• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2022

ҒАБИТОВТЫҢ ҒИБРАТЫ

Қазақ мәдениеті мен философиясы да әлемдік деңгейдегі ғалымдарға кенде емес. Атап айтсақ, ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті философы Т.Х. Ғабитовтің шығармашылық ой-дүниесі, қазақтың ұлттық өзіндік санасында және рухани мәдениетінде маңызды орын алады.
Талантты ғалым, әлемдік деңгейдегі философ, педагог, кемел ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы, ҚР ӘҒА академигі, мәдениеттану профессоры, Қазақстан философиялық Конгресінің вице-президенті.

Ғабитов Тұрсын Хафизұлының ғылыми-педагогикалық қызметі, ассистенттен профессорға дейінгі ұстаздық жолы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Тұрсын Хафизұлы 1971 жылы ҚазҰУ-дың философия-экономика факультетін үздік бітіріп, кандидаттық, докторлық диссертация-ларын ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесінде қорғады. Кеңес үкіметі тұсында Ауғанстанға арнайы іс-сапармен жіберіліп, 1986–1988 жылдар аралығында Кабул университетінің кеңесшісі қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикадағы тұңғыш мәдениеттану кафедрасының ашылуына ұйтқы болып, 1991–1995 жылдар аралығында аталған кафедраға жетекшілік етіп, отандық мәдениеттану ғылымының қалыптасуына негіз қалады.

Тұрсын Хафизұлы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007ж.), Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан көрнекті үлесі үшін мемлекеттік ғылыми сти­пен­диясының иегері, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының «Үздік автор» бай­қауының, «Қазақстан ғалымдары одағының» республиканың ғылым, техника және білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін байқауының лауреаты. Тұрсын Ғабитовтың «Мәде­ниеттану» оқулығы 2001 жылы өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің байқауында «Қазақ­стан он жылдығының үздік кітабы», 2006 жылы «Ұлы Жібек жолы» халықара­лық кітап жәрмеңкесінің лауреаты атанды. ҚР жоғарғы оқу орындары қауым­дастығының шешімімен автор­дың оқулықтары Қазақстанның ең та­нымал оқулықтарының қата­рына енген.

Тұрсын Ғабитовтың есімі шетелде де танымал. Ғалым көптеген халықаралық конгрес­тердің, симпо­зиумдардың, конференция­лардың жұмысына белсене қатысып, ондаған елдерде мазмұнды баяндамалар жасады. Ғалым 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 80-нен астам жеке және ұжымдық монографиялардың, көптеген оқулықтар мен оқу құралда­рының, энциклопедиялардың, сөздіктердің, жалпы саны 600-ден асатын жарияланымдардың авторы. Автордың философия және этика тарихы бойынша еңбектері АҚШ, Германия, Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан және Түркияда жарық көрді.

Т.Х. Ғабитов «Ұлттық идея ‒ Қазақстанның 2007–2009 жылдарға арналған тұрақты дамуының негізі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға атсалысты, Қазақстан ­Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржы­лан­дыруы аясында «Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы контекстіндегі Қазақстандық ұлттық идея» жобасының жетекшісі болды. Профессор Т.Х. Ғабитов «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру ісіне белсенді қатысып, «Әлемдік фило­софиялық мұра» және «Қазақ хал­қының философиялық мұрасы», «Әл-Фараби мұрасы» секцияларының мүшесі, көптомдық еңбектердің авторы, ғылыми редакторларының бірі ретінде 50 томнан тұратын даналық жауһарларының қазақ тілінде жарық көруіне, жинақталуына зор үлес қосты.

Т.Х.Ғабитов Республика энцикло­педиялық қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі ретінде де танымал. Ол «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының философия жөніндегі кеңесінің төрағасы (1-10 т.) ретінде философия саласына қатысты мазмұнның жеткілікті әрі сапалы деңгейде көрініс табуына мол үлес қосты, 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы болды. Сондай-ақ Т.Х. Ғабитов «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы, «Мәдени-философиялық энциклопедия», «Мәдениеттану энциклопедиялық сөздігі», «Философия ғылымдарының екі тілдегі түсіндірме сөздігі», «Философиялық энциклопедия» басылымдарының бастамашыларының бірі әрі осы энциклопедияларға енген көптеген ғылыми мақалалардың авторы.

Қазақ халқының рухани мәде­ниетіне зор үлес қосып келе жатқан Т.Х. Ғабитов – белгілі ғылым және қоғам қайраткері. Профессор «Еуразия диалогы» халықаралық қоғамдық қорының, «Зерде» мәдениет қорының, «Азаматтық білім беру» СЕП Қорының, ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті» грантының мүшесі қызметтерін де абырой­мен атқарды.

Ғалымның қатысуымен батыс ойшылдары: Джон Локк, Шарль Монтескье, Жан-Жак Руссо, Карл Поппердің шығармалары мен философия тарихшылары Джованни Реале мен Дарио Антисеридің еңбектері қазақ тіліне аударылды.

Т.Х. Ғабитов «Мәдениеттану», «Философия», «Құқық этикасы», «Мәдени туризм», «Экологиялық мәдениет» атты оқулықтары, «Қазақ мәдениетінің типологиясы», «Қазақ философиясының тарихы», «Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясы» (казақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде), «Қазақ этикасының тарихы мен теориясы» (казақ, түрік, орыс тілдерінде), «Қазақтану: Тарих философиясы» монографиялары республикамызда кеңінен танымал және мәдени-философиялық классикаға айналған. Бұл кітаптарда әлемдік өркениет қазынасына енген қазақ мәдениеті мен философиясының іргелі құндылықтары терең зерделенген.

Тұрсекеңнің есімі ел арасында, әсіресе Қазақстанның қазақтілді аймақтарындағы білім беру және ғылыми ортасында қоғамдық ғылымдар мен мәдениеттанудағы әдіснамалық құралдар мен нұсқауларға зәру кездерден бастап, кеңінен тарала бастады. Кеңес дәуірінен мұра болып қалған бұқаралық-көпшілік кітаптардың да, ғылыми арнаулы әдебиеттердің де орыс тіліндегі нұсқалары сөрелерде сіресіп тұрып, қазақ тіліндегі ақпарат қат болған кезде, мұғалімдердің де, сту­денттердің де «Ғабитовтың кітабы» деп іздеп жүргендерге өзіміз куәсі болдық.

Қазақстанда мәдениеттанудың пәндік ерекшеліктерін зерттеу 1990-жылдардан басталды. Т.Х. Ғаби­товтың, Б.Ғ. Нұржановтың, С.Т. Те­мір­бековтің, В.Тимошиновтың оқу­лықтары мен оқу құралдарында мәдениеттанудың пәндік анықтамасы беріліп, ол синтетикалық ілім ретінде қарастырылады.Қазақстанда мәде­ниеттанудың осы мектептері мен бағыттарының қалыптасуының бел ортасында бүгінгі күні жетпіс бес жасқа келсе де, шығармашылық шабыт пен ғылыми жасампаздықтың, белсенділік пен қажымас қайраттың үлгісін көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, мәдениеттанушы ғалым Тұрсын Хафизұлы Ғабитов жүрді десек, жаңсақ айтпаған болар едік.

1990-жылдары оның авторлығымен шыққан «Мәдениеттануға кіріспе» оқулығы, «Мәдениеттанудың типтік бағдарламасы» оқытудың осы сала­сындағы олқылықтың орнын толтырып, әдістемелік жетекшілік ретінде көпшіліктің кәдесіне жарады. Білім мен ғылым саласындағы оқырман қауымның арасындағы бұл танымалдылық пен бедел-бекерден бекер келген жоқ.

Тұрсын Хафизұлының ғылыми шығармашылығының басты бағыты мен оның халыққа танымал еңбектерінің басым көпшілігі мәдениеттану ғылымына, қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясына арналған. Ол отандық ғылымдағы мәдениеттану саласы бойынша алғашқы профессорлардың бірі. 24.00.2001 – мәдениет теориясы және тарихы мамандығынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы мамандандырылған диссертациялық кеңестің ашылуына және оның жемісті қызмет етуіне атсалысып, ғылыми-ұйымдастырушылық қырынан да танылды.

Философия ғылымының докторы, профессор Т.Х. Ғабитов Қазақ­станда мәдениеттану ғылымының қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қосқан ғалым ғана емес, дәл осы салада көптеген жас зерттеушілерге же­текшілік жасап, ғылыми бағыт-бағдар берген ұлғатты ұстаз. Оның басшы­лығымен 6 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты диссертациялар қорғап шықты. Тұрсын Хафизұлының бойындағы адамгершілік қасиеттер – үнемі ғылыми ізденіс үстінде, ашық, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете отырып, шәкірттеріне ерекше қамқорлық танытады.

Ұстаздығы үздік, үлгілі қасиеттері мол Тұрсын Хафизұлының филосо­фия­лық мектебінің түлектері қазіргі таңда республикамыз бен әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

саяси ғылым

кандидаты, доцент

 

1969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы