• Тіл
  • 17 Қараша, 2022

БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ХАЛЫҚҚА ДҰРЫС ТҮСІНДІРГЕН ЖӨН

Оқу-ағарту министрлігі келесі оқу жылынан бастап,  оқушылардың қазақ тілінен емтихан тапсыратынын айтты. Нақты айтсақ,  қазақ тілі пәнінен емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі.
 Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, өздері құрастырады. Бұл пән бойынша қорытынды бағалар 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады. Дұрыс, оқушылардың мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны дұрыс. Бірақ бұл мәселе қалай шешілуі тиіс? Біз осыған байланысты ел алдында жүрген танымал бірнеше тұлғаға байланысып, пікірін білген едік.

Смағұл Елубай, жазушы:

– Бұл Оқу-ағарту министр­лі­гінің  халықтың көңілінен шыққан, ана тілімізге тірек болатын шешімі деп ойлаймын. Біз көрдік, заң да шығардық, халықтан сұрап та көрдік. Шынын айту керек, ешқандай сөз әсер етпейді. Сондықтан да, мемлекеттік тілдің қажет екенін түсінбей жүрген жандарды тәубесіне келтіретін осы емтихан деп ойлаймын. Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру оқушыны, адамды тәубесіне келтіреді. Онсыз біз тағы да бір 30 жыл жүруіміз мүмкін. Бұған дейін талай айтылды. Сондықтан бұл өте дұрыс шешім деп қабылдаймыз. Оған наразы адамдар жалпы Қазақстанда тұрмағаны дұрыс деп ойлаймын. Қазақстан қазақ деген халықтың негізінде құрылған. Тәуелсіздік ел халықтың тілін сақтамаса, тілін бәрінен де жоғары қоймаса, ол мемлекет болмайды. Қазақ халқы болмаса, қазақ мемлекеті де болмайды.

 

Бижомарт Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры: 

– Бүкіл пәндердің ішінде математика, физика, тарих, бәрін қойғанда қазақ тілі негізгі пән болып саналады. Өйткені мектеп функциональдық білім беретін орын. Бала үйренгенін өмірде пайдалануы керек. Мысалы, физика, математика, тарихтан үйренгенін өмірде қолданғаны дұрыс. Ахмет Байтұрсынұлы «қазақ тілі жұрттың бәріне тегіс керек пән» дейді. Сөйлемейтін, жазбайтын адам болмайды ғой. Физик те, химик те жазады. Дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуды үйрететін – қазақ тілі. Мектепте ана тілі бірінші сыныптан бастап, 11 сыныпқа дейін қолданылады. Тек деңгейлері әртүрлі. Мысалы, бастауышта сауатты жазу болса, ал 11 сыныпта ол барлық стильде жазу деңгейіне жетуі керек. Өйткені қазақ тіліне 1000 сағат беріледі. Сондықтан баланы кәдімгідей сауатты жазу мен сөйлеуге дағдыландырып болады. Бірақ, өкінішке қарай, сол негізгі пәннің құқықтық негізі олқы түсіп тұр. Емтихан алу жоқ. Орыс мектебінде білсең де, білмесең де жүре бересің. Талап жоқ. 1-сыныптан 10-сыныпқа дейін оқыған бала грамматикалық нормаларды, яғни «Менің аты Ирина» деп қиысуды, тәуелдеуді білмей тұрады. Осының бәрі дұрыс оқытудың нәтижесінің жоғынан. Сол үшін мектепте емтихан алынуы керек. Қазақ тілі негізгі пән ретінде ғана емес, мемлекеттік тіл, қазақ мемлекетінің тілі болғандықтан, оны Қазақстанда тұратын барлық азамат білуі қажет. Ал емтихан сол мемлекеттік тілді білуді тексеретін шара. Емтихан алу қажет. 1 сыныптан ­бастап, 10 сыныпқа дейін болса да, артық болмайды. Барлық елдерде азаматтықты мемлекеттік тілді білуіне қатысты береді. Сондықтан мектепте алынатын емтихан қазақ тілінің өрісін кеңейтуге жасалып жатқан дұрыс шара деп ойлаймын.

 

Сұлтанәлі Балғабаев, драмматург, профессор,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

– Біріншіден, мәлімдеме  түсініксіз. Біздің Үкіметтің айқын, өзінің алдына қойған мақсаты, бағдарламасы жоқ. Төбеден түскендей дүңк еткізеді. Осыдан бұрын «үш тілде оқытамыз» дегенді шығарды. Мынау да сондай. Мектептерде дейді, қандай мектептерде? Бізде қазақ, орыс мектебі бар, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептері бар. Осыны нақты айтып, ата-анаға, халыққа түсіндіру керек. Қандай мектептерде, емтихан қалай алынатыны түсіндіріліп отырған жоқ. Тіл мәселесі Үкіметтің анық, сауатты және жариялы түрде ашық  жұмыс істемегенінен болып отыр. Мұнда алып бара жатқан үлкен мәселе жоқ, тек халыққа дұрыс түсіндірген жөн. Қазақстанда тұрғаннан кейін «сендерге қазақ тілін білу керек, сондықтан, біз бірте-бірте оқытып, емтихан алуды бастаймыз» деп айтса, болады ғой.

Мысалы, 60-70 жылдардан бастап, бүкіл қазақ мектептері жабылып, жұрттың бәрі орысша оқытуға кірісті ғой. Сонда ешқандай да айқай болған жоқ, Мәскеу тып-тыныш орыс тілі қажет екенін дәлелдеді, халықтың өзі соған бейімделді. Ал қазір бізде ондай жоқ. Мектептерде қазақ тілінен емтихан алу керек деген не? Мұның пайдасы қайда? Осыны халыққа түсіндіру жағы жетіспейді. Тіл мәселесін ұлтжанды азаматтар емес, мемлекеттің өзі көтеруі керек, нақты ­жоспары, идеология­сы болу керек.

Дайындаған

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы