• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

ӘЛ-МАШАНИДІҢ ШӘКІРТІ

Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапханада көрнекті ғалым-ұстаз Шәмшиден Әбдірамановтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Әл-Машани шәкірті Шәмшиден Әбдіраманның өнегелі мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі ұйымдастырған іс-шараға Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ оқытушылары, Ұлытау қорық-музейінің қызметкерлері (онлайн) және ғалымның шәкірттері мен туыстары қатысты. Сондай-ақ ғалым мерейтойына арналған «Кітап – ғылым мен өнердің қайнар көзі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шәмшиден Әбдіраманов – техника ғылымы саласындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының қалыптасуына үлкен үлес қосқан қаламгер, фарабитанушы ғалым. Профессор Ш.Әбдірамановтың қаламынан кен ісіне арналған 17 оқулық туды. Техника ғылымын қазақшалауда үлкен жаңалық болған, алты мыңға тарта ұғымды қамтыған «Кен ісінің терминологиялық сөздігін» даярлауға белсене араласты. Кейін осы кітаптың негізінде кен ісіне арналған көп томдық терминдік сөздік шықты. Ш.Әбдірамановтың «Әл-Мисақ», «Ақиқат формуласы» сынды ғылыми-фантастикалық романдары мен «Әл-Фараби көпірі» атты кітабы – отандық әдебиет пен ғылымға қосылған зор үлес.

Жиынды жүргізген сәтбаевтанушы ғалым, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ тарихы музейінің қызметкері Аспандияр Өмірбек Ш.Әбдірамановтың өмірбаяны мен ғылыми қызметіне тоқталды. Ғалымның техника ғы­лы­мын қазақтандыруға қосқан үлесін атап өтті. Ал машанитанушы ғалым Гүлсім Садақбаева Қазақстан ғылымы мен мәдениеті тарихындағы отандық фарабитанушылардың орны мен тағылымды мұрасы жөнінде баяндама жасады. «Ақжан әл-Машани бастаған фарабитанушыларымыздың өнегелі еңбегі – жастардың интеллектуал­дық және патриоттық ұстанымын қалыптастырудағы құнды мұра» деді ғалым. Ш.Әбдірамановтың немере інісі Есенғали Абжамалов өз сөзінде киелі Ұлытауда дүниеге келген ғалымның есімін туған жерінде ұлықтау жөнінде ұсынысын айтты. Ш.Әбдірамановпен бірге бірнеше тарихи-танымдық деректі фильм түсірген ҚазҰЗТУ профессоры Қайникамал Қасымқанова ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы жөнінде айта келіп, шәмшидентануды бастауды ұсынды.

Жиын соңында Саяна Шәмши­денқызы ғалымның отбасы атынан ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Сәтбаев университетінің үздік студенттеріне Ш.Әбдірамановтың кітаптарын сыйлады.

Дина ИМАМБАЙ

 

750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы