• Білім және ғылым
  • 24 Қараша, 2022

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ АҚ ОРДАСЫ

Сұңғыла қыздың Сыр бойына келуі кездейсоқ емес. Елдегі жетекші оқу орнында білім берудің жаңаша сипатын енгізудің жауапкершілігі артты. Сол сенімді арқалаған Бейбіткүл Сәрсемханқызы екі жыл ішінде елеулі еңбектің нәтижесін көрсетті. Университетіміз ауқымды 4 бағытта, яғни  білім беру,  ғылым және инновацияны дамыту, әлеуметтік-мәдени даму және халықаралық ынтымақтастықты нығайту сынды негізгі жүйеде жұмыс жасайды. Осы негіздегі нәтиже көл-көсір жетістікке жетеледі деуге болады. Оны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректоры, филология ғылымының кандидаты Бейбіткүл Каримова 2021–2022 оқу жылдарының толыққанды есебінде егжей-тегжейлі айтып берді. 

Мәселен, университет білім беру сапасымен тәуелсіз бағалау­дың нәтижесімен QS әлемдік рейтингісінде Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің ЖОО арасында ТОП-351-400 қатарына кіреді. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2021 жылғы білім беру бағдарламаларының рейтингісі бойын­ша үздік ондыққа 16 білім беру бағдарламасы енді. Сол секілді «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің» 2022 жылғы ҚР Жоғары оқу орындарының ұлттық сұраныс рейтингісімен университет 8-орынды иемденді. Сонымен қатар, үздік үштікке 16 білім беру бағдарламасы еніп, мамандандырылған аккредиттеуден 107 білім беру бағдарламасы сәтті өтті.

Бүгінде университетте 9 014 студент оқиды. Студент үшін барлық жағдай жасалған. Жатақхана, кітапхана, Студенттер сарайы, спорттық-оқу кешені, заманауи зертхана, өндірістік нысан жұмыс жасайды. Университетте 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етсе, онда профессорлық-оқытушы құрамы 560 адамды құрайды. Оның ішінде 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 37 философия докторы (PhD) бар. Университеттің штаттық саны 1085 бірлікті құрайды. Ал орташа жалақы 196,80 мың теңгені құрап отыр. Биыл «Болашақ» бағдарламасының  4 түлегі қызметке қабылданды.

Жалпы университетте мемле­кеттік грант иесі 3155 болды. Сондай-ақ  ақылы негізде 5783, жергілікті бюджет есебінен 76 студент  оқиды. Бұл жерде ақылы студенттер арасында оқу орнының қамқорлығымен толықтай тегін оқуға мүмкіндік берілгені де баршылық. Жалпы 2019–2020 оқу жылымен салыстырғанда студент саны 70%  өскен, ал грант саны 2,3 есе ұлғайып отыр.

Оқу орнында 115 білім беру бағдарламасы болса, оның ішінде бакалавриат бойынша 66, магистратурада 36, докторантурада  13 бағдарлама бар және 5 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді.

Соңғы сүйінші жаңалық! Томск политехникалық университетімен бірлесіп, 3 білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды кадрларды даярлау жүзеге асырылуда. Өзге оқу орны үшін тәжірибеге енгізуге тұрарлық бір үлгі қалыптасқан. Мысалы, 21 кафедраның тәжірибеден өтуі үшін өндіріс орындарында уни­верситеттің  94 филиалы жұмыс істейді. Білім алушылардың өндірістік практикадан өтуін және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мақсатында өндіріс орындарымен, мекемелермен 59 меморандум жасалды. Мұның игілігі қандай, атап айтқанда, өндірістерге 632 түлек жүмысқа орналастырылды.

ҚР ЖОО студенттері арасында республикалық пәндік олимпиадада 21 білім беру бағдарламасы бойынша 62 білім алушы жүлделі орындарға ие болды.  Мектеп түлектеріне арналған 14 пән бойынша олимпиада өткізілді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен «Талант – менеджментті дамыту» атты бірлескен іс-шаралары аясында мектеп түлектері арасында қашықтықтан 17 пән бойынша облыстық олимпиада өтті. Оған 1224 оқушы қатысты. Нәтижесінде, үздік 20 жеңімпазға ректор мен демеушілердің білім гранттары табысталды.

Қазақстан Республикасы Прези­денті стипендиясы иегерінің саны 2021–2022 оқу жылы 17  студент болса,  ағымдағы жылы 21 студентке жетті. Мысалы, үздік студенттің бірі Азамат Абимолда 3 стипендия иегері атанды. Ғылымнан түскен табыс жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, қаржыландырудың жалпы көлемімен 2020 жылы 108 225 млн, 2021 жылы 130349 млн,  2022 жылы 190017 миллион теңгені құрады.

Ғалымдар шетелдік әріптест­ерімен бірге 2 халықаралық жобаны жүзеге асырып отыр. Бірі – Нова Лиссабон университетімен бірге «Горизонт-2020» жобасы (Португалия), екіншісі –  Германияның гуманитарлық зерттеу­лер қорымен бірге археологиялық жоба. Бұл да ғылым әлеуетіне едәуір екпін бере түсті.

Университетте инклюзивті білім беру орталығы қызмет етеді. «Инклюзивті білім беру» пәні педа­гогикалық бағыттағы бағдарламаларға енгізілген. Соған сай «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларды сауықтыру және тәрбиелеу үйі «Педагогикалық-психологиялық білім беру және оқыту әдістемесі» кафедрасының филиалы болады.

Күміс университеті аясында 14 курс даярланған. 2021–2022 оқу жылында 4 курс өткізілді, оның ішінде 223 адам оқытылды. «Күміс университетінің» міндеті – егде жастағы адамдардың қазіргі өмірге, өзін-өзі тәрбиелеуге және өзін-өзі жетілдіруге сәтті бейімделуіне қолайлы жағдай жасау.

Университеттің профессор-зерттеушісі Нұрбол Аппазов 2021–2025 жылдарға арналған «Горизонт-2020» халықаралық жобасы аясында «Альц-геймер және Паркинсон ауруларының алдын алуға арналған инновациялық суда еритін фитоматериалдар-ингиби­торлар» тақырыбында зерттеу жүргізуде. Бұл жобаға Қазақстан-Нидерланды-Португалия-Германия-Ұлыбритания-Словакия-Нигерия-Украина сияқты серіктес елдердің ғалымдары қатысады.

Ал халықаралық археологиялық жоба Германия, Тюбинген уни­верситеті, Ресей ғылым акаде­миясының Миклухо Маклай атындағы Этнология және антропология институтының ғалымдарымен бірлесіп, «Ұлы Жібек» жолының солтүстік тармағындағы көшпелі білім және урбанизация: ерте ортағасырлық Жанкент қаласы (Арал теңізі, Қазақстан)» атты тақырыбында орындалып жатыр. Қазақстан атынан Әзілхан Тәжікеев жоба жетекшісі және университеттің археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері қатысуда.

Мичиган университетімен жүзеге асырылған экология жобасы 2022 жылы жүзеге асырылды. Жобаның грантхолдеры осы университет болды. «Қазақстан университеттерінде экология және табиғатты қорғау ғылымдары бойынша негізгі оқу бағдарламаларын ілгерілету» жобасын АҚШ елшілігі қаржыландырды.

Жас ғалымдарды қолдау мақса­тында алғаш рет  10 млн теңге құрайтын ректор гранты бөлінді. Конкурстың нәтижесі бойынша 4 жоба 2,5 млн. теңгеден қаржы­ландырылды. Биыл да осы конкурс жалғасатын болады.

Университетте студенттердің 36 ғылыми клубы,  22 жастар ұйымы жұмыс жасайды. Ескерер бір жәйт, 2021–2022 оқу жылында 4 докторант диссертация қорғап, «Философия докторы (PhD)» дәрежесін алды. Және халықаралық ынтымақтастық бағытында академиялық ұтқырлық бойынша 25 адам шетелге оқуға жіберілді, 12 шетелдік студент тартылды, 22 шетелдік маман дәріс оқып, ғылыми кеңес беруге шақырылды, 8 меморандумға қол қойылды.

Университетте спорттың 13 түрінен секция жұмыс жасайды. Оқу орнында  ұлттық құрама команданың мүшелері, елге белгілі азаматтар көптеп кездеседі. Университетте 9 Әлем, 27 Азия, 120 Қазақстан чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері бар.

«Оpen space» форматындағы  ғылыми  кітапхана күрделі жөндеуден өтті, онда кітап қоры – 2 119 193 дана.Меценат және серіктестер қаражаты есебінен 11 аудитория, 1 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Университетті цифрландыру жақсы жолға қойылған. 

Біз Бейбіткүл Сәрсемханқызын тек ғалым, ұстаз десек жаңылар едік, оны ұтқыр ұйымдастырушыға балаған бағалы болар. Қысқа уақытта Қызылорда университетін қалаулы оқу ордасына айналдырғаны да оның еңбекқорлығын, ізденімпаздығын білдірсе керек. Сәтін салса, алдағы асу аз емес, ол күндер де күтіп тұр.

Қаныбек ӘБДУОВ,

ЖУРНАЛИСТ

ҚЫЗЫЛОРДА

 

2024 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы