• Қоғам
  • 24 Қараша, 2022

ӘСКЕРИ БОРЫШҚА АДАЛСЫЗ БА?

Қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде, әскери қауіпсіздікті сақтау мен нығайта түсу халықаралық аренадағы саяси жағдайларға байланысты түйткілді мәселелердің бірінен саналады. Бірақ неліктен жастардың әскери борышын өтеуге  құлшынысы төмендеп бара жатыр, Отан алдындағы әскери борышын өтеуді жалпыхалықтық қызмет сипатында емес, мемлекетіміз тұрақты және жалдамалы әскер ұстауы есебінен толықтыру қажет пе,  баласының әскерде қызмет етуіне ата-анасының ықпалы қандай, оның игі немесе теріс әсері де бар ма?

Осыған байланысты, қоғамдағы өзекті мәселелерді зерделеп, еліміздің болашақтағы даму стратегиясының негізгі бағдарларын болжамдаумен де шұғылданатын «Заңғар» үкіметтік емес ұйымы, аталған мәселемен белгіленген жобалар бойынша зерттеулер жүргізді. Оған 15-18 жас аралығындағы жеткіншектер мен жасөспірімдер арасынан 200-дей респондент қамтылды. Біз осыған орай жастардың әскери борышын өтеуі туралы әлеуметтік-психологиялық жағдайды анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп, оған толыққанды жауап алдық. Сауалнамаға қатысқандардың 61,5 пайызы – көпбалалы отбасының үлкені, 12,4 пайызы – отбасында тек жалғыз ер бала, ал 26 пайызы – қыз балалардың ішіндегі жалғыз ер бала.

Сонымен, олардың әскерде қызмет етуге деген ұмтылысы қандай? Сұрауға жауап бергендердің 33,3 пайызы «иә, барғым келеді, бұл менің – азаматтық борышым» деп нық сеніммен жауап берсе,  21,6 пайызы «Иә, барғым келеді» деп, ал 45,1 пайызы «міндеттелгесін бару керек қой»  деп жауап берген. Оның ішінде, әскерге барғысы келмейтін немесе немқұрайлы, құлшынысы төмен көзқарастарды да әрі қарай зерттеу барысындағы қойылған сұрақтарға мынадай мәліметтер алынды. «Мүмкін болса, әскерге бармай-ақ қояр едім»  – 20,9 пайыз; «Барғым келмейді» –  7,8 пайыз; «Мүлдем барғым келмейді» – 12,4 пайыз; «Уақыт көрсетеді» – 58,9 пайыз.

Зерттеу барысында жастар мен жасөспірімдерден ғана сауал алынған жоқ. Бұл орайда  баласының әскери қызметке баруы-бармауы турасындағы ата-анасының көзқарасына байланысты туындайтын сұрақтар да  қойылды. Ал алынған жауаптар былайша өрбіді: «Әке-шешем әскерде қызмет етуіме қарсы болуы мүмкін сияқты» – 49,1 пайыз; «Әскерге баруыма қарсы» – 21,9 пайыз; «Әскерге баруыма түбегейлі қарсы – 11,2 пайыз; «Әке-шешем бар деп айтпаса, тіпті бармас едім» – 11,8 пайыз; «Әке-шешем мәжбүрлемесе, мүлдем бармас едім» – 6 пайыз.

Келесі сауал барысында сыртқы қоршаған ортаның ықпалын зерделеуді де назардан тыс қалдырмай, «әскери қызметте болғандармен араласа келе, өзіңе қандай ой түйдіңіз?» деп қойылған сұраққа респонденттердің жауабы төмендегідей көрсеткіштермен анықталды. «Оларды естіп, тыңдап әскерге бару құштарлығым одан сайын артты» – 22,5 пайыз; «Әскерде болғандар баруыма тікелей әсер етті» – 8,9 пайыз; «Олардың әскери өмір жайлы айтқандары бару-бармауымды ойландырды» – 42,6 пайыз, «Естігеннен кейін тіпті барғым келмей қалды» – 26 пайыз.

Мұнан соң олардың қандай әлеуметтік желілерді қолданатындығына байланысты және осы желілер арқылы әскери борышын өтеуге деген құлшынысын арттыратын насихаттау жұмысы мақсатындағы зерттеулер жүргізілді. Өйткені Отан қорғау қызметіне деген адалдық пен мемлекетшілдік сезімін қалыптастыру  үшін бізге қандай  ақпараттық желілерді көбірек қолдану қажеттігінің жалпылама картинасын білу маңызды болды. Сонымен, олардың қолданатын әлеуметтік желілері атап айтқанда,  инстаграмм – 33,7; тик-ток – 26; ватсап – 26,9; қалғандары – 13,4 пайыз.

Соңғы  қойылған сұрақ «Отанға қызмет ету туралы ақпараттарды қайдан көбірек алып жүрсіз? Қысқаша пайыздық  мөлшерлемені ескере отырып, оның жауабын былайша тиянақтай алдық: «Алғашқы әскери дайындық сабағынан» – 45 пайыз, «басқа да мұғалімдерден» –  0 пайыз; «БАҚ, әлеуметтік желілерден» – 16,6 пайыз; «Айналамдағы адамдардан» (ресми емес сыртқы ортадан деген мағынада) – 38,5 пайыз.

Көріп отырғанымыздай, жастардың әскери борышын өтеуге ата-анасының, ресми емес ортаның, басқа да сыртқы ақпараттардың ықпал ететіні де аздап байқалды. Жалпы алғанда, Отанға қызмет етуге елжандылықты арттыру қажеттілігі күн тәртібінде өткір тұр. Өйткені Отан  – оттан да ыстық. Ал жастардың әскери борышын өтеу үшін отаншылдық сипаттағы игі шараларды жиі өткізіп, оларға үнемі қозғау салып отырсак, артық етпейді. Атап айтқанда,  кеңес дәуіріндегі жасөспірім жігіттердің әскерге баруға деген құлшынысына қарағанда, тәуелсіз Қазақстан жағдайында соңғы уақыттарда бұл деңгей неге төмендеп кетті? Бұл мәселе кез келген азаматты ойландыруы тиіс. «Отанға адал қызмет ету – әскери борышты өтеу арқылы нығая түседі» деген сипаттағы патриотизмді қалай қоғамдық санаға орнықтыра аламыз? Әскердегі тәртіп мәселесін қалай реттеуге болады, әскери борышын өтеуді насихаттайтын  ақпараттар мен әлеуметтік институттардың қызметі қаншалықты деңгейде және оны заманға сай жүйелі жүргізудің технология-лары қандай болуы тиіс? Бұл түйткілді мәселелердің барлығы да  бүгінгі жастарды толыққанды ойлантуы тиіс. Сонда ғана біз мемлекетшіл саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Берік  АТАШ,

«Заңғар» үкіметтік емес ұйымының

басшысы, әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ ұстазы, философия

ғылымының докторы  

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы