• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2022

МЕНІ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН БІР ӘН БАР

Мағиза Құнапияқызы: 

 

ТАУЛАР, ТАУЛАР

Бергі таулар менің биік талғамым,

Жетпегендер шайнайтұғын бармағын.

Жеткізбеймін қол жетім жер тұрсам да,

Өткізбейтін ағысы бар арнамын.

 

Таудан төмен құлап жатқан белестер,

Сағым болып артта қалған елестер.

Менің мұңлы шақтарымдай монтиып,

Ойға батып жатып қалған дөңестер.

 

Ортаңғы тау шөгіп жатқан тұмандар,

Арылмайтын күдік пенен күмәндар.

Алып шығып көп күдіктің ішінен,

Мені алға жетелейтін бір ән бар.

 

Арғы таулар жеткізбеген арманым,

Жетемін деп құлашымды қармадым.

Ақша бұлттың құшағында қап қойған,

Арғы тауға тек жырымды арнадым.

 

Көрінбейді арғы таудың төбесі,

Елжіресе сөгіледі көбесі.

Ешкімменен шаруасы жоқ сол тауға,

Жұрттың бәрі көз тігеді неге осы?!

 

***

Адасып жүрген өзім шығармын,

Артпаймын кінә тағдырға.

Қасымда болшы сабыр, шыдамым,

Сен мені жалғыз қалдырма!

 

Ойлаумен күнді өткізгенімді,

Көзімнен оған сездірме.

Кетіп қалар деп алаңдасаң да,

Келе жатқанда көзге ілме!

 

Жақсыны көру – жақсы көру ғой,

Білсең де оған үңілме.

Туласын жүрек қайда барады,

Жіңішке жолдан сүрінбе.

 

Аяғың емес жүрегің маған,

Адымдап келе жатқанда.

Бір барып қайттым алыста қалған,

Сонау бір ерке шақтарға...

 

Айпара болып қаласың-дағы,

Болмаса жанда қалтарыс.

Аспан мен жердің арасындағы,

Басталып кетті арпалыс.

 

Көп аял қылмай өтіп кеткенмін,

Көріндің бірақ түсімде.

Дүние тыныш, қып-қызыл майдан,

Арпалыс менің ішімде!

 

Таң қалар едің мендегі ойды,

Басыңа түгел көшірсем.

Ақылды болып көрінгім келген,

Ақымақтығымды кешір сен!

 

***

Қалаңа келдім, сен тұрған соң ба,

Ғимараттардың бәрі асқақ.

Ауасын ластау алсам ба екен,

Адыраспанмен аластап.

 

Көліктері де қарап та қоймай,

Жүгіреді әрбір бағытқа.

Құстар да биік ұшады екен,

Жеткенше шамаң шарықта!

 

Кеп қалғанымды бәрінен бұрын,

Аңғарып қалған ай болды.

Қалдырмай жалғыз күзетіп мені.

Басына таудың жай қонды.

 

Жалғыздық жайын жақсы білетін,

Күн шықты сонсоң асыға.

Сен тұрған соң ба мынау қаланың,

Ыстық көрінді тасы да!

 

Жұлдыздар ғана жымыңдасады,

Ойымызда сен барсың деп,

Шаршаған жолды демалдырсам ба,

«Белдерін жазып алсын!» деп.

 

Сырларымменен бөліссем бе екен,

Қайыңмен жаңа бүрлеген.

Ақ жауын болып себілсем бе екен,

Тәніне әбден кірлеген.

 

Қаланы жақсы көргенімменен,

Адамы маған бөтен ғой.

Ой тәңірім-ай, не ойлап кеттім?

Бұл сенің қалаң екен ғой!

 

КЕТТІМ АҚЫР

Кеттім ақыр қош енді өскен қала,

Саған қарай жүгірмен өкпемді ала.

Ештеңе де алмаймын енді сенен,

Қалғаны есте ұмтылмас сәттер ғана.

 

Керуен-базар жүк артқан түйесіне,

Сатушының жығылмай жүйесіне.

Жүрек сенің табам деп қалауыңды,

Қанша затты қайтардым иесіне…

 Болмас тағдыр жазбаса жаныңа құт,

Бұйырмас жан келмейді, сарыла күт.

Менің қайтарғанымды басқа жандар,

Кезекпенен әкетті қағып алып…

 

Қалағаным қолыма ілінбеді,

Басқа жанның қасында күлімдеді.

Күн батысты бетке алып жүріп кеттім,

Керуенге ілесіп іңірдегі…

 

Шиелердің гүлдері есімді алып,

Бақ ішіне тоқтады көшім барып.

Жүрегім жоқ кеудемде дейсің маған,

Әлеміме алаңсыз тосын барып.

 «Мәні болмай өмірдің сен кеткелі,

Бір сағыныш кеудемді шеңбектеді.

Жүрегімді кеткенсің ұрлап алып,

Өз қолыңмен бер дейсің «емдеп мені»

 

Болмап едім мен қарсы талғамыңа,

Жетті ғой деп жүруші ем арманына.

Сен дегенде бұлқынады мынау жүрек,

Менде кетіп шынымен қалғаны ма?

 

Түсе бердің несіне жиі есіме,

Сол сезімнің бас ұрғам киесіне.

Көкірегімнен айналып шықпай қойды,

Қайтарайын деп едім иесіне.

Енді қәйт дейсің маған?!

 

КЕШІР УАҚЫТ

Кешір уақыт, өткеніңе қарамай,

Қайырылмай кеткеніңе қарамай.

Мен оны әлі балайды екем өзіме,

Дәстүрлердің шектеуіне қарамай.

 

Екеумізде болған емес келісім,

Құр сүлдерім кезіп келеді ел ішін.

Сол бір жанды жолықтырған мезетте,

Тоқтап қалған сияқтысың мен үшін.

 

Өткен күннен өшпейтіндей із қалды,

Сағыныш боп сарайымда күз қалды.

Ай күзеткен тереземді түн қалды,

Бір-ақ күнде мұңға оранған қыз қалды.

 

Сонан бері елесі оның биледі,

Қос жанары жүрегімді түйреді.

Уақыттың тоқтауына ілесіп,

Бұрымым да өспей қалды сиреді…

 

Неге ғана сол елеске еремін,

Қайырылмасын сезсем-дағы кеменің.

Сол бір жан кеп тартқанынша қолымнан,

Кешір уақыт, сенің де жоқ керегің…

 

ҚАРА КӨЛІК

Беймезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің.

 

Осындайда келмес ойға жыр тегін,

Кешқұрым шақ жарығындай білтенің.

Қызыл шырақ алдына кеп тоқтаған,

Көліктерден елесіңді тінтемін.

 

Көзілдірік тағып біреу сазарып,

Ал біреуі кептелістен қажалып.

Кейбірінің қос жанары әйнекті,

Ары тесіп өтетіндей қадалып...

 

Қала желі тінтісе бойды дір етем,

Сағыну да, құлазу да бір екен.

Өрмекшінің торы сынды көшенің

Қара көлік қай маңында жүр екен?!

 

Сұрақ белгі сынды ойда жұмбақ қап,

Бара жатты нарқың өсіп қымбаттап.

Қара көлік қара түннің ішіне,

Мені алып кететіндей құндақтап.

 

Жан сырымды жеткізе алмай қыстығып,

(Сүйе тұра үндемеу де мықтылық)

Қара көзден мөлдір моншақ сыйласам,

Қара шашқа қырдың гүлін қыстырып.

 

Қуаныш пен жұбаныштың жасы бір,

Бітпейтұғын хикаяның басы бұл.

Түнгі ызғар қалтырата бастаса,

Қара көлік ішіне кеп жасырыл…

 

Бей мезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің!..

 

***

Қала бердің жан сарайын мекендеп,

Әурелендім босқа ұмытып кетем деп,

Көргенде алғаш күйіп кетті жүрегім,

Ерте неге жолықпадың екен деп!

 

Саған қарай бұрылдым да, қайран қап,

Қайта мені тапқандай ед тайған бақ.

Аз кідірмей қалып қойдың несіне,

Кете бермей бағытыңмен сайрандап.

 

Көктен емес, жерден сәуле шашылды,

Кеудемде бір толқын тулап басылды.

Қатарласып бірге несін жүрдің сен,

Бір қамшылап өтіп кетпей атыңды?

 

Өтіп кетші!

Тұлпарыңды қамшылап.

Өр тұлғаңды тобырлардан аршып ап,

Көзіңдегі көрмей қалсам мұңды мен,

Қала берсем моншақтарым тамшылап...

2014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы