ерекшеліктері қандай?

– Биылғы сайлаудың бұрынғыдан өзгешелігі бар. Қазіргі сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген белгі енгізілген. Бұл белгі арқылы азаматтар өздерінің келіспейтінін де білдіре алады. Нәтижесінде, сайлау­шылардың өз таңдауын толыққанды жасауға жол ашып,  олардың құқын мак­сималды түрде іске асыратын тетігі деуге де болады.

– Сайлауға қатысу ретін баяндап берсеңіз.

– Сайлау 2022 жылы 20 қарашада таңғы сағат 7.00- ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізіледі. Сайлауға келер алдында әр азамат Орталық сайлау комиссиясы сайты https://www.election.gov.kz/kaz/ арқылы немесе https://www.gov.kz ҚР Үкіметі электронды порталында ЖСН ­бойынша өзінің сайлаушы ретінде тіркелген сайлау учаскесін анықтап алу қажет. Содан кейін айтылған уақыт аралығында сайлау комиссия мүшелеріне жеке куәлігінің түпнұсқасын көрсетіп, сайлаушылар тізіміне қол қойып, әрі қарай дауыс беру рәсімін өткізеді. Электронды төлқұжатын қолдануға да болады. Және, осыған орай, әр сайлаушы міндетті түрде өзі ғана жеке дауыс беруі қажет екенін, оның орнына басқа азамат дауыс беруге болмайтынын айта кетуді жөн санап отырмыз. Тек денсаулығына байланысты, тағы басқа себептермен өзін-өзі алып жүре алмайтын жағдайда басқа адамдардың көмегіне сүйенуге болады, бірақ олар комиссия мүшелері және жергілікті атқарушы органдарының қызметкері болмауы тиіс.

– Алматы қаласында оқитын, бірақ тұрғылықты мекен-жайы басқа елді мекенде тіркеуде болса, не істеуге болады?

– Бұл мәселені екі жағынан қа­растыру қажет. Біріншісі, жатақ­ханада тұрып жатқан студенттер заңға сәйкес автоматты түрде біздің ­учаскеге сайлаушы боп тіркеледі. Сондықтан бұл жағынан еш кедергі жоқ. Ал жатақханадан басқа жерде тұратын болcа, тек өзінің тіркелген мекен-жайына тиесілі сайлау учаскесіне баруы тиіс. ­Немесе сайлау өтетін күнінен кемінде 30 тәулік бұрын, жергілікті атқарушы органдарға арнайы өтініш беру арқылы Алматы қаласында сайлауға қатысуға болады. Сонымен қатар белгілі себептермен мүлдем тіркеуде болмай қалған жағдайда, сол күні Халыққа қызмет ету орталықтарында уақытша бір күндік тіркеуге алыну арқылы сайлауға қатысуға болады.

–  Сайлау учаскесінде сайлау тәртібі бұзылғанын немесе сайлаушылардың құқығы бұзылғанын қалай аңғаруға болады және аңғарылған жағдайда не істеу керек?

– Сайлау болған күні учаскенің ішінде немесе маңында арандатушы адамдар, топтар немесе басқа теріс пиғылды, сайлаудың тыныш және қауіпсіз өтуіне мүдделі емес тұлғалар, белгілі құқық бұзушылық жасап тырысуы мүмкін. Ондай жағдай орын алса, сайлау комиссиясы төрағасы және басқа мүшелері өз құзыреті шеңберінде шара қолданады немесе қажет болса, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Ал азаматтар тарапынан өзінің сайлаушы ретінде құқықтары бұзылып жатыр деп санаса немесе сол сияқты күмән туындаса, сол учаскеде арнайы тағайындалған сайлау бақылаушысына шағымдануға болады. Екіншіден, учаскелік ақпараттық тақталарда көрсетілген телефондар арқылы бүкіл жергілікті атқарушы органдар, ішкі істер, прокуратура, сот органдарымен тікелей байланысқа шығып, шағым айтуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен бірге сайлау өтетін күні барлық жергілікті сот ор­гандары арнайы жұмыс істейтінін және кез келген азаматтардың сайлау барысында орын алған құқық бұзушылықтар жөніндегі ша­ғым­дарын қарастырып, дәл сол күні шешім шығаруға міндетті екенін білгеніміз жөн.

– Президент сайлауына кандидат ретінде қатысатын үміткерлердің сайлауалды бағдарлама­сымен қалай танысуға болады?

– Біріншіден, кез келген сайлау учаскесінде ақпараттық стендтер бар, ол жерде әр кандидаттың бағдар­ламасы көрнекі түрде ілінген. Екіншісі  Орталық сайлау комиссиясының сайтынан танысуға болады, сонымен қатар әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті мәліметтер табуға болады. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Еркін НОҒАЙБАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс

кафедрасының аға оқытушысы

701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы