• Білім және ғылым
  • 24 Қараша, 2022

ХИМИЯ ҒАСЫРЫНЫҢ ҒАЛЫМДАРЫ

ЮНЕСКО-ның қолдауымен  және теориялық-қолданбалы химияның халықаралық одағының (IUPAC) бастамасымен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 2011 жылды «Халықаралық химия жылы» деп жариялаған еді. Халықаралық химия жылы ресми түрде 2011 жылдың 27-28 қаңтарында Париж қаласында ашылды. БҰҰ Бас ассамблеясының Халықаралық химия жылын өткiзу туралы қарарында: «Іргелi химияның жетiстiктерi қазiргi материалдық әлемнiң кiлтiн табудың заманауи деңгейiн анықтайды, ал химиялық технологиялар мен үдерiстер климаттың өзгеруi, халықты таза сумен, тамақпен және энергиямен қамтамасыз ету, қоршаған табиғи ортаны сақтау сияқты жаһандық мәселелердi шешуде маңызды рөл атқарады» делiнген болатын. Химия ғылымының өте ауқымды мәселені көтеріп келгені, көтере беретіні де осындай іс-шаралар мен онда қозғалған мәселелер арқылы да байқалса керек.
Химия ғылымында ерекше рөлі бар ғалым Б.А. Бiрiмжанов «Бiз – химия ғасырының тұрғындарымыз» деген екен. Біздің бүгінгі сөзіміз химия ғасырының ғалымдары жайлы болмақ.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАЗЫЛҒАН ОҚУЛЫҚТАР АВТОРЫ

Михаил Ломоносов: «Қайда қарасақ та, қайда көз жүгіртсек те көретініміз химия ғажайыптары» дейді. Міне, осы ғажайыпты зерттеп жүрген ғалымдарымыздың бірі Әзімхан Фазылұлы Сейітжанов.

Ол Абай атындағы ҚазПИ-дің түлегі. Түлегі болғанда да осы оқу орнының «физика және химия» мамандығын үздік дипломмен бітірген еді. Ғалым оқу орнында студент, аспирант, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы және проректорға дейінгі ғылыми-педагогикалық біліктілік және білім мен ғылым жолынан өтті. Ол 2006 жылдың қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін химия кафедрасының профессоры. ­­­Ә.Ф. Сейіт­жанов осы қызметтерде жүргенде ұйымдастырушылық белсенділігінің және ұжыммен жұмыс істей алу қабілетінің арқасында оқу-тәрбие істерінің тиімділігі мен сапасын арттыруға және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жақсартуға көп күш салып, жақсы нәтижелерге жетті.

Біздің елдің алғашқы жоғары оқу орнындағы 50 жылға жуық ғылыми-педагогикалық қызметі жолында Әзімхан Фазылұлы атаулы мектебі бар көрнекті ғалым және тәлімгер ұстаз. Студент жастардың көптеген буыны тамаша дәріскер ретінде оны ерекше құрметтейді. Педагог ғалымның дәрістері жоғары теориялық және ғылыми-әдістемелік деңгейде өтеді. Профессор Ә.Ф. Сейітжанов – физикалық және органикалық химия саласында белгілі ғалым, оның ғылыми зерттеу жұмыстары республикамыздан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Оның 160-қа жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрген. Олардың ішінде жоғары оқу орындарына арналып, төл тілімізде жазылған «Органикалық химия» (көлемі 26 б.т.) оқулығын ерекше атауға болады. Бірнеше жыл бойы бұл оқулық жоғары химиялық білім жолында бағасын алып келеді. Бұл кітап студенттер үшін ғана емес, аспиранттар мен магистранттар, орта мектеп мұғалімдері және жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін де аса қажет туынды. Сонымен қатар Әзімхан Фазылұлы жалпы білім беретін жаратылыстану-математика бағытындағы орта мектептің 11-сыныбына арналған химия оқулығы (орыс және қазақ тілінде) авторларының бірі. Өзінің көп жылдар бойы жинаған тәжірибесіне сүйеніп жазылған автордың оқу-әдістемелік құралдары аса тартымдылығымен студенттердің қызығушылығын тудыру арқылы үлкен сұранысқа ие.

Әзімхан Фазылұлы отандық химия ғы­лымының қанатын кеңге жаюына ерекше еңбек сіңірген ғалым. Әсіресе химия ғылымы­ның мемлекеттік тілде оқытылуы мен оқулық жазылу ісінде үлкен орны бар ұстаз.

 

АНАЛИТИКАЛЫҚ ХИМИЯ – ҒЫЛЫМНЫҢ ҮЛКЕН САЛАСЫ

Жеңіс Әкімжанұлы Шоқыбаев Қазақ мемлекеттік университетiнiң химия мамандығын аяқтаған, химия ғылымының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, профессор, ҚЖМҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң құрметтi кафедра меңгерушiсi. Ол Алматы зооветеринарлық институтында оқытушы, доцент, бейорганикалық және аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі; Қазақ Ұлттық Аграрлық университетiнiң химия кафедрасының меңгерушісі; Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетiнiң химия кафедрасының меңгерушiсi қызметін атқарды, қазір осы оқу орнының химия кафедрасының профессоры, кұрметтi кафедра меңгерушiсi.

 Ғылыми бағдары бойынша ол 3 педагогика ғылымы докторын және 12 педагогика ғылымы кандидатын даярлады. Оның 100-ден аса еңбектерi жарық көрдi. Олардың iшiнде химия пәнi бойынша ЖОО арналған оқулықтар мен оқу құралдары, Бейорганикалық және аналитикалық химия, Химияны оқыту әдiстемесi, Аналитикалық химия, Бейорганикалық химия практикумы, Бейорганикалық химияның теориялық негiздерi, Элементтер химиясы, химия есептерi мен жаттығулары еңбектері бар. Ол сонымен қатар орта мектептерге арнап О.С. Габриелянмен бiрге орыс және қазақ тiлдерiнде 8, 9, 10, 11-сыныптарға арнап химия оқулықтарын даярлап оқу процесiне енгiздi.

Ол ғылымның үлкен саласы – Анали­тикалық химия саласы бойынша зерттеулер жүргізіп, кітаптар жазған ғалым.

 ТАНЫМДЫ ӨСІРУГЕ ТЫРЫСҚАН ҒАЛЫМ

Педагогика ғылымының докторы Нұрлан Каркенұлы Ахметов ҚазМУ оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетіне де тағылымдамадан өтуші болып жұмысқа кіріп, аспирантураға түсті. 1979 жылы кандидаттық диссертациясын, 1996 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Абай атындағы ҚазҰПУ-де 1987 жылдан бастап жұмыс істейді, жалпы ғылыми-педагогикалық өтілі 48 жыл.

Білім және ғылым жүйесінде өз жұ­мысын оқытушылықтан бастап, универси­теттің проректорына дейін жүріп өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде де осы саланың өркендеуі үшін еңбек етті. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Ғылыми іс-әрекетінің зерттеу саласы: «Оқытудың инновациялық әдістерін қолдану арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру әдістемесі».

Н.К. Ахметовтің жетекшілігімен педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 5 диссертация және 40-тан аса магистрлік диссертация қорғалды. Н.К. Ахметов 200-ден аса ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс, оның ішінде 2 монография, 5 оқу-құралын жазды. Ғалымның 2 мақаласы Скопус базасындағы журналдарда жарияланған, 15 авторлық куәліктің авторы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитетінің «Мәңгілік ел» бағыты бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жобасының жеңімпазы.

Жазира МҰҚАТАЕВА,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық

педагогикалық университеті,

Жаратылыстану және

география институты,

химия кафедрасының меңгерушісі

2510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы