• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2009

Жеріңнің аты – бабаңның хаты

Айтылуы аз емес, бірақ нәтижесі мәз емес (ономастикалық комиссия мәселеге сыңаржақ қарайды) Ана тілі газетінің биылғы жылғы 15 қаңтардағы санында жарияланған «Ауданның аты қазақ тарихынан хабар берсін» деген тақырыптағы топтама мақалалар біздің Құрманғазы ауданы тұрғындарының көптен айтып, қолдары жетпей жүрген мәселені тағы бір еске салғандай болды. Талай-талай айтылып, аудандық, облыстық газеттерде жиі жазылып жүрсе де нақты нәтижесі жоқ жағдайлар бар еді. Құрманғазы ауданы – Атырау облысының ресй елімен шектескен батыс қақпасы саналады, демек Қазақстан Республикасының елді мекендері атақты Еділ (Волга) өзенінің үлкен арналарынан бастау алады. Бұл аудан көрші Астрахан облысының Володор, красный Яр, Харабали, Ахтоба сияқты төрт ауданымен шектесіп жатыр. Ауданның барлық жер көлемі 2 миллион 079378 гектар, оның таза шабындығы 85838 гектар, жайылымдық жерлері біл миллион 713382, егіншілікке жарамдысы 2270 гектар, жабайы және жеміс ағаштарының көлемі 169 гектардай ғана. 56000-нан асатын тұрғын халқы бар. Еділ өңірінің Қазақстанға қарайтын алқаптарын тұтастай, кең нарын даласының жартысына жуығын және бұрын өз алдына уез болған азғыр өңірін құрманғазылықтар иемденіп келеді. Аудан жерінің тарихы тым тереңнен сыр қозғайды. Тарихшылар бұл өңірді «жеті жұрт қонған жер» деп жазады. Соның ішінде қазақтар екінші мәрте қоныстанған халық екен. Оның біріншісі Асан қайғы мен Қазтуған жырау ғұмыр кешкен заман болса керек. Бізге белгілі екінші кезеңі Бөкей ордасынан бастау алады. «1801 жылы Ресей патшасы Бірінші Павелден рұқсат алған Бөкей сұлтан алғашқыда 500 түтінімен Еділ-Жайық арасын халқына тұрақты қоныс қылуға көш бастап келді» деген жазбалар құжаттарда сақталған. Кейін мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасқан кезде Еділ-Жайық арасында Каспий теңізінің солтүстік жағалығын қамтыған Бірінші және Екінші Примор округтері болып құрылды. 1921 жылдан Теңіз, 1992 жылдан Құрманғазы ауданы болып аталып келеді. Ауданның көптеген елді мекендері бұрынғы тарихи атауынан айырылған болатын. Тәуелсіздік алғалы бері аз-кем өзгертіліп жатыр. Бірақ байырғы атаулары емес, әйтеуір орысша аталғандарды қазақшаға айналдырамыз дейтін сияқты негізсіз шешімдер. Мәселен, Ковалев ауылын қоймашы Дәулет ата атына, Мартыншынды – Шайхы, Маэрды – Қасымғали сияқты озат бақташылардың есімдеріне ауыстырды. Бұдан екі ғасыр бұрын Бөкей сұлтан қазақтарды Еділ-Жайық арасына қоныстандырғанда Владимир Ковяков деген орыс азаматы Ресеймен екіаралықта тілмаштыққа жүріп, Бөкейге хатшылық қызмет жасағаны құжаттарда сақталған. Кейін Көкарна өзенінің жағасында орыс пен қазағы аралас қоныстанған ауылды Ковяков селосы атағалы да ғасырға жуықтаған мезгіл өткен. Енді сол селоның да атын өзгертіп,белгілі күйші Дәулеткерей ауылы делінді. Оның әкесі Шығай (дұрысы Сығай ғой) Нұралыұлы 1815-1823 жылдарда ағасы Бөкей қайтыс болып, інісі Жәңгір ержеткенге дейін Бөкей хандығын басқарған адам екені құжаттарда жазылған. Бірақ оның баласы Дәулеткерей әлгі айтқан Ковяков селосында тумаған, егер атақты сазгердің атын басқа ауылға бергенде (мәселен қасындағы Еңбекші ауылына) өз үйлесімін табар еді. Рас, Калинин селолық округі мен ауылы байырғы Орлы атауына көшірілді. Ал онымен іргелес тұрған Киров селолық округі сол қалпында сақталды. Бұл округтің байырғы атауы Зормата-тұғын. Оған сәл кейін тоқталамын. Ауданда екі Ганюшкин атауы бар: бірі аудан орталығы Ганюшкин селосы, екіншісі Батыс Қазақстан теміржолының бойындағы Ганюшкин стансасы. Бұл екі елді мекеннің арасы – 35 шақырым. Бұрын келмеген сырт адамдар Ганюшкинге барамын деп шықса, қайсысына маңдай тірерін білмей адасады. Ондай адамдар талай кездескен. Ганюшкин атауы – ежелгі есім. Орыстың кәсіпкер балықшы көпесі қоныс тепкен шағын арал біртіндеп ауқатты адамның атын иемденіп қалған. Дегенмен бір аудандағы екі Ганюшкин өз үйлесімін таппай тұрған. Өткен жылы аудан орталығындағы селоның және ондағы Ганюшкин округінің атауын өзгертуге халықтық ұсыныс жасалды. Аудандық газет бетінде түрлі ұсыныс-пікірлер жазылды. Бірақ тұрғындар жиынында айтылған өзге пікірлерге жеткілікті талдау жасалмады да, Ганюшкин деп аталатын сөздің барлығын «Құрманғазымен өзгертеміз» деген тоқтамға келді. Сонда былай болып шығады делінді: Құрманғазы ауданы, оның орталығы Құрманғазы селосы, ондағы билік орны Құрманғазы округі. Бірақ жоғары басшылыққа жеткенде бұл шешім мақұлданбай қалды. «Ганюшкин» бұрынғыша тіршілігін жасауда. Халық күй атасы Құрманғазының атауына қарсы емес, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы өндірістік кооперативі (бұрынғы ірі кеңшардың ізіндегі), Құрманғазы атындағы орта мектеп, Құрманғазы кедені, «Құрманғазы жолдары» және басқа атаулар күйші бабаның рухын шалқытып тұр. Енді осыларға қоса орталықтағы округ пен селоны Құрманғазыға еншілейміз дегенге халық тосырқай қараған болатын. Сонда олардың айтқан ұсыныстарының бірі – жоғарыда аталған Зормата атауы аудан орталығына беріле делінген. Зормата ауылы – Бөкей хандығы құрылған кезден бар елді мекен. Жоғарыда аталған Шығай ханның кезінде оның ұлы Көшекқали сардар болып ел басқарған орталық. Одан Екінші Примор округінің соңғы кәкімі (правителі) Биляш Баймұхамедовтың ставкасы болған мемлекеттік басқару орталығы еді. 1919 жылы өңірде Азамат соғысы болды. Биляш кәкім Астраханның абақтысына қамалды да, кейін жойылып тынды. Оның ордасы саналған көк үйі Сталин атындағы орта мектепке айналдырылды. Аудан орталығы Ганюшкин деревнясына (кейін село делінген) көшірілді. Зорматаны қоныстанған қалың ел жан-жаққа шашырады. Кейін Еңбекші таң, Киров атындағы ұжымшарлар құрылды, одан кеңшар құрылғанда орталық басқа жаққа көшірілді де, Зормата көшкен ауылдың жұртына айналды. Қазір онда аздаған шаруа қожалықтары ғана тіршілік қылады. Бұдан екі жыл бұрын «болашағы жоқ» ауыл есебінде Зормата елді мекені есептен шығарылды. Бірақ ежелгі атажұртымыздың өзі жойылып бара жатырса да, оның «Зормата» деген сөзі халықтың жадында сақталды. Сол «Зормата» аудан орталығында өзінің байырғы атауымен табысса деген пікірлер айтылған-ды. Халықты жаңылдыра беретін тағы бір қосарланған атау бар. Ол – «Қиғаш» сөзі. Атақты Еділ (Волга) өзенінің сол жақ қапталын қуалап ағатын үлкен арнасының бірін халық ежелден Қиғаш деп атаған. Дауылпаз ақын Махамбеттің «Еділ үшін егестік, Қиғаш үшін қырылдық» деп бебеулеп жырлайтыны осы өзендер. Қиғаш – орыс пен қазақтың ежелгі ата қонысы. Енді Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған соң, Қиғаш екі елдің шекарасы саналады. Оның оң жақ қапталында Астрахан облысының Володор, Красный Яд аудандары тұрғындары қоныстанса, сол жақ жағалауы тұтастай Құрманғазы ауданының жері. Осы қоныста қазірде ауданның Бірлік, Сафон, Кудряшов, Байда, Шортанбай, Көптоғай селолық округтерінің тұрғындары ғасырлар бойына жайғасқан. Қиғаштың бойымен батысқа өрлегенде Малый Арал селосына маңдай тіреледі. Бұл бөкей ханның алғаш ел басқарған (1812 жылы хандық құрылды) қонысы. Бірақ Бөкей ұзақ жыл қызмет жасай алмады. 1815 жылы ауар науқастан өз төсегінде дүние салған екен. Малый Аралдың терістік іргесінде үш шақырым жердегі «Сейіт баба» әулие қорымына ханның өз аманаты бойынша жерленген. Темір сырықтардан киіз үй үлгісінде жасалған күмбезді бейіті мен биік құлпытасы тұр. Біздің айтпақ болып отырғанымыз мынадай мәселе. Сол Бөкей зиратынан шығысқа тағы үш шақырым шыққанда – Ресей мен Қазақстан округі және сол аттас село бар. Мұнда Қиғаш өзенінің суын сонау Маңғыстау мұнайшыларына құбыр бойымен жеткізіп тұрған үлкен қондырғы соңғы жиырма жылдан бері жұмыс істейді. Онда жүздеген маман мен жұмысшылар, арасында Ресей азаматтары да бар. Турасын айтсақ, бұл қоныста «анау ел, мынау ел» дейтін бөлектену жоқ. Бөкей хан жайғастырған орыс пен қазағы аралас жұрт ғасырлар бойына қоныстанып отыр. Осындағы округ пен селоға Қиғаш атауы берілген. Аудан тұрғындарының құлағы әлі бұл атауға үйрене алмауда. Бұрын «Қиғашқа барамын, болмаса сол жерден келемін» дегенде жоғарыда аталған өзен бойындағы алты округтің ауылдары еске түсетін. Енді Қиғаш округі ойға орала бермейді, адамдар бағытынан жаңылады. Қазақ теміржолының батыс тармағы – Атырау-Ақсарай жолы осы Қиғаш селосын кесіп өтеді. Жолдың түстік бетінде Дина Нұрпейісова кенті (үшінші бекет) орналасқан. Жаңадан ірге көтерген су айдаушылар қонысын осы бекеттің атауына қосқанда еш бөлектігі болмайтын еді. Бәрінен бұрын Қиғаш селосынан батыста төрт шақырым жерде мәңгілік жайғасқан Бөкейдің есімін беруге болмас па еді. Халқының келешегін ойлап «айшылық алыс жолдардан «ат арытып, азап шегіп» жүріп Еділ-Жайық арасын мәңгілік ата-жұртқа айналдырып берген Бөкей Нұралыұлының есімі ескерілетін мезгілі келіп-ақ тұр. Тарихшылардың есептеуінше Бөкей сұлтан бұл өңірге 48 жасында ел көшіріп әкелген. Бөкей Кіші Жүзде 38 жыл (1748-1786 ж.) бойына үзбестен хан болған Нұралының үлкен ұлы. Көсемдігі де, шешендігі де бір басына жетерлік атақты сұлтан. Ел аузында сақталған әңгімеге сүйенсек, Бөкейдің ақылдылығы да айта қалғандай болыпты. Сырым Датұлы Нұралы ханға қарсы көтеріліске шыққанда, біреулер Бөкейге ел ішінен қол жинап, әкеңді арашалауға аттан деген кеңес береді. Сонда Бөкей сұлтан ол ұсынысқа қарсылық білдіреді. Себебі, жас кезінде «қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді» дейтін шақтарында Сырым екеуі бір сұлу қызға таласып қалып, ақыры Датұлы айдай сұлуды алдына өңгеріп алып кетеді. Бірақ Бөкей оның артынан шапқыншылыққа бармайды. Сұлтандық сүйегіме сын келеді деп тоқталады. Енді әкесін арашалап Сырымға қарсы қол жинаудан да бас тартады, «халқыма қалай көрінемін, баяғы айырылып қалған қыздың кегін алайын деп Бөкей сырымға соғысқа аттанды» деген әңгімеге қалмаймын» депті ақылгөй азамат. Сөйткен Бөкейдің есімі Құрманғазы ауданының жерінде ескерусіз қалуда. Рас, оның баласы Жәңгір хандық құрған «Жас құстағы» ауылға «Хан ордасы» атауы берілді, одан Орда ауданының орталығы болды. Батыс Қазақстан облысына қарайтын бұл аудан кейін «Бөкей ордасы ауданы» аталды да, орталығы теміржол бойындағы Сайқын стансасына көшірілді. «Жас құстағы» ауыл бұрынғыша Орда селосы болуда. Бірақ ол Бөкейге қатысты емес, Хан ордасына байланысты жасалған атау ғой. Тірі кезінде Бөкей ол жаққа бармаған. Оның Еділ-Жайық арасындағы алғашқы қонысы қазіргі Исатай ауданының жеріндегі Жалтыркөлдің батыс шеті екен. Оны білетін қариялардан кезінде зерттеңкіреп мен жазған едім. Кейін алдын болжағыш сұлтан көкшалғыны қалың, айдың суы жалпақ Қиғаш өзенінің Малый Арал қонысына жұрт аударып, алғашқы Бөкей хандығының ордасы осы жерде тігіледі, ақыры сол орында өзінің мәңгілікке жайғасқанын жоғарыда айттық. Біздіңше, Бөкей зиратынан төрт шақырым жердегі Қиғаш округі мен селосына Еділ-Жайық арасына ел басқарып келген алғашқы хан Бөкейдің есімін беру сұранып тұрған мәселе. «Қиғаш» сөзін анда-мында қосақтай бергенде нені ұтар едік және жер тарихы – ел тарихы екенін келер ұрпаққа жеткізер еді. Аудан көлемінде Бөкей атында бір көше де жоқ. Тіпті бір мектепке Бөкейдің атын берсе де артықтық етпес еді. Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері

4754 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы