• Тұлға
  • 24 Қараша, 2022

ТЕМІРЖАН НЕГЕ ТАСАДА ҚАЛДЫ?

«Кіндігімнің жас қаны
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым...»
Кезінде дәл осы ән әр қазақтың жүрегінен орын алып, әнсүйер қауымға жетті десек, артық айтпаған болармыз. Сонымен қатар  «Қаздар қайтқанда», «Тамаша», «Атың кім қалқа?», «Студенттік кештер» әндері де көпке танымал.  Бірақ өкішке қарай, осы әндердің авторы Теміржан Базарбаев екенін біреу білсе, екіншісі білмейді. Негізі Теміржан атамыз туралы естелік  өте аз жазылған. Өйткені ол кісі өмірде томаға тұйық, қоңырқай күй кешкен. «Мен композитор Базарбаев едім» деп атақ та, даңқ та қумаған, қызмет те сұрамаған. Бар саналы ғұмырын Семей қаласында, сондағы музыкалық училищеге жетекшілік етумен өткізген. 

Біз «келер жылы, яғни 2023 жылдың басында Алматы қаласында Теміржан Базарбаевтың әндерінен кеш өтеді» дегенді естіп, елең ете қалдық. «Ұмыт бола бастаған композиторды іздеуші кім екен?» деген оймен, ұйымдастырушысын да сұрастырдық. Іздестіргенде, қызыққа тап болдық. Ұйымдастырушысы – Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы ­Болатбек Қатықбаев. Біз танысқан судьяның өзі де өнерден алыс емес. 50-ге жуық әннің мәтінін әрі әнін де жазған. Ал оның негізгісі – патриоттық әндер. Автор бұған дейін Алакөл, Талдықорған, Алматы қалаларында кеш өткізген. Сондықтан болар, Алакөлдің азаматтары осы Теміржан Базарбаевтың кешін ұйымдастырып, әндеріне әрілеуді өтінеді. Бұл туралы Болатбек Қатықбаевтың өзі әріден бастап әңгімелеп берді.

– Осыдан 7-8 жыл бұрын маған Алакөлдің жігіттері келіп, Теміржан Базарбаев деген атамыз керемет композитор, елге рухани азық болатын жақсы әндер жазған. Бүгінде есімі ұмыт болып барады. Қазір қолға алмасақ, болашақта оны ешкім іздемейді. Мүлде ұмыт болады. Сондықтан сіз бастап қолға алсаңыз, қолдаушылар да табылады», – деген. Алғашында мән бере қойған жоқпын.

Аты дардай, атағы бар композиторлар қазір ән жазып, күні-түні еңбек етіп жүр. Ал мен өзімді сазгермін деп айта алмаймын. Ақиқаты, өзімді қазақтың таза патриоты деп санаймын. Он сегіз жасымда қолыма қару ұстап, Ауған соғысына қатыстым, одан алған көптеген марапат, ордень, медальдарым бар. Бала кезден бойдағы қанмен келген және Ауған соғысында жүріп қалыптасқан патриоттық рух, бүгінде жүректен патриоттық ән болып туып жатыр. Биыл маусым айының 22-сінде Алматы қаласындағы Республика сарайында бірінші рет аталып өткен Сот және сот қызметкерлерінің күніне арнап концерт бердім. Осы концерттен кейін жігіттер Теміржан Базарбаев туралы тағы айтып қалды. «Кіндіктен бір болмасақ та, қанымыз бір ғой, енді іздемесек, оның бар еңбегі зая кетеді» деді. Сол күні таңға жуық Теміржан атамыздың бейнесін анық көрдім. Тірі кезіндегідей, үйдің бұрышында сол жақ иығымен бұрыла қарайды, ештеңе айтпайды. Жүзінде бір мұң бар. Бірден оянып, білген Құранымды оқып, бұл маған жіберілген белгі деп түсіндім, – дейді ­Болатбек Қатықбаев.

Осыдан кейін Болатбек Әділханұлы композитор Базарбаевтың ұрпағын, шәкірттерін іздей бастайды. Алакөлден бауыры Қайрат арқылы Жайыл, одан Амантай Мамырбеков деген ағаларға шығып, Семейден Теміржан Базарбаевтың Аймұханбет Бейсембаев деген шәкіртін тауып алады. Ағамыздан ұстазы Теміржан Базарбаевтың нотасымен өлеңдер жинағын шығарған кітабын алды. Аймұханбет Бейсембаев кітабын беріп тұрып «бұл қадамың бауырым өте бір ізгілікті іс болайын деп тұр. Ал ағамыз тағдырдың ауыр сынағына мойымай, пендешілік тіршілік кешпей, басын тік ұстап, ойындағысын бетке айтып өтті. Турасын айтқан туғанына жақпайды ғой», – деді көзіне жас алып.

Теміржан Базарбаев 1935 жылы бұ­рынғы Тал­дықорған облысы Алакөл ауда­нына қарасты «Жалғызағаш» ауылында дәрігер отбасында дүниеге келген. «Шынымен де тағдыры ауыр болған. Екі жасында әкесі соғысқа кетіп, Буденныйдың атты әскерінде болып, шейіт болған. Шешесі екі жасар ұлын әкесінің ағасына тастап, басқа адамға тұрмысқа шығып кеткен. «Асырауы қиын болды ма екен» әкесінің ағасы Теміржанды Алакөл ауданындағы Қарабұлақ ауылында орналасқан балалар үйіне өткізіп жіберген.

Қарабұлақтағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген кезінде ат-арбамен  келіп, Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев дарынды балаларды іздейді. Біріне өлең, екіншісіне ән айтқызып көреді. Содан үш баланы таңдап алып, арбамен жолға шығады. Жолда балалар «Көк иірімнің» тұсына келгенде «қашайық» деп өзара ақылдасады. Екі бала арбадан секіріп, қашып үлгереді, Теміржанды Нұрғиса аяғынан ұстап қалады. Осылайша болашақ композитор Алматыға келіп музыка мектебінде оқиды. Ұстаздары жоғары сыныпта оқып жүргенде оның ән жазатын қабілетін байқап, өнерге баули бастайды. Мектеп бітірген соң, Теміржан консерваториядағы Құддыс Қожамияровтың сыныбына оқуға түседі. Кейін жолдамамен Семейге барады. Сол кезде облыс әкімі «қызмет, үй беремін» деп шақырған екен. Бірге оқыған сұлуын өзіне жар етіп, Семейге барса, әкімі ауысып кетеді.

– Содан музыкалық училищедегі жатақхананың бір бөлмесінде тұрып, еңбек етеді. Алғашқы жарынан екі балалы болыпты. Бір ұлы кісі қолынан қаза тапса, екінші ұлы туралы ақпарат жоқ. Кейін ағамыз «басқа бір ұлттың қызына үйленген, ол өзінен көп кіші болған» дейді. Одан бір қызы бар. Қызын іздедік. Орыстілді екен: «Әкемді, менің атымды пайдаланып ақша таппақсыңдар ма?» депті салған жерден. Қайдағы табыс? Мына концертті қою үшін жоқ дегенде 17-18 млн қаржы кетеді. Оны қайтарып ала алмайсың ғой. Бұл кісі қанша дарынды болса да, ата-анадан, бауыр-туыстан немесе ағайын-туыстан мейірім көрмеген. Соған қарамастан, өмір бойы алған бағытынан таймай өткен. Қазір өнерге жанашыр жігіттер бас көтеріп, қор жинап жатыр. Ал мен Әлболат деген музыкант бауырымды жаныма алып, шықпай қалған сексен пайыз өлеңін өңдеп, әсіресе сол өңірден шыққан әншілерді тартып, әндерді дауыстарына қарап бөліп жатырмын. Теміржан ­Базарбаев – кәсіби композитор. Әндерінің 80-90 пайызы вальс ырғағында айтылады. Бірақ қолдау болмағандықтан, әндері шықпай қалған. Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов пен Теміржан Базарбаевтың әндері үндес. Бір өкініштісі, тек Шәмші ғана вальстің королі ретінде танылып, басқалары көлеңкеде қалып қойыпты. Мұның себебі, артында іздейтін адамы жоқ. Ал Шәмші атамыздың атын қазаққа жария етіп жүрген Қалдыбек Құрманәліге мың алғыс. Осындай жігіттер болмаса, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанбайды, – дейді Болатбек Әділханұлы.

Теміржан Базарбаевтың ән кеші 2023 жылдың 4 ақпанына жоспарланып отыр.Қазір композитордың бұрын шықпаған әндерімен қоса 22-23 әні жинақталып, өңделді. Алакөлдің игі жақсылары жиналып, композитордың атына көше немесе мектеп сұрап, ресми орындарға ұсыныс жасауда. Қазір Семейден Гүлғазы Бегазиқызы, Кентау Назарбек деген шәкіртін, Қазақ радиосынан Теміржан атамызды іздеп, хабар ұйымдастырып жүрген Ғалия Есқұлова қарындасымызды тауып алдым. Теміржан Базарбаевтың тағы бір шәкірті – танымал композитор Төлеген Мұхамеджан. Олардың ұсынысымен бұйыртса, келесі күзге таман Теміржан Базарбаевтың әндеріне республикалық байқау өткізу жоспарда тұр. Аталарын іздеп, әндерін қайта жаңғыртуға атсалысып жатқан бауырлары: Молдияр Нұрбеков, Мұрат Әділханов, Амантай Мамырбеков, Абылай Қалиасқаров, Даулет Адрисов сияқты азаматтарға мың алғыс.

Композитор Теміржан Базарбаев 1982 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған. Ол симфониялық оркестрге арнап «Тор жорға», «Ботагөз», «Жетісу» симфониялық поэмалары, труба мен оркестрге арнап «Отан», «Қалың елім қазағым» әндерін жазған. Камералық-аспаптық, эстрадалық «Мерекелік увертюрасы», «Жыл мезгілі» атты тақырыпта жазылған циклы, «Ботагөз» атты симфониясы да дарын иесінің қаламынан туған сәтті туындылар. Ол қазақтың белгілі ақындары: Қадыр Мырзалиев, Жабайыл Бейсенов, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов, Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков және Тұрсынай Оразбаеваның өлеңдеріне ән шығарып, шығармашылық байланыста болған. Солардың ішінде «Ауылым», «Тамаша», «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер», «Атың кім қалқа» әндері бар қазаққа танымал.

Осындай талант иесін ұмыт қалдырмау үшін барын салып, жүгіріп жүрген Болатбек Қатықбаев осы істі қолға алғалы үлкен шабыт үстінде. Жуырда ол композитор Теміржан Базарбаевқа арнап, «Асыл аға Теміржан» атты жыр шумағын жазды.Ұлтжанды азамат Болатбек Қатықбаевтың пікірінше, енді халықтың оң жанашырлығы ғана керек. Өйткені біз Теміржан Базарбаевтың шығармашылығын қолдау арқылы келешек ұрпаққа оның әндерін мұра етіп, жеткізе аламыз.

АСЫЛ АҒА ТЕМІРЖАН

 

Таң шапағы көл бетінде тұнғанда,

Ақ қанатты арман ұшты шыңдарға,

Алакөл, Ертіс жағасында бір әуен,

Әуелейді әлі күнге бұл маңда!

 

Тамашаңмен таң атырдың таңдарға,

Бақыт іздеп, арман қуған жандарға,

Шалықтаған шаттық сезім сыйладың,

Шашу шашып ән мен күйден жан аға!

 

Туғаныңнан тарлан едің асыл тек,

Тағдырына мойымаған жасын көк,

Айнымайтын ән мен күйден дос таптың,

Есіміңді өшірмейтін мәңгі от!

 

Жүрсек-тағы алыс-алыс жақтарда,

Сапар шегіп өмір деген бақтарға,

«Ауылым» әнің жүректерге нәр берді,

Сағынышпен елді аңсаған шақтарда!

 

Қара күзде қаздар шулап қайтқанда,

Жапырақтар жерде балқып жатқанда,

Қырда ұшқан қызыл арай белесті,

Әсем сазды әнмен өрдің жан аға!

Болатбек  ҚАТЫҚБАЕВ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

1104 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы