• Руханият
  • 24 Қараша, 2022

АБЫЗ НЕМЕСЕ СӨЗДІҢ ОБАЛЫ ТУРАЛЫ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Осы бір ауыз толтырып айтуға ыңғайлы атауды біреу біліп, біреу білмей қолданады. Әңгіме – абыз атап отырған адамы сол бағаға лайық па, жоқ па, сонда болуы тиіс. Оны білу үшін, алдымен түркілердің жадында бәлен мың жылдан бері келе жатқан абыз сөзінің мән-маңызына бойлау қажет.
Бірден айту керек, бұл сөздің төркіні араб не парсыдан емес, түркілердің төл сөзі. Сондықтан түрлі түсіндірме сөздіктерден дәлел келтірейік. Белгілі түрколог Лазарь Будаговтың (1812–1879) жазуынша: «Қазан татарларының тілінде «оқымысты, білгір, сауатты адам», тобыл наречиесінде абзи «аға», абыз тотай, одан қысқарған абыстай, «апай, дін басы болған адамның әйелі, мұғалім әйел», башқұртша абсай «ана, шеше», абыз етмек, абызламақ «оқыту, ағарту», абызмақ «оқу, сауаттану» («Сравнительный словарь турецко-татарских наречий»).

Этимология, яғни сөз төркінін анықтау тіл білімі ғылымындағы ең бір қиын сала. Ондай салаға бейнетқор нағыз ғалымдар ғана барса керек. Өйткені бір сөз үшін қаншама халықтардың сөздігін ақтару қажет. Марқұм академик Рабиға Сыздық осы жолдардың авторына қолтаңбасымен берген «Сөздер сөйлейді» кітабы сондай қиямет-қайым шаруаның нәтижесі. Сол кітапта абыз сөзі туралы былай делініпті: «Абышқа (абшыйақ) сөзінің бірнеше фонетикалық вариантта құбылып келіп, бірқатар көне, тірі түркі тілдерінде немесе олардың диалектілерінде «қарт адам, қария, әйелдің ері, шал», кейде тіпті «кәрі әйел» ұғымын беретіні мәлім. Бұл сөздің түбірі – абы/абу/аба/ немесе абыш «шал». Ал аба – (түрлі фонетикалық вариантта) түркі-моңғол тілдерінде «әке, ата, әкенің ағасы» мағынасын беретін сөз. Қырғыз тілінде «қадірмен» мағынасын беретін абығый сөзінің аб/аба/ тұлғасымен тамырластығы даусыз, өйткені жасы үлкен адам, ата, әке – қадірлі, құрметті адамдар.

Демек, бұл күнде сирек қолданылатын, көбінесе бұрынғы өлең-толғаулар мен қазіргі тарихи, көркем шығармаларда кездесетін абыз сөзі өзінің түп тамырындағы «ата, әке, қарт адам» деген мағынасын да, одан ауысқан «көпті көрген білгір, сауатты, білімді адам» деген мағынасын да көмескілендіріп, «дана, ақылшы, көреген қария» деген ұғымда жұмсалған, жұмсалатын сөз деп танимыз. Әрине, бұл сөздің қазақ тіліндегі қолданысында өзге тілдердегі және ертедегі мағыналық реңктері сақталғанын (қария адам болуы, көп нәрсені пайымдай алатын білімді болуы, сәуегейлік қасиеттің болуы т.б.) көреміз».

Әрине, тілдік тұрғыдан академик Рабиға Сыздықтың тұжырымы – тұжырым. Артық-ауыс ештеңені алып, қоса алмайсың. Ал тарихи тұрғыдан ғұлама Әлкей Марғұланның пайымдауын­ша: «Абыз – түркі халықтары Тәңірі сенімінде болған көне дәуірдегі бірегей мәдени-әлеуметтік жүйенің өкілі. Тайпа, ұлыс өміріне, ел басқару ісіне, жорық жайына араласып отырған саяси тұлға». Сондай-ақ шамандық дәуірде Тәңірге, әлде басқаға табыну, яғни құлшылық ғұрыптарын өткізуге және ел басқаруға, шаруашылық жүргізуге басшылық жасайтын білгір адам болғаны байқалады. Бұл әлем халықтарына ортақ үрдіс болған сыңайлы. «Абыздар планеталарды өздері табынатын құдайларының атымен Юпитер, Марс, Венера т.б деп атайтын болған (Х.Әбішев, «Халық астрономиясы»)» деген сөйлемнен соны аңғарамыз.

Көзі қарақты оқырманға таныс Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» кітабындағы: «Ежелгі римдіктердің алғашқы календары шым-шытырық шатасқан календарь еді. Абыздар мен әкімдер оның шалағайлығын пайдаланып, ойларына келгенін істейтін еді. Өздеріне тиімді болған кезде олар жылды еріктерінше ұзартып, тіпті 445 күнге дейін созып, тиімсіз болған жылдарды 200-250 күнге дейін қысқартып отыратын еді. Бір жылдық мерзімге тағайындалған ірі қызметтегі адамдар календарь есебін жүргізетін абыздарға пара беретін еді» – деген үзіндіден де ілкідегі жайды аңғарамыз.

Ал енді әдебиетімізде аталған сөздің қолданысын айғақтайтын мысал аз емес. Бәрін айт та, бірін айт,

Ұғынар мұны ел қайда?

Елді бастар ер қайда?

Аға сұлтан абыздар,

Еліңді қамап көрге айда,

Барса келмес жерге айда, – деп келетін ашынған әрі кекесінге толы толғауында Дулат Бабатайұлы аға сұлтандарды абыз деп атағанын көреміз. Демек, кекесін болса да басқарушыны абыз атау баяғыдан бар түсінік.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Нысан абыз сәуегей, көріпкел кейіпкер. Бұдан да бұл сөз туралы о бастағы халықтық түсінік аңғарылып тұр.

«Сырты абыз, іші желғабыз» секілді мінез-құлыққа қатысты мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестерде де ұшырасуы – жалпы халыққа түсініктілігін дәйектей түседі.

Тағы бір қызығы – біреудің билігінде, ырқында, өкімінде, бағынысында деген де мағынасы бар. Мысалға «Итжемес – Сүйеу қарттың жақын інісі. Соның абызындағы адам. Биыл әйел әперіп, еншісін беріп бөлек шығарды (Ә.Нұрпейісов, «Қан мен тер»), – деген сөйлем соған дәлел. Сондай-ақ «абызды» сөзін кей өңірде ақылды, білімді адам мағынасында қолданады.

Лазарь Будаговтың дәлелдері қиыр батыстағы татар, башқұрт тілдерінен алынса, қиыр шығыстағы «сақа (біздіңше, сақтардың тікелей тұқымы – Д.Б) тіліндегі аба, абла, абыс, ап мағына жағынан бір-біріне өте жақын. Бір ортақ «ап» түбірінен өрбіген сөз. Бұлардың мағынасы: у, сиқырлық, магия (Пекарский, Сл. якут. яз)». Демек, сәуегей, көріпкелге мәндес. Тіпті кейбір шығыс түркі тілдерінде абыс, абуз тұлғасында да кездеседі екен. Мұндай мысал түркі тілдерінің біртұтастығын көрсететіні анық.

Л.Будаговтың мысалындағы таңғалдырған тағы бір тұсы – ХIХ ғасырда жазылған еңбектегі абыз тотайдың қысқарған түрі абыстай, күні бүгін біздің ауылда да қолданылатыны. Ағайынды адамдардың әйелдері яғни абысын-ажындар бір-біріне еміреніп «абыстай» деп отырар еді…

Тілдің ішкі ерекшелігіне байланысты қосарлы дауыстылар қолданылғанымен академик Рабиға Сыздық келтірген мысалдағыдай, қазір де моңғол тілінде аб (аваа) – әке, абга (авга, авгай) – әйел, кәрі әйел мағынасында қолданылады.

Біздің дәуірімізге дейін аспан әлемін зерттеген ежелгі түркілер обсерватория ашып, планеталарды бақылаған оқымыстыларын абыз атаған деуге болар. Яғни олар ғалым немесе өз заманындағы білім-ғылымды меңгерген адамдар. Талданып отырған сөздің түгел түркіге ортақтығын содан іздеген де жөн дер едік.

Сонымен, абыз дегеніміз – «ата, әке, қарт адам», «көпті көрген білгір, сауатты, білімді адам», «дана, ақылшы, көреген қария», сәуегей, көріпкел әрі ел басқарумен айналысқан саяси тұлға, ғалым. Қысқасы, қалай болғанда көпшілік білетін, іс-әрекетімен мойындалған, заманынан озық туған, өз заманының ғылым-білімін меңгерген, тіпті оны дамытқан тұлға. Сондықтан дәл бүгінде бұл сөзді байқап қолдану керек дегіміз келеді.

Осындайда өткен-кеткен еске түседі. Бірде облыс әкімінің алдында, оның әкесін бір асаба абыз деп қайта-қайта мадақтады. Ал ол әкімнің әкесі бар болғаны кезінде қызмет істеген, көп партократтың бірі болған еді. Осы жақында ғана кезінде облысты басқарып, кейіннен істі болған бір ағамызды, тіпті бір қаламгер ағайындар да абыз деп әспеттеді. Біздіңше, сөздің мәнін біле тұрып солай дегендері анық. Өйткені оның бала-шағасы да, туған-туыстары да дөкейлер. Жағымпаздыққа қор болған қайран сөз дейсің мұндайда.

Біреуді абыз, ұлы тұлға, көсем, кемеңгер, тіпті қоғам, мемлекет қайраткері деп атай бергенімізбен, кімнің кім екенін уақыт дәлелдейді, қақсал тарих бағалайды. Тамыры терең тарих тым биіктен қырқады, елеулілерді ғана екшейді. «Аға, көкеңе» көнбейді, жең  ұшынан жалғасуды білмейді.

Сол бір мойын тарих Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты да бағалады. Алдымен барлығымыз ол кісінің коммунистік партияның сол замандағы көсемдері секілді былық-шылықтан ада, таза өткені үшін жақсы көреміз. Тіпті естелік кітабын шығаруға да ақшасы болмағаны айтылды, жазылды. Екіншіден, философияда, дәлірегі диалектикада жоққа шығаруды «жоққа шығару» немесе, терістеуді «терістеу» деген заңдылық бар. Сол бойынша, Қазақстанда көптеген қала салғызған саяси тұлғаның отыз жыл бойы ескерусіз қалуы, елдегі жағдайдан хабардар әр азаматтың көкейінде ол кісіге деген жылы көзқарас қалыптастырды. Ал сол Дінмұхамед Ахметұлына абыз деу онша жараспас еді. Қонаев сөз жоқ КСРО заманындағы санаулы саяси тұлғаның бірі. Яғни әркімге лайық, жұрт құптамаса жалған дей алмайтын, уақыттың төрелігімен берілген бағасы болады.

Дегенмен, талқыдағы сөздің дұрыс қолданысын да көргеніміз бар. «Абыз Әбіш» (Сауытбек Әбдірахманов) деген тақырыпты көргенде еріксіз бас шұлғыдық. Өйткені Әбіш Кекілбаев таудай талантымен, білім-білігімен, ел басқарған ісімен де бұл теңеуге толық лайық тұлға. Оның үстіне қазір де Кекілбаевты оқысаңыз, қалың қазақтың өткен-кеткенін, оны қойып әлем халықтарының басынан өткен замандардың тірі куәсімен тілдескендей боласың. Ал ондай білімдарлық сөз жоқ абызға тән.

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» – деп Абай атамыз айтқандай мақтасақ та, даттасақ та, кесек-кесек сөйлегенді қалаймыз. Алатаудан бастап, Атырауды айналып, Алтайдан асқанды ұнатамыз. Әсіресе соңғы отыз жылда оданың (мадақ жыр) көкесін көрсеттік. Бұл біреулерге жақсы сөзді қимау емес. Бірақ әр адамның шама-шарқынша өзінің орны болатыны секілді, әр сөздің де қолданылатын реті, орны болады. Біреудің атқарып отырған қызметінен бұрын, адами болмысына, ерекше іс-әрекетіне баға беріледі.

Айтпағымыз, сөздің әдемі әсерін ғана емес, обалын да ойлайық, ағайын!

 

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы