• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Өйткені халқын «Маса» болып оятып, «Қазақ» газетін шығарған Ахмет Байтұрсынұлы­ның туғанына биыл 150 жыл толды. Осыған орай Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға отандық және шетелдік ғалымдардың бірқатары қатысты. Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай сынды азаматтар ұйымдастырған  ғылыми конференцияның негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын жан-жақты ғылыми талдау, ахметтану ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, соңғы көзқарастар мен жаңа тұжырымдарға жол ашу. 

Конференцияға отандық және алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам ғалым-зерттеушілер келсе, оның ішінде ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мәмбет Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, профессор Нергиз Бирай (Түркия), профессор Гүлжанат Эрджиласун (Түркия), PhD доктор Өзгежан Кисижи (Германия), профессор Ким Сан Чоль (Оңтүстік Корея), профессор Бекир Түмен Сомунджуоглу (Түркия), PhD доктор Бахром Ирзаев (Өзбекстан) секілді ғалымдар баяндама жасады.

Ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында түркі әлемінің ойшылдары санатына қосылған қазақ ағартушысының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын модернизациялаудағы шеберлігі мен реформаторлық өнегелі істерін бағалаудың маңызы өте зор.

– Ахаңның бүкіл еңбектерінің өзі әлі жинақталып біткен жоқ. Бұл қатарда Ахаңның шығармаларын текстологиялық зерттеу жасау, оның ішінде әлі табылмаған, әлі жарияланбаған еңбектері бар. Мәселен, осы соңғы кездің өзінде Ахаңның ­Ленинге жазған үш хаты табылды. Осы үш хаттың өзінде Ахаңның бүкіл ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы айқын көрінеді. Жаңа тәуелсіз сананың тұрғысынан қайтадан зерттеу керек, – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Конференция барысында 12 томдық Ахмет Байтұрсын­ұлының шығармалар жинағы және Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Наргиз Бирайдың Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу кітабы, ахметтанушы-ғалым Райхан Имаханбеттің сүбелі еңбектерінің тұсауы кесілді. Осы кітапты жинақтап, жүйелеп, баспаға дайындаған топтың басында танымал алаштанушы, әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп бастаған ғалымдар мен зерттеушілер елеулі еңбек еткені сөзсіз.

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы құрметіне Ахаңның қазақ және орыс тілдерінде тұңғыш 12 томдық шығармалар жинағын басып шығардық. Мұнда Ахаңның тек қазақ тілінде емес, сондай-ақ, орыс тілінде, бұрын жарық көрмеген шығармалары да бар. Бұл еңбектің бір ерекшелігі – кітапта төте жазумен қатар, оның кирилл әрпіндегі нұсқасы қатар беріледі. Бір ғасыр бұрын қалай жазылса, дәл солай беріліп отыр. Кітап Мәдениет және спорт министрлігінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет» бағдарламасы бойынша 3000 данамен жарық көріп, еліміздің бүкіл кітапханаларына таратылды. 12 томдық еңбекті дайындауға ең алдымен, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Бимағамбет, профессор, академиктер: Диқан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер және басқалар атсалысып, құрастырды.

Ахаңның айдауда жүрген кезінде «Мәдениет тарихы» деген қолжазба еңбегі бары айтылады. Бірақ ол еңбегі әзірше табылмай жатыр. 1934 жылы қуғында жүрген Ахаңды Әлихан Бөкейханұлы босатып алғанда, ол алдымен Мәскеуге Әлиханның үйіне барып, бір-екі күн түнеп, сол еңбегін қолжазба күйінде Әлекеңе тапсырып кетіпті деген әңгіме бар. Болашақта Ахаңның біз білмейтін әлі талай талай еңбегі табылатынына ешқандай күмән жоқ, – дейді  «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Екінші кітаптың авторы – Түркиядан арнайы келген профессор Нергиз Бирай. Ол Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын, әдеби мұрасы мен тілдік мұрасын зерттеуге зор еңбек сіңірген, өзінің академиялық мектебін қалыптастырған үлкен ғалым. Нергиз Бирай өзінің Ахмет Байтұрсынұлы туралы жаңа зерттеу кітабын таныстырды. Бұл ұлт ұстазы мұрасын жаңаша тану мен зерттеуге қосылған үлес, айрықша туынды деп атауға әбден лайық еңбек.

– Ахмет Байтұрсынұлы есімімен 1982 жылы таныстым. Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері және мақалалары жайлы кітап жаздым. Онда өзімнің ойларым мен Ахмет Байтұрсынұлы мақалаларының түрік тіліне аударылған нұсқасы қамтылды. Ахмет Байтұрсынұлы – тек қазақ үшін емес, түріктер үшін де біртуар тұлға деп білемін. Оның «Бірлік керек, тәуелсіздік керек, ана тілін үйрену керек» деген ойлары біздің халқымыздың да ойымен сабақтас, – деді Нергиз Бирай.

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» көрмесі де өтті.

Ақбота МҰСАБЕК

 

874 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы