• Қоғам
  • 17 Қараша, 2022

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАР ҚУАТ КӨЗІ МЕ, ӘЛДЕ ЕРТЕ ӨЛІМНІҢ СЕБЕПШІСІ МЕ?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Кеше жұмыстың дәретханасындағы көрші кабинада «гүрс» еткен дыбыс шықты. «Біреу тайып құлады ма, не болды» деп түсінбей тұрғанда 4-5 секундтан соң, қырылдап, қиналған дауыс шықты. Атып шығып, көрші кабина есігінің ілмегін сындырып, ашпақ болдым. Алайда құлаған жігіт тіреп отыр екен ашылмады. «Не болды?» деп сол жерде болған екі жігіт шошып кеттік. Санамызда «дәрігер шақыру керек пе?» деген ой тұр. Бірақ құлаған кісі есін жиып, өзі шықты. Бетін шайып, бәрі дұрыс екенін айтты. Көзі кіртиіп, өңі боп-боз болып кетіпті.
Бүгін сол жігітті тағы көріп қалдым. Бойы 1,90 метр ме, одан биік пе, еңгезердей екен. Менен «Кеше не болды?» деп сұрады. Көргенімді айтып бердім. «Кеше «Горилла» ішіп, гамбургер жеп едім. Сәл ұйықтап тұрдым да, дәретханаға барған соң, солай құладым. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым» деді ол.
Айтайын дегенім, «Ауру астан» деген сөз бар. Энергетикалық сусын мен фастфуд алып азаматтың өзін жығып тұр. Сауатты, дұрыс тамақтанайық.

Бұл журналист Алпамыс Файзолла­ның әлеуметтік желідегі жазбасы. Оқиғаға өз көзімен куә болған. Соңғы кезде осы энергетикалық сусындарға қатысты «жағымсыз» ақпарат жиілеп кетті. Шығыс Қазақстан облысында аяқасты жүрегі тоқтап қалған азаматтың өлімін де жақындары осы сусынға құмар болғанымен түсіндіргені бар. Жалпы бір тарап энергетикалық сусындарды «денсаулыққа зиян» деп, тұтынудан бас тартса, екінші тарап «шаршағанды басып, ұйқыны ашатыны үшін ішетінін» айтады. Кімдікі жөн? Жалпы энергетикалық сусындарға әуес болу алаңдауға тұратын мәселе ме? Оның ағзаға қандай да бір зияны бар ма? Нутрициолог-физиолог Талшын Артыққызына хабарласып, пікірін білген едік.

– Энергетикалық сусындар адамның шаршау сезімін уақытша басып, сергектік сезімін сыйлау үшін ойлап табылған. Құрамында кофеин, глюкоза, L-корнетин, таурин деген секілді амин қышқылдары, әртүрлі бояғыштар мен консерванттар бар. Ол энергия мен антиоксиданттық әсер береді. Яғни, қан тамырларын кеңейтіп, қанның жоғары дәрежеде шығуына көмектеседі. Яғни бұл сусындарды ішкенде қан қысымы әжептәуір көтеріледі, – дейді Талшын Артыққызы.

Маманның айтуынша, энергети­калық сусындардың құрамында шамамен 30 қасыққа жуық қант, яғни глюкоза болады. Сондықтан, оны ішкеннен кейін ағзада бірден инсулин мен жоғары мөлшерде адреналин бөлінеді. 

– Жиі-жиі адреналин бөлінуі миға өте ауыр. Ол жай ғана істен шығып қалуы мүмкін. Сол себепті де қауіпті. Сонымен бірге егер де адамда жүрек-қан тамырлары жүйесінде проблема – атеросклероз, панкреатит, гастрит деген аурулар болса, одан сайын қоздыруы мүмкін. Бұл сусындар жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын дамытады және қант диабетіне әкелуі мүмкін. Сол себепті де энергетикалық сусындарды қабылдау арқылы адам өзінің өмірін қысқартады және әртүрлі ауру тауып алады, –  дейді маман.

Физиолог энергетикалық сусын­дардың шамамен төрт сағатқа дейін ғана әсер ететінін айтады. Қанда қант мөлшері төмендеген кезде, әсері ­азайып, өте қатты бас ауруы пайда болуы мүмкін. Ол кезде кей адамдар тағы да сусын ішуге ұмтылады. Себебі энерге­тикалық сусындардың құрамында кофеин болғандықтан, тәуелді болу қаупі жоғары. Адамда «оны ішпесем, жұмыс істей алмаймын» деген ой пайда болады.

«Энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мөлшері бір стақан кофеге қарғанда сегіз есеге көп. Егер адамда семіздік, атероскелорз, жүрек аурулары болса, мүлде ішуге болмайды. Өйткені ол бірден инсульт, инфаркт туғызуы, аяқасты болатын өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен бірге оларды күнделікті қабылдау қант диабетін туындатады», – дейді маман.

Талшын Артыққызы жастар мен жасөспірімдердің энергетикалық сусындарға құмарлығын қызығушы­лық пен еліктеушіліктен туатынын айтады. 

– Энергетикалық сусынды көбінесе өте көп жұмыс істейтін немесе түнгі уақытта жұмыс істейтін адамдар ішеді. Бірақ жастар оны қызығушылық, сән ретінде, жыныстық жетілу кезінде, жеткіншек жасында ержеткенін көрсету үшін ішуі мүмкін. Алайда егер балада оттегі жетіспеушілігі, неврология, анемия болса, энергетикалық сусын бауырға, бүйрекке, асқазанға, нерв жүйесіне өте үлкен зиян келтіреді, – дейді маман.

Талшын Артыққызы Францияда, сонымен қатар Еуропаның кей елдерінде энергетикалық сусындар сатылмайтынын айтты. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен Қазақ тағамтану академиясы сынды өкілетті органдарды Қазақстанда да бұл мәселені қарастыруға шақырды.

Бұл ретте Қазақ тағамтану академия­сының президенті Төрегелді Шарманов­тың да бұл сусындардың ағзаға зиян екенін айтып, жазып жүргенін білеміз. 

– Энергетикалық сусынға түбегейлі қарсымын. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға» алады, – деп жазған еді, академик әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жалпы жыл сайын Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депар­таменттері өнімдердің қауіпсіз­дігіне бақылау жүргізіп отырады. Астана қаласының Сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2022 жылы импорт­тық және отандық алкогольсіз сусын­дарының 63 үлгісін, оның ішінде энер­гетикалық сусындардың 23 үлгісін сараптамадан өткізген. Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына – импорттық өндірістің 12 сусын сынамасы, оның ішінде 5 энергетикалық сусын сынамасы сәйкес келмеген. Сонымен қатар елорданың сауда сөрелерінде жарамдылық мерзімі өткен сусындар да сатылатыны анықталған.

Десе де елімізде энергетикалық сусындарды сатуға қандай да бір шектеу жоқ. Тек алкоголь өнімін жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ мейрамхана, бар және дәмхана, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын көліктерден тыс жерлерде түнгі сағат 23:00-ден келесі күнгі 8:00-ге дейін сатуға болмайды.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Атырау облысы жұрт­шылығымен кездесуінде жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды қарастыруды тапсырды.

– Қоғамда жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу керектігі кеңінен талқыланып жатыр. Үкімет бұл мәселені зерттеп, нақты шешім қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

1202 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы