• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2022

ЖЫЛҚЫШЫ ЖАЗҒАН «КЕРБАЛА» оны оқуға түсіріп, танымал қаламгер етті

Белгілі қаламгер журналист Жеңіс Шыныбеков бала шағынан белсенді, жігерлі, қызуқанды, ақкөңіл, албырт мінезімен ерекшеленуші еді. Менен екі сынып төмен оқыды. Сол кезден әдебиетке икемі барлығын танытатын. Сол алпысыншы жылдары мектепте «Жас қалам» деген әдеби қолжазба журнал шығаратынбыз. Оған мектепте оқитын әдебиетке бейімі бар балалар өздері жазған өлеңдерін, қысқа әңгімелерін жариялайтын. Сол сырты көк 48 беттік қолжазба журналды оқушылар бірінен-бірі алып, таласа оқитын. Оған кейіннен қазақтың қабырғалы қаламгері болған Берік Шаханов, жас талапкерлер: Қарғаш Смағұлов, Рахметолла Ыбыраевтар тырнақалды туындыларын жария­лады. Жеңіс Шыныбеков те сол саптан көрініп жүретін.
Ауданда «Социалистік шаруа» деген газет шығатын. Онда белгілі ақын, жазушы Дулат Шалқарбаев қызмет етті. Газетте ай сайын «Әдебиет беті» дейтін әдемі оюлы, өрнекпен жазылған арнайы бет берілетін. Соған Беріктің, Қарғаштың, Жеңістің жазған өлең, сықақтары ара–тұра жарияланатын. Менің де алғашқы өлеңдерім, бір әңгімем басылды. 

Дулат  ағамыздың  азды -кем өңдеуімен жарық көрген шығармаларымыз есім-сойымызды ел арасына танытатын. Басылған дүниелеріміз бойымызда мақ­таныш пен сенім ұшқынын ұялататын. Сол жылдары-ақ белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың жазғандары газетте жиі жарияланып жүрді. Ал қоғам қайраткері, философ, алымды журналист Әбдеш Қалмырзаевтың өлеңдері аудан, облыс жұртшылығына танымал болды.

Жеңіс Шыныбековтің де жазған-сызғандары сол алпыс-жетпісінші жылдары баспасөз беттерінде жиі көрінді. Алматыда оқыды, аз-кем уақыт отбасылық жағдаймен жылқышы да болды. Сол жетпісінші жылдары оның «Кербала» деген ғажайып хикаяты республикалық «Жалын» журналында жарқ ете қалды. Қою оқиғалы, шиыршық атқан, тартыс­ты, композициялық құрылымы жұп-жұмыр осы шығарманың төгіліп тұрған тілі оқырманды ерекше тәнті етті. Ал журналдың таралымының өзі сол жылдары жүз мыңнан асып жығылатын.

Осы шап-шағын хикаятта ерек мінезді, ер тұлғалы, тал бойы намыс пен өрліктен өрілген Жүніс пен қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында үстемдік құрған, қырық жетіге тән жүз байталға маталған Кербала қыздың арасындағы сүйіспеншілік аса көркем бейнеленеді. Сол Жүніс қолды болған сүйікті сәйгүлігі Ақтангерін іздеп Қаратау өңірін аралап, Бетпақ асады. Одан Арқа жеріне аяқ іліктіргенде үлкен олжамен оралған Абылғазы батырдың ауылында болып жатқан ұлан-асыр тойдың үстіне түседі. Сонда бәйгеден оқ бойы озып келген Ақтангерін жазбай таниды. Жалғызбын деп жасқанбай қалың топтың ортасына түскен жүректі жігіт Ақтангердің тізгінін ешкімге бермейді. Дау асқынып, бой бермей бара жатқанда, отырған алқалы топ атты иеленіп жүрген Аспандияр мен Жүністі жекпе-жекке шығарады. Ұзаққа созылған айқас үстінде жеңіс тізгінін қолға алуға шақ қалғанда, Жүніс қарсыласын өлімге қимай, астындағы атының басын шауып түсіреді. Сөйтіп, өзінің жау емес, жоқ іздеп шыққанын, ал басы кесілген атты баукеспе ұрыны мұқатқанына жатқызатындығын айтады Билер кеңесі Жүністі жақтап, Ақтангер атын өзіне бұйырады. Жүніс осы даулы тұста әкесі Абылғазының қатарында отырған, алты ұлдың ортасында бұлықсып өскен ару қыз Кербаланы көреді. Бір-ақ сәтте екеуі ет жүректерімен бір-біріне елжірей қарап, іштей ұғынысады. Осы бір сәтті автор соншама әсерлі, нанымды суреттейді.

Осы жеңіс думаны үстінде Кербаланың жеңгесі қалың топтың қалауымен Жүністі қыз қуу ойынына қатыстырып, қызықтарын бөлісуге шақырады. Кербала әкесі Абылғазының кетпен тұяқ арғымағын мініп, намыс­ты сайысқа түседі. Жүніс қызды қуып жетіп, ат үстінен көтеріп алып, алдына отырғызып алады. Кербала әкесінің қасында отырғанда алғаш көріп, оған көңілі құлай берілген сырын мәлім етеді. Қалыңын төлеп, қалыңдық ойнағалы келген Салқараны Кербала сүймейтінін сыр етіп айтады. Болашақта Астаусайда кездеспек болып, нар тәуекелге бел буған екеуінің тағдыры салған беттен шырғалаңға түседі. Адуын Абылғазы терісіне сыймай, қаһарлы ашуға мінеді.

Кербала үй қамаққа қамалып, аңдуға түседі. Десе де туған жеңгесі Бұлғынның көмегімен қабасақал күзетшіден айласын асырып, қайын сіңлісін Жүністің қолына тапсырады. Қыздың Жүніспен бірге қашып кетуі бүкіл ауылды дүрліктіреді. Кербаланың қаныпезер ағасы Қожа әйелі Бұлғынның басын шабады. Оның соңын ала киіз үйде Кербаланы күзеткен күзетші қабасақал да ажал құшады.

Сөйтіп, екеуінің соңынан қуғыншылар шығып, ен далада бетпе-бет кезігеді. Өн бойын қанды кек буған Қожа Жүніспен жан аямас шайқасқа түседі. Сонда Кербала екеуіне араша түсіп шырылдайды. Ағасы Қожаға: «Ағатай-ай, жүз байталға жаныңды беріп, жалғызыңның басын жұтасың ба? Алшынның буаз қатыны кімге дәрі?!» – деп жалбарынады.

Осы тұста Жүніс мінген ат сүрініп, жаяу қалады. Кербала ағасына жалынып: «Ең болмаса, ішімдегі шарананы аясайшы!» – дегенде де Қожа еш исінбейді. Қарындасын бұрымнан алып, сүйретпекші болғанда, көзіне қан толған Кербала қанжарын сілтеп қалып, Қожаны сұлатып түсіреді. Әуліккен топ Жүністі қоршап алып, садақпен атқылайды. Жан алқымға келгенде Жүніс Кербалаға: «Қош, Керім. Екеумізді көтермейді. Қаш, құтыл, артымда қара қалсын», – деген болатын. Бірақ Ақтаңгермен ұзап барып, ат басын кері бұрған Кербала зар илеп, Салқара салған найзадан сұлап түскен Жүністің үстіне құлайды. Салқара өзіне қарай ақыра ұмтылғанда: «Қатынмен соғысқан қай атаңды көріп ең, Салқара?!» – деп алабұртқан аптығын басады.

Содан соң: «Қызы жоқ, қарындасы жоқ ел ме едің, қара ордаң ортаңа түскірлер!» – деп Кербала өңірін кездікпен осып жібереді де, кездіктің мүйіз балдағын Жүністің кеудесіне тіреп, қылпыған ұшына бар салмағын тастап, сылқ етіп Жүністің үстіне құлап, өлім құшады.

Осы қасіретті оқиға, қанды сапардан қуғыншылардың көбі, Салқараның өзі де сол күнгі әлемет аптап ыстықтан, шөлден ұшып өлген. Жазушының өзі жазғандай, «Жазықсыз жандардың наласы, қарғысы жібермепті».

Осы трагедиялық хикаяға өткен ғасырлар бедерінде қазақ даласында өткен қанды оқиға негізге алынған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыздық сипаттағы осы көне шежірелік деректі Жеңіс әдеби арнаға түсіріп, барынша көркем, бедерлі, әсерлі бейнелеп бере алды.

Қаламгер бейнелеген әр кейіпкер­дің қайталанбас бүкіл болмыс-бітімі оқырманның көз алдына келеді. Айдын айбарымен бір әулетті иіріп жат­қызатын, қаталдығы жан шошытатын, жорықтағы сапардан сәтсіз оралып, аты зорығып өлген жалғыз інісін ен даладағы құдыққа тастап кететін Абылғазы, малдан, байлықтан басқа мұңы жоқ, жалған сезімнің, жалған намыстың құлақкесті құлы Салқара, жалғыз қарындасына аяушылығы жоқ қатыгез Қожа, жүрек десе жүрегі, тіл десе тілі бар, шешен сөйлейтін Жүністің кісілік келбеті, серттескен сүйгені үшін басын тәуекелге тіккен Кербала, туған қайын сіңлісінің бақыты үшін өзін қатерге байлаған Бұлғындардың бедерлі бейнелері оқырман көңіліне жат болып қалатындығымен ерекшеленеді. Мұнда әр кейіпкер өзіне тән өрнекті, табиғи тілмен сөйлейді. Қысқа қайырым диалогтардың астарынан олардың мінез-құлқын, көзқарасын, ой деңгейін бағамдап отырасыз.

Қаламгердің осы жинаққа енген «Жынды» хикаясында баяндалған оқиға өзінің ерекше тартымдылығымен оқырманды баурап алады. Кедейліктен, жалшылықтан көз ашпаған Иманның, атақты бақсы ұрпағының тағдыры, төрт-бес атадан қосылатын туысы Ақсақалдың, оның қабақ ашпайтын, айналасына жауқабақтанып қарайтын сараң әйелі Кер тоқалдың мінез-құлықтары табиғилығымен тәнті етеді.

Кедейшіліктің қамытын мықтап киген Иманның тағдырының, өмірінің күрт өзгеріске ұшырауы оның ауыл іргесіндегі өзенге шомылуынан ­басталады. Тосыннан жолыққан, ә деп көргенде шошынтқан жалбыр шаш балықшы орыспен кездесуі, бірінің тілін бірі түсінбесе де, ыммен, қолмен сөйлесулерін, бірге тамақтанып, оның аяғы бірі өмірі көрмеген насыбай атып, елітіп, есеңгіресе, екіншісі, орыстың қол арағы самогонды қымыз орнына ішіп, өле мас болып, ауылға оралуы елді шошытады. Санасы тұмантып, қатты мас болған Иман көкейінде талай жылдан бері жүрген қыжылын, ызасын, жүрек басына топталған запыранын өз қожасы Ақсақалға ақтарады. Оның әйелі Кер тоқалдың тапқан балаларының күмәнді екендігін ел алдына жайып салады. Ауылдағылар мұны жынданғанға санап, оны оқытуға аты мәлім Балбек бақсыны шақыртады. Ол Иманның жындануы іргесіне келіп қонып жатқанда, ауыл – үйдің, Ақсақалдың, Иманның арғы атасының бақсы аруағына арнап, тышқан мұрнын қанатпағанымен байланыстырып сөйлейді. Міне, сол сәттен бастап сараң байдың санасы аз-кем сәулеленгендей болады. Ақсарбас шалынып, ауыл, ел шақырылады. Есі­гінен сығалауға именетін, құл-құтан са­натындағы Иманды төрге шығарады.

Есіріктенген санадан әлі ажырай алмай отырған Иманның алабұртқан көңілін, аласапыран халде отырған сезімін жазушы көркем тілмен келістіре өрнектейді. Кей тұстарда юморлық, сарказмдық тәсілдерді де тиімді кіріктіріп, шығарманың ажарын аша түседі.

Ақыр соңында Ақсақал сөз бастап, аруақты бақсы атаның рухына тәжім қылып, оның тікелей ұрпағы Иманға енші беріп, ел қатарына теңейді.

Жалпы Жеңіс Шыныбековтің бір ерекшелігі – қай шығармасын, әңгімелерін оқысақ та, оның оқиға құруға шеберлігі, шиеленісті сәттерді екшеп, таңдай білетіндігі, композициялық құрылымын логикалық тұрғыдан бір-бірімен шебер жымдастыра білетіндігі. Осы тұрғыдан алғанда, «Жынды» хикаясы оқырман көңілінен шығатындығына сенесің.

Өкінішке орай, Жеңіс осы айтулы шығармаларынан кейін ұзақ уақыт үнсіз қалды. Қазіргі көзі тірі белгілі жазушы Серік Байхонов Жазушылар одағында менімен бір кездескенде: «Құдай-ау, анадай тілі төгіліп тұрған тамаша шығарма жазып, әрі қарай дамытпаған тірлігіне біз өкпеліміз. Сәлем айтыңыз. Әдебиетке қайта оралсын», – деп күйінгені есімде.

Жеңіс аудандық «Октябрь таңы» газетінде біраз жылдар қызмет атқарды. Сол кезде ол әзілге толы қызықты, тартымды оқиғалы, еріксіз езу тартқызатын қысқа әңгімелерін жиі жариялайтын. Бас кейіпкерлері етіп өзінің құрдастары Қоқым мен Түгелбайды, ара-тұра құрдасы Шөмішбайды алатын. Соңғы жылдары ол Алматы маңындағы Талғар қаласына қоныс аударды.

Міне, ол сол жылдардан бастап, бірыңғай шығармашылық жұмыспен, деректі туындылар жазумен айналысты. Біраз туындылары «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-сықақ беттерінде жарық көрді. «Айқын» газетімен шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болды. Алматы шаһарының бас газеті «Алматы ақшамында» Жеңістің әңгімелері, естеліктері, деректі шығармалары жиі жарияланды. Ол танымал қаламгер, айтулы журналист Қали Сәрсенбайдың көп қамқорлығын көрді. Зейнет демалысына шықса да, жартылай штаттық кестемен қызметке алынып, өнімді еңбек етуіне жағдай жасады.

Жеңіс соңғы шыққан «Кербала» атты көлемді жинағында өзі туып-өскен, Жайылма то­пы­рағында өмір сүрген белгілі азаматтар тура­лы қалам тербеді. Күйші ағасы Орақбай, ауыл қариялары Сәбденбек, қобызшы Сағынтай, домбырашы Мырзағара, ауыл қарты Мәжім, Айман апа, неміс концлагерінде болып, елге оралған Қасым ағаның тағды­ры, бүгінгі күннің ерлері, каратэ шебері Қайрат Қырғызбаев туралы тартымды дүниелерді оқырманға ұсынды. Сондай-ақ белгілі қазақ бақсысы Тіней туралы, аты аңызға айналған Баба Түкті Шашты Әзіз әулие туралы танымдық дүниелер тудырды.

Ұзақ жылдар бойы Сарыарқа алабында дәрігер болған әрі аңшылық кәсіптің қыр-сырын білетін Қаратай Бекмұсаев туралы деректі кітабы да көптің көңілінен шықты.

Жеңіс осы жол авторының шығарма­шы­лық қызметі туралы «Темір өзек адам» деген көлемді дүниесін жазды. Онда оның қазақтың айтулы перзенттері, өнер адамдары Асанәлі Әшімов, Ақселеу Сейдім­беков, Қажытай Ілиясовтармен достығы, бауырластығы туралы ой толғап, өзінің інілік ілтипатын, шығармашылық байланысын тартымды баяндап берген еді.

Елге келгенде, соқпай кетпейтін. Өткен-кеткен жайлар туралы көсіле әңгімелесіп, бір жасап қалатын едік. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтуге алғашқы кепілдемені маған соғып, жаздырып алып кеткені де есте. Ол КСРО және ҚР Журналистер одағының мүшесі болды.

Сол «Кербала» деген таңдамалы шығармалар жинағынан оның жазушылық қарымының мол екендігі, таланты айқын аңғарылды.

Менің ойымша, ол түрлі себептермен өзінің қаламгерлік қарымын толық көрсете алмай кеткендей әсер қалдырады. Аз жазды, ынта-ықыласын жазушылық бағытқа толық арнамады. Әйтпесе ол «Кербала» секілді талай сүйекті дүниелерді өмірге келтіре алатын еді. Осы орайда, академик, жазушы Зейнолла Қабдолов пен Халық жазушысы, атақты қаламгер Сафуан Шаймерденов: «Сен қолыңа құрық емес, қалам ұста» деп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуге ықпал еткені туралы деректі келтіре кеткеніміз абзал. Танымал ақын Мұзафар Әлімбаев: «Әңгімелері енді керемет! Тілі шұрайлы, оқиғасы қазақы. Өзім сондай тұшынып оқимын. Елге осындай жанды, шынайы дүниелер керек қой...» – деп тамсана баға беруі – Жеңістің қабырғалы қаламгерлігіне берілген шынайы баға. Жазушылар Баққожа Мұқай, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев-тар оның шығармашылығына үлкен ілтипатпен қарады. Ақын, журналист Роза Рақымқызы Жеңістің қаламгерлік талантының жарқырап көрінуіне «Айқын» газетінің көп көмегі тигенін айта келіп: «Пайымдап қараған адамның жазушы Жеңіс шығармашылығынан кешегі Бейімбет Майлин рухын, суреткерлік қолтаңбасын аңғарары анық», – деп жазды. Ол фельетондар, саяси памфлеттер, әзіл әңгімелер жазудың шебері болды.

Келешекте жазушының артында қалған мұраларын толық жинақтап, екі томдығын шығарса құба-құп болар еді.

Жоғарыда аты аталған жазушылардың үлкен бағасына ие болған, оның оқыр­манға беймәлімдеу «Ажалсыз аждаһа», «Өмір өрінде» атты повестерін, т.б. шы­ғар­маларын ретке келтіріп, сол томға енсе, сауапты тірлік болар еді деп ойлаймыз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

2240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы