• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

«АБАЙДЫҢ» АЛҒАШҚЫ НҰСҚАСЫ...

Ұлы суреткер жазушы  Мұхтар Әуезовтің биыл туғанына 125 жыл! Айта кетейік, ол  кіші кезінде атасының үйретуімен арабша хат танып,  1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқыған. Кейіннен орыс мектебінің дайындық курсына ауысып, 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына  училищесіне оқуға түскен ол  соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазған. Мұхтар Әуезовтың қазақ театры сахнасында жазушының төл пьесаларынан бөлек, оның аударма саласындағы әлемдік, орыс және кеңес драматургиясының таңдаулы туындылары қойылған. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Омарханұлы Әуезов көрнекті ғалым, тарихшы, әдебиет теоретигі болды. Оның негізгі әдеби шығармалары «Әр жылдардағы ойлар» атты іргелі кітабында жинақталған. Жазушының Абай өмірі мен шығармашылығы туралы алғашқы шығармалары осы кезден бастау алады. Бірте-бірте оның шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарында ұлы Абай бейнесі айтыла бастайды. Жазушы оған бірқатар мақаласын, операның либреттосын, сценарийін, трагедиясын арнап, орасан зор жұмыстың нәтижесінде, еңбек төрт томдық монументалды эпопеяға ұласады. Нәтижесінде, «Абай жолы» эпопеясы ХХ ғасырдағы ең үздік романдардың біріне айналады. 

Классик жаушы Әбіш Кекілбаев: «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиеті қайраткерлерін алға шақыратын, болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдыз. «Сөздің сиқырын меңгеремін» деген, көркем шығарманың қасиетін қолмен ұстағандай терең ұғынғысы келген, шеберлік шыңдаймын деген дарынды жас қауым үшін ғажайып әдеби үлгі, әдеби мектеп», – деп бағалап кеткен, бағдарын берген. Ал Зейнолла Қабдолов «Абай тақырыбы – Әуезовтің ойшыл-жазушылық ғұмырының өн-бойына желі тартып кеткен күрделі де іргелі тақырып» – деп атап көрсеткен. Көркем сөздің зергері Зәки Ахметов «Абай жолы» роман-эпопеясы −  өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы өмірінің алуан түрлі жақтарын терең ашқан, сол заманның бейне тұлғасын жан-жақты суреттеп берген, кең эпикалық пландағы шын мәніндегі энциклопедиялық туынды», – деп жазып қалдырған. Бүгінде шыққанына 80 жыл болған атаулы роман-эпопеяның түпнұсқасын көріп, танысқысы келген кез келген адамға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Кітап музейі, сирек кітаптар қорында 1942 жылы Алматыда жарық көрген «Абай» атты  кітабы сақталған. Кітап Алматы қаласындағы  Қазақтың Біріккен Мемлекеттік ­баспасынан 1942 жылы жарық көрген және 399 беттен тұрады. Редакторлары – Құрманбек Сағындықов, Қуандық Шаңғытбаев. «Абай» 5000 тиражбен оқырманына жол тартқан роман.  

Ерекшелігі сонда, ұлы жазушының өз қолтаңбасы қалған алғашқы «Абай» (тарихи роман) атты нұсқасымен тұр. 

Жазбасында:

Әдебиет досы

Жолдас Мұхаметжановқа!

Біздің ЦК мен Совнарком  1939 жылғы қаулысында қазақ тілінде проза жанры даму қажет деп еді. Сол қаулыға жауап есебінде жазылған шығармам осы еді. Оқып, сынап, жолдастық пікір айтуыңызды күтіп жүрмін  22/VII – 42 ж. – деп көрсетілген латын қарпінде.

 

Мазмұны – Тайғақта, Әнде, Еңісте, Аңда, Асуда, Тағы да әнде және эпилогтан тұрады. 

Кітаптағы басты қателері

Басылғаны

Дұрысы

Жөнде устаса да бейбіт

Жөнде өкпе уставса да бейнет

«буратана - кімге»

«буратана - кірме»

Сұрастырып

Жәйін сұрастырып

мыс

қыс

улап

урлап

керемет

кермеде

Күйінішпен қойып

Күйінішпен күрсініп қойып

шақырмақ

шаптырмақ

бір

бар

шақырып

Шығарып

бостығы

достығы

боп

топ

тосында

тобында

 

 

Сонымен қатар кітап соңында редакция алқасы:

– Оқушы! Баспа сізден осы кітап туралы өз пікіріңізді жазып жіберуіңізді сұрайды. Жазған хатыңызда жасыңызды, қызметіңізді көрсеткейсіз. Баспаның адресі «г. Алма-Ата, Дом Наркоматов, КазОГИЗ» – деген  жазба қалдырған.

Бұл – әлемге әйгілі роман-эпопея. Әуезовтың «Абай жолы» – қа­зақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туындысы. Роман-эпопея әлемнің 116 тіліне аударылған. Оқырмандар үшін роман-эпопея 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясында 134-135 том болып, орын алып тұр. Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының өзінде роман-эпопея жиырмаға жуық қайта басылып шығыпты. Соңғы рет белгілі жазушы, аудармашы Анатолий Кимнің жаңа аудармасымен басылған. ­Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары түрік, иран тілдеріне де тәржімаланған. Бұл академик Қаныш Сәтбаев «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған туынды. Әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Мен мұны қазақ халқының жалпыадамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалаймын. «Абай» эпопеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз...», – деп бағасын берген. Нәубетті жылдар тауқыметімен арпалыса жүріп, жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын аса тыңғылықты дайындап, баспаға ұсынған. Алдымен ол, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарады. Ақын туралы деректерді тынбай жинастырады, оның өмірбаяндық, шығармашылық жолын ғылыми тұрғыдан бір ізге түсіреді. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген тақырыппен жарық көреді. Содан кейін ғана саналы ғұмырын кемеңгер Абай тұлғасын жан-жақты бейнелеуге арнайды. Тарих пен тағдыр берген мүмкіндікті шебер пайдалана отырып, табиғи болмыс-бітіміндегі қаламгерлік қарым-қабілетті, ақыл-зейінді, таным-түйсікті, өмірлік және көркемдік тәжірибенің барлық күш-құдіретін «Абай жолына» сарқа жұмсады. Соның нәтижесінде, туған ғажайып роман-эпопея арқылы хал­қымыздың тарихи зердесін қайта қалыптап, көшпелі жұрттың тіршілігін жаңаша жаңғыртты. Ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсетті. Қазақтың дана ұлы – Абай образын, шығармалық және қай­рат­керлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдады. Сонымен қатар Әуезов жазған «Абай жолы» шетелдік қаламгерлер: Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип және тағы басқа зия­лылардың жоғары бағасына ие болды.

Абай Құдай берген қайталанбас қасиетінің, тумысынан қанында бар мінезінің арқасында өмір мәні мен қоғамдық тірлік, замана туралы ойларында  өз дәуірінің талантты тұлғаларының ешбірінен кем болмаған. Оны өзі қаршадайынан сезініп, ешкімнен именбей тең сөй­лескен. Қаламгер ойшыл Абайды ақын ретінде ғана емес, қоғам қайраткері, ойшыл философ және өз ұстанымы үшін күрескен тұлға  ретінде суреттейді.

Әуезовтың әңгіме, повестерінде қазақ халқының тағдыры туралы жан-жақты суреттеген  ойлары адам табиғатының әмбебап  мағынадағы мәніне дейін көтеріледі. Оның «Еңлік-Кебектен» бастау алып, іргелі эпопея «Абай жолына» дейінгі жалғасқан барлық шығармаларының алтын арқауы осы десе де болады.

М.Әуезов өз дәуіріндегі Орта Азия көркем ойы мен рухани өмірінің ­дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қойған жоқ, ғаламат шығармалары арқылы сол процестің басты көрсеткіші болды. Жазушының тынымсыз еңбегі, терең ізденісі, зор шығармашылық қажыр-қайратының нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея – дүние жүзі әдебиетінің төрінен лайықты орын алды. Ұлтымыздың мерейін тасытып, мәртебесін көтерді, руханиятын аспандатты. Төрткүл әлемге қазақ деген халықтың талайлы тарихын, тұрлаулы тағдырын, қадір-қасиетін паш етті.

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ

 

877 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы