• Руханият
  • 24 Қараша, 2022

ӨМІР – ҚАС-ҚАҒЫМ...

«Тән – жанның,
Жан – Жаратқанның аманаты»
Анарыс (Анахарсис)

Адам – күрделі жаратылыс.
Қас-қағым өмір – сол күрделі жаратылыс иесіне Ұлы Жаратушының берген теңдесі жоқ қазыналы кеңістігін, ой мен сананың кеңдігін, тереңдігін, биіктігін аңғартар адамтану мен ғаламтанудың ғажайып өлшемі!
Осы бір өрісі кең ұғымдардың құрсауына қамалған ауыр сәт-сағаттар қолыма қалам алғызды. Ақ қағаз алдында жүгінтіп, өмір дейтін ұғымның астарлы ақиқатына, құпияға толы болмысына, ақылға құрық салғыза бермес сыры мен жұмбағына үңілдірді. Өмір, тіршілік хақындағы қара­пайым ойлардың шетіне шыға алмай, санам сергелдеңге түсті. Отыз жыл­дай қол ұстасып, қатар жүрген, жастықтың жалыны мол күндердің қызығы мен қуанышын бірге бөліскен аяулы жанның – үш баламның әкесі, екі немеремнің атасы болған, небәрі елу дейтін ердің жасына жаңа келген жарым Қыдырбегімнен ойда-жоқта көз жазып қалғаныма сене алмадым?!.

Күні кеше ғана балаларымның, дос көңіл адамдарымның күлкісіне, қуанышы мен шаттығына бөленген үйінің төрі үнсіз мұңға оранғалы, міне, үш айдың жүзі болды… Ұйыққа батқандай күй кештім… Артық айтсам, Алла кешірсін! «Жалғыздық» дейтін желкенсіз қайыққа мініп, долы теңізде қалғандай болдым. Мына «жалған» дейтін жарық дүниеге өкпе-реніш айтып, кеудемді өксік буған кездерде өзімді қоярға жер таппай қиналдым. Жасыратыны жоқ, болған іске сабыр атты әрі қарапайым, әрі қатал ұғымның шартымен қарауға қанша бекінгеніммен, құлазыған жан-дүнием көнбеді… Сана «көну» мен «көнбеудің» тартысына түсті!.. Жаралы жанның арпалысы, мұңға толы жүректің бұлқынысы, көңілдің дәрменсіз айқайы фәни дүниенің пенделік шарттарымен бетпе-бет келді…

Үлкендерден еститін, «Дүние жалғанның» қас-қағым сәт екенін аңғардым. Өмір Ұлы Жаратушының бұйрығымен жүзеге асар Жазымыш екенін сезіндім. Адамзат баласының мыңдаған жылдардан бері жер үсті тіршілігін реттеп келе жатқан осынау мәңгілік заңдылықтарын үнсіз мойындадым… Сезімнің селін кештім. Ойдың дауылында қалдым.

Адам қиялы мен адам өмірінің шексіздігін құрықтай алар Құдіреттің бар екеніне көзім жете түсті. Жұмырбас пенденің қолынан бар келері – өткеніңді таразылау, бүгініңді саралау, ертеңіңді болжау екенін іштей мойындадым. «Өмір көркі – үйлесім мен келісім» деген әкемнің жыр жолдары есіме түсті. «Үйлесімге» сыйындым, «келісімге» табындым. Әлгі шет-шегі жоқ сұрақтардың жауабын өткен өмір естеліктерінен – жадыда сақталған сұлу сәттерден, бірте-бірте сағымға айналып бара жатқан баяны мол күндерден іздедім. Пана тапқандай болдым. Бойымды найзағай шарпығандай, тау асып, қалқыған бұлттармен үнсіз жағаласқандай күй кештім.

«Өмір пәлсәпәсі жер үсті тіршілігінен бойыңды уақытша алыс-татады» дейтін сөзді бұрын да сан мәрте естуші едім… Рас екен. «Құдай дегеніміз – махаббат» дейтін Заратуштра сөзінің құдіретіне бас идім. Қыдырбектің үйде де, түзде де қолынан түспейтін ұлы Абайдың «жан» мен «тән» хақындағы терең толғанысынан, «Құранның» сүрелері мен аяттарынан сүйеніш тапқандай болдым.

Адамның сезім әуенінің, сағыныш сазының, тағатсыз ізденістің жетегінде жүретін қауқарсыз жаратылысының ай сәуле­сімен көмкерілген, күн шуағымен нұрланған, жұлдыздар жарығымен сәулеленген Аспан әлемінен қолдау іздеуі де ессіз заңдылықтай қабылданды. Бүгінім шуақты, болашағым баянды болсын, ата-анам, бауырларым, балаларым, қасымда жүрген жарым аман болсын деген тілекпен таңын атырып, кешін батырған қатардағы көп пенденің бірі ретінде кешкен ғұмырды, көрген дүние жарықты таразыға қойдым. Орындалмай қалған мақсат пен жос-парды, үзілген үміт пен армандарды түгендедім. Қиналдым. Қамықтым. Қайғырып отырып, балаларымды ойлап, оңашада өзімді-өзім сабырға шақырған, шүкіршілік айтқан сәттерім де аз болған жоқ…

Әрине…

Адам болып жаралғасын, адам болып қалу, ісің мен сөзіңнің тұтастығын сақтау, адамшылық кескініңе көлеңке түсірмеу дейтін жауапкершілікті орындау – парыз. Жаратушы алдында есеп берер, рух алдында тағзым етер сәт-сағаттар мені Қыдырбектің рухымен кездестіргендей болды. Қыдырбек үшін адамгершілік, азаматтық, кісілік, кішілік дейтін ұстанымдар оның тіршілігінің желкені, ғұмырының мызғымас берік қалқаны еді. Ол адалдықты ту етіп, адамдықты серт етіп, ана тілі үшін күресуді, ұрпақты тәрбиелеп, ұлтқа қызмет етуді өз өмірінің басты мақсаты санайтын. Ол өз балаларын, бауырларын соған тәрбиеледі. Бағыты мен ұстанымынан айнымай, айналасына пікірлес-мүдделес дос адамдар жинады. Өмірін Абай өрнектерімен өре отырып, мақалалары мен лекцияларында, монографиялық еңбегінде, теле-радио арқылы берілген хабарларында ұлт намысы мен ой-санасын қозғайтын әңгімелерді жиі айтты. Оның ар мен ұятты, сана мен жүректі арқау еткен сабақтары ел көңілінен шықты. Ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің басты көзін ана тілін дамыту деп ұқты. Қандай қызметте, қандай ортада жүрсе де қазақ тілінің мемлекеттік тұғырын бекітуге күшін сарқа жұмсады.

Абайдың «Ар ұялар іс қылмас» деген тұжырымын ол «ең жоғары деңгейдегі құндылық, ұяттың өлшем бірлігінің көрінісі» деп санады. Бұл оның бала кезінен әке сүйегімен, ана сүтімен бойына дарыған қасиеттерінің бірі еді. Қыдырбек өмірде де, қоғамдық ортада да, отбасында да осы ұстанымға берік болды. Ол тіл, діл, дін дейтін ұғымдарға құрметпен қарайтын. Адаммен қарым-қатынас, отбасылық сыйластықты «ар өлшемімен» таразылап отыратын. Бабадан – әкеге, әкеден –балаға, баладан ұрпаққа берілер құндылықтарды пір тұту, кез келген адамның бойынан жақсылық іздеу, өмірін «сауап», «қанағат», «обал» деген асыл ұғымдардың рухани бастауымен нұрландыра білу – Қыдырбектің тұлғалық ұстанымын айғақтар нышандар болатын. Санаға салып саралау, парасатқа салып пайымдау өмірінің қалыбы еді. Әр қадамын, әр ісін, әр бастамасы мен әр ойын ардың өлшем бірлігімен таразылайтын. Ар өлшемі оның әкелік махаббатының, бауырлық адалдығының негізі болатын. Ол сот жүйесіндегі төрелігін де «жүректің көзі ашылса», «ақыл зерек», «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс білсеңіз» деген ұлы ақынның ұлағатты жолдарының тұңғиығында жатқан кең тынысты кемеңгер ойларымен сабақтастыруға тырысатын. Адам тағдыры, бала болашағы Қыдырбектің өмірлік көзқарасының арқауы болатын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидаға адал еді. Адам тағдыры ол үшін басты меже болатын.

Қыдырбектің бойында той-томалақтың көркі болар шешендікпен қоса, ғажайып әншілік өнері де бар еді. Оның орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны» тыңдау­шысын баурайтын. Жанұясын қасына алып, ел аралағанды, сұлу Сырды жағалағанды жақсы көретін. Қос немересін бауырына басқанда ерекше еміренетін… Бойында барын ұрпағына беруді мақсат етуші еді…

Қараша айының 28 жұлдызында тағдыр таныстырған, Тәңір табыс­тырған Қыдырбек есімді қазақтың бір үлкен жүректі ұлы 51 жасқа толар еді.

«Тағдырыма алғысым мың!

Кездестің…

Мені сендей өртемеді өзге ешкім.

Дүниелік қазынама айналдың,

Жұмақ сынды ертегідей кез кештім»

деген әкемнің өлеңінің бір шума­ғы тілімнің ұшына оралып отыр. Қыдырбегімнің бейнесі, күлкісі көз алдымда тұр…

Балаларымның: «Әкеміздің жасы жасаған жақсылығымен өлшенгені дұрыс. Біз оның өмірінің ұзақтығын жер бетіндегі адамдарға жасаған есепсіз жақсылығымен, азаматтық болмысымен өлшейміз. Оның жасын 50-ге емес, 150-ге теңестіруімізге болатынына сенім­діміз!» деген сөздері жүрегімнің тұсында тұр.

Иә, сабыр атты Құдіретті күшке үнсіз жүгініп, уақыт атты өлмес өлшем­мен тірші­лігімізді жалғарымыз анық.

Өмір атты қас-қағым сенің атқарған ісіңмен, ұлтыңа сіңірген еңбегіңмен, жұртыңа жасаған жақсылықтарыңмен балаларыңның бойында, менің жүре­гімде жалғасарына сенеміз!

Туған күнің құтты болсын, Қыдыр!

Жарың, балаларыңның анасы.

Эльмира ОРАЗАЛИЕВА

 

1758 рет

көрсетілді

16

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы