• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

«СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТ»

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Ana tili»

Түнеукүні желідегі парақшасында танымал қаламгер Бауыржан Омарұлының Тұрсынбек Кәкішев туралы шағын лепесі жарияланды. Онда әріптесіміз биыл 95 жасқа келетін ұлт руханияты ірі тұлғаларының аты-жөнін де көктей шолып өтіпті. Сол тізімнің жуан ортасында Бахтажар Мекішевтің де есімін көріп, қуанып қалдым. Бұл кісі де ұмытылып барады-ау деген көңілде алаң ой жүретін. Тіпті «Алматы ақшамында» «Мекішевті ұмыттық-ау осы» (25.05.2019) деген шағын мақала да жариялаппыз. Сол күндерде ұстаз туралы алдағы уақытта бір толғанысқа түсерміз деп жүргенде Баукеңнің еске салуы ойымызды қамшылап жіберді.

ДОЛГОПОЛОВ ПЕН ДҮЙСЕНБИН

Жетпісінші жылдары біздің үйге «Огонек» журналы келетін. «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуден шығатын кітаптарды да жаздырып алатын. Ол тұста баспасөзге ғана емес, қолға оңайлықпен түспейтін кітаптарға да жазылым жүретін үрдіс бар еді ғой. 6-7 кластағы балақай – маған «Огонек» ерекше ұнайды. Мұндағы мақалалардың бірін түсініп, бірін түсінбейтін  кезіміз ғой. Әуесқойлық, қызығушылықпен қоса, білмекке деген бір аңсар, құштарлық та бар. Әсіресе түрлі-түсті «Огонекте» Игорь Долгополов деген өнер зерттеушісінің сұрапыл суретшілер туралы эсселері, көркем очерктері жиі жарияланып жатады. Еуропаның, орыстың атақты суретшілерінің  картиналарын қызық көріп, қиып алып қоямын. Оны күні кешеге дейін сақтап келдім. Сол Долгополовтың шоғыр шедеврлері кейін келе «Рассказы о художниках» деген атпен  кітап болып шықан соң әлгі қиындылармен қимай қоштастым.

Бұл тақырыпқа ынтызарлықтың бастауына себепші тағы бір жайды аттап кетуге болмайды. Бүкілодақтық староста Калинин ақсақалдың атындағы біздің ауылда совхоздың кітапханасынан кейінгі үлкен кітапхананың иесі ұстазымыз Пернебай Дүйсенбин еді. Сабақтан қол қалт еткенде сол құтханаға асығып тұратын дағды пайда болды. Қаптаған кітаптардың бір сөресі бейнелеу өнеріне арналған. «Огонектен» басталған құмарлыққа мұндағы дүниелер дем беріп жібергендей болады. Рембрандт,  Микеланджело, Рафаэль, Тицианның т.б. зілдей альбомдарын парақтаймын. Ұстаз сұрағаныңа жауап беруге ерінбейді, талабыңды одан ­сай­ын ұштап, қанаттандырып жібереді. Жасыңа қарай қандай әдебиеттерді оқу керектігі туралы бағыт береді, жөн сілтейді, тізім жасайды. Сөйтіп жүріп ұстазымның студенттік жылдардан бастап, «Лениншіл жастың», «Аққу» эстетикалық клубының жазарманы болғанын білдім. 60-70-жылдары жарық көріп, сарғайып кеткен газет қиындыларын оқуға береді. Бұл жарияланымдар әлі күнге архивімде тұр. Айналып келгенде мен тамсанып жүрген Долгополов өз қасымызда болып шықты.

Осылайша КазГУ-дің журфагына 1976 жылы өзімше кішігірім дайындықпен келгенде алдымнан Долгополов пен Дүйсенбиннен басқа тағы бір керемет шықты. Ол Сальвадор Далидей мұрты көкке шаншылған, жер ойылып кететіндей аспай-саспай жүретін, маңғаз Бахтажар Мекішев еді. Айтқандай, абитуриент менен мұртты кісі тарих пәнінен қабылдау емтиханын алды. Жауабымды беске бағалап, мемлекеттік комиссияның алдына алып барды. Соңғы сынақ. Жүрегім алып-ұшып тұр. Тағдырыңды шешетін осы емтихан. Онымен қоймай «мына баланы беске лайық көріп тұрмын» деп комиссияға салмақ сала сөйледі. Бұл кісінің маған сонша неге ықыласы ауғанын кейін біліп жүрмін ғой. Әуелде билеттегі сұраққа толық жауап берген соң, маған «Леонардо да Винчи деген кім? Қандай картинасын білесің?» деп қосымша сұрақ қойды. «Долгополовтанушы» мен бұл сұраққа сірә мүдірмедім. Тіпті суретшінің «Джокондасы» (Моно Лиза) туралы өзімше «әжептәуір»  әңгіме айттым-ау деймін. Ауыл баласының айдаладағы итальян суретшісі туралы білгеніне ырза болды ма, өзінен бетер қуанып, комиссияға сүйрей жөнелсін. Ақыры бес деген баға алып, оқуға түсетінімізге күдік-күмән қалмады. Сөйтіп, Долгополов пен Дүйсенбиннің арқасында студент болып шыға келдік.

 

ҚАЛЖАҢДЫ ЖИІ ЕСКЕ АЛАТЫН

Содан бермен Мекішевпен кездесудің сәті түспеді. Өйткені бірінші курста жатпай-тұрмай оқыдық. Ауылға хат жазуға да мұрша жоқ. «Ақша салыңдар» деп жеделхат жолдауға ғана уақыт табылады. Сөйтіп жүріп екінші курсқа өттік. Бір күні бас корпуста әлгі мұрты көкке шаншылған, жұмсақ жымиып, сұлу сөйлейтін көкемді көріп қалдым. Қолындағы көп кілтпен бір кабинетті ашып жатыр екен. Маңдайшасында «Жеті муза» эстетикалық клубы деген жазуы бар. Бұл университетке көзіміз де, көңіліміз де үйреніп, өзімізді толыққанды студент сезіне бастаған кезіміз. Сол күні бұл кісінің өнер тарихының маманы екенін білген соң, бұрыннан өнерге деген құмар көңілім бұлқынып, онымен міндетті түрде жақынырақ араласу керек деген байламға келдім. Бәлкім бізге жоғары курста дәріс оқитын болар деп те ойладым. Әйтеуір көңілімнен алыстатқым жоқ. Өкінішке орай  біз ондай бақыттан «тірідей» айырылдық. Кейіннен «Эстетика және этика» деген пәннен Ажар Балтағұлова апай бір семестр ғана сабақ берді.

Оқудан енді бас көтере бастаған тұста Алматыда дүркін-дүркін өтіп жататын түрлі кештер, кездесулерден қалмайтын болдық. Әкемтеатрдың тұрақты көрерменіне айналдық. Серағаң, Қапан, Камал ағалар, Сәбира, Хадиша, Бикен, Фарида апалар, Ә.Молдабеков, А.Әшімұлы, С.Оразбай, Е.Жайсаңбаев ойнайтын спектакльдерге барудан жалықпаймыз. Ауылды сағынсақ осында тартамыз. Ұлы өнерпаздар мейірін төгіп, маңдайыңнан сипайтын ата-анаңдай. Қашан барсаң да Бахтажар ағаны көреміз. Төңірегінде жыпырлаған жастар. Ағаның жағасы жайлауда. Ол үшін өзін де, өзгені де нұрландыратын сәтте – өнерді өліп-өшіп түсіндіретін дәрістер, күтпеген кездесулер, қоңыр кештер, сұлулық сапары таң бозынан түн ауғанша жалғаса береді. ЖенПИ жаққа да барып тұрамыз. Онда да айналасына ­жастарды үйіріп алып Мекішев жүреді. «Жеті музамен» қатар осындағы «Қыз-Жібекке» де жетекшілік етеді. Бұл кісіні Алматыда танымайтын адам болсайшы. Ол бәрі үшін таныс, бейтаныс бейне. КазГУ-де бес жыл оқып, көп оқытушыларды білмей кететіндер бар, ал Бәкеңді бәрі біледі. Кез келген студент оның қатар құрбысындай, сырласындай. Ол жетекшілік ететін «Жеті музаның» қонағы болмаған, атағынан ат үркетін адам сирек. Олардың клубтың «Құрмет» кітабына қалдырған қолтаңбалары тірі тарих, көркем шежіре. Роза Бағланова «Бахтажардай азаматтар қазақтың рухани дүние тарихында сирек кездеседі. Оның елінің жан сұлулығы үшін атқарып келе жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Ол кешегі қиын-қыстау күндерде халқының рухани деңгейін өсіру жолында аянбай тер төккен санаулы асылдарымыздың бүгінгі күндегі көзіндей боп елестейді» десе, Қадырдың «Төл өнеріміздің тура биі» деген сөзін кезінде қағазға түсіріп алыппыз. Өзімізді былай қойғанда құзырлы орындардың өзі шақырып келтіре алмайтын дүние жүзіне аты мәлім М.Эсембаев, М.Магомаев, Л.Зыкина, Э.Пьехалар «Жеті музаның» шақыруын зор қошаметпен қарсы алатын.

Үшінші курста республикалық басылымдарды жағалай бастадық. Азын-аулақ жазған-сызғандарымызды апарамыз. Баратын жеріміз көбіне «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері».  Сол әуелгі дағдым­мен өнер тақырыбына барғыштап жүрдім. «Лениншіл жастың» «Аққу», «Қазақстан пионерінің»  «Гәкку» эстетикалық клубын өзімше нысанаға алып, іштей дайындық жүргізіп, жоспар құрып, тақырыптарымды белгілеген боламын. Бұл клубтардың аясында Мекішевтің мақалалары дүркін-дүркін шығып жатады. Бірін де жібермей оқимын. Конспект жасап, қызық дерек, дәйектерді қойын дәптерге түртіп аламын. Сөйтіп, бұл кісіні мен өзіме сырттай үлгі көріп, ұстаз санадым. Тіпті ол кісіден бір заманда дәріс алмадым деген өкініш те өз-өзінен ұмытылып, сандалып қалды.

Мекішев нағыз «Мәскеу көрген» еді. Бірақ ол мәскеушіл болған жоқ. Елге Мәскеудің маразмін, қулық, сұмдығын емес, үлкен мәдениетін алып келді. Анау-мынауға бас имейтін Магомаевтардан бастап, Мекішевті іздейтін.

 Мәскеу дегенде сол қалада – бірге оқып, бірге жүргенде шексіз қамқорлығын көрген Қалжанды алдымен аузына алатын. «Дружба народов», «Знамя» тәрізді аты жер жаратын әдеби басылымдарда әдеби кеңесші болып істеген, Шыңғыстың жан досы, сұңғыла сыншы, небәрі 30 жыл өмір сүрген Қалжан Нұрмахановты айтамыз. «Қалжанды ұмытуға болмайды» деп отыратын. Тіпті бір керемет эссе ойымда жүр дейтін. Ақыры ол арманына да жете алмай кетті. Сталиннің қызы Светланамен курстас болғанын да қызық үшін айтатын.

 

СТУДЕНТТЕРДІ ЕРТТЕУШІ ЕДІ

Сталин дегеннен еске түсіп отыр. Бахтажар аға жарты ғасыр аждаһа апанына айналған Абыралының тумасы еді. Сол Абыралының қасіретін айтқанда жанары жасаураған сәттің де куәсі болғанбыз. Айттық қой, ол тұста Алматыда оны танымайтын адам болмайтын. Жылына бір мәрте театрға, басқа мәдени орындарға бас сұғатын кісі ең алдымен оны көріп, ешқашан ұмыта алмас еді. Тіпті сырттай оқитын студенттердің өзі оны ұстаз тұтты. ҚазГУ-де 20  жыл оқыған талантты ақын досым Нарша Қашағанов елге барғанда ең алдымен Бақтажар ағаны сұрайтын.

Сұрайтын жөні бар. Сол кезең студент­терінің бір бақыты – Мекішев олардың бойында таңқалу, тамсану сезімін еселеп арттырды. Әдемілік пен әдептілікке, сұлулық пен сырбаздыққа баулыды. Ең бастысы ол қай мамандықтың иесі болсын өнер туралы түсінігін қалыптастыруға зор ықпалы болды. Талабы бар жастың бойына руханияттың дәнін септі, рухани танымына, түлеуіне  өзгеріс жасауға, бұлақ көзін ашуға талпынды. Олардың шығармашылығындағы өзгеше ізденіске өзінен бетер қуанатын. Ол студенттерді зерттейтін. Сол алпысыншы жыл­дары өзгеше ойлау деңгейімен ерте та­нылған, журфактың үшінші курс студенті Пер­небай Дүйсенбиннің ­коллекция­ла­ры­нан КазГу-дің бас корпусында «Өнер – шат­тық қайнары» деген тақырыпта көрме ұйымдастырған. Олай ететін жөні бар. Пернебай мектепте жүргенде одақтық «Пионерская правдаға» суреті жарияланған малшының баласы ғой. Жамбыл облысына танымал журналист Анарбек Айтбаев  ол жөнінде облыстық «Еңбек туы» газетіне ғажап очерк жариялайды. Сағат Әшімбаевтың «жасыңнан құтырған екенсің ғой» деп әзілдейтіні сол кез. Ол адамдардың бойынан тек сұлулық көретін. Ол үшін дүниенің өлшемі өнер еді. Өте тапқыр, телеграфтық стильде сөйлейтін. Сөзі лебізге толып шығатын.  Ежелгі, Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің өмірі мен өнерін жетік білетін оның сөздік қорында «Джокондадай жымиып, Рафаэльдің мадоннасындай мұңайып» деген сөздер кездескенімен, «бірақ қазақ қыздарындай сұлу әлемде жоқ» деп дүниенің бар құндылығын өз қазығына әкеліп байлайтын. ЖенПИ-ге «Қыз Жібекке» барып, Айман, Шолпандарды  Алматының қоңыр кештеріне қолтықтап келетін.

 

«ЖЕТІ МУЗА» - ДА БІР ТАРИХ

Кей кейде ҚазҰУ-ге жол түскенде көңілім «Жеті музаны» іздеп тұрады. Таяуда бір кездесуде сәті түсіп, «Қазақ университеті» газетіндегі әріптестерге «университет архивіне кіріп, «Жеті муза» жөнінде жарияланымдар беріп тұрса болар еді» деген өтініш айттым. Егер бұл тақырыптың зерттеушісі табылса, ұлт руханиятын толықтыратын тосын, мол рухани олжаға кезіккен болар еді.

1982 жылы Бәкеңнің «Өнер» баспасынан «Әлемнің жеті кереметі» деген кітабы жарық көріп, «Шәкіртім Қалиға, шын ықыласпен және өнерді бірге насихаттаймыз деген зор үмітпен – Бахтажар Мекішев. КазГУ. 1989, 28 август» деп қолтаңбасын да жазып беріп еді. Әлгінде айтқанымыздай,  ол қазақ қыздарына деген айрықша құрмет сезімін осы кітабының бастауында айқын біл­діріп, әңгімені «Гауһартастан» бастауы да тегін емес еді. «Біз бір нәрсені ескермей жүрміз. Қазақ қыздарына бір сом ескерткіш қоюмыз керек еді» дейтін. «Тіпті оның прототипі де дайын. Мәселен,  Гүлфайруздың, Шолпан Жандарбекованың Ақтоты бейнесіндегі картинасынан тарқатса болар еді» дейтіні және есте.

Айтары жоқ «Әлемнің жеті кереметін» жазып, көркемдік қайнарынан талайларды сусындатып, қанаттандырған Бахтажар аға да біздің шәкірттік көңілімізде «сегізінші керемет»  болып қалды.

375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы