• Қоғам
  • 24 Қараша, 2022

АНА МЕН БАЛАНЫ АЛАҢДАТАТЫН САУАЛ

Астанада «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп,  БҰҰ-Әйелдер құрылымының техникалық қолдау көрсетуімен ұйымдастырды.

Конференцияның алаңы Қазақ­стан, Чехия, Швейцария, Үндістан және АҚШ ғалымдары мен сарапшыларын, сондай-ақ ҚР Парламенті депутаттарын, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.Конференцияда балалық шақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демо­графиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева конферен­цияны аша отырып, Қазақстан үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

– Үкіметтің алдына жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойы­лады. Біз үшін гендерлік теңдік саласындағы өз тәжірибемізді басқа елдердің ғылыми-сараптамалық қоғамдастығымен бөлісу, сондай-ақ бірлескен жобаларға қатысу маңызды, – деді Аида Балаева.

Ұлттық комиссияның басшысы ғалымдар мен сарапшыларды күрделі мәселелерді шешу жолдарын табуға шақырды.

Ал Швейцариядағы БҰҰ бөлімше­сінің директоры Татьяна Валовая Қазақстан гендерлік теңдіктегі әйел­дердің белсенділігі бойынша Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы ел екенін атап өтті.

– Қазақстан Біріккен ұлттар ұйы­мына мүше болған күннен бастап, бақытты отбасының негізін көбейту, әйел теңдігі, баланың еркіндігі жөнінде көптеген мәселелерді қозғап, оларды шешу үшін жұмыс істеді. Қоғамдағы гендерлік сауаттылықты арттыру үшін түрлі жобаларды жүзеге асырды. Осы орайда, Қазақстан 2006–2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегия-сын бекітті. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасылық гендерлік жобаларын ашу жұмыстары жүргізілуде. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің әйелдер құқығы оның ішіндегі әйелдердің теңдігі жөнінде бастамаларды жасады, – деді Татьяна Валовая.

Сонымен қатар ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысып, елде соңғы үш жылда демографиялық өсім бойын­ша рекорд орнағанын, білім беру жүйесіне қалай әсер етіп жатқанын айтты.

– Білім беру жүйесі үшін бұл өте маңызды. Қазір «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында мың мектеп салынады. Осы мектептерді педагогтармен қамтамасыз ету үшін ғылыми-педагогикалық кадрларды әзірлеуді жеделдетуіміз керек. Жалпы 2026 жылға дейін жедел түрде 120 мың педагог дайындауымыз керек, – деді министр.

Министр бүгінгі таңда елдегі ғалымдардың жартысы әйелдер екенін, ғылымның дамуында нәзік жандылардың үлесі жоғары екенін айтты.

«БҰҰ әйелдер» Қазақстандағы құрылымының өкілі Мария Доценко болса, Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауына үміткерлердің арасында екі әйелдің болуын қуа­нарлық жағдай ретінде бағалады. Айтуынша, бұл қоғамдағы әйелдердің рөлі артып келе жатқанының көрінісі. Дегенмен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко әлі де елдегі атқарушы билік органдарында қызмет ететін әйелдердің үлесі төмен екенін алға тартты.

– 2023 жылға қарай Қазақстандағы атқарушы, өкілдік органдарда, сот органдарында, мемлекеттік және ква­зиме­млекеттік, корпоративтік секторлардағы әйелдердің үлесі – 25 пайызды, 2030 жылы 30 пайызды құрауы керек. Қазіргі таңда Қазақстан парламентіндегі әйелдердің үлесі – 24,3 пайызды, Мәжілістегі үлесі – 27 пайызды, облыс, қала және аудандық мәслихаттардағы үлесі 30,5 пайызды құрайды. Орталық аппаратта екі министр, 15 вице-министр бар. Облыс әкімінің орынбасары қызметінде бес әйел ғана, аудан әкімі лауазымында төрт әйел ғана отыр. Ал ауыл әкімі болып отырған әйелдердің саны көп. Яғни шешім қабылдау деңгейі төмен болған сайын, әйелдердің белсенділігі байқалады, – деді Елена Тарасенко.

Ұлттық комиссия өкілінің айтуынша, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусының 10 пайызы, «Б» корпусының 56 пайызы, саяси мемлекеттік қызметкерлер қатарының 9 пайызы – әйелдер.

Конференцияда балалар қауіп­сіздігіне қатысты өзекті мәселелер сөз болды. Еліміздегі ана мен бала­ның құқығын қорғау бойынша белсен­ділердің бірі, «Salem, родители!» кіта­бының авторы, «Amansabi.kz» балалар қауіпсіздігі жөніндегі жобаның авторы, Динара Құсайынның айтуынша, Қазақстанда 2021 жылы сыртқы себептерден 870 бала қайтыс болған. Егер есеп жүргізсек, күн сайын 3 қайғылы оқиғаның дерегі тіркеледі.

– Мен өзім ата-аналар мен ересектерге балалар қауіпсіздігі мен дамуының негіздерін үйрететін осындай кәсіби мамандардың бірімін. Былтыр пікірлестер тобын құрып, біз отбасыларға арнаулы қоғамдық орындарға «Құлыншақ» деген жаңа меймандық стандартты әзірледік. Сонымен қатар әріптестермен бірге «Қолжетімді Қазақстан» атты цифрлық картасын әзірледік. Сол картада әртүрлі халық санаттары үшін, оның ішінде кішкентай балалары бар отбасылар үшін қолжетімді инфрақұрылымы бар объектілер көрсетілген. Осы стартап 2021 жылы Халықаралық цифрлық қоғамдық игілік мәртебесіне ие болды және қазір әлемнің барлық елдері үшін жаһандық қолдануға ұсынылып отыр, – деді Динара Құсайын.

Бұл тақырыпты заңгер-әлеумет­танушы Халида Әжіғұлова да көтерді. Ол балалар мен жасөспірімдердің жыныстық алымсақтыққа ұшырау фактілерін мысалға келтіре отырып, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді ұсынды.

– Конституцияда мемлекеттің бірінші құндылығы халық екені, барлық адамның кез келген зорлық-зом­былықтан қорға­латыны жазылған. Жыныстық алымсақтық та – зорлық-зомбылықтың бір түрі. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда әлі күнге дейін жыныстық алымсақтықтың анықтамасы жоқ. Бұл құқық бұзу­шылықты жасауға тікелей тыйым жоқ. Сондай-ақ жыныстық алымсақтық жасағаны үшін заңдық санкциялар жоқ. Нәтижесінде, бұл құқық бұзушылық көп жағдайда «Ұсақ құқық бұзушылық» бабымен қаралады. Қоғамдық орында балағат сөз айту да, тұрғын үйлерді бүлдіру де ұсақ құқық бұзушылық болып есептеледі. Оның жазасы – 5 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке қамауға алу, – дейді заңгер.

Халида Әжіғұлова бұл мәселеде құрбан болған жанның қандай жарақат алғаны, қылмыстың салдары ескерілуі керек екенін ескертті.

– Мысалы, егер менің подъезімнің қабырғасына біреу жаман сөз жазып кетсе, бұл менің ашуыма тиеді. Бірақ мен ол подъезге қайта кіруден қорықпаймын. Ал қандай да бір қыз немесе әйел подъезде жыныстық алымсақтыққа ұшыраса, ол қайтадан сол жерге кіруге қорқатын болады. Тіпті бұл жарақат өмір бойы қалуы мүмкін, – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, жыныстық алымсақтықтың құрамы ресми түрде анықталмаса, статистика да болмайды. Сонымен қатар мониторинг жүргізілмейді, жыныстық алым­сақтықтың алдын алу туралы немесе жыныстық алымсақтық құр­бандарына көмек беру туралы мем­лекеттік бағдарлама, бұл мәселені шешуге арналған бюджет те жоқ екенін білдіреді.

Халида Әжіғұлова бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте жыныстық алымсақтыққа қатысты жеке бап енгізуді, Қылмыстық кодексті кәмелет жасына толмаған адамға қатысты груминг пен сексуал-ды алымсақтыққа қатысты, аңду мен сталкинг жасауға, интимді фотоларды жіберуге (секстинг) қатысты баптармен толықтыруды, Еңбек кодексінде барлық жұмыс берушіге жыныстық алымсақтық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты саясат жүргізуді талап етуді, барлық мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде гендерлік теңдік пен гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты тренингтер өткізуді ұсынды.

Екі күнге созылған жиын соңында сарапшылар ғылыми негізделген сарап­тамалық талдауға ұсыныс енгізді. Ол Үкімет пен жергілікті басқару органдарының құрылымдарына жеткізілетін болады.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы