• Cұхбаттар
  • 17 Қараша, 2022

«ӘЛІППЕ»: «КӨРНЕКІ ҚҰРАЛ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНЕ ЖОЛ ТАРТАРЫНА СЕНЕМІН»

Нұрмаханбет Ділдәгүл Биболат­қызының  мамандығы-журналист. Әңгіме, өлең жазады. Республикалық «Алтын қалам» байқауының ­лауреаты, «Сұр жебедей Сұлтанбек» атты ОҚО ақындар мүшәйрасының I орын иеленген жүлдегері, Шымкентте өткен Отансүйгіштік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» атты тақырып аясында өткізілген облыстық  журналистер байқауында 2-орын алған, Шымкентте өткен «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деген  облыстық әдеби байқауда 2-орынды иеленген. Бірнеше жинақтарға өлеңдері мен әңгімелері енген. Журналистікті, жазушылықты, ақындықты сәл демалдыра тұрып, енді «Әліппені» оқытуға арналған хрестоматиялық көмекші оқу құралының мәтіндерін толық өзі жазып, баспадан шығарғалы отыр. Әңгіме енді осы тақырып жайында.

– Ділдәгүл Биболатқызы, 7 жыл уақы­тыңызды көрнекі құралды зерттеп жазуға, талдауға, сараптауға, суреттерін салдыруға, баспадан шығаруға жұмсапсыз. Ендеше, бұл іске бет бұруыңызға не түрткі болды?

–  2016 жылы БжҒМ-нің бағдарламадан  «Әліппені» алып тастағаны маған да терең ой салды. «Неліктен 100 жылдан аса уақыттан бері қолданылып келе жатқан «Әліппені» бірден алып  тастады» деп, ұлт болашағы үшін жаны ауыратын азаматтардың бәрі ойланды. Менің «Әліппені» зерттеуіме осы жағдай түрткі болды. Зерттеген   сайын мол мағлұматқа қаныға бердім. Оқулық шығаратын баспалардың редакторларымен пікірлестім.  «Сауат ашу» пәнін көбісі ұнатпады. Бір баспаның редакторы «Сауат ашу» пәні Кембридж, Оксфордтың бағдарламалары негізінде жазылғанын айтты. «Сауат ашу» пәні жаттығуларының  баланың ұғымына ауыр тигенін бәрі көрді. Сондықтан көбісі «Әліппені»  қайтаруды талап етті. Осы жағдайдың бәрі  мені «Әліппені» зерттеуге қамшылай  түсті. Алматыда Ұлттық кітапханада  отырып зерттеуді бастадым.

 Иә, маған  «Мұғалім емессіз, әліппеге арналған көрнекі құралды қалай жазып жүрсіз?» деп сұрақ қояды. Мұғалім болмаған соң, Білім басқармаларына арнайы хатпен шығып, көрнекі құралды Әдістемелік орталықтарда әдіскер мұғалімдермен талдау, сараптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздім. Бір өзіме осы жұмыстардың  бәрін атқару өте ауыр тиді. Тарихта әліппелерді үш-төрт автор жазған. Авторлардың қасында ғылыми кеңесші, суретші кеңесші, әдіскер кеңесші, этнограф, менеджерлер бәрі бірігіп жұмыс істейді.

 Бір өзім мынадай үш бағытта жұмыс істедім:

1. «Әліппені» зерттеп мәтіндерін  жазу.

2. Мектептерде талдау, сараптау жұмыстарын жүргізу.

3. Қаржы іздеу.

Мұғалімдердің білім деңгейлерінің әртүрлі болғаны да маған көп ізденуді мойныма жүктеді. Методикада түрлі пікірлер айтылып жатады. Ондайда қай нұсқасы дұрыс екенін анықтау үшін кітаптарды, интернетті көп ақтарып зерттедім. Осы «Әліппеге» жанашыр болған білікті кеңесшілермен жиі ақылдастым.

– Жұмысты неден бастадыңыз?

– Көп іздендім. Алматы қаласындағы кітап дүкендерін аралап анализ жасадым. Сосын көп ойланып, көрнекі құралды жазуға кірістім.  Алдымен Алматыдағы кітап дүкенінен балалар әдебиетін сатып алып оқыдым. Кітаптарды Ұлттық кітапханада да оқыдым. Балалар әдебиетін және «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік кітаптарды оқып, бастауыш сынып методикасын зерделеп білген соң, көрнекі құралға жасаған жоба бойынша жаздым. Үш ай «әліппелерді», әдебиеттерді, сөздіктерді, әдістемелік кітаптарды оқып зерттеп, жалпы кітапты алты ай бойы жаздым. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының қоры өте бай. Онда А.Байтұрсынұлының шығарған әліппеcінен бастап, бүгінгі күнге дейін басылған барлық «Әліппе» сақтаулы. Сапалы көрнекі құрал жазу үшін қиын болса да, Алматы қаласында пәтер жалдап жүріп, көрнекі құралдың мәтінін  Ұлттық кітапханада айлап, жылдап отырып зерттеп, жазып дайындадым. Зерттеп жазуға, талдап сараптау жұмыстарын жүргізуге, қаржысын іздеуге, суретшіге суреттерін салдырып, дизайнын жасатуға, баспадан шығаруға 7 жыл уақыт кетті. Сонымен бірге, оқулықтардың әдістемелік суреттерін салатын суретшілердің бәрі Алматыда болғандықтан, көрнекі құралдың суреттерін салып, дизайнын жасату жұмыстары да Алматы қаласында іске асырылды. Өйткені, Шымкентте оқулық шығаратын баспалар болмағандықтан, онда оқулықтардың әдістемелік суреттерін салатын суретшілер де жоқ. Шымкентте көркемсурет колледжі мен сұңғат факультеті бар. Шымкенттік суретшілер көбінесе анимациялық суреттер салады. Себебі Шымкентте анимациялық фильмдер дамуда. Ал анимациялық суреттер әдістемелік суреттерге сәйкес келмейді. Сондықтан да шығармашылық жұмыстардың бәрі Алматы қаласында іске асырылды.

Көрнекі құралды Шымкент қаласында, Түркістан қаласында мектептерде ұстаздардың талдауынан өткізген соң, жетілдіру үшін тағы да үш ай бойы Алматыда Ұлттық кітапханада зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Сюжеттік өлең, жұмбақ, жаңылтпаштарды аллитерация және ассонанспен жаздым. Аллитерация – сөздердің басы дауыссыз әріппен бастап жазылатын мәтіндер. Ассонанс – сөздердің басы дауысты әріппен бастап жазылатын мәтіндер. Мәтіндердегі сюжеттік өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әріп жұмбақтар, ребустар, логикалық жаттығулардың бәрін өзім жаздым. Ешкімнен мәтін көшірмедім. Сөйтіп көрнекі құралымның мәтінін ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Зияткерлік меншік институтында»  тіркеуден өткізіп, авторлық куәлігімді алдым.

– Көрнекі құралдарға қойылатын талап өте жоғары. Онда суреттер мен мәтіндердің анық көрінуі, бояулары қанық болуы керек. Суреттер әріптердегі тақырыптарға сай болуы тиіс, әрбір жаттығу, сурет дау тудырмауы керек деген талаптар бар, осы істерді қалай атқардыңыз?

– Министрліктің бағдарлама бойынша қолданысқа енгізген әліппесінде (2021 ж.) әріптерде тақырыптық қысқа мәтіндер берілген. Балалар мәтіндерді оқып, сөйлеуге тілін жаттықтырады, танымдық қабілетін арттырады. Ал менің жазған көрнекі құралымдағы 7-8 буынды сюжеттік  өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әріп жұмбақтар да балаларды ана тілінде еркін сөйлеуге дағдыландырады, ой-өрісін кеңейтеді. Ребустар, логикалық жаттығулар шапшаң ойлауға, жылдам шешім табуға үйретеді. Көркем жазу аты айтып тұрғандай, әріптерді көркемдеп жазуға жаттықтырады. Сюжеттік өлеңдердегі әрбір  сурет баланы мағынасына сәйкес отаншылдыққа, достыққа, адалдыққа, бауырмалдылыққа, мейрімділікке тәрбиелеуі тиіс. Көрнекі құралдың мазмұны ұлттық педагогикаға негізделгендіктен, әрбір суретке, мәтінге үлкен жауапкершілікпен қарап, суретші суреттерін салғанда, әдіскер ұстаздармен, суретші кеңесшімен, этнографпен ватсап желісінде жиі ақылдасып отырдым. Тіпті әр буынды сарапқа салып отырдық. Кітаптарды, интернетті жиі ақтарып, әдістеменің дұрыстығына көз жеткізіп, талдау жасадық. Әдістеме бойынша әр әріптің, әр суреттің бояуына назар аударып, логикалық жаттығулардың мәтіндерін тек өтілген әріптерден құрастыруды қатаң қадағаладым. Осы тұрғыда әдіскерлермен, мұғалімдермен тығыз байланыс жасап, әдістемені жиі талдап отырдық.

2020 жылдың аяғында ҚР БжҒМ-нен әліппенің жаңа бағдарламасын сұрап алып, 2021 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада 3 ай отырып, логикалық жаттығуларды  бағдарламаға сәйкестендіріп қайта жаздым. Өйткені әр «Әліппеде» әріптерді қолдану реті әртүрлі. Менің әліппеге арнап жазған көрнекі құралымда бағдарламаға сәйкес, бастауыштағы айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталып жазылған. Қазақтың белгілі ақыны, марқұм Аманхан Әлімұлы көрнекі құралымның мәтінін оқып, жоғары баға беріп, рецензия жазып берді. Көрнекі құрал Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беруді дамыту орталығында және Шымкент қалалық Білім басқармасының Әдістемелік орталығында ресми опрабациядан өткізіліп, жалпы әдіскер ұстаздар мен ғалым, ақын тарапынан барлығы жеті рецензия жазылды. Ресми опрабациядан бөлек әдіскер мұғалімдермен он рет талдау жұмыстары жүргізілді. 

– Оқу сапасын, оқушылардың танымдық-шығармашылық белсенділігін арттыру, ойлау логикасын дамыту мақсатында заманауи көрнекі құралдарды қолдану – уақыт талабы. Осы талапты орындай алдыңыз ба?

– Ұлттық педагогика мен адамгершілік этикалары арқылы білім беру дағдыларының дәстүрлі методикасын қамтамасыз ететін, түрлі-түсті әдістемелік суреттермен безендендірілген, 5-6-7 жастағы балалардың ойлау, сөйлеу және жазу қабілетін дамытатын әдістемелік - хрестоматиялық құралды пайдалану – мұғалім мен оқушы арасында түсінісу мен іздену формаларына жол ашады. Білім есігін жаңа ашқан баланың сөйлеу, ойлау, жазу дағдыларын дамытуда және жеке тұлғасын қалыптастырауда көрнекі құрал ұстаз бен оқушы арасында маңызды қарым-қатынас құралы болып табылады. Сонымен қатар әр баламен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сабақта осындай көрнекі құралдарды қолдану – баланың дүние танымын арттыруға да көмектеседі. Бұл көмекші оқу құралында балаларға әріптерді таныту, сөздерді, мәтіндерді оқыту, ойлау қабілетін дамыту, дұрыс сөйлеуге үйрету, сөздік қорын ұлғайту және адамдармен, қоршаған ортамен  дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыландыру, достыққа, отансүйгіштіке, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу әдістері – бастауыш сыныптарда қолданылатын айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталынып, ұлттық педагогика негізінде кірістірілген. Көрнекі құралда балаларға әріптерді танытуға, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген. Жоғарыда айтқанымдай, бастауыш сыныптағы әдістемелердің барлық талаптарын сақтау жолында  күш-жігерімді аянбадым. Көрнекі құрал мұғалімге плакат формасында және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындалған.

Әрине, бұл еңбекті зерттеп жазу да, оны жарыққа шығару да оңай шаруа болған жоқ. Көрнекі құралды жарыққа шығару барысында әр баспалдақтан өткен сайын, қиындығын көріп келемін. Балалардың мектепте терең білім алуына аз да болса үлес қоссам деген арманым бар. Сол арман, мақсатымды орындау жолында бар күшімді, білімімді салып тер төктім, ешнәрседен аянбадым. Барлық қиындыққа төздім, қаржылық шығындарды көтердім. Шындығында көрнекі құралды жарыққа шығару үшін  басымды тауға да, тасқа да ұрдым десем болады. Рухани әрі физикалық тұрғыдан қатты шаршаған кездерім де болды.  

Мұндай жобаны жүзеге асыру барысында ұсақ шығындар білінбей кете береді екен. Мысалы, Алматының оқулық сататын кітап дүкендерін аралап сараптама жасау, кітаптар сатып алу, суретшілерді Ә.Қастеев атындағы мұражайға апару, Орталық мұражайға, Өнер академиясына, Алматы Мемлекеттік университетіне, Суретшілер Одағына  бірнеше рет бару, суретшілердің көрмелерін аралап суретшілерді таңдау, суретшілер мен дизайнерлердің байланыс телефондарын іздеп, мекемелерге қоңырау шалу, баспаханаларға барып өнімді бастыру бағасын анықтау және осының бәрін жүйелеп сарапқа салып отыру үшін қанша уақыт, қаржы кетті. Аталған обьектілерге бару үшін күнделікті интернетті ақтарып, мекен-жайларын, телефондарын анықтап біліп отыру, суретшілердің электронды пош­тама салып жіберген суреттерін сараптау, суреттер ұнамай қалса, басқа суретшіні және дизайнерді іздеу сияқты жұмыстар көп болды. Көрнекі құралдың мәтінінде этнографиялық заттар мен методикалық сюжеттік суреттер салынатындықтан, суретшілерді таңдау жұмысы да айларға созылды. Өйткені жас суретшілер ұлттық этнографияны жақсы білмейді.  Ал классик суретшілер сурет салуға қомақты ақша сұрайды. Сондықтан арзан, әрі сапалы сурет салатын суретшіні іздеуге көп уақыт кетті.

Тынымсыз еңбекпен өткен қиын күндердің көбісі артта қалды. Көрнекі құрал жазғаннан әдеби шығарма жазған оңай екеніне көзім жетті. Өйткені бір көрнекі құралдың (кітаптың) жұмысы он әдеби кітаптың жұмысына татыды. Көрнекі құрал баспадан шығарылып, мұғалім мен баланың қолына жеткенше, ауыр еңбек үлкен жауапкершілікпен мойныма артылды. Ең күрмеуге келмейтін қиындығы – қаржы мәселесі болды. Табанымнан тозып қанша жерге бардым. Ұлттың өшкенін тірілтетін, ұлттың рухына қанат бітіретін, ұлттың болашағын жарқын етуге ұмтылып, демеуші болатын адам жоқтың қасы деуге болады. Қазақтың миллиардер байларына хат та жаздым. Бірақ ешбірінен қайран болмады. Өкінішті-ақ. Миллиардерлердің кейбіреулері: «Бұдан маған қандай пайда түседі?» дейді. Олардікі де дұрыс шығар. Біразы қабылдауына кіргізбеді. Қолың қысқа болған соң, олардың сөздерінен, пейілдерінен жүрек сыздайды. Әйтсе де, көрнекі құралдың қазақ мектептеріне көгершіндей қанат қағып, жол тартатынына үлкен сенім артып отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

2020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы